Бразилиямен байланыс артатын болды

Бразилиямен байланыс   артатын болды

2025 жылы 6 шілде күні Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу 5 шілде күні БРИКС-ке мүше және серіктес мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысу мақсатында Бразилияның астанасы Рио-де-Жанейро қаласына барды. Ол алдымен Бразилия Сыртқы істер министрі Мауро Виейрамен кездесу өткізіп, екіжақты әріптестікті тереңдету туралы кеңінен пікір алмасты. Бұл туралы ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықтың келешегі жөнінде пікір алмасқан. 

Мұрат Нұртілеу Қазақстанның Латын Америкасындағы сенімді серіктесі әрі маңызды досы ретінде Бразилияға айрықша мән беретінін атап өтті. «Биыл елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 32 жыл толып отыр. Бұл байланыстар тұрақты саяси диалогпен, экономикалық қарым-қатынастың кеңеюімен және халықаралық аренадағы тығыз іс-қимылмен ерекшеленеді», – деді ол. 

Кездесуде екіжақты қатынастарды нығайтудың тиімді тетігі ретінде тұрақты диалогты сақтаудың және сапарларды жоғары деңгейде жандандырудың маңыздылығы расталды. Осы ретте Қазақстан СІМ басшысы бразилиялық әріптесін Астанаға сапармен келуге шақырды.

Сауда-экономикалық байланыстарды ілгерілету негізгі назарда болды. Географиялық алшақтыққа қарамастан, Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы басты серіктесі ретінде саналады. 2024 жылы өзара тауар айналымы 257 млн АҚШ долларынан асты, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 88%-ға өсіп, 104,2 млн АҚШ долларына дейін жетті. Министрлер негізгі салалардағы бірлескен бастамаларды кеңейтуге ниеттерін растады. «Біз ауылшаруашылығы, өндіріс, көлік және логистика бағыттары бойынша өзара ықпалдастықты тереңдетуге мүдделіміз. Ортақ іс үшін нақты мүмкіндіктерді анықтау аса маңызды», – деді М.Виейра.

Қазақ тарапы өз кезегінде тау-кен өнеркәсібі, атом энергетикасы, авиация, тыңайтқыштар өндірісі сынды бағыттарда бірлесе жұмыс істеуді ұсынды. Кездесу қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволарының басшылары өзара байланыстарды одан әрі нығайтуға және БРИКС пен басқа да халықаралық алаңдар шеңберіндегі іс-қимылды кеңейтуге ниетті екенін растады.

Кезекті сапары аясында қазақстандық делегация Бразилияның «Embraer», «Tramontina», «Vale», «Marcopolo» және «Amazul» сынды танымал компаниялары және елдің жетекші өнеркәсіптік бірлестіктері мен ірі корпорацияларының басшылығымен кездесіп, біраз уағдаластыққа қол жеткізген екен. Министрліктің сайтындағы деректерге үңілсек, алдағы уақытта екі ел арасындағы іскерлік байланыстар тереңдей түспек. 

Мәселен «Tramontina» компаниясының өңірлік директоры Гинтер Леандро Бринкманн жақын арада Алматыда ресми өкілдік ашу жоспарымен бөлісіпті. «Embraer» авиақұрылыс корпорациясының президенті Франциско Гомес Нетомен кездесуде компанияның өңірдегі қатысуын кеңейту бағыттары, оның ішінде елімізде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін орталық ашу мүмкіндігі қарастырылған. «Vale» тау-кен компаниясының атқарушы вице-президенті Сами Араппен сұхбат барысында шикізат саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылау үшін Қазақстанға жұмыс сапарын ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. «Marcopolo» вице-президенті Мауро Гилберто Беллинимен автобус өндірісін локализациялау, оның ішінде Қазақстанда жолаушылар көлігін жинау жобасы аясындағы ықтимал серіктестік жолдары қарастырылды. «Amazul» мемлекеттік қорғаныс-өнеркәсіптік компания президенті Ньютон де Алмейда Кошта Нетомен кездесуде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясымен тікелей байланыс орнату мәселесіне баса назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша бейбіт атом саласындағы өзара іс-қимыл механизмдерін пысықтау бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді.

Сапар аясында Бразилияның жетекші салалық бірлестіктері мен компанияларының қатысуымен «Бразилия-Қазақстан: ынтымақтастық перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары талқыланып, қазақстандық нарықтың мүмкіндіктері таныстырылды, сондай-ақ бірқатар екіжақты меморандумдарға қол қойылды.

Бразилия дегенде ең алдымен футбол еске түсетіні бар. Дегенмен жалпы мемлекеттік қуаты да айтарлықтай дамушылықтарға ие екенін ескерген жөн. Ол Латын Америкасындағы ең ірі экономикалық тұлға есептеледі. ЖІӨ әлемде алдыңғы орынға көтеріліп келе жатқан дамушы ел. Және жан басына шаққандағы ЖІӨ салыстырмалы түрде жоғары. Бразилияның экономикасында қызмет көрсету секторы жақсы дамыған, сондай-ақ ауылшаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі және өңдеу өнеркәсібі (ұшақ және биоотын сияқты) салаларында әлемдік деңгейге жеткен жетістіктері баршылық.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
11.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15289
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15190
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30330
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28951
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32515