Өрт – аса қатерлі тілсіз жау. Тілсіз жаудың адам мен орын таңдамайтыны белгілі. Сондықтан бұған бей-жай қарауға болмайды. Айтып келмейтін апаттардан сақтану да күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі.
Бүгін дала өртінің алдын алу, табиғи өрттердің таралуына тосқауыл қою мақсатында Жамбыл және Түркістан облыстарының орман шаруашылығы мекемелері, мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері, қала және ауылдық округі әкімі аппараттарының қатысумен орман және дала өрттерін сөндіру кезіндегі өзара іс-қимылы жөніндегі бірлескен оқу- жаттығу жиыны өтті.
Оқу-жаттығу жиынына Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Мадияр Жатқанбаев, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Абылай Баянов, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті КСБ ӨҚ және ЖҚИТ бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Ербол Несіпбай, Жамбыл облысы Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесінің ҚӨСҚ азаматтық қорғау подполковнигі Айдар Баймаханбетов, Түркістан облысы Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі мемлекеттік мекемесінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары ұйымдастыру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Тимур Ыбрахим, Жаңатас қаласы №16 ӨСБ бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Самат Исмайлов, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Әділ Жақыпов, Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Аманов, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Сарысу ормандары және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры Данияр Башанов қатысып, оқу-жаттығу жиынына қатысқан өрт сөндіру бөлімдерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің әрбір жеке құрамдарының, ауылдық округтердегі ерікті жасақтардың және медициналық қызметкерлердің дайындығын мұқият қарап шықты.
Оқу- жаттығу жиынында аудан әкімі Сәкен Мамытов сөз сөйлеп, өткізіліп жатқан шараның жеке құрамның өзара тәжірибе алмаса отырып, шеберлігін шыңдауда маңыздылығының зор екендігіне тоқталды.
Кәсіби құрамның шеберлігін шыңдау, жеке құрамдардың, ерікті жасақтардың арасындағы байланысты қамтамасыз ету мақсатында өткен оқу-жаттығу барысында мамандар өрт аумағын дереу ауыздықтап, от шарпыған аумақты өшірді.
Ситуациялық сәтті бақылап отырған басшылық құрам өткізілген оқу-жаттығуға оң бағасын берді.