Білім саласындағы олқылықты тарих кешірмейді

Білім саласындағы олқылықты тарих кешірмейді

Кейде ойлаймын, 30 жылдан аса тәуелсіздік қазаққа не берді деп. Иә, шегарамыз шегенделді, ұлтымыз ұлықталды. Алыс-жақындағы ағайындарды көшіріп алдық.  Қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ! Бітпейтін жиын мен той.  Өткен-кеткен тарихымызды қайта парақтап жатырмыз.   «Қазақпын» деп қасқайып айта аламыз. Алайда «қазақпын» деп айқайлау нағыз қазақ екеніңнің көрсеткіші емес. Оның да өзіндік критерийлері бар. Тілің мен діліңнен ада болсаң, салт-дәстүрге пысқырып қарамасаң, қазақпын деп айтуға хақың жоқ. Иә,  Ата Заңымыз бар. Ата Заң – елдің  айнасы. Ата Заң – елдің  паспорты.  Олай  болса, сол Ата Заңымыздағы мемлекеттің тілі кеудесін керіп, неге асқақтап тұрмайды?   Көршінің қас-қабағына қарап  жетім баладай жалтақтап, жыланның айыр тіліндей жалақтап, реті келсе  «арды аттап»  кетуге даяр тұрғаны жүрегіңді ауыртпай ма? 

 

Астанада 1-сынып оқушысының 40 %-ы орыс сыныбына барған

 

Шерхан ағам халық қалаулысы болған жылдары ащы шындықты тайсалмай айтқанын күллі қазақ жұрты біледі. «Жерді сату Анаңды сатумен тең!», «Айыр тіл жыланда ғана болады, ал адамда тіл біреу» деген афоризмге айналған сөздері әр қазақтың жүрегінде. 

Отыз жылда қазақ тілінің төрге шықпағанына кім кінәлі? Тарихтың алдында кімді кінәлаймыз? Нұрсұлтан Назарбаев па бәріне жауапты? Иә, оның қыздары мен күйеу балалары орыс мектебінде оқыды. Жиендері де олардан қалыспады. Ел басқарып отырған басшының өзі дүйім қазақтың алдында бүгін былай, ертеңіне орыстың тіліне құлай сөйлегені ұлттық рухты жаныштап кеткенін көзіміз көрді. 

Отыз  жыл ел басқарып, соңына жағымпаздар мен тоғышарларды қалдырған Назарбаев дәуірі де аяқталды. Қазір Жаңа Қазақстан. Жаңа саясаттың кезеңі. Жаңару, жасару заманы. Өткен күндерде жіберілген қателіктерді жөндеу, түзету сәті туып тұр. Өткеннен сабақ ала аламыз ба, мәселе осында. «Бас-басына би болғаннан» бізді сақта Құдай! Ел болу жолында бірігетін кез келді. Әйтпесе болашағымыз күмәнді. Келешегіміз тұманды. Ойлан, қазақ баласы!

 Тәуелсіздіктің отыз жылында жеткен жетістігіміз мынау:  отыз жылда отызға келген қазақ  балалары орысша оқып,  билікке келді, «Болашақпен» шетелге асқандары «егер қазақ тілі заңмен бекісе, біз елге қайтпаймыз» деп «қорқытқанын» біз ұмытсақ та, кәрі тарих ұмыта қоймас. Ол аз десең, күні кеше ғана санасы (орыс дертімен) уланған оқушылардың  ата-аналары «орысша мектеп ашыңдар» деп әлек салуда. Оны көріп, әлеуметтік желідегі ағайын шулауда. Осыларды көріп отырып, «Біз қайда бара жатырмыз?» деген қорқыныштан мазам кетеді. Отыз екі жыл – көршісінен әбден қиянат көрген ұлт үшін – еңсесін тіктеп, өз алдына ел болып кетуге таптырмас мүмкіндік еді...  Қайтейік, жалтақ Президенттің жалпақшешей саясатының кесірінен бір қазақтың баласы қақ бөлініп, руханият әлемінде бір-біріне атарға оғы болмай тістесіп жатыр. Дәл мұндай  қақтығыстың арты көптеген ұлыстардың жер бетінен жойылып кетуімен аяқталғанын ұмытпауымыз керек. 

Ұлт жанашыры, белгілі педагог, ұлттық мектеп қалыптастыруға жанын аямай қызмет етіп жүрген Аятжан Ахметжанұлы Астанада орын алған келеңсіздіктер туралы былай дейді: «...Астанада 1-сыныпқа барған 26500 оқушының 40 пайызы орыс мектебін таңдаған... Міне, Астана қаласы білім басқармасының жұмысының көрінісі! 

Егер мемлекеттік идеология болса! Егер білім басқармасының жұмыс бағыты дұрыс болса! Мектеп әкімшілігінің ниеті болса, ана 10 571 баланың кемінде жартысын қазақ сыныбына бұруға болар еді!!! Бірақ, керісінше, «қазақ сыныбында орын жоқ, орыс сыныбына барасыз ба?» – деп отыратын қабылдау комиссиясын да көрдік.

Ойбай, ата-ана таңдауы дейді, бұның бәрі ата-ана таңдауы емес, бұның бәрі сапасыз жұмыс көрінісі!

Бас қала – Астанада 40% бала әлі орыс сыныбына баруы – сұмдық!!! Сол балалардың 90%-ы таза қазақтың баласы!

Әр жылдары шаршамай жұмыс істеп, біразының бетін бері қайтардық. «Путинге айтам» дегендермен де айқастық, бірақ сол айқасымыз ұнамады, өзімізді ығыстырды.

Министрлік керісінше осындайлармен жұмыс істеудің, бағыттаудың орнына біз секілді осы бағытта жұмыс істеп жүрген санаулы адамдарды жұмыстан босатуға тапсырма береді...

Енді тірліктері мынау!

Әй, өзі біз ел боламыз ба? Ұлт боламыз ба? Жұтылып жоғаламыз ба?

Жүйенің осындай шала тірліктерін көргенде менің ұлттық мектеп деп жүгіруім де далбаса секілдене береді...». 

Аятжан баламның бұл жанайқайын жүрегі тек қазағым деп соғатын адам ғана түсінер. Біздің Үкіметте ондай қазақтар аз. Бар шығар іштен тынып жүргендері, бірақ көпшілігі жүйеге қарсы шығудан именеді. Министрлеріміздің де біразы жалтақ. Әйтпесе Аятжанның жанайқайына үн қосар еді ғой. Үн қоса алмаған күнде қолдау білдіріп, астыртын болса да жақтасар еді ғой... Әттеген-ай, әттеген-ай!.. 

 

 

 Бірақ өзім көзіммен көрген, арнайы барып тілдескен  Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаев – ұлтжанды азамат. Ұлттық рух бар бойында. Ең бастысы қазаққа жаны ашиды. Мен көпті көрген анамын. Мені  сенімім алдамас деп ойлаймын. 

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қ.Тоқаев ұлттық идеологияны қолға алуды тапсырды. Соның нақты орындалып жатқанына күмәндана беремін. 

Сонымен, Астанада орын алған оқиғаның астарына үңілейік. Ұстаз Аятжан Ахметжанұлы Facebook желісінде екі кісінің әңгімесімен бөлісті. Олардың айтуынша, балаларын қазақ мектебіне беруге барғандарға «орын жоқ» деп, орыс сыныбына өткізуден басқа амал қалдырмаған көрінеді. Алайда орыс сыныбының өзінде бар-жоғы орыс ұлтынан 2-3 бала отыратынын жазған. Сол-ақ екен, Тәжікүл Мүсірепова атты әлеуметтік желі қолданушы: «Менің де немеремнің жағдайы осылай әдейі істелген екен ғой, қазақ сыныбында орын жоқ деп қабылдамай, амал жоқ, 1-сыныпта орыс сыныбына барды. 2-сыныпта ауыстырамыз деп едік, тағы орын жоқ, сонымен кетті орыс сыныбына. Қазір мен айқасып қазақ сыныбына бере алмай жүрмін», – деп мұңын шағады.

Асқар Иманғали деген азаматтың да сыры осыған ұқсайды. «Тәжікүл Мүсірепова, мен де солай.  Кіші қызымды 1-сыныпта орыс класына беруге мәжбүр болдық.  3 қазақ сыныбында орын жоқ деп, тек үш орыс үшін 1-сынып ашып, қалған орынды қазақ балалармен қолдан толтырып отыр.  Бұл жерде аралас мектепті қолдан жасап отырғанына қарағанда,  директор немесе аудандық білім бөлімі мүдделі ме, түсінбедім.  Сол қызымның сыныбында бар болғаны үш-ақ  орыс». 

Осы жерде сұрақ туады, «болашақ орыс тілінде ме?».  Астананың көп ата-аналары балаларын не үшін орыс сыныптарына беруде? (Астанада осындай жағдай орын алып жатса, өзге аймақтарға не жорық?!).  «Балам балабақшада орыс тілінде сөйлеген, қазақша түсінбей қалады»  дегендері жәй сылтау ғана секілді. Олар баласына  өз тілін үйретуге немқұрайлы қарап отыр. «Тіл үйретуге уақытымыз жоқ»  дейді. Балаларын орыс сыныбына беруге балабақшада орысша тіл үйреніп, сөйлеп, тәрбие алғандары  басты себеп  болып жатқандай.  Не істеу керек? Балабақшалар түгел қазақ тіліне көшуі керек пе? Сіз не ойлайсыз?  Биыл орыс сыныбына барған балалар он бір жылдан кейін  мектеп бітіреді. Орысша сөйлеп, ойлайтындардың қатары көбейе береді. Мұның арты жақсылыққа апармайды.  Не істейміз? Қайтпек керек?

 Өздері қазақ бола тұра балаларын орыс мектебіне беріп жатқан ата-аналарда ұлттық намыс жоқ. Өзіміз орыс тілін білмей талай қиналдық деп, баласын орыс мектепке берген қазақты көргенде өте жаман күй кешкенімді кімге айтармын? Мұңымды кімге шағармын?

 

10 571  қарадомалағымыз «орыс» болса,  жетіскен екенбіз...

 

Астанада шу шығып жатқанда әлеуметтік желі қолданушы Майра Мырзахметова деген әйел бір шындықтың құлағын қылтитты.  «Шілде  айында Астана қаласында өзім істейтін мектепте директордың міндетін уақытша атқарып отырдым. 1-сыныптар бойынша 6 қазақ сыныбы, 6 орыс сыныбы ашылды бізде. «Қазақ сыныптарына балаларды көбейту керекпіз, орыс сыныбына бала алуды тоқтатыңдар!» деген тапсырма келді  жоғарыдан. Құжат тапсыруға 10 күн қалғанда қаншама ата-аналар келді орыс сыныбына береміз деп. 80 пайызы өзіміздің қазақтар. Түсіндіріп көрдім, алмаймыз, орыс сыныбына бала алуды тоқтатты десем де балағаттап, неше түрлі сөздерді айтты. Есігімді теуіп, қорқытып кеткендер қаншама. Бұл жағдай жүректі ауыртты... Балам сөйлей алмайды, балабақшада үйренбеді деп ақталады көбісі. Сіздер ше десем, біздің уақытымыз жоқ баламен сөйлесуге, телефоннан үйреніп алған дегенде не айтарымды білмедім...». 

Меніңше, мұның артында үлкен «сыр» жатыр. Қандай ниетпен жазса да, өте өзекті проблеманы ашық айтып отыр.

Астанада 10 мыңнан астам оқушы орыс тілін таңдаған дейтін желеумен әлеуметтік желінің шаңын қағып жатқандарға айтарым, мүмкін дұрысы 10 мың оқушы емес, сол мыңдардың ата-анасы орыс тілін таңдаған десек, жараның өзегіне тұз сепкендей боламын-ау.   Әйтпесе баланы ата-анасы қытайша оқытамын десе де, бала соңынан еріп жүре береді ғой. Балада ерік жоқ. Маған сенбейтіндер дәл қазір Астана тұрғындарының кез келген  ауласына барып, құлақ түріп көрсін. Құжынаған қазақ балаларының барлығы дерлік орысша шүлдірлеп жүр. Демек үй ішінде орыстың қазаны қайнап тұр деген сөз.  Жанұяда әкесі мен шешесінің өзі орысша сөйлеп жүрсе, баланың қандай сыныпқа баратынына бас қатырып керегі қанша? Тіл заңын күшейтпесе, бәрі бекер. Егер Қырғыздағыдай ана тілін білмейтіндерді жоғары қызметке алмаса, бәрі басқаша болатынына сенемін.

Өміртай Лахан атты азамат: «Қазақ болайын, Ана тілімді тұғырына қондыруға үлес қосайын деген ой да, ниет де жоқ.... көп қазақта. Сендер билікке өкпелейсіңдер. Астанадағы орыс мектебіне барып жатқан 40 пайыз оқушының ата-анасына биліктен тапсырма да, қысым да болған жоқ, ол анық. Бұлар ұлттық санадан жұрдай, ойсыз қазақтар... Балаларына обал...» – депті. Өте дұрыс пайым. Неге бірдеңе болса, билікті жамандап шыға келеміз. Олар кімді қыстап жатыр? Осы жазбаны оқып отырып, ойға берілдім. Болашақтан үміті бар өзге ұлт өкілдері қазақ мектебіне барып, қазақ тілін үйренсін деп балаларын беріп жатыр. Ал орыс мектебін толтырып жүргендер – өзіміздің қазақтар. Мен олардан: «Неге орыс мектебіне бердіңдер?» – деп сұрасам, «Орыс мектебінен пысық, өз ойын ашық жеткізе алатын бала болып өседі, қазақ тілін үйде үйретіп аламын» деген жауап естимін. Бұл – тілге деген немқұрайлылық! Сондықтан да «ұлты қазақ азаматтар баласын қазақ мектебіне берсін» деп Заңды нақтылап жазып қойса, ешқандай халықаралық талаптарға қайшы болмайды деп ойлаймын. Басқа ешқандай амал көріп тұрғаным жоқ. Біз қазақ тілін оқуға тек қазақтарды мәжбүрлейміз. Содан кейін орыс мектептері босап, босаған соң сапасы төмендеп, басқалар амалсыздан балаларын қазақ мектептеріне бере бастайды деп өзімізді алдаймыз. Бұл дұрыс емес. Ұлттық идеология керек. Мысалы Түркия, Өзбекстан секілді. Бір ғана тіл болса, ол Ата Заң арқылы бекісе, жетіп жатыр. Онда бүгінгідей ұрыс-керіс, дау-дамай орын алмас еді-ау.

Менің жүрегімді ауыртатыны – орыс мектебіне   барған   10  571   баланың     ата-анасының көпшілігі тәуелсіздік жылдары өмірге келгендер екені. Олар анау 90-жылдары нағыз Ұлттық патриотизм ұрып тұрған кезде мектепке барғандар емес пе? Бүгінгі түрлері мынау: Отыз жылда қандай ұрпақ тәрбиелеп шығарғанбыз, ағайындар-ау?! Ащы да болса айтайын, баласын орысшаға берген ата-ана әлі күнге құлдық санадан арылмаған, «Орысша оқыса, жолы ашық болады, қиналмайды»  дейтіндердің қатарынан. Олар қазақ  сыныбын бітірген балалар ешкімнен де, ештеңеден де кем емес екенін түсінбейді. 

 «Өзім білем»  дегеннен шығып отыр ғой, 10 мың бала «орыс» болады енді. Олардан қазаққа түк пайда жоқ. Былайша айтқанда, «шіріген жұмыртқалар».  Өзге аймақтарды білмеймін, дәл Астанада қазақтілді сыныптар өңірлерден келгендердің есебінен көбейіп жатыр, әйтпесе «биліктің»  қазақ сыныптарын көбейтуге аса құлқы жоқ. Мұны ашық айтатын уақыт келді. 30 жыл бойы шалқып жүрген қазақтар өз ана тілін жоюға үлкен белсенділікпен күш салуда! Өздерін отарлаған елдің тілінде сөйлегенді олар бақытты әрі мәртебелі сезінеді. Сорлылық-ай десеңізші!..

Менде үлкен қорқыныш бар: Қазақстанда қазақ балаларын мемлекеттік деңгейде тілінен айыру саясаты жүріп жатқан сияқты. «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді», – деген Мұстафа Шоқайдың айтқаны айнымай келгенін қарасаңшы. Әулие екен ғой алаш арысы.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын алақайлап тұрып тойладық. Мақтау мен одадан «тау тұрғыздық». Бәріміз патриот, бәріміз ұлтшылмыз.  Кеңестен көрген қорлығымызды жырдай ғып, еңірегенде етегіміздегі жасқа кеме жүздіреміз! Жаһандану деген жалмауыз желкемізде төніп тұр. Ресейдің мемлекеттік думасының депутаттары әлсін-әлсін «қазақ деген ел болмаған, оларда жер де жоқ» деп доңайбат шегіп қояды. Құлағымызды қағып тастап, алға шұлғи басып, оған да етіміз үйреніп келеді. 

Осы жерде жазбай кетуге болмайтын бір мәселе болып тұр.  Осыдан екі жыл бұрын ақын Дәулеткерей Кәпұлы  әлеуметтік желідегі парақшасында Астанадағы қазақ мектептерінің жағдайы туралы ашына жазды. Ол кезде әкім – Алтай Көлгінов. Қайтадан естеріңізге түсіріп отырғаным, әлі де өзектілігін жойған жоқ. Әкімдердің орны ауысқанымен, ештеңе өзгермеді. Қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейді деген осы. Астана шенеуніктері әлеуметтік желіге көңіл аудармаса да, газетті оқыр деген ниетпен қойып отырмын. Аллаға шүкір делік, Астана қаласында осы оқу жылында қазақ мектеп саны 40%  болғанмен, республика бойынша 71% болды. Бұл – қуанарлық жағдай. Барды бар деген дұрыс. 

 

Аралас мектепті жаппаса, қазақ тілінің болашағы жоқ

 

Қоғамның түрлі түйткілдеріне бей-жай қарай алмайтын айтыскер ақын елорда әкімі Алтай Көлгіновке дат айтып, таза қазақша мектептердің мүшкіл халін жеткізді. Бүгінгі шулап жатқандар бұл мәселенің түбірі тереңде екенін білсін деп жазып отырмын. «Нұр-Сұлтан (Астана) қаласында қазіргі таңда 36 қазақ мектебі, 53 аралас мектеп, 18 таза орыс тілінде білім беретін мектеп бар. Аралас мектептерде оқитын балаларды автоматты түрде орыс мектебінің түлектері деп санауға болады. Ал енді аралас мектептер қаланың қақ ортасында, жаңадан салынған, жағдайлары өте жақсы ғимараттарда орналасқан. Таза қазақ мектептерінің көбі шетпұшпақтаған, қаланың ана шеті, мына шеті, «ит өлген» мекендерде ғана ашылған. Яғни, арзан пәтер жалдаған, базар жағалаған жарлы-жақыбайлар мен әр облыстан көшіп келіп, әлі бұл қалаға сіңісті бола алмағандардың мекені. Аралас мектептер қаланың ең көрікті жерлерінде, бай-бағландардың, басшы, қосшы, шенеуніктердің май кекіріп жатқан сүйікті аумақтарында орналасқан. Олардың балалары аралас не орыс мектептерінде оқиды. Себебі мемлекет саясатының астарын да, бүгінгі бағыт-бағдарын да көріп, сезіп отырған жаңа қазақтар балаларын орысша оқытады. Өйткені қазақ тілінің болашағына ата-аналары да сенбейді!  Осы ретте Дәулеткерей Кәпұлы жергілікті билікті қатаң сынға алды. Былықтың бастауында ұлттық идеологияның жоқтығы, жалтақ саясат, теріс көзқарас тұрғандығын жеткізді.    Біздің мемлекеттің «мәсінің қонышын кесіп кебіс қылған» Қожанасыр саясатын қараңыз! Қалалық білім басқармасының бір шаруасына Білім және ғылым министрлігі араласа алмайды! Әкімдік – жарты патшалық! Ол аз десеңіз, қаланың білім басқармасына қарамайтын Назарбаев зияткерлік мектептері, жекеменшік мектептер қазақ тілінің көсегесін көгертіп отыр дей аласыз ба?! Осы жақында ғана Нұр-Сұлтанның қақ ортасында ашылған 89, 91-шы мектептерді қала әкімі Алтай Көлгінов ашты, олар да аралас! 92-ші мектепті  де аралас жасамақ.

Дәл осы жерде ақын бас қаласының басшысы Көлгіновке үндеу тастады.   Алтай мырза, қазақ мемлекетінің болашағына балта шаппау керек және ол балта «Болашақпен» оқып келген азаматтың қолымен шабылмауы керек! Кешегі жоқ дегенде Қараөткелде орыстың қамалын қиратқан Кенесарының аруағынан ұялу керек қой! Мына қаладағы білімнің ара салмағын көріп-біліп отырған әр адам Қазақ тілінің болашағын қалай елестететінін мен білмеймін. Қазақстаннан орыс бастатқан өзге ұлттар көшіп жатқаны қайда, неге саны азаймайтын орысша және аралас мектептер?! Ата-аналарда жалғыз мақсат – ақша табу, өлместің күні. Күнін әрең көріп отырған адам баласын іргесіндегі орыс немесе аралас мектепке бермегенде қайтеді?! Мемлекеттің идеологиясы әдірам қалған заман болып тұр! Әркім өз отырған жұмсақ креслосына ғана мығым. Бір мектепті таза қазақша жасайын десе, «екі адам орысша жасамадың» деп шу көтереді екен деп, шуымызды сүйретіп, басымызды шұлғып, аралас жасай салғанда «құда да, құдағи да тыныш»! Соған мәзбіз, мектепті қатырып салып, ашып жатырмыз, мазмұнында, келешегінде шаруамыз жоқ, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» саясаткерлерміз!» – деді.

Мойындайық, бұл  – ащы шындық!

 

Білім ордасы қазақша болмай, мемлекет қазақыланбайды

 

Арада екі жыл өткенде Астанада аралас мектеп мәселесі қайта көтеріліп, қалың бұқара, қазақ мектептерінің мүшкіл халін  жаңа ғана көргендей у-шу болып жатқаны несі?! Бұл бұрыннан, тәуелсіздік алған күннен бері жалғасып келе жатқан қазақ халқының қасіреті еді ғой. Биыл қала әкімі Жеңіс Қасымбекке орын алып жатқан келеңсіздіктер туралы ұстаз Аятжан Ахметжанұлы «назын»  айтты. Енді тілін ардақ тұтатын халыққа проблеманың  нәтижесі қандай болатынын күту ғана қалды.

Осы жерде тіл жанашыры, депутат Қазыбек Исаның мына бір сөзін айта кетпеу арға сын! «Егер бізде ұлттық идеология болатын болса, Аятжанды ұлттық мектептің директорлығынан босатпайды, қайта оны Астананың білім басқармасына басшы қояды! Егер бізде ұлттық идеология болатын болса, Тәуелсіздігіне 32 жыл болған елдің астанасында орыс мектептерінің 90 пайызын қазақ балалары құрап отырмайды! Өзге елде мұндай жағдай болса, мектеп, қалалық басқарма басшылары түгілі министрден бастап, Үкіметтегі идеологиялық басшылардың бәрі орнынан кетеді. Балабақшадан бастап, мектеп қазақша болмай, мемлекет қазақша болмайды!»

Қазақпен жаны егіз, журналист Максим Рожкин де аралас мектептердегі жағдайға алаңдап: «Мемлекеттің болашағын ойлайтын, өзінің болашағын Қазақ елімен байланыстыратын кез келген азамат үшін мына жағдай миға қонымсыз, білім саласындағы жағдайды көрсетіп тұр», – деп бағалапты.

Отыз жылда орыстың тілі өрге домалап, кешегі кеңестік заманнан да бәсі артып тұр.  Әлі күнге орысша мектептер мен аралас мектептер саны тұғырдан түсер емес.    Бар жамандық сонымен кетсін дейік, бүгінгі Президент, оның қасындағы серіктері, Үкімет пен Парламент   неге бастарындағы «таз кепкілерін» шешпейді? Құлдық санадан неге құтылмайды? Кімнен қорқады?  «Жаңа Қазақстанның» жаңашылдығы қайда?  Осыған жауап беретін бір адам бар ма? 

Тіл – адам жанының тілмашы. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Бірақ қазаққа қадірсіз. Қазақ билігіне тиімсіз! Тілі шұбарланған тобырға қазақтың қасиетті тілінің құны көк тиын.  

«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Ел анасы ретінде айтарым, Қазақ халқы АТА ЗАҢНАН 7-баптың 2-тармағы – орыс тілі заңын алып тастамай, ешқашанда Тәуелсіз Ел болмайды! Шындық осы! Тілге болашақ үміт сыйлай алмаған Үкіметтің де  кінәсі жеткілікті! Сосын дұрыс заң жасай алмаған қорқақ биліктің  кінәсі өлшеусіз!

Орысша оқымасаң, білім сапасыз дейтіндер, ғылыми прогресс Ресейден емес, АҚШ пен Батыстан келетінін түсіне ме екен?

Академик Асқар Жұмаділдаевтің: «Шведтер бір ғана сөзіміз жойылып барады деп жылайды. Тұтас тілі қолданыстан қалып, отбасы, ошақ қасының тіліне айналған қазақтар солай әр сөзі үшін неге жыламайды? Израильдіктер: «Халқына, тіліне, дініне пайдасын тигізген әрбір еврей үлкен сауап алады», – дейді. Қазақстанда «ғылымға, ғылыми кітаптар шығаруға көмектескен әрбір адам зор сауап алады» дейтін күн бола ма?» – дегені шындық қой, ағайын.

Қайтейін, өз қолымды өзім кесе алмаймын. Рухани жаңғырамыз деп біраз күшеніп едік. Болмады. Рухани жаңғыра алмадық. Қолымыздан келмеді. Естуімше,  «Рухани жаңғыру»  тоқтатылыпты. Ал осы бағдарламаның сәтсіз болуының себебі неде? Меніңше, науқаншылдықта. Ештеңе нақты белгіленіп, жоспарланбай, даурықпа ұраншылдыққа ұрынуында. Алдағы уақытта да талай-талай бағдарлама, жобалар болатыны анық. Сол кезде де ақыры осындай болып жүрмей ме? Нақты қандай нәтиже беретіні күмәнді бағдарлама, жобалардың қажеті бар ма? Негізі, дұрыс жүргізілген жағдайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамда өзгерістер жасауға болатын еді. Соның бірі аралас мектептерден құтылуға, мемлекеттік тілдің мерейін өсіруге таптырмас мүмкіндік еді... 

Ең қызығы, осы шаруаның басы-қасында «рухани» дегеннің не екенін, «жаңғырудың» не екенін түсінбейтін адамдардың жүруінен халық шошып еді. Енді не болды? Миллиардтап кеткен қаржының сұрауы кімнен?

 

Орыс тілі «орда бұзар» тіл ма?

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Астанада 40% бала орыс класына баратынына кім кінәлі? Ата-ана ма, білім жүйесі ме, мемлекет пе? Ресми сан: биыл бас қалада 1-сыныпқа 26 650 бала барады. Оның 15 929-ы қазақ, 10 571-і орыс тілінде оқитын болыпты.  Көпшілігі орысшаға баратын шенеуніктердің балалары шығар деп болжам жасапты. Мүмкін. Алайда қатардағы қарапайым отбасылар да балаларын орысшаға беруге мәжбүр. Неге мәжбүр? Армангүл Тоқтамұраттың парақшасынан мысал келтірейін.

«Бір құрбым бар. Арқалықтың қызы. Таза қазақша сөйлейді. Орысша шала біледі. Күйеуі осы орталықтан. Бірақ ол да қазақша сөйлейді. Былтыр қызын орысша мектепке берді. Неге өйттіңдер деп сұрадым. Қызы қазақша балабақшаға барған. Онда балалар түгел орысша сөйлейді. Сол ортадан құрбымның қызы да орысша сайрап шыққан. Өсе келе қазақша сөз құрауы қиындаған. Мектепке барарда әке-шеше қыздары қазақша түсінбегендіктен, мектеп бағдарламасына ілесе алмай қалады деп, орысшаға бердік деді. 

Екінші құрбымда да тура осы жағдай. Өздері қазақша, балалары орысша сөйлейді. Әзір мектеп жасына жеткен жоқ. Бірақ орысша мектепке беруді жоспарлап отыр.

Ал, тағы бір таныс қызым балаларын орысша мектепке берді. Себеп: «қазақша білім нашар, қазақы ортада бала ұяң болып өседі, ал орысша ашық ойлы, еркін болып өседі, білім де жақсы» деді. 

Міне, біздің қоғам, орта осы. Проблема білім саласындағы жұмыстың осалдығында секілді. Идеологиялық, стратегиялық және жүйелі жұмыс керек-ақ!

Сосын, «қазақтілділер білім бере алмайды, орыстілділер білімді» деген мәнсіз стереотиптен арылу керек. Өзгенің қаңсығы бізге әлі таңсық, өкінішке қарай…». Міне, бұл бір адамның емес, қазіргі қоғамның дерті. Қазақ баласының енжарлығының, ұлттық рухының кемшіндігінің көрінісі!

Әнші, қоғам белсендісі Қанат Айтбаев әлеуметтік желіде қоғамда шу болып жатқан қазақ мектебі жайында өз пікірін білдірді.  «Мемлекеттік тілде оқытатын мектептер ғана мемлекет есебінен қаржыландырылуы керек. Немесе бастауыш класстар мектепке баратын балалардың ұлтына карай жасақталуы тиіс. Бір класқа 95 % орыс баласы жиналса ғана класс ашылуы керек. Болмаса мемлекеттік тілде оқысын. Казіргі жағдайға қарасақ, орыс мектебіндегі 25 баланың 2-3-інен басқасы қазақ балалары. Қалай мемлекет боламыз?» – деп жазды ол. Дұрыс. Мен Қанатты қолдаймын.

Қазақ баласының өзге тілде оқуы, өзге тілді, өгей тілді мектеп басшыларының қазақ билігінің саясатына бағынбай отырғандығының белгісі. Билік орыстілді. Қазақтілді, рухты азаматтар солардың қол астында жүр. «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа, сол мемлекетке қызмет етеді» деген Мұстафа Шоқай неткен әулие еді?!

Жапон халқы орыс тілін біле ме? Корей халқы орыс тілін біле ме? Ағылшындар, француздар, латыштар, қытайлар, Оңтүстік Африка еліндегілер, Аляска жұрты, итальяндықтар т.с.с халықтар орыс тілін біле ме?

Орыс мәдениетін, әдебиетін өз тілінде аударып қана біледі. («Я выучил бы русский язык за то, что им разговаривал Ленин». Маяковский) Бұл тіл біздің  сүйегімізге қатты өтіп кеткен-ау деймін. Сауда құралы, кәсіп құралы, білім құралы етіп пайдаланайық. Бірақ, неге Өмір сүру құралына айналдырып жібердік? Қатарымыздан озық, озып шығуымыз үшін ғана ма? Неге әлемдік тенденцияны есепке алмаймыз? Үш тілділік қай елде бар? Өзінің ана тілін халқының жартысына жуығы білмейтін елге үш тілділік не үшін керек болды? Ұлтты жою үшін бе?

Бізге түбінде өз ана тіліміз бен ағылшын тілі ғана лайықты қызметін бере алады. Болмаса, орыс мәдениеті мен тірлігіне басыбайлы жұтылып, жоқ боламыз. Әлемдегі ең озық технологиялар ағылшын тілінде. «Көрмес – түйені де көрмес» деген осы.

«Анау балаларын орысшаға беріп жатқан, өз қағынан өзі жеріп жүрген, өз тілінен өзі безіп, өзектен теуіп, өшіріп жатқан, қазақ осы кітапты оқыса, шіркін! Оларға орысша аудартып, оқытса деп ойладым». Белгілі қоғам белсендісі Тұрар Сәттарқызының ой-толғамы да көзіме жас үйірді. «Мекемтас ағаның осы кітабын оқып отырып, қатты жыладым.  Дәрменсіздігімізге күйіндім. Құлдық сананың әбден терең сіңіп кеткеніне қынжылдым. Адасқан қазақ тілі мен ділінен өзі ажырағанымен қоймай, ұрпағын дүбара етіп, өз қолымен ұлтының тамырына балта шауып жатыр. Алдымен Патшалық Ресей, кейіннен кеңестік үкімет жүргізген, мақсаты орыстандыру болған, отаршылдық саясаты өз мақсатына жетті. Дін де адасты, тілден бездік, қазақ қазақ болудан ұялатын болды, ат төбеліндей қазақ жік-жік болдық. Біреу арабтың дүниесін тықпалап, енді біреу тәңіршілміз дейді. Енді біреулер қазақтың қасиетті «ҰЯТ» сөзін «Ұятмен», «Долбанный ұят» деп кемсітіп, адамгершіліктің өлшемі болған, ұлтымыздың ұстанымы болған ұлы ұғымымыздың қадір-қасиетін түсірді. Еш уақытта бетін тұмшаламай, еркін өсірген, «қыздың орны – төр» деген бабаларымыз бүгінгі қазақтың қызының бет-аузын тұмшалап, қап-қара киіп алғанын көрсе, не дер еді?! Тәуелсіз елде тұратын, өз тілінен безген, өз қолымен баласын орыс мектебіне жетектеп апарып беріп жатқан қазақты көрсе, не дер еді?!  «Мынау ұлан-ғайыр жерді кім үшін қорғадық? Тағылымы мол, салт-дәстүріміз бен руханиятымызды, ұлттық құндылықтарымызды кімге мұра етіп қалдырдық? Көркем тілімізді менсінбейтін, ата дәстүрден безген, рухсыз, тірі өлік ұрпақ болды ғой!..» деп күңіреніп жатыр-ау бабаларым… Қазақ ғана өз тілін туған анасындай қадірлеп,  «Ана тілім» дейді. Ал Ана тілін менсінбеген, Ана тілінен безген қазақ, туған анасын менсінбейтін, туған анасынан безген сияқты көрінеді маған. Бабалардың ұлы аманатына қиянат жасап, мына бетімізбен қазақ боп қалмаймыз-ау!..» – дейді Тұрар сіңілім. Рас қой! Осы кітапты бір оқып шығатын қазақ бар ма? Баласын орыс мектебіне беріп жатқан қазақтарға аударып беріп оқытса, шіркін! Әй, қайдам, ұлттық рухы өлген адамның селт ете қаларына сенбеймін. Осы сөзім үшін мені кешіріңдер, ағайын!

 

Жекеменшіктердің де жетісіп тұрғаны шамалы

 

ТҮЙІН: Аралас мектеп мәселесі сөз болған жерде жекеменшік мектептер туралы да айтарым бар. Себебі екеуі де өзекті. Екеуі де қазақтың жанды жері. Екеуі де бір қазақты қақ бөліп тастайтын өткір кездік.

Елдегі өзекті мәселенің бірі – мектептердегі орын тапшылығы. Қазір білім ордаларында 250 мыңнан астам орын жетіспейді. Бұл көрсеткіш үш жылда 1 миллионнан асады деген болжам бар. Сол себепті Үкімет мемлекеттік мектептермен қатар жекеменшік білім ошақтарын да қолдауға көңіл бөле бастады. Дұрыс шығар. Бірақ жекеменшік мектептерде баяғыдай ақшалылардың балалары оқи бермек. Ал ауылдан шыққан, қарапайым отбасыдан шыққан дарынды балалар қайтпек? 

Деректерге сүйенсек, бүгінде республикада 563 жекеменшік мектеп тіркелген. Оның 161-інде – қазақша, 104-інде – орысша, 298-інде аралас тілде білім беріледі. Елімізде жыл сайын жекеменшік мектептер көрсеткішінің артуына байланысты қоғамда түрлі сауал да туындап отырғаны шындық. Ақылы мектептердің көбеюіне қатысты пікірлер де сан алуан. Сарапшылардың біразы «Жекеменшік мектептер бәсекелестік туғызады. Бұл орын тапшылығының азаюына ықпал етіп қана қоймай, нарықта жаңа білім бағдарламасы бар, технологиялық мүмкіндігі жоғары, сапа мен білім көрсеткіштерін арттыруды көздейтін жаңа ойыншылар қатарын көбейтеді» деген пікірді қолдайды.

Ал енді бірі озық мектептер үлгісі негізінде мемлекеттік білім ордаларының материалдық базасын нығайтумен қатар білікті мамандар даярлауға басымдық беру жағын құптайды. Сонымен қатар жекеменшік мектептерді тіркеу мәселесінде қаперде ұстайтын жайттардың да барын алға тартты.

Ата-ана таңдау жасағанда сапалы білімге және оқу бағасына көңіл бөлетіні сөзсіз. Еліміздегі жекеменшік мектептер ұсынатын баға диапазоны әртүрлі. Аймақтық жерде айлық оқу құны 50 000 теңгеден басталып, Алматы, Астана мегаполистерінде 1 миллион теңгеден асып жығылады. Оқу ақысы жөніндегі рейтингте 1-орынды Астана қаласында орналасқан QSI халықаралық мектебі иеленіп отыр. Мұнда 1-сыныптан 12-сыныпқа дейін оқу ақысы бірдей, жылына 26 000 АҚШ доллары, айына орта есеппен 1,28 млн теңгеден. Оқу тек ағылшын тілінде жүргізіледі. Халықаралық деп аты айтып тұрғандай, негізінен елімізде жұмыс істейтін шетелдік азаматтардың, дипломаттардың балаларына арналған мектеп. Дегенмен мұнда Қазақстан азаматтарының да балалары білім алады. Бала саны да шағын, 300-ден асады. Екінші орында Алматы қаласында орналасқан халықаралық QSI мектебі тұр. Мұндағы оқу ақысы, елордадағыдан арзан, айына орта есеппен 1,08 млн теңгеден. Оқушы саны – 450. Рейтингте 3-орынды Haileybury Almaty және Haileybury Astana мектептері иеленген. Екі мектептің бір орында орналасу себебі – екі мектепте білім беру құны бірдей. Мұнда дайындық сыныбынан бастап, 13-сыныпқа дейін білім беріледі. Сондықтан оқу ақысы сыныптарға қарай бөлініп отырады. Мысалы, дайындық сыныбы жылына 5,6 млн теңге, 3-6 сынып оқушылары үшін 9,7 млн теңге, 10-13 сыныптар үшін 12,6 млн теңге. Орта есеппен оқу ақысы айына бір бала үшін шамамен – 1 млн теңге. Бұған кімнің шамасы келеді? Қазақстанда ең кедей тұратын ұлт кім? Қазақтар. Олай болса 1 млн төлеп оқытуға қазақтың шамасы жете ме? Осыны ойлайтын кім бар?! Меніңше,  жекеменшік мектептерді шектеу керек. Мемлекет қарапайым халықтың арасынан шыққан, келешекте билікке келуі керек балаларды қолдау үшін, мектептерді өз уысынан  шығармағаны абзал. Ұлттық құндылықты дәріптеу осыдан басталады.  Жекеменшік мектептердің ашылуына қарсымын. 

Бір айта кететін маңызды жайт Алматы, Астананы былай қойғанда Шымкентте 100-ге жуық жекеменшік мектеп бар екен. Сондай-ақ Атырау, Түркістан, Маңғыстауда  да (т.б.) мұндай мектептер ашылуда. 

Елімізде қай мекеме болсын басшылыққа ұлттық санасы бар, болашақ ұрпақты ойлайтын маман келуі шарт деп ойлаймын.

Білім беретін мекемелер – болашақ ұрпақтың тірегі. Ұлт болашағымен санаспайтын, ақшалы бай-манаптар ақша табу көзіне айналдырып алса, құрдымға кетеміз. Жекеменшік мекемелер өздерінің заңымен жүріп, мамандардың құқығын таптап отыр.

Ел боламыз десек, қазаққа   жұмыс жасайтын мекемелер құрылуы керек.

«Қазаншының еркінде қайдан құлақ шығарсаның» кері келіп, меншік иелері «Заңыңды қалтаңа салып қой» деп, өз дегенімен жүргісі келетінін байқап жүрмін.  Ал жалпы жекеменшік мектеп жайында мойынсұндыратын заң керек. Жалпы жекеменшікшілдердің көксегені – баю. Байлық жүрген жерде ұлттық рух қайдан болсын?! Жалпы түрлі деңгейдегі білім беру мекемелерін жекешелендірудің еш қажеттілігі де жоқ. Бізде бұл үдеп кетті. Тағы бір қауіп, мұғалімдердің ең мықтылары жекеменшік мектепке кетеді, өйткені олар жалақыны жақсы төлейді. Сол себепті ата-аналардан оқыту ақысын көп алады. Астанадағы бір мектепті білемін, оқыту ақысы əр баладан айына 170 000 мың теңге. Тек қалталылардың балалары ғана бара алады. Қалтасы тайыздарға есіктері жабық. Міне, əлеуметтік теңсіздік деген осы. Ертең ол мектептен шыққан балалар жай мектепте оқыған балаларды адам қатарына есептемеуі мүмкін. Онда не істейміз? Міне, қоғамымыз қайда бара жатыр?!

Мысалы Астана қаласында салт-дәстүрді дәріптейтін қыздар мектебі ашылған. Қатты қуанғанның бірі менмін. Бүгінде сол мектеп туралы мүлде айтылмайды. Нәтижесі қайда? Білуімше, айына 500 доллар төлеуі тиіс. Онда кімнің қыздары оқиды?  Әрине, байдың қыздары. Олардың көбі тілден мақұрым. Тілден алыс қыз қазақы салт-дәстүрді бекем ұстанады дегенге мен өлтірсең де сенбеймін. Сонда бұл мектеп не үшін ашылды? Ақша үшін...  

Айына 25 мың доллар алатын ағылшынтілді мектептер бар. Оларда кімдер оқиды? Тағы да бай-бағланның балалары. Шетел асып жатқандардың көбі солар. Себебі оларда ұлттық рух жоқ. Құндылықтан жұрдай. Ал ауыл балаларына бұл мектептер арман. Себебі ондай қаржыны әке-шешесі тауып бере алмайды. Әйтпесе ауылда небір талантты балалар жүр. Оларды қолдайтын Үкіметтің түрі анау...

Бізде неге байлардың ғана баласы оқуы керек?  Мен Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы мектепте қызмет еттім. Онда қазақтың көпбалалы және малшылар мен қара жұмыс адамдарының балалары оқитын мектеп болып ашылды. Сол мектептен қаншама дарынды балалар шықты.  Шын мәнісіндегі елдің балалары оқыды. Сондай мектеп бар ма бүгінде? Жоқ қой. Ұлттық негіздегі мектеп қалыптастыруды армандап жүрген жастар бар. Ниеттеріне нұр жаусын! Мұны неге мемлекет қолға алмасқа?

Менің сол мектепте бүкіл өмірім өтті. Нағыз ұлттық мектеп болды. Соны бітірген балалар қазір бір-бір өнер саласын ұстап отыр.

 

Мектеп жабылса, 

ауыл жойылады

 

Тереңдетіп оқытатын О. Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты қандай еді? Академик Асқар Жұмаділдаев сонда оқыған. Неге сол кезеңдегідей көпбалалы отбасыларға, қарапайым ауылдың балаларына неге жағдай жасамасқа? Ауылда ағылшын тілі мұғалімдері жетіспейді. Жас мамандар барғысы келмейді. Тағы бір айта кетер жайт, ауыл мектептерінде бала саны өте аз. «Болашағы жоқ ауыл» дегенге түсінбей-ақ өтетін шығармын. Мен осы газетке алғаш келгенде (15 жыл бұрын) 7500 ауыл бар еді, қазір оның саны 6500-ге түсті. Неге? Себебі ауыл тасада қалды. Ешқандай бағдарлама жүзеге аспады. Ауыл мектептерінің жағдайы өте мүшкіл. Педагогтың ақшасын көтеру арқылы мектепті дамытамын деу – ақылға қонбайтын  дүние. Ең бастысы жағдай туғызу керек. Ауыл халқына. Ол жердің тұрғындарының көшіп кетуіне тосқауыл қойылмаса, бәрі бекер. Бір шаңырақ көшсе, онымен бірге үш-төрт бала бірге кетеді. Осыны ескеретін Үкімет қайда? Ауыл әкімі не істеп жүр? Азғантай бала оқытып, күректеп ақша табу мұғалімге абырой әпермейді. Ауыл, ел аралағанда алдымен мектептерге соғамын. Бәрі әдемі. Кітаптар қаздай тізіліп тұр. Бірақ оны оқитын оқушы жоқ. Керісінше қала мектептерінде оқитын бала көп. Бір сыныпта 40 балаға дейін отырады. Оңтүстік өңірдегі ауылдарда бала саны жетерлік, солтүстік өңірлерде жағдай қиын. Өте қиын.  

Ауыл мектептерінен 9-сынып бітіре сала, қалаға оқу іздеп кетеді көбі. Бұның арты 10-11-сынып жабылды деген сөз. Кей мектептер оқуға түсе алмай қайта оралған екі-үш баланы оқытады. Балалар неге 9-дан кейін қалаға ағылады. Себебі тест сұрағынан сүрінетінін біледі. Баяғыда кәсіптік-техникалық училище деген болатын. Оның да берері көп-тін. Сосын қазір мектепте «Еңбекке баулу» деген пән жоқ. Ағаш ұстасы, тігінші, тракторист мектептен шығатын. Бұл бір министрдің құртып кеткен ісі. Зардабын мемлекет, одан қалса болашақ мамандар тартып жатыр.

Елді көп аралаймын. Ұстаздармен тілдесемін. Олардың айтатыны мынау: мектепте сынып сағаты, салт-дәстүрге қатысты дүниелердің болғанын қалайды. Сынып жетекшісімен қатар, кураторлар болса дейді. Ол куратор таза тәртіпке жауап берсе, мектептегі бұзақылықтың алдын алу оңай боларына мен де сенемін.

Соңғы кезде мектептерде «жыныстық сауаттылық туралы сабақ өткізейік, соны пән ретінде қосайық» дейтіндердің сөзі жанымды ауыртады. Оданда ауылдағы ағайынның «мектептерге ұлттық құндылық туралы пән енгізілсін» дегені жүрегіме жақын. Халықтың тағы бір қалауы «Дін тану» деген сабақ жүрсе дейді. Дін туралы әңгіме болғанда  ертеректе, Кеңес дәуірінде іссапармен Украинаға барғаным есіме түседі. Сонда қайран қалдым, біздің Ахмет Жұбанов секілді музыка мектебінде дін туралы сабақ жүреді екен. Қылышынан қан тамған Кеңес заманында бұл үлкен ерлік. Украин халқы өршіл, рухты халық екеніне сол жолы басымды идім. Дінді ұлттық құндылық ретінде орнымен дәріптеп, салт-дәстүрмен қабыстырса, алмайтын асуы болмайтынына көзім жетті. Бүгінгі Ресей басқыншылығына қарсы соғысып жатқан украин жастары – сол кездегі балалар. Әне, орнымен пайдалансаң, діннің ролі қандай!    

Сөз соңында айтарым, ұлттық құндылықты жаңғыртамыз десек, жақсы мектептер барлық балаға тегін болуы керек. Қазақтың болашағы – жастар, олар бай мен кедей болып тапқа бөлінбеуі тиіс.

Тағы айтамын, соңғы жылдары елімізде жекеменшік мектептердің көптеп салынуы қоғамды жікке бөліп, әлеуметтік-материалдық теңсіздікті тереңдетіп жібермей ме деген қорқыныш бар. Себебі жекеменшік мектептердің барлығы Жәутіков атындағы физика-математика, Назарбаев зияткерлік мектептері, БИЛ сияқты жоғары сапалы білім бермейді. Сонымен қатар Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жекеменшік білім беру ұйымдары кәсіпкерлік нысан болып саналатындықтан, оларды тексеруге мораторий жарияланғаны белгілі. Ал мемлекеттің бақылауынсыз, тексеруінсіз білім беріп жатқан жеке мектептерде оқушылар қандай біліммен сусындап жатқанын білмейміз. Сондықтан жекеменшік білім беру ұйымдарын кәсіпкерлік нысан санатынан шығарып, жалпы орта білім саласын мемлекеттік біртұтас стандартқа көшірген жөн. Қысқасы, жекеменшік мектеп өзінше жеке мемлекет сияқты.

Билікте небір ұлтқа жанашыр азаматтар отыр. Олардың көбі ұлтқа қатысты саясатты мысықтабандап жүргізуде. Ашық айтуға көбі именеді. Жоғары жақтан да қаймығатын болса керек. Мен мұны анық білемін. Сондықтан өсіп келе жатқан жас басшыларға кесірім тимесін деп, аттарын айтпауға ұйғардым. Ал аралас мектеп жыры бітпей жатып, хиджабпен «күрес» басталып кетті. Сол үшін  Оқу-ағарту министрін жерден алып, көрге салып жатқан кей журналистердің пасықтығына қынжыламын. Бір нәрсенің анық-қанығына барып алмай, әбден зерттеп, зерделеп алмай ғайбаттай жөнелу журналистің надандығын білдірсе керек. 

Үкімет кулуарында бір журналист жігіт (өткен аптада) шенеуніктің хиджаб тақырыбына  қойылған сауалына нақты жауап берсе де, қитықтан-ситық шығарып, сөзін бұрмалап,  әлеуметтік желіде үлкен даудың тууына себепкер болды. 

Ең ұят жері, нақты жауап енді шықты. «Конституция бойынша Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың (мектептегі) формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек», – депті министр Ғани Бейсембаев.

Бұйрық бойынша солай, формамен мектепке келу керек. Мектепке келудегі мақсат – баланың сапалы білім мен саналы тәрбие ала алуы. Енді көтеріп отырған мәселе (мектепте оқушылардың хиджаб киіп келуі – еск.) мұны шеше ала ма? Бірінші кезекте біз негізгі мақсат пен адамдардың қосымша ойын шатастырмауымыз керек. Бала (мектепте – еск.) сапалы білім мен саналы тәрбие алуға міндетті. Оны ата-ана қамтамасыз етуге міндетті. Ол заңда белгіленген. Сондықтан бәріміз заңды орындауға міндеттіміз», – деп жауап беріпті ол.

Бұдан асырып не десін?! «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер, болмас елдің баласы бірін-бірі қатын дер» деген екен бабалар даналығы. Ел болуды ойласақ екен. Билікті сынау оңай, құрау қиын. Осыны бір сәт естен шығармайық. Біздің газеттің ұраны – «Келешек үшін бәріміз жауаптымыз! Сондықтан келешектің мектебін дәл қазір жөндемесек, ертең кеш болады, ағайын! Бұл зор әрі өзекті ұлттық мәселені көп болып қолға алғанда ғана нәтиже шықпақ, бәрімізде үн қосайық, қолдайық!

 

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, публицист
25.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 98
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 617
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 735
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 647
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 656

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8791
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8192
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11419
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9173
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10404