Бұл жанжалға кім кінәлі?

Бұл жанжалға кім кінәлі?

Алдымен Ассамблея еске түсті

Алматы облысы, Панфилов ауданы, Пенжім ауылында 27 қазан күні мектептегі оқушылар арасында төбелес болып, арты ұйғыр-қазақ жанжалына ұласып барып, әзер тоқтады. Тәуелсіз басылымдар мен әлеуметтік желіде таралған мәліметтер болмаса, ресми органдар бұл мәселені «тұрмыстық жанжал» ретінде сипаттады. Дегенмен жасыруға келмейтіні бұның жай ғана тұрмыстық жанжал емес екендігі еді. Бұндай әрекеттер Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында талай рет жүз бергені, оның соңы немен аяқталғаны есімізде. Әрине бұл жердегі мақсатымыз өткен-кеткенді айтып, қоламтаны көсеу емес екендігін еске саламыз. Осылардың арасында Алматы облысында ұйғырлар мен қазақтар арасында қазірге дейін бірнеше рет «тұрмыстық жанжал» орын алды. Оның соңы қылмыстық жауапкершілікке тарту, айыппұлдар салумен аяқталды. Әр оқиғадан соң «осы реткісі соңғысы болса екен» деген үмітпен екі халықты барынша татуластыруға тырысқан үндеулермен бітетін еді. Алайда осы жолы тағы да екі халық екі жаққа бөлініп шыға келді. Әлеуметтік желіде желдей ескен қауесеттер мен «елден аластау керек», «басқалар орындарын білсін», «шаңыраққа қарасын» деген секілді «диван батырларының» сөздері бір бүйірден айғайға аттан қосып жатты. 

Осындай оқыс оқиғалар туындаған тұста жұрттың есіне ең алдымен «Қазақстан халқы Ассамблеясы» түсетіні бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген ұйым туралы: «Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді» дейді реси мәлімет көздеріндегі сипаттамда. Бұл ұйымның нақты саяси бағасын берушілер «татулық пен бірлікке бастайтын бірегей ұйым» ретінде қарастырады. Оның міндеттерінде де «этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау; халық бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту; қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу» деп белгіленген. Өкінішке қарай  осы бірегей ұйымның жұмысына сын айтушылар көп. Неге десеңіз, Қазақстандағы этносаралық татулықты сақтауы тиіс ұйым мерекелік шаралардан аспай жүр дейді. Дегенмен төбелестің балалар арасында болғаны мен оған үлкендердің араласып кетуіне бұл ұйымның тікелей ықпалы жоқ екені белгілі. Десе де құрылғанына 26 жыл болған, міндеттері айқын, мәртебесі заңмен бекітілген ұйым сол жарғыларға сай жұмыс істеп, Қазақстан қоғамына татулық пен берекенің ауадай қажет екендігін әр этнос өкілінің санасына аздап болса да сіңіре алғанда, ол отбасылық тәрбиеге еніп, жастарды отаншылдыққа, толеранттылыққа баулуға әсер етпей қоймасы анық еді.

ҰҚК қатарлы құзырлы мекемелер неге бейғам отыр?

Алматы облысындағы осы тектес оқиғалардың бұған дейін бірнеше мәрте қайталанғандығын жұрттың барлығы біледі дедік. Мынау ақпарат заманында кімнің аузына қақпақ қоясың? Халық көргенін, естігенін айтады. Сондай сөздерді дәлел-дәйектерімен қосып, талай мақалалар жазылып, мәселелер көтерілген еді. Осының ішінде Алматы облысы аумағындағы ұйғырлар жиі қоныстанған ауылдарда той жасаған жастардың көліктеріне «Шығыс Түркістан Республикасының» байрағын іліп алып жүретіндігі, олардың жиналыстарда да ай-жұлдыз бедерленген көк туды көтеретіндігі, тіпті ұйғыр мектептеріндегі кейбір тентектердің әнұранды әдейі бұрмалап, «Туған жерім менің, Ұйғырстаным!» деп шырқағандығы туралы талай-талай жазбалар жарық көрді. Тіпті бұл ешқандай жаңалық та емес еді. Алайда осындай нәзік мәселелерге ҰҚК, ІІМ қатарлы құзырлы мекемелер неліктен бей-жай қарап отырғандығын түсіне алмадық. Мәселені дер кезінде ауыздықтап, ішкі саясат басқармаларымен, жергілікті өзін өзі басқару ұйымдарымен, ауыл ақсақалдарымен бірлесе отырып жұмыс жасап, бұндай келеңсіздіктердің алдын алуға болар еді. Өкінішке қарай сол көрсе де көрмеске салынудың ақыры осындай келеңсіздіктердің қайталануына әкеліп соғып жатыр.

Қазіргі таңда Қазақстан аумағында тиым салынған террористік құрылымдардың ұлттық тізімінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 15 қазандағы шешімі негізінде «Шығыс Түркістандағы исламдық қозғалыс» пен Нұр-Сұлтан қаласы сотының 2006 жылы 17 қарашадағы шешіміне сәйкес «Шығыс Түркістан азат ету ұйымы» қатарлы екі ұйым енгізілгендігін жұрттың барлығы біледі. Бұдан бөлек ҚХР тарапынан «Шығыс Түркістан» тәуелсіздігін жақтаушылардың халықаралық террорлық ұйым санатына енгізілгені тағы бар. Ал осы мемлекетпен бірлікте «Шаңхай Ынтымақтастық ұйымына» мүше мемлекет ретінде халықаралық қауіпсіздік пен лаңкестікке қарсы тұрамыз деген уәдеміз қайда қалды? Бұл жөнінде құзырлы органдарға қарата дәріс оқудан аулақпыз. Біздікі реті келгенде еске алу ғана. Түгел түркінің өз алдына отау құрып, өзгелермен иық теңестіріп, айдарынан жел ескен күнін көру баршамыздың арманымыз. Дейтұрғанмен саясатта «мәңгілік достық емес, мәңгілік мүдде ғана болатындығын» тағы бар.

Қазақстанға ешкімнің өкпесі жоқ сияқты

Қазақстанды мекендеп отырған ұйғыр диаспорасының Алматы өңіріне бертінде келгендігі белгілі. Қазіргі таңда ұйғырлар Қазақстандағы жан саны көп ұлттардың бірі саналады. Еліміздің заңдары бойынша олардың өз ана тілдерінде білім алуына, газет-журнал шығаруына еркіндік берілген. Қазақстандағы ұйғырлар тағдыры мен тұрмыс-тіршілігі шетелдік БАҚ-тардың назарынан тыс қалған емес. Соның ішінде АҚШ-тан хабар тарататын «Еркін азия» радиосының ұйғыр тіліндегі бөліміне тиесілі  «https://www.rfa.org/uyghur/» сайтындағы «Иәті су» (жеті су) айдары Қазақстан ұйғырлары туралы тұрақты хабар берумен айналысып келеді. Бұл сайт «Уйғурчә, Uyghurche» және Шыңжаңдағы ұйғырлар қолданатын араб графикасымен үш түрлі жазу үлгісінде ақпарат таратады. Яғни Қазақстандағы ұйғырларға да қызмет көрсетіп отырған ақпарат көзі есептеледі. Осы сайтта 26 қазан күні «Қазақистандики уйғурлар миллий кимлик вә өрп-адәтлирини сақлаш үчүн тиришчанлиқ көрсәтмәктә» (Қазақстандағы ұйғырлар ұлттық атауы және салт-саналарын сақтап қалу үшін тырысып жатыр) деген мақала жарық көрді. Онда Алматы облысы, Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылында ұлттық салт-сананы сақтау және оның үзілмей жалғасуын күшейту туралы дөңгелек үстел өткендігі айтылады. Тағы да осы сайтты қарап отырып, 2021 жылы 810 ұйғыр оқушының ана тілдерінде білім алып, мектеп бітіргендегін білдік. Бұл сайтта әртүрлі мазмұндағы материалдар жарық көріп жатады. Біздің елге қатысты хабарларда негізінен ана тілдерін, салт-саналарын ұмытпай сақтап отырған Қазақстан ұйғырларының тұрмыс-тіршілігін сөз етеді. Ал бұдан бөлек негізгі бағыты Шыңжаңдағы ұйғырлардың тағдыры туралы материалдарға көбірек басымдық береді. Бір қызығы осы ақпараттардың барлығында Қазақстан ұйғырларының ұйымдасып өткізіп жататын қимылдарының барлығы тек қана ұйғырларға қатысты екендігін аңғаруға болар еді. Олардың 16 желтоқсанды тойлағандығы, Алаш ардақтыларын еске алғандығы туралы бірде-бір материал көрген жоқпыз. Есесіне кезінде бірер жыл дәурен сүріп барып құлаған Шығыс Түркістан республикасының қайраткерлері мен болған тарихи оқиғалар туралы жазылатын мақалалар көрнекі орындарда тұратыны бар. Дегенмен Қазақстандағы ұлтаралық алауыздық туралы жалаулата бермейді. Соған қарағанда Қазақстанға ешкімнің өкпесі жоқ сияқты.

Сөздің салмағы билікке ауып тұр

Осы оқиға болғалы бері әлеумет пікіріне құлақ түргенде байқағанымыз, биліктің осы секілді нәзік мәселелерден сабақ алмай отырғандығын сынаған адамдар көп екен. Әрине өрекпіген адамдардың болғанын жасырмаймыз. Дегенмен көзіқарақты азаматтардың еліміздегі татулық пен тұрақтылықты жақтайтындығын, қылмыстың әділ бағасын алуын көзейтіндігі белгілі. Осылардың арасында жемқорлық жайлаған қоғамнан әбден көңілі қалған халықтың ұлтқа бөліне кетуге бейім тұратындығының бір себебін  билікке, атқарушы органдарға, ішкі істер мекемелеріне деген сенімсіздікпен байланыстыра қарап отырған адамдар да бар. Яғни қылмыстың өтеуі жаза десек те нағыз кінәлілердің лайықты жазаға тартылмай, туындаған кикілжіңдерге әділ шешім шығарылмай отырғандығы себепті кейде «жұдырықпен шеше салудың қолайы» екендігі санаға әсер еткендей.

Жасыратыны жоқ, елімізде мұндай оқиғалар талай рет болды. Әлі де болуы мүмкін. Ал оның ішкі себептеріне назар аударып, мәселені түбірінен оңалту тек қана құзырлы мекемелердің талпынысы мен халықтың ауызбіршілігі арқылы ғана орнайтындығы белгілі. Қандай қадамдар жасалатындығы алдағы күннің еншісінде дейміз. Біздің тілеріміз ел мен жердің амандығы, халықтың татулығы ғана.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
04.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 224
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 221
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 724
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 847
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 760

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8916
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8310
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11537
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9294
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10522