Біз қоғамдық сана дегенді қалай ұғамыз?

Біз қоғамдық сана  дегенді қалай ұғамыз?

«Қоғамды біріктіріп ұстайтын нәрсе – адамдардың  бір-бірін ойлап, қамқор болуы».               

 (Конфуций)

Қазір біздің қоғамда жиі көтеріліп жүрген мәселелердің бірі – жаңа мемлекет шаңырағын көтеруімізге байланысты     халқымыздың мәңгілік тәуелсіздігіне ықпал ететін қоғамдық сана қалыптастыру. Бұл мәселені көтеріп жүрген азаматтар көбіне қоғам өміріндегі келеңсіз көріністерге наразылық білдіруден, сынаудан аса алмай келеді. Өкініштісі, философия мамандары мен ғалымдарда жаңа қоғамдық сана қалыптастыру мәселесіне бұрынғы Кеңес дәуірінен қалған ұғыммен қарап, айтарлықтай жаңалық енгізе алмай жүр. Осы мәселе төңірегінде сөз қозғап жүргендердің бәріне ортақ қателіктері, бүкіл әлемде және қоғамда болып жатқан үдерістерге батыл, терең ғылыми ізденіспен үңіліп, жігерлі ойлар айтудың орнына еуроцентризмнің ықпалынан шыға алмай жүргендерінен болып отыр. 

Біздің қоғамның дамуы батыс елдерінде орын алған адамзат өркениетін құлдырататын саяси, экономикалық, мәдени, рухани, әлеуметтік тәжірибесіне еліктеуден аса алмай келеді. Ал, бұқаралық пікірлерге көңіл аударсақ, қарапайым халық жаңа қоғамдық сананың әлжуаздығын биліктен көреді. Шындығына келсек, жаңа қоғамдық сана қалыптастырудағы кемшілігі, ол елдегі экономикалық, саяси, ғылым мен білім беру және әлеуметтік дамудың ұлттық идея негізінде қалыптаспауынан болып отыр. Ел билеу жүйесіндегі ұлттық құндылықтардың ерекшелігін пайдалану арқылы ұлттық жаңғыруды бағытқа алмай, ғылыми негізсіз жасанды интернационализм мен демократия көшіне ойсыз еліктеудің аяғы қоғамды тығырыққа әкелуі мүмкін екенін ұғу қажет. Биліктің негізгі қатесі осында болғанымен, оны мойындап, таяу арада түзетуге құлықсыз екені аян.                               

Дүниежүзінің тарихи өткен жолына үңілетін болсақ, жаңа қоғамдық сана қалыптастыру әрбір елдің зиялыларының азаматтық борышы екенін көрсетеді. Елінің келешегін ойлаған зиялылар ұлттық мүддені өз мүддесінен жоғары қойып, ұлтының жаңғыруына әкелетін, қоғамдық сана қалыптастыруға қайратын, дарынын, жігерін жұмсайтыны белгілі. Өкініштісі, қазіргі кезеңде біздің елдегі кейбір өздерін «зиялымыз» деп санайтындардың қылықтарына назар аударсаң, қара басы мен балаларының қамы, дүниеқорлық пен атақ, мадақ қуалау, қала берсе рушылдық, жершілдік психологиясын қалыптастыру жолында арзан беделге ие болумен халқымыздың бірлігіне, рухани жаңғыруына зиянын тигізіп жүргендері аян. 

Қоғамдық сана – ол адамдардың саналы белсенділігінің ықпалымен әлеуметтік жағдайға тікелей байланысты қалыптасатын, қырлары көп динамикалық үдеріс. Қоғамдық сана  кейбір нормалық жүйелер мен ұстанымдар және теориялардың қоғам өміріндегі сан түрлі ерекшеліктерін біріктіруге бағытталған тұрақты ұғым жиынтығын құрайды. Яғни, қоғамдық сана  болмысты бейнелей отырып, сол болмыспен анықталады және әртүрлі көзқарастар мен ұғымдардың жиынтығы болғандықтан, өзі де оған ықпал жасай  алады.      

Қоғам өмірінің табиғи дамуына байланысты қоғамдық сананың қалыптасуына экономикалық, саяси, құқықтық, моральдық (адамгершілік), діни, ғылыми, мәдени (өнер), философиялық, тарихи және экологиялық саналар ықпал ететінін әрқашан естен шығармауымыз қажет. Сонымен қатар қоғамдық сана бірнеше типке бөлінетінін де есте ұстауымыз керек. Олар:

– Топтық сана, қоғамдағы таңдап алған бағыт пен идеалдарының мақсаты мен мүддесі үшін топтасуға байланысты сезімнен туындайды (саяси партиялар, қауымдастықтар);                                                                                                            

– Таптық сана, бұл қоғамдағы қалыптасқан әлеуметтік таптардың өз мүдделері мен мақсаты үшін топтасу сезімінен пайда болады (байлар, саяси элиталар, кедейлер);                                                                                                                                           – Ұлттық сана, мемлекет құрушы этностың (халықтың) мүддесіне сәйкес өздерінің тарихи қалыптасқан ұлттық ерекшеліктері мен рухани құндылықтарын сақтауға бағытталған сезімдері мен мақсаттары маңайында топтасу нәтижесінде қалыптасады;                                                                                  – Жалпы адамзаттық сана. Бұл ұғым евроцентризм идеологиясының ықпалымен дүниежүзілік интеграцияның дамуына сәйкес XIX ғасырда пайда болған. Жалпы адамзаттық сананы шартты екі деңгейге бөледі. Біріншісі – қоғамдық   психологияны қалыптастыратын теориялық сана. Екіншісі – адамдардың күнделікті өміріне байланысты еркінен тыс идеологиямен байланысты қалыптасатын сана.

Яғни, қоғамдағы сананың қалыптасу ерекшелігі тек тікелей мемлекеттік саясатқа ғана байланысты емес. Осы қоғамдағы өмір сүріп жатқан адамдардың болмысының қалыптасуы, олардың отбасындағы, қоғамдық ортадағы (среда) қарым-қатынастарына, ұрпақ тәрбиелеудегі сан алуан өзгешеліктерге, білім беру жүйесі мен мәдени даму деңгейіне, тағы да басқадай  өмірде болатын құбылыстардың әсерімен қалыптасқан барша адамдардың мінез-құлқына байланысты болатыны белгілі. 

Адамзаттың даму тарихының бұлтартпас шындығы қоғамдық сананы саясаткерлер емес, оны қалыптастыратындар озық ойлы философтар, жазушылар, ақындар, ғалымдар, дарынды ұстаздар мен халық арасындағы қарапайым кемеңгерлер, берері мол ибалы қатардағы адамдар және тәлімі мен тәжірибелері мол қариялар. Өмірдегі болып жатқан құбылыстардың ықпалын оймен зерделеу – әр адамға тән қасиет. Соның нәтижесінде адамдар үнемі ой-өрісін, болмысын  жетілдіріп отырады. 

Біздің қоғамдағы  қалыптасқан, тәрбиені тек жастарға беруді насихаттың   деңгейімен байланыстыратын ұғым қате. Әр адам саналы өмірінде күнделікті өзінің тәрбиесіне, яғни өз іс-қимылдарына мұқият көңіл бөлуі абзал. Сөзбен ақыл айтып қана тәрбиелеу нәтижесіз, тек өзінің жұрт сыйлайтын қылығымен тәлім бере білуі анағұрлым бағалы болатыны белгілі. Сондықтан қазақ халқының мәңгі ел болуын қаласақ, ең алдымен тәрбиені үлкен буын, орта буын өздерінен бастағаны дұрыс. Біз адам болған соң, пендешіліктен мүлде арылуымыз мүмкін еместігі белгілі. Солай десек те, әр адам өзінің кемшілігін өзі түсініп, оны түзетудің амалын іздеп, өз қылығына өзі баға беруді ескергені абзал. Мысалы, біреулер тәрбиеге байланысты істерге, ауыр болса да өзіне қуат пен жігер беретінін ұғып, бар ынтасымен беріледі. Ал, енді біреулер анда-санда өзінің санасына жақсы, жағымды сөздер мен өнегелі істер ықпал еткенде ғана ұйқыдан оянғандай өз істеріне терең оймен қарауға талпынса, қайсыбіреулердің маңайында болып жатқан қайшылығы мол өмірге көңіл аудармай, өзімен-өзі күй кешетіні де бар. Бұл құбылыс әр адамда және барлық қоғамдарға тән табиғи қалыптасатын жағдай. 

Әрқашанда «осы қоғамда болып жатқан үдерісті өзгертуге бола ма?» деген сұрақтар туындайды. Бұл жағдайлардың қалыптасуына және өзгеруіне баршамыз белсенділікпен атсалысуымыз қажет, сонда ғана өмірде өзгерістер болады. Бұл біздің азаматтық борышымыз. Әр адам өз деңгейінде, шамасына қарай елдің бірлігі мен ынтымағын арттыруға қызмет жасауы оның мәдениеттілігі мен тәрбие деңгейіне байланысты. Мәдениетті болу дегеніміз жақсы киіну, театрға бару, не болмаса жақсы көлік мініп, ел қыдырып әлемдегі жетістікті көру емес. Мәдениетті адам болу – ең бірінші өз елінің, халқының қамын ойлау, жақсы тәлім болар істерімен жұртына қолынан келгенше қайырымдылық жасау және сол істері үшін мадақ тілемеу. 

Біз бұл өмірде мәңгі мекен етпейміз. Біздің өркениеті дамыған дәуірдегі жетістігіміз – ол бұрынғы өткен бабалардың еңбегінің жемісі. Біз келешек ұрпағымызға не береміз, әлде оңға, не солға еліктеумен бабалардан қалған құндылықтарды жоғалтумен шектелеміз бе?.. 

Алаш елінің тәуелсіз ел болуын армандап, соның жолында білімін, жігерін, қайратын жұмсап, ғұмырын құрбандыққа шалған халқымыздың біртуар арысы Әлихан Бөкейхановтың:  «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса, халықтық мақсат сонда орындалады», – деген өсиетін ұмытпайық. Біздің қазіргі кезеңдегі азаматтық парызымыз – ұлттық сананы парасаттылықпен дамыту арқылы мемлекетшілдік қоғамдық сана қалыптастыруға атсалысу.                                                                               

PS: Қадірлі оқырман! Бүгін біз сіздердің назарларыңызға тың идея ұсынып отырмыз. Осы тақырып аясында алғашқы мақаласын ұсынып отырған – қоғам қайраткері, ақын, біздің белсенді авторымыз Болат Дүйсембі ағамыз. Сексеннен асқан үлкен ақсақалымыз көптеген тақырыптар аясында тұшымды мақалалар жазды. Осы идеяны да ұсынған Болат аға. Сіздер де бұл тақырыпқа атсалысыңыздар. 

 

БОЛАТ ДҮЙСЕМБІ
16.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 179
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 173
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 683
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 803
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 717

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8873
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8268
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11496
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9252
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10479