Тақырып талғамайтын журналист
Бірақ ондай азаматтар айналаңда көп бола бермейді. Уақыт ілгерілетіп қуалаған сайын олар одан да сиреп, азая түседі. Мен үшін солардың бірі, небәрі 42 жасында бақилық өмірге аттанған Аяған еді. Мен ол арамыздан кеткенде егіліп, «Алаштың Аяғаны» деп жоқтау мақала жаздым. Бүгінгі толқын білмейтін де шығар, ол қазағым деп өткен Алаш арыстары мен халқымыздың беткеұстар тұлғаларының 37-нің топалаңы кезінде азап шегіп, темір тордың ішінде жылдар бойы қамау көріп, ұл-қыздарының қайда екенін білмей, зарлаған аяулы аналарымыз жөнінде «АЛЖИР» (Акмолинский лагерь жен изменников родины) деген екі сериялы деректі фильм түсірген кинорежиссер Аяған Шәжімбай. Ал, Бөкем деп отырғаным Аяғанмен жақындастырған белгілі радиожурналист, көп жыл мерзімді басылымдарда – «Қазақстан мұғалімі», «Халық кеңесі», «Бірлік», «Заң газеті» мен республикалық «Арай» журналында қызмет етіп, үзбей атсалысқан қарымды қаламгер Болат Шымшықбайұлы Оңғарбай.
Ол уақытта ҚазМУ-дың екінші курсын бітірген кезім болатын. Қазақ радиосында бір айлық өндірістік тәжірибеден өттім. Ел сүйіп тыңдайтын «Ұшқын» бағдарламасында және балалар мен жасөспірімдер редакциясындағы ағалар мен апайларға ұнап қалсам керек. Әсіресе Кемелбек Шағатаев ағам аттай қалап, өтініш айтты.
«Кеме-аға, сырттайлық бөлімдегі оқуымды тастап, осы оқуды аңсап түсіп едім, енді қайтадан ауысқым келмейді», – деймін.
«Бізге балалардың тілін біліп жазатын журналист керек еді ғой», – деп қинайды.
Бәрібір илікпедім. Мен келмейді екен деп қызыл галстукты ұландарға арналып, аптасына бір рет шығатын хабарды жауып тастамайды ғой. Сол уақытта жақсы танымасам да, көріп жүретін, маңдай тұсы толқынданып тұратын қоңырқай шашты жігіт «Пионер серігі» радиогазетіне редактор болып келді. Міне Бөкеңмен осылай танысып едім. Оқи жүріп екі күннің бірінде редакцияға келемін. Студенттерге арналып айына бір рет шығатын «Гүлдәурен» радиожурналына араласамын, тыңдаушылардың жер-жерден жолдайтын хаттары бойынша жасалатын «Сәлеметсің бе, замандас!» деген хабары бар, кейде оны да эфирге дайындаймын. Сөйтіп жүргенде жоғарғы сынып оқушыларына арналған «Өрендер» радиожурналының редакторы Сәбит Сүлейменов Қазақ радиосының Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып кетті де, сол орынға Бөкең ауысып, Кемелбек аға бұрынғы әуеніне қайта басып, қояр да қоймай жүріп, журналистика факультетінің адуынды деканы Темірбек Қожакеевке барып, Намазалы Омашев ағаны араға қоса салып, оқи жүріп жұмыс істеуіме рұқсат алды. Бұл 1980 жылдың жаңа жылы еді. Содан бастап Бөкеңмен бір бөлмеде қатар отырып хабар жасайтын болдық. Негізгі тақырыбымыз ортақ, айтатын әңгімеміз бір. Балаларды қызықтыратын материалдарды жас ерекшеліктеріне қарай жер-жерден жазып әкелеміз немесе ұйымдастырамыз. Радио журналистердің дені өз қызмет аясымен ғана шектеліп қалады, ал Бөкеңнің өзгешелігі газет-журналдарға да мақала жазады, көркем шығармаға да көңіл бөледі. «Балуанға бәрібір» деген сияқты, тақырып талғамайды. Үлкендерге де арнап қалам сілтейді. Ол жазғандары «Қайнар» баспасынан шыққан очерктер жинағында жарық көрді, әңгімелері «Жалын» баспасынан жас жазушылардың әр жыл сайын құрастырылатын «Арман қанатында» кітабына енді.
Бөкең үйдің тұңғышы болып, оның үстіне әжесінің еркесі ретінде еркін өскен. Әлбетте әлпештеніп, аяланып, қақпай көрмей өскендіктің әсері болмай қалмайды. Әлдекім қиғаштап сөйлеп, көңіліне жақпай бара жатса, үлкен бе, кіші ме – оған қарамайды, тіл ұшындағы сөзін тартынбай ақтарып айта салады. Алайда, артында зілі жоқ, тез ұмытады, әдеттегідей араласып-құраласып жүре береді.
Бір жылы автобуспен Бөкеңнің ауылына бардық. Менің «Қазақстан пионері» (бүгінгі «Ұлан») газетіне ауысып кеткен кезім, ол – Қазақ радиосының «Ауыл өмірі» редакциясында аға редактор. Желтоқсан батыры, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ауылы Бірлік – оның да кіндік қаны тамып, майлы топырағында аунап өскен елдімекені. Елінде сыйлы екен. Екі-үш үйден дәм таттық. Біреуі тай-құлындай тебісіп есейген сыныптасының үйі. Бір жыл бұрын балаларға арналған әңгімелерінен тұратын «Бір шана отын» деген кішкене кітабы «Жалын» баспасынан шығып, әйелі Әсем әпкеміз екеуі алып-ұшып ауылға келген. Ой, заман-ай десейші, ол кезде кітап үлкен қазына болатын. Қолына қалам ұстаған екінің бірі кітап шығара алмайды. Өзінен бақытты адам жоқтай сезіммен авторға тиесілі он шақты кітабын ала сала келгені ғой, ең жақын деген аға, апайларына, достарына бір-бірден әрлі ойларын жазып, қолтаңбасын қойып ұсынады. Солардың бірі бізге қуырдағын қуырып, қаймақ қатқан күрең шайын баптап беріп отырған сыныптас досының үйі екен. Кең дастархан төріндеміз. Аяғымызды астына ұзынынан жіберіп отыратын бәкене үстелге бәрі қойылды. Жасанды дәнеме дарымаған киелі ауылдың ақ дастарханынан енді ғана ыстық табадан шығып, алдымызға келген нанды қолымызға ала бергенде жанымдағы көкем – Бөкембай ағам «опаямайт» деді. Орыстың «әдемі» сөзін өстіп әдіптейтін көкеме не болып қалды деп жалт қарасам, көзі үстелдің шетіне қойылған қасқаршада. Бұған аяқ астынан не жақпай қалды деп бұрыла қарасам, көзі қасқаршаның астына тесіле қадалған. Ашулы. «Әй, опаямайт, мен мына кітапты ешкімге бермей өздеріңе әкеліп едім, қасқаршаның астына қоятын басқа бірдеңе таба алмадың ба?» деді.
Иә, не деуге болады. Ол күйіп тұр, күйініп сөйлеп тұр. Біз күліп отырмыз. Бірақ күлетін әңгіме емес қой...
Қараңызшы, бұл өзі үшін керемет байлық, таптырмайтын қазына. Ол сол үшін оқыды, өз-өзін жетілдірді. Түннің ортасы ауғанша отырып көз майын тауысты, ойын сарқып ақ қағазға үңілді. Әр әңгімесі азапты жазу машахатымен дүниеге келді. Тіпті мемлекеттік тапсырысқа әзер ілігіп, ілдәлдалап зорға шығарған кітабы еді. Тұңғыш ұлы іспетті – тұңғыш кітабы. Бұны қаламның қасиеті мен жазудың ауыр азабын басынан өткерген кісілер ғана өте жақсы біледі. Менің Бөкембай (кейде солай дей берем) көкемнің «опаямайтын» түсіндім. Әлгі әңгімеден кейін құрдасының әйелі, ол да түсініп, қасқаршаның күйесі жұға бастаған кітапты тез ала салып, астына бір газетті төседі. Содан бірер минут өтпей-ақ Бөкең жаздай жадырап, жайылып сала берді. Түк болмағандай басқа бір әңгімеге көсіле кірісті.
Азған Армиял және «бір кем дүние»
Ол екеуіміз кейін де қызметтес болып қатарлас жүрдік. Қалам қарымы зор, ғалымдығы да бар Жұмабек Кенжалин басқарған парламенттік «Халық кеңесінде» бөлім басқардық. Газеттің беделі артты. Әзірбайжан мен Арменияның арасында орын алған Қарабақ соғысы кезінде ҚР президентінің өзі бастап барған бітімгершілік топтың құрамында болды. Сол сапарынан «Қарабақ қасіреті» деген топтама мақалалар жазып, онысы басылымның әлденеше санында жарияланды.
Әлбетте достық ойымыз үндесіп, көңіліміз жарасып жүргендіктен ілгерілі-кейінді жылдарымыздан ерекшелеп еске алар естеліктеріміз аз емес. Мәселен бір жылы КСРО-ны басқарған көсемдер бірінен кейін бірі өмірден озды. Сол кезеңде туған інім Амалбек 27 жасында тосыннан келген сырқаттан мезгілсіз көз жұмды. Жылы өтер қарсаңда екеуіміз сапарлас болып ауылға бардық. Бөкеңнің де, менің де басшыларға сөзіміз өтетініне қарамай, інімнің басын қарайту үшін керекті тасты есек арбамен тасыдық. Жанымызда Болат деген інім жүрді. Төртінші сыныпта оқитын. Әңгімеге әуес, қайта-қайта қоятын сауалы да таусылып бітпейді.
– Аға, Черненконың орнына кім бас хатшы болатынын білесіз бе? – дейді. Сол сөзіне елең ете түскен Бөкең:
– Иә, өзің кім болады деп ойлайсың? – деді.
– Леонид Ильич Брежнев өлгенде көңіл айтқан үкіметтік тізімнің басында бірінші болып Юрий Владимирович Андропов тұрған. Андропов өлген кездегі тізім басында Гейдар Әлиев тұр екен. Енді Әлиев бас хатшы болады ғой, – деді нық сеніммен.
Бөкең өзі аттас баланың жауабына емес, ойына тәнті болды.
«Әлі-ақ көресің, мына баладан бірдеңе шығады. Газет оқиды екен», – деді.
Сол бала бүгінде қырықтың қырқасына шықты. Мектепті жақсы бітірді, әскери борышын өтеуге барды. Оралғаннан кейін Әлем тілдері институтының француз тілі факультетін ойдағыдай тәмамдап, Сыртқы істер министрлігіне қызметке тұрды. Белгиядағы Қазақстан елшілігінде консул болды, бүгінде Францияда елшінің кеңесшісі қызметінде жүр, тәжірибелі дипломат.
Осыдан он жыл бұрын Алма мен Аяғанның ұл-қыздары әкеміз аман-есен жүрсе, ата жасы алпысқа толар еді деп туған жері Солтүстік Қазақстан облысына шақырды. Алматыдағы ағайын-туыстары және Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында бірге қызмет істеген азаматтар бар, бәріміз бір вагонға мінгендердің жартысы болып бардық. Аудан орталығындағы үлкен бір мектептің атын беріпті, оған қоса бір көшені және еншілепті. Бүкіл аудан жұртшылығы аттарын шығарған Аяғанды еске алды. Облыстық Мәдениет басқармасы әңгіме, сценарилері мен ол туралы естелік материалдардан тұратын қомақты кітап шығарып, оның тұсаукесер рәсімін облыстық кітапханада өткізді. Жерлестерінің өнер адамына деген құрметі бәрімізді риза қылды. Осы есте қалдыру шаралары Бөкеңе де ой салыпты:
– Аяған жалғыз емес еді ғой. Өркен газетінде «Жазығы не еді апалардың?» деп, көп санына ұласқан зерттеу мақала жазған Армиял Тасымбековпен «Халық кеңесінде» жиі жүздесетін едім. Ол неге ескерусіз ұмыт қалды? Жаркенттік жерлестерінен осыны ойлайтын бір пенде жоқ па? – деді.
Бөкеңнің кейіңкіреп айтқан бұл сөзі мені де бүйірлеп түртіп кетті. Армиялмен Аяғандікінде дәм-тұздас болдық. Жазғандарын жібермей оқып жүрдік. Елдік, ұлттық мәселеге көбірек ден қоятын, батыл ойлы журналист болатын. Астана Арқаға ауысқанда көтеріле көшкен елмен бірге сонда кетті. Евразия университетінің журналистика факультетінде сабақ берді. Ашық ойлы азамат Желтоқсан көтерілісінің ақиқатын ашу үшін алаңда болған, қасіретін шеккен қыз-жігіттер туралы алғашқылардың бірі болып жазды; Тәуелсіздік таңы атқаннан кейінгі елімізде орын алған келеңсіздіктер жөнінде, адамдардың басы қосылған жерде қозғау салу мақсатымен, шыдай алмай айтып қоятын. Көп кісілер, бүгінгі билік басында отырғандардан бастап, бұл туралы енді ғана шет жағалатып айтып, жазып жүр. Бізден үлкен қателік өтіпті дейді. Ал Армиялдың сондай әңгімелеріне байланысты уақытша қамау орнында отырғанын, сонда өзі оқытатын шәкірттері әлгі үйдің ауласына барып, шу көтеріп, шығарып алғанын да естіген едік. Астанада одан кейін жүріп-тұру, қызметте болу тіпті қиындап, қайтадан Алматыға оралған. Алайда көп ұзамай жұмбақ жағдайда қайтыс болғанын бір-ақ білдік.
Ол жүрегі қазағым деп соққан, ақиқатшыл азамат болатын. Өзінің қаламгерлік қызметіне қылау түсірмей абыройлы атқарды, қазақ халқы алдындағы азаматтық борышын ақырына дейін адал өтеді. Аяған екеуі Алаш арыстарының әйелдері мен бала-шағаларының аянышты тағдырын баяндаған тарихи-танымдық деректі фильмді – бірі сценарий авторы, екіншісі режиссері болып экрандап, келешек ұрпаққа бай мұра етіп қалдырып кетті.
– Бөке, Аяған досыңа Алматыда көше аты берілді. Екі-үш жыл бұрын үш үйден тұратын жаңа көше екенін Алмадан (Айекеңнің әйелі) естіп едім, кеше сұрасам үйлердің қатары көбейіп, он екіге жетіпті. Астанада да көше аты берілетін шешім шыққанын әлеуметтік желіден оқыдым, – деп едім, ол Аримялды еске алды.
Иә, не дейін? Қолымыздан не келеді? Шерағамыз айтпақшы, «бір кем дүние» қашан бүтінделер екен?» дедік те қойдық...
***
Өз басым Болат Оңғарбайды қырық жылдан бері жақсы білемін. Әсіресе жазған дүниелерін айтамын.
«Елге есеп беретін жасқа жетіппін, кітабымды шығарсам ба деп едім» деді бір күні. «Таңдамалылар» деп аталатын кітабын басуға әзірлеп әкеліпті. Бас-аяғы бүп-бүтін. Аңдатпасы да жазылған, мазмұны да қойылған. Елден естігендері, көзімен көріп, көкейге түйген қилы-қилы қызықты оқиғалар кітапқа өзек болып өріліпті. Кідіріссіз баспаханаға жіберілді. Кешікпей жарық көрді.
Бөкеңнің өзіндей бір кітабы бұл.
«Кітап жарық көргенше иесі – автор, ал жарық көріп қолдан-қолға өткен соң, ол – елдің кітабы», – дейді екен бір жазушы.
«Таңдамалылары» сондай кітап болса екен дейік, Бөкеңе!
Белгілі журналист-жазушы Болат Оңғарбай жетпіске келді.
Ол менің аға-досым. Бөкең жөнінде «Біздің Бөкең» деген эссе жазып едім. Өз өтініші бойынша жалпақ елдің жақсы көретін газеті «Жас Алашқа» ұсындым. Бірақ ондағы азаматтар құрылтайшыларымыз мұндай материалдарды басуға бере бермеңдер, тек қана тұлғалар туралы болсын деп талап қойған екен. «Жарайды, түсіндім» деп, басқа басылымдарға ұсынатын болдым.
Төменде сол материалдың бір үзігін ғана ұсынып отырмын.
P.S:
Талғат бауырымыздың досы жөніндегі бұл әдемі эссесін газетімізге кідіріссіз беріп отырмыз. Әріптесіміз қазаққа аты танымал қаламгер Болат Оңғарбайдың туған өңірі жайында дүниелері көп. Солардың ішінде Биназар батыр бабасы жайлы деректі романын ерекше айта кетуге болады. Бөкеңді мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілейміз.