Желбуаз желдірме сөздер кезген бүгінгі қоғамда шын ғылым мен шын ғалымның сөзінен гөрі тренд қуған «блогерлердің» әр сөзі қоғам талқысында жүргені расында бізді ойландырмай қоймайды. Десек те, ғылыммен айналысып жүрген ғалымдардың әр мақаласы мен сыр-сұхбаттарын тыңдап жүрген жандар да мүлде жоқ емес. Біз сіздерге бұл мақалада КСРО идеологиясының диірменінен аман шығып, философия ғылымында «Дала өркениеті» атты ұғымды енгізіп, ғылыми айналымға алып келген ұстазымыз, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ағын Хайроллаұлы Қасымжановтың өмірі мен шығармашылығына тоқталатын боламыз.
А.Х.Қасымжанов философия ғылымында өзіне дейінгі барша философтарды толықтырып, келешекке мол мұра қалдыра білді. Оның ғылымда кеңінен танылған «Дала өркениеті» атты тарихи-философиялық термині баршаға мәлім. Ол бұл ұғым арқылы кең тынысты, мол ырысты байтақ даламызда болып өткен қаншама дара өркениеттерді қамти алды. Мысалы, сонау ежелгі дүниелерден сөз қозғар болсақ, сақ, ғұн сынды алып державалар осы біздің жерімізде мекендеген еді. Одан кейінгі далалық қаһарман халықтарға жарқын ғасыр бола білген Ортағасырлар кезеңінде әлемдік жаһандануға өз үлестерін қосып, кейбір бағыттарда көшбасшылық қатардан да бой көрсеткені кәрі шежірелі тарихымыздан белгілі. А.Х.Қасымжанов «Дала өркениеті» атты тарихи-философиялық мән-мағынасы терең терминдік ұғымында көптеген тарихи салаларға өзіндік философиялы тұрғыдан көзқарасын білдірген болатын.
Ғаламдық жәнеде отандық философия ғылымында Ағын Хайроллаұлы Қасымжановтың алар орны алабөтен. Ол жастайынан философия ғылымының барлық теориясына қалам тербеп, ғылыми мақалаларында жазып отырды. А.Х.Қасымжановтың еңбектері қазіргі таңда да шетелдік ғалымдардың философиялық еңбектерінде басты сілтеме ретінде пайдаланылып келеді. Және шетелдік басылымдарда оның бірнеше еңбектері жарияланып, көптеген тілдерге тәржімаланды. Ол тілдер қатарына: орыс, араб, ағылшын, болгар, поляк, португал, фин, француз, чех тілдеріне де аударылып, өз оқырмандарын тапты. А.Х.Қасымжанов көптеген ғылыми теориялы шәкірттерді тәрбиелей білді. Ғалым көзі тірісінде «Философиялық энциклопедия» басылымдарында белгілі әрі ықпалды авторлардың бірі болды. Ол редакторлық жасап жүрген уақытта сериялық басылымдарда Валентин Фердинандович Асмус, Михайл Трофимович Иовчук, Бонифатий Михайлович Кедров, Евгений Петрович Ситковский сынды тағы да басқа бірнеше кемеңгер философтардың еңбектері жарияланып отырды. Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов өз еңбектерінде Батыс пен Шығыстың философиялық алып кеңістіктерін дарқан дала төсіндегі өркениетке жалғастырып, өзіндік қазақ философиясын одан әрмен ғылыми тұрғыдан бірізділікке түсуіне аянбай еңбек етті.
Ғалымның «Проблема совпадения диалектики, логики и теории познания» атты ғылыми философиялық кітабында таным логикасымен диалектикасы туралы философиялық көзқарастармен мәселелерді жан-жақты қарастырып, түсініктемелер береді. Бұл келтіріліп отырған кітабы 1962 жылы жарыққа шығады.
Ғалым үшін 1960-1970 жылдары өте жемісті де жеңісті жылдар болады. Бұл жылдары оның көптеген монографиялары жарыққа шықты. Ғалымның тарихи-философиялық тұрғыдан жазылған сүбелі де ғылыми еңбектері әлі күнге дейін өз өзектілігін жоймай, университет қабырғасында оқып жүрген жас буынға оқытылып келеді. Расында, оның көптеген еңбектері тарихи-философиялық құндылықтарды бірізділікке салып, тереңдетіп зерттей алуында еді.
Философия саласының білгірі А.Х.Қасымжановтың ғылым жолындағы биік белестеріне тоқталмас бұрын, оның ғылым саласының алғашқы баспалдақтарын қалай бастағанына тоқталайық. А.Х.Қасымжанов 1957 жылы ең алғаш философия және құқық институтының кіші ғылыми қызметкері болып қызмет сатысын осылайша ғылымнан бастайды. Ол философия және құқық институтында 1963 жылға дейін белсенді әрі табысты ғылыми қызметін атқарады. Одан соң, болашақ ғалым көптеген ғылыми көпшілік басылым беттеріне тарихи-философиялық еңбектерін жариялап отырды. Ағын Қасымжанов кіші ғылыми қызметкер бола жүріп, 1961 жылдан бастап 1963 жылға дейін сол кездегі Ғылым Академиясының философия кафедрасының оқытушысы, кейіннен аға оқытушысы болып қызмет атқарды. Осы жылы А.Х.Қасымжанов философия ғылымдарының доценті ғылыми дәрежесін алады. Кейіннен, ғалым 1966 жылы «Философия және қоғамдық саяси-ой тарихы» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Ол бұл қызметінде де қарымды қадамдар жасай білді. Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов 1969 жылы докторлық диссертациясын «Логические аспекты истории диалектики» атты тақырыпта кең көлемді етіп жаза отырып, осы жылы Мәскеуде қорғап шығып, философия ғылымдарының докторы деген ғылыми дәрежені алып шығады. Ғылым саласында ерекше көзге шоқ жұлдыздай көріне білген, аты затына сай асау ағын іспетті болған Ағын Хайроллаұлын көрген сол кездегі мосқал тартқан ересек ғалымдар оған ерекше баға береді. Ол бағаның жемісі әрі А.Х.Қасымжановтың ғылымда жасап жүрген ерекше талпынысы арқасында 1970 жылы сол кездегі ғалымдардың арасында Қазақ ССР ғылым академиясының ең жас әрі табысты корреспондент мүшесі болып қабылданып, ерекше еңбектерін жариялай бастайды.
Ұстазымыз Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов ең алғашқы жазған ғылыми мақалаларында да, диссертациялық жұмыстарында да, таным теориясы, логика, диалектика сынды философияның адуынды бөліктеріне қалам тербеп лениндік диалектиканы зерттеді. Ол осы еңбектерінде ол туралы былай жазады: «Маркс пен Энгельс диалектикасын логика әрі таным теориясы ретінде қарастырып, табысты қолданды, ол лениндік диалектика принциптерін осылайша ұғынуды теориялық тұрғыда жан-жақты талдап, негіздеп берді. Сол себепті диалектиканың, логиканың және таным теориясының үйлесуі туралы қағидалар диалектиканың бүкіл дамуының қорытындысы бола отырып, диалектиканы марксизм аясында дамытудың нәтижесінде ғылыми сипатқа ие болды», – деп, диалектика мен логиканың таным теориясын кеңінен ұғынғанын жазады.
А.Х.Қасымжанов Кеңестік кезеңде Лениннің философиялық таным теориясымен диалектикасын ғылыми тұрғыдан көпшілік оқырман қауымға ұғынықты етіп, таным теориясы тұрғысынан өте шеберлікпен жазады.
А.Х.Қасымжанов жоғарыда келтірілген диалектика, таным теориясы, логиканы философиялық деңгейде салыстыра білген саналы ғалымдардың бірі болып табылады. Өзіне дейін жазылған таным теориясы жүйесін сынайды. Яғни, таным теориясын белгілі бір заттың құбылысын ғана түсіндіреді деген ұғымды жоққа шығара келе оның философиялық, диалектикалық, логикалық танымдарын Лениннің «Философиялық дәптерлерінен» түсіндіре келе, ортақ байлам жасап, бір тұжырым шығарады. Ағын Қасымжанов таным теориясын зерттей келе мынадай тұжырымға келеді: «Бұл мәселе диалектиканы логика әрі таным теориясы ретінде қарастыруда маңызды орын алады», – дейді. Яғни, ғалым таным процесінің философиялық заңдылықтары мен міндеттері және де оның белсенділігін зерттей келе объекті мен субъектінің өзара байланысатын құндылықтарын аша келе оны көрсету қажет деп ұғындырады.
А.Х.Қасымжанов логика, диалектика, таным теориясын сабақтастырып Лениннің жазған ойлау жүйелері арқылы субъекті мен объектінің арасындағы біз білмейтін теорияларды ашып көрсетеді. Яғни, субъекті мен объекті тек қана қоғамдық процесте байланысқа түседі де, объектінің адам санасында идеалды түрде расталуының жаңа танымдық істе болуы субъектінің белсенділігінің ең алғашқы һәм өзекті себептері екендігін адам түйсігімен байланыстырады. Яғни, бұл теориялар ілгеріде талданбаған, зерттелмеген болып табылады. Оның қорытылуымен танылуы үшін объективтілікпенен субъективтіліктің басты рөл атқаратындығын жазды. Осы кезеңдерде ғалым таным процесінің ең маңызды деген бөліктеріне назар аударып, ой қорыта келе, былай жазады: «Таным процесіндегі субъектімен объектінің өзара байланысына тікелей қатысы бар мәселе – логика әрі таным теориясы ретіндегі материалистік диалектикадағы ақиқат мәселесі. Ленин ақиқатты тек диалектикалық логика ғана зерттеуге тиіс деп атап көрсетті», – деп, ғылымда ең кесек ой тұжырымдарын тарата бастады.
А.Х.Қасымжановтың ең алғашқы оқу тамамдап ғылымға араласа бастаған кезі Лениннің өмірі мен шығармашылығын зерттеу аса қарқынды қызмет атқарып жатқан кезең болатын. Сондықтанда, ол Лениндік философияны мұқият зерттей келе құнды пікірлерін жариялап отырды. Ғалым Гегель тұжырымдарын өз көзқарасымен қарастырып мынадай ой пікір білдірді: «Диалектика философия да маңызы ерекше. Материалистік диалектика философияның тарихи дамуының нәтижесі болуы себепті осы процестің аясында ғана ақиқаттық формаға ие болады», – дейді.
Межелеген мақсатқа жету үшін ғалымның ғұмыр бойы жинақтаған мол мұраларын кешенді түрде зерттеп, А.Х.Қасымжановтың мұраларының ішінде шоқтығы биігі және де ең танымал ғылыми философиялық саласы, ұлттық өзіндік сана мәселесіндегі тарихи-философиялық тараптарына да ізденістерді жасау бүгінгі күнде философ ғалымдардың басты мақсаты болуы тиіс. А.Х.Қасымжановтың тарихи-философиялық тағылымдасы негізінде жазылған еңбектерде қазақ халқының сонау ықылым заманалардан бастап-ақ өркениеттерде өрлеу жасағанына көзіміз жетеді. А.Х.Қасымжановтың ұлттық сана туралы теориялы мәселелерінде де қазақ халқының түркілік кезеңнің өзінде «Дала өркениеті» ұғымының төңірегінде тірлік етіп, тұрмыс қажеттілігінен туған түрлі технологияларды ойлап тауып, руханиятын да қайта жандандыру мақсатында философиялық, логикалық жыр-дастандарменен, түрлі ойлы аңыз әңгімелерменен өскелең ұрпақты тәрбиелеп, келешекке философиялық мол мұраларын қалдырып отырды. Ортағасырлық философияда күллі әлемді таңғалдырған Тұран даласы Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабидей заңғар ғалым, ойшыл ұстазды дүниеге алып келіп, әлемдік өркениетке өз үлестерін ерекше қосып отырды.
Ағын Қасымжанов тарихи-философиялық сана мәселесі тақырыбында теңдессіз еңбектерді жазып қалдырып,
Әл-Фараби бабамыздың да Отанына қайта оралып, еңбектерінің аударылуына да ерекше еңбек етіп, «Дала өркениеті» философиясын ғылыми айналымға алып келген қазақ ұлтының жанашыры, өзінен кейінгі шәкірттерге мол мұра қалдырған ғалым-ұстаз ретінде тарих тақтасында таңбаланатыны сөзсіз.
Заңғар философ, кемеңгер ғалым 1931 жылдың қазан айының 19 жұлдызында қазіргі Алматы қаласында дүниеге келді. Орта мектептің білімін тамамдаған соң болашақ ғалым, Киров атындағы ҚазМУ-ға 1949 жылы оқуға түсіп, жалпы толық білімін 1957 жылы аяқтайды. Одан соң алғашқы ғылыми кандидаттық жұмысын, «Разработка В.И.Лениным проблемы совпадения диалектики, логики и теории познания в «Филосовских тетрядах» атты тақырыпта 1960 жылы Мәскеудегі КСРО Ғылым Академиясының Философия институтында жоғары дәрежеде қорғап шығады. Бұл зерттеу еңбегінде философия мен саясаттың айырмашылықтары, ұқсастықтары турасында көптеген философиялық көзқарастарменен ғылыми тұжырымдарды ғылымға алып келіп, дәлелдеп шығады.
А.Х.Қасымжанов Кеңестік кезеңде Лениннің философиялық таным теориясымен диалектикасын ғылыми тұрғыдан көпшілік оқырман қауымға ұғынықты етіп, таным теориясы тұрғысынан өте шеберлікпен жазады. А.Х.Қасымжанов жоғарыда келтірілген диалектика, таным теориясы, логиканы философиялық деңгейде салыстыра білген санаулы, саналы ғалымдардың бірі болып табылады. Өзіне дейін көптеп жазылған таным теориясы жүйесін сынайды. Яғни, таным теориясын тек қана белгілі бір заттың құбылысын түсіндіреді деген ұғымды жоққа шығара келе оның философиялық, диалектикалық, логикалық танымдарын Лениннің «Философиялық дәптерлерінен» түсіндіре келе, ортақ байлам жасай келе, бір тұжырым шығарады. Ағын Қасымжанов таным теориясын зерттей келе мынадай тұжырымға келеді: «Бұл мәселе диалектиканы логика әрі таным теориясы ретінде қарастыруда маңызды орын алады», – дейді. Яғни, ғалым таным процесінің философиялық заңдылықтары мен міндеттері және де оның белсенділігін зерттей келе объекті мен субъектінің өзара байланысатын құндылықтарын аша келе оны көрсету қажет деп ұғындырады.
А.Х.Қасымжанов өзі қорғаған философиялық диссертациялары негізінде жазған «Философиялық дәптерлердегі» ең өзекті баса назар аударар мәселелер бар. Мысалы, онда көне грек философиясынан бастап, ХХ ғасырға дейінгі аралықтағы тарихи философияны диалектикалық тұрғыдан зерттеп, оған таным теориясын беруі еді. Және де ғалымның айтуынша: «Қанша күрделі әрі қайшылықты болса да, философия тарихи өзінің негізгі мазмұны жағынан осы заманғы философиялық ғылымның, материалистік диалектиканың құрамына енуге тиіс біртұтас процесс деп қарайтын сындарлық лениндік ұғым. Гегельдің «Философия жөніндегі лекцияларын» конспектілеп, ерте заманғы грек философиясын талдаған тарауда баяндалған. Гегель – арғы дүниеге құлшына бас иген адам», – деп философиялық терең мағыналы пікірлерін білдіреді.
Ағын Қасымжановты толғандырған сала ол Элей мектебінің өкілдері – Ксенафон, Парменид, Зенноның ғылымда жасай білген қорытындыларын ескереді. Яғни, олар еш нәрсе жойылып кетпейді, бәрі бұрыннан бар және де бола береді деген тұжырымдарын қолдай келе, Гераклитке тоқталады. Фалес бағытын одан әрі жалғастырушы философ Гераклиттің физикалық стихиясы отты етіп қарастыруы ғалымға ерекше ой салады. Осылайша, ол мынадай байламға келеді: «От процесте, өзін-өзі жамауда өмір сүреді. Тірінің өмірі – нақ осындай өзін-өзі жасау өзін-өзі қирату. Оттың қозғалысы немесе нақ осы сияқты табиғаттың дамуы – шеңбер. Мұнда қайталанудың басты себебі – әрбір затта шын мәнінде екі қайтара теріске шығару болғандығы. Бірінші теріске шығару – шеңберге қарама-қарсылықтың болуы оның екіге бөлінуі. Бірақ бұл өзін-өзі теріске шығару арқылы зат жойылмайды, қайта оңмен терістің билікке жетуі, олардың өзара бір-біріне ену процесінде өзін-өзі растайды. Яғни, ғалымның келтірген бұл тұжырымдары ерте заманға және одан кейінгі өмір сүрген философтардың деректемелерін негізге ала отырып, қоғаммен байланысын шеберлікпен жазады. Ғалым бұл еңбегінде көптеген логикалық, философиялық және де таным теориясы арқылы кеңінен ұғындырып түсіндіріп береді. Антикалық дүниедегі грек философиясының дамуына аса маңызды бетбұрыс жасаған кезең, ол Левкипп пен Демокриттің атомистік ілімі де негізгі назарға ілігеді. Атақты Демокриттің қоғамдық ғылымға ұсынған алғашқы теориясы индивидтердің мақұлдауы ретінде жүзеге асатындығын баяндайды. Және де оның теориясын Анасагор ең алғашқылардың бірі болып бастап тұңғыш рет ақыл-ойды негіз ретінде алып, негізгі теорияны қабылдайды. Ойшыл Анаксагорон табиғаттың жалпыға бірдейлілігін баяндайды.
Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов философияны зерттеуде ортағасырлық алтын дәуірді де таса қалдырмаған ғалым. Ол ортағасырлық философияның бастауы немесе өзектісін ретін, лирикалық өкілдерді айта келе төмендегі тұлғаларды қарастырады. Омар Хаям, Жалаладдин Руми, Жамали, Саади, Хафиз, Сайхали және тағы да басқаларды ортағасырлық философияның бастауы деп қарастырады.
А.Х.Қасымжанов көркем ойдың ортағасырлық деңгейін зерттей келе, Румиде Диалектикалық рационалды бөлімдердің сопылықтың белгілеріменен қоршаса, ол көркем ойлау жүйесі Омар Хаямда рационализмі классикалық тұрғыда жүзеге асып, ой қорытындылайды. Шығыстық жұлдыз Хафиз үшін ол көркем ойлау жүйесі, ақындық поэзиялық шумақты сөздер еді. Ондағы іс сөзінің философиялы тереңдігіне әйгілі Гётеге де өз назарын аударған екен.
А.Х.Қасымжанов өзінің саналы ғұмырында жазып қалдырған еңбектерінде тұтасымен, диалектикалық тұжырымдармен, таным теориясын, ойлау мәдениеттілігін, керемет етіп диалектикалық ойлау сатысының шыңына шығара біледі. Сондықтанда, оның еңбектерінде жеке адамның ойлау қабілетіне аса қатты назар аудару керектігін баса наза аударуды басты талап ретінде қалыптастырады. Ол жолда бірнеше логикалық жолдарды нақтылап көрсетеді. Ал, жекелеген адамдардың ойлау жүйесінің кеңінен дамып, әлемдік өркениеттерге озық тұрғыдан жетуіне аса қатты назар аудартады. А.Х.Қасымжанов сол жолда жеке адамдардың қалайша жеке ойлау жүйесін ғылыми мәдениетті сатыға көтеру керектігіне байланысты тек қана ұзақ жылдар бойы талмай еңбек етуі керектігін баса жаза келе оның жеңісі бұл өмірде әрбір табиғи құбылыстардан мән іздейтін өзіндік даңғыл жолы бар кесек тұлғаға айналуы туралы жазады. Ол жолдың сан қырлы жеке адам үшін даңғыл жол болатынына бағыт-бағдарлар көрсете біледі. Ойлау жүйесінің мәдениеттілігінің дамуы үшін ең алдымен диалектикалық, философиялық заңдылықтарды меңгеру керектігі жөнінде жазады. А.Х.Қасымжановтың еңбектеріндегі «Ойлау жүйесінің мәдениеттілігінің» тарихи-философиялық шеңбері сонау антикалық дүниелерден басталып, дамыған орта ортағасырларды қозғап, бертін келе кеңестік кезеңдегі ойшылдардың мол мұраларын айналып кетпейтіндігіне көз жеткізіп отырмыз. Жалпы ғалымның еңбектеріндегі өте ғылыми тақырыптардың бірі ол «Таным шеңберлері» еді, яғни сонау ерте ғасырлардан бастау алып, оның ең көне мифтері мен аңыз әңгімелері туралы жазылған нақтылы ғылыми дәлелдемелерменен ұштасып жатқандығы нақты факты еді. Танымның ең көне түрлері, әрине, сонау ертедегі мифтерден басталатынын баршамыз айта береміз, бірақ оны ғылыми философиялық тұрғыдан қарастыра алмаймыз. Оны нағыз философия маманы Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов нақты зерттеп жазып беріп кетті. Қазіргі көп дүниелер дәлелденген дүниеде өмір сүріп келе жатқан мына бізге қашанда дүниенің жаратылуы мен одан әрі дамуының, одан соң алғашқы адамның ең алғашқы ойыменен ойлау қабілетінің қалай болғандығы, кейінгі қалыптасқан жеке адамдардың табиғатты қалай ұғынуы мен оны пайдалануы турасында бірнеше ойлар айналасында бізге қашанда қызықты болатын заңдылық. Ол сұрақтардың барлығына жүйелі тұрғыдан дәлелдемелерді пайдалана отырып, философия ғылымындағы таным теориясымен астасқан диалектика да, ұғымда баршасы ойлау жүйесінің мәдениетті тұрғыдан дамуының басты көрінісін нақты ашып, бөліктерге бөліп, өзіндік жеке-дара ойлау жүйемізді саналы тұрғыдан қалыптастырып береді. Десекте, барлық заттың түбі қарапайымнан нәр алады.
Заңғар ғалым қашанда адам игілігі үшін идея құрастырып, оны ғылыми айналымға енгізіп, одан әрмен оны қоғамдық талқыға салып, егер расында да адамзат үшін игілік келтірер ой болатын болса, әрине, оны жүзеге асыру қажет. Сонда ең әуелі жүйелі ойлау, одан соң табанды әрекет етудің арқасында ғана жүзеге асатын сала ойды ғалым қоғам үшін пайдасы бар деп танып, ондай ойдың иесін, әрине, кемелдік дәрежесіне бір табан жақын деген ой қалыптастырады. Расында да әлемде болып жатқан түрлі келеңсіз жағдайлардың баршасы дерлік ең әуелі ой болған соны кейіннен зұлымдық мақсатта, не болмаса нақты көз жүгірте алмауының арқасында соңы немене аяқталатыны туралы ойдың болмауының арқасында осындай адамзат үшін келеңсіздіктер туындауда. Яғни, қарап тұрсақ, адамзатқа игілікті де әкеліп, әлемді өзгертетін және адамзатқа қасірет әкелетін жайттарда ең әуелі қиялдан, ойдан туындайтынына ғылыми тұрғыдан жоғары да көз жеткіздік. А.Х.Қасымжанов осы мәдени ойлау жүйесінің ғылыми тұрғыдан логикада, философияда, таным теориясында және диалектикалық ұғымдарда өте нақтылы дәлелдер келтіріп, ғылыми айналымға алып келеді. Сол еңбектерінің ішіндегі ең елеулілерінің бірі ол Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби бабамыздың еңбектерін өз Отанында 1 000 жылдан аса уақыт өткеннен соң ғана барып, қайта оралуына ең елеулі қызмет атқарғаны еді.
Қазақ философиясының қарыштап дамуы жолында бар ғұмырын арнаған Ағын Қасымжановтың есімі қазақ тарихында алтын әріптермен жазылды. Оның тәрбиелеп, ғылымға қосқан әрбір шәкірті бүгінде қазақ философиясының қаймақтары болып отыр. Дархан даламыздың дарабоз философы болған ұстазымыз Ағын Хайроллаұлының еңбегі әсте өшпейді керісінше әр кезеңде өзін жаңа бір қырынан көрсетіп отыратындығында әсте күмән жоқ!