БҰЛ ҚҰРЫЛТАЙ БҰРЫНҒЫ ПАРЛАМЕНТТЕН ӨЗГЕРЕК

БҰЛ  ҚҰРЫЛТАЙ  БҰРЫНҒЫ  ПАРЛАМЕНТТЕН ӨЗГЕРЕК

Бұл жолғы Құрылтай сайлауының бұрынғы додалардан жөні бөлек деуге болады. Біріншіден, аты айтып тұрғандай, еліміз бір палаталы парламенттік жүйеге көшудің табалдырығында тұр. Бұл заң шығару процесінің жаңа форматқа көшуін ғана емес, сонымен қатар билік институтының жұмыс тәсілі мен мазмұны да өзгеретінін білдіреді. Құрылтай сайлауы – қоғамның кемелденгенін көрсететін параметрлердің бірі десек артық емес. 

Тағы бір айта кетерлігі, сайлауға ат қосқан партиялардың қатары мол, сайлауалды үгіт-насихаттың да қарқыны күшті. Мәселен, бұрын партиялар өздерінің бағдарламаларын ұсынып, негізінен соны халыққа түсіндірумен айналысатын. Бұл жолы саясат сахнасындағы бәсекелестер бір-бірінің бағдарламаларына қатысты өткір сын айтуға көшкенін, артық-кем тұстарын ашық айтып жатқанын байқап отырмыз. Осы шынайы бәсекеде шыңдалған, өзінің әлеуеті басым екенін дәлелдеген, халықтың көңілінен шыққан партиялар ғана уақыты келгенде ел мүддесі жолында табандылық таныта алады. Ол үшін сайлауалды белсенділік сайлаудан кейін де тоқтап қалмауы керек. Партиялардың саяси салмағы халыққа берген уәделерін орындау және сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыру барысында айқын сезіледі.  

Қазіргі таңда 7 партияның қай-қайсысы да медиа алаңдарында белсенділік танытуда. Газеттер мен цифрлы платформаларға қоса, ТВ-да тікелей эфирдегі пікірсайыстарға куә болдық. 7-арна және «Қазақстан» телеарналарының эфирінде дебаттар ұйымдастырылды. Оппонентттер тікелей эфирде бір сахнада бір-бірімен бетпе-бет келді. Пікірсайыстардың рейтингіне, сондай-ақ халықтың әлеуметтік желілердегі пікірін бажайласақ, партиялардың дебатына жұртшылықтың қызығушылығы жоғары болды.  Алдағы дебаттардың кезекті раундары күтілуде. 

Жуырда еліміздің барлық облыстары мен ірі қалалары қамтылған жаппай сауалнама нәтижесінде электораттың 78 пайыздан астамы Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті екені аңғарылды. Кейінгі бірнеше жыл ішінде осы көрсеткіштің ұдайым көтеріліп отырғаны анықталды. Айталық, 2023 жылғы парламенттік сайлауда бұл меже 53,4 пайызды құраған болатын. Бұл да жұртшылықтың саяси мәдениеті өскенін, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтынын көрсететін маңызды құбылыс. Оған қоса, билік пен халықтың арасындағы байланыстың да нығая түскені осы саяси науқан кезінде айқын байқалды. Ал белсенді электорат, әділ сайлау процестері түптеп келгенде заң шығарушы билік жүйесінің легитимділігін бекемдей түсуге де негіз болады

 

Өркен Кенжебек,

Фб әлеуметтік желісінен алынды

12.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26893
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26334
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43707
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39494
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44092