Біз әлі толық отарсызданған жоқпыз

Біз әлі толық отарсызданған жоқпыз

Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толды. Тарих үшін түкке тұрмайтын уақыт болса да, адам үшін жарты өмірге жетеқабыл кезең. Біз не өзгерттік? Қайда барамыз? Кім болдық? Шынымен тәуелсізбіз бе? Тәуелсіз ұрпақ тәрбиелей алдық па? Осы сұрақтар төңірегінде тұман болып жайылған белгісіздікті көреміз. Алдымызда аузын айқара ашып тұрған жаһандану тұр. Ол бізді жұтып қоя ма, жоқ әлде біз замана ағысына ілесе аламыз ба?

Тәуелсіздік дегенде алдымен мектеп оқулықтарында оқытатын шекарасы, рәміздері, тілі бар ел деп елестетініміз анық. Дегенмен жеке өзі бір елдердің өзге бір елдің саяси ықпалына, мәдениетіне, менталитетіне тәуелді күн кешіп жатқанын көреміз. Біз шынымен тәуелсіз ел бола алдық па? Құлдық санадан арылып, отарсыздану идеологиясынан өттік пе? Көбіне біз әлі белгілі бір елдердің саяси ықпалына тәуелді болып жүргеніміз анық. Ресейдің, Қытайдың айтқаны жүріп тұр десек те болады. Олардың саясатына қарсы ресми мінберден ешкім бір ауыз пікір айтпады. Мысалы Қытайдың Шыңжаңдағы аз ұлттарға, қазақтар мен ұйғырларға көрсеткен зәбірі әлем елдерінде геноцид деп танылды, мойындалып жатыр. Ал іргесінде тұрған Қазақстан этникалық қазақтарды қорғауға, жарайды тіпті қорғай алмаса да, ол саясатпен келіспейтінін білдіріп, ресми мәлімдеме жасауға жарымады емес пе? Иә, біз күнделікті «Цифрлы Қазақстан», «Болашаққа бастар түгенбайдың бәленбайы» секілді жарым-жартылай ойластырылған, талан-таражға түсіп, қалған ақшасы тек сол бағдарламалардың аты ғана жазылатын баннерлерге кететін жобаларды ауызымыздың суы құрып айтып отырамыз. Кәні, содан көктегеніміз? Біздің күшіміз өз ішіміздегі ұрысқа ғана жетеді. Оның өзінде билікке дәнеңе де дей алмаймыз. Қазақстан тәуелсіздік алғанына 30 жыл болды. Мемлекеттік тілдің түрі анау, идеологиясы мынау. Ұлттық деген сөздің өзі айқайға айналып кеткен. Қазақты дін құтқарады дедік. Бірақ осы дін қазақтың түбіне жетуге шақ қалды. Билік басында отырған әсіре діншілдер елді «қарғаумен», патшаларды мадақтаумен ғана күн көріп жүр. Бір мешіт салынса, бір мектептің күлі көкке ұшады. Осыған қуануға бола ма? Жоқ, әрине. Ұрпақты, әсіресе астын сызып айтайық, қазақ тілді жастардың сауаты төмендейді. Орыс тілді балалар ол жерге тіпті бармасы да анық. Мойындауымыз керек, орыс тілді жастардың сауаты қазір әлдеқайда жоғары деңгейге шыққан. Қазақша сөйлейтін жас балалардың арасында да мықты қыз-жігіттер бар, бірақ олар саусақпен санарлық қана. Неге? Себебі біз сыртқы формасын өзгертумен ғана айналысып үйренген секілдіміз. Намаз оқу, мешітке бару, ораза ұстау – бұның бәрі тек форма ғана. Адамгершілік, гуманизм, білім, адамзаттық ойға ұмтылу, зиялы болу – негізгі міндет деп ойлаймын. Бір қалаға мыңдаған мешіттің не керегі бар? Мешіттің абыройы да түседі емес пе? Оның орнына білім орталықтары, ғылыми лаборатория, ІТ мекемелер, зауыттар салынса, білімді ұрпақ өз «гуглын», алып компаниялары мен ғарыштық агенттіктерін ашатынына үміт болады ғой. «Гугл» демекші, қазір интернет компаниялар мемлекеттерден де ықпалды болып барады. Көршімізге тәуелді болған біз үшін ІТ компанияларға тәуелді болуымыз құрдымға кетіруі де мүмкін. Міне, білімді ұрпақ осы үшін керек. Діні түбіне жеткен Талибан әскерлерінің әткеншекте айналып жүргенін көргенде сіз не ойладыңыз? Балалығынан айырылған, белгілі бір шырмау ойдың шатпағынан шыға алмай, адамзат деген қастерлі ұғымнан өте алыс тіршілік иесі ғана келеді ойыма. Олар кез келгеннің ойыншығына айналуы әбден мүмкін емес пе?

Қазақстанға оралайықшы. Иә, үміт жоқ емес. Үміт жастарда. Тәуелсіз ұрпақ – тәуелсіз ойларға жетелейді. Тәуелсіз өнер, тәуелсіз музыка, тәуелсіз сурет, тәуелсіз әдебиет, тәуелсіз ғылым. Бұған кедергі тек оларға айқайлап жүретін оратор шал-кемпірлер. Ескіліктің, ескіліктің дейміз-ау, кеңестік кезеңнің шырмауынан шыға алмай жүрген олардың жастарға жол бермеуі, оларды шектеп, өздерінің атақ-абыройы үшін ұрандауы дамуды тежейтіні рас. Тәуелсіздік мейрамында топырлатып медаль, атақ, ордендерге кенелетін уақыт келеді өзі. Танысы бар, мүлде үнсізі бар, аты бар өзі жоқтары бар, бәрі-бәрі жылтырап жүреді. Ұлтқа қызмет етіп жүрген екен ғой деп қоямыз сосын ішімізден. Сол кезде шын ғылыммен, біліммен айналысып жүрген адамдарға жаның ашиды. Тасада жүрген зиялының бәрімен бірдей осы «маскарадқа» қосылмағанына да қуанасың бірақ. Жалпы басында айтқандай, біздің шамамыз баннерге ақша жұмсап, осындай бағдарламамыз бар деуге ғана келеді. Іске келгенде жоқпыз ғой. Сол секілді адамдарымыз да бірбір баннерге айналып кеткен секілді. Жаһанды жалпағынан басып, «шындықты» жазып, партияға келгенде мақтай жөнелетін жалған ақпарат үздіктері, «фейсбукте» айқайлап, халық көтерілсе, құйрығын қысқан қорқаудан қыңсылайтын жалған зиялылар, ақыл айтып, афоризм салғанмен, елбасым деп еміренетін ел ағалары мен ел аналары – біздің дәл қазіргі бет-бейнеміз. 

 

Абзал СҮЛЕЙМЕН
16.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 53
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 580
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 694
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 609
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 618

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8754
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8154
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11383
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9137
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10368