«Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдындағы алаңда Қазақ мемлекеттік циркі ұжымы 700 орындық көшпелі шапито шатырын тігіп, қала тұрғындарына «Наурыз шоу» бағдарламасын ұсынды. Көшпелі форматта ұйымдастырылған цирк қойылымы алматылықтар мен қала қонақтарына ерекше әсер сыйлап, мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Арнайы тігілген шапито шатырында өткен бұл бағдарлама дәстүрлі цирк өнерін жаңа қырынан көрсетіп, көпшіліктің ықыласын арттырды. Бағдарлама барысында акробаттар мен әуе гимнасттары, жонглерлер мен шебер эквилибристер, сондай-ақ көңілді сайқымазақтар өнер көрсетті.
«Бұл – Қазақ мемлекеттік циркінің көшпелі кешені, яғни «шапито» деп аталатын формат. Көшпелі шатыр шамамен 700 көрерменге арналған», – деді Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов.
Оның сөзінше, мұндай ерекше бағдарламаны халықаралық деңгейдегі қойылым деп айтуға болады. Себебі, мұнда шетелден келген үлкен ареналарда өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі цирк әртістері де қатысып жатыр.
«Цирк өнерінің түрлі жанрын қамтуға тырыстық. Мысалы, үйретілген иттердің өнері, акробатикалық нөмірлер, гимнастика, эквилибр, әуе гимнасттары бар. Сонымен қатар жонглерлер де өнер көрсетеді. Бұл қойылымдарды қала тұрғындары мен қонақтарына мереке аясында арнайы тарту ретінде ұсынып отырмыз. Балаларға мерекелік көңіл күй сыйлауды жалғастыра береміз», – деді ол.
«Наурыз шоу» көшпелі шапито форматындағы бұл бағдарлама өсіп келе жатқан ұрпақтың игілігі үшін ұйымдастырылуда.
Дайындаған – Г.ТҰРСЫНҚОЖА














