Ауылшаруашылығы туралы сөз қозғалғанда, әдетте егістік көлемі, жиналған өнім, мал басы мен өндірілген ет көлемі алдыңғы қатарға шығады. Мұның әрқайсысы саланың қуатын айқындайтын маңызды көрсеткіштер. Алайда, осы цифрлардың тасасында көзге бірден түсе бермейтін, бірақ ауыл тіршілігінің күретамырына айналған тағы бір еңбек бар. Ол – мал азығын әзірлеу. Өйткені қорадағы төрт түліктің қоңы, шаруашылықтың өндірістік қуаты, алынатын өнімнің көлемі ең алдымен малдың қорегіне байланысты. Қазақтың дәстүрлі тіршілігінде малдың жайын жем-шөпсіз елестету мүмкін болмаған. «Қыс азығын жаз жина» деген ұғымның өзі халықтың табиғатпен етене өмір сүріп, маусымдық жұмыстың мәнін ерте танығанын аңғартады. Қазір ауылшаруашылығының технологиясы жаңарып, техника түрленіп, өндіріс тәсілі өзгергенімен, бұл қағиданың мәні сол қалпында. Қысқы азық жаз айларында қамдалады, ал оның сапасы мен көлемі қорадағы малдың ертеңгі күйін айқындайды.
Жамбыл облысы үшін бұл мәселенің маңызы айрықша. Өңірде мал шаруашылығы ауыл экономикасының елеулі бағыттарының бірі саналады. Төрт түліктің басын көбейту, асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, ет өндірісін арттыру секілді міндеттердің бәрі берік азық базасын қажет етеді. Мал саны артқан сайын оның қорегіне деген сұраныс та ұлғаяды. Сондықтан жем-шөп дайындау науқанының нәтижесі бүгінгі жұмыстың ғана емес, бірнеше айдан кейінгі өндірістің де тағдырын айқындайды. Жамбыл облысы әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде биылғы шөп ору науқаны жоспарлы түрде жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 301,5 мың гектар шөп орылған. Оның ішінде 169,5 мың гектары көпжылдық шөп, 5 мың гектары біржылдық шөп, 125,8 мың гектары табиғи шабындық. Бұған қоса 1,1 мың гектар сүрлемдік жүгері орылған. Шөптің шығымы ауа райына, жердің жағдайына, тұқым сапасына, агротехникалық талаптардың сақталуына тәуелді. Ал оны уақытылы орып, ысырапқа жол бермей жинау – шаруаның ептілігі мен техниканың мүмкіндігін қатар сынға салатын жұмыс. Уақытынан кешіккен шабындық өнімінің сапасын төмендетуі мүмкін. Сондықтан шөп ору науқанының қарқыны ғана емес, оның сапасы да маңызды.
Қазіргі таңда облыста 2,2 млн тонна пішен дайындалған. Сонымен бірге 131,7 мың тонна пішендеме, 471 мың тонна сабан, 82,6 мың тонна сүрлем және 298 мың тонна жем әзірленді. Көрсеткіштер легі мал азығын қалыптастыру бағытындағы ауқымды жұмыстың нәтижесі. Бірақ мұнымен жұмыс тоқтамайды. Биылғы жоспар бойынша өңірде 2,2 млн тонна пішен, 141,2 мың тонна пішендеме, 484 мың тонна сабан, 117 мың тонна сүрлем және 364 мың тонна қоспа жем дайындау көзделген. Өткен жылдан қалған 99,8 мың тонна мал азығы да бар. Жалпы межеге сәйкес облыста 3,3 млн тонна мал азығын толық дайындау жоспарланып отыр. Мұндай көлем ауылшаруашылығындағы бір маңызды ақиқатты көрсетеді: мал шаруашылығының тұрақтылығы қорадағы мал басынан басталғанымен, оның беріктігі даладағы азық қорымен өлшенеді. Малдың басын көбейтуге ниеттенген шаруашылық алдымен оның азығын ойластыруы тиіс. Өйткені малдың саны артқан сайын жем-шөпке қажеттілік те еселенеді. Азықтың жеткіліктілігі өндіріс шығынын бақылауда ұстауға, малды қыстан шығынсыз алып шығуға, өнімділікті сақтауға мүмкіндік береді.
Ауылшаруашылығының табиғаты осындай сабақтастыққа құрылған. Егістік пен жайылымды бір-бірінен бөле қарау мүмкін емес. Дәнді дақылдардан алынған өнімнің бір бөлігі жемге жұмсалады. Сабан мал азығына пайдаланылады. Табиғи шабындық пен көпжылдық шөп қысқы кезеңдегі азық қорын толықтырады. Сүрлем мен пішендеме мал рационының қоректік құндылығын арттырады. Бір қарағанда бір-біріне бөлек көрінетін осы жұмыстардың бәрі іс жүзінде бір өндірістік тізбектің буындары. Сондықтан өңірдің ауылшаруашылығындағы нәтижені тек соңғы өніммен өлшеу жеткіліксіз. Оның негізін жерді тиімді пайдалану, уақытылы егу, күтіп-баптау, жинау, сақтау және мал азығына айналдыру секілді бірнеше кезең қалыптастырады. Осы тізбектің бір жерінде іркіліс болса, оның салқыны келесі кезеңге тиеді. Мәселен, шөптің уақытылы жиналмауы қысқы азық қорының көлеміне әсер етеді. Мал азығының жеткіліксіздігі қыста қосымша шығынды көбейтеді. Ал жем бағасының өсуі шаруашылықтың өндірістік шығынына салмақ түсіреді. Мұндай жағдайда өз азық қорын алдын ала қалыптастырған шаруашылықтың мүмкіндігі кеңейе түседі. Осы себепті бүгінде жем-шөп дайындау ауылдағы маусымдық науқан ғана емес, шаруашылықтың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыт ретінде қарастырылады.
Жамбыл облысының аудандарында осы бағытта еңбек етіп жатқан шаруашылықтар аз емес. Солардың қатарында Тұрар Рысқұлов ауданындағы шаруашылықтардың да өзіндік орны бар. Мал және егін шаруашылығы қатар дамыған ауданда ауылдағы өндірістің әр буыны бір-бірін толықтырып келеді. Мұнда жердің мүмкіндігін кәдеге жаратып, мал басын ұстап, өндірістік базасын қалыптастырған шаруашылықтар өңірдің аграрлық әлеуетін еселеуге үлес қосуда. Солардың бірі – Құмарық ауылдық округінде орналасқан «Хамза» шаруа қожалығы. 2018 жылы құрылған шаруашылықты Сейітбек Кеңесұлы Кокумбаев басқарады. Қожалықта 21 адам тұрақты еңбек етеді. Мұндағы жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 210 мың теңгені құрайды.
Шаруашылықтың жер көлемі де өндірістік бағытына сай қалыптасқан. Қарамағында 120 гектар егістік және 1155,9 гектар жайылым бар. Бұл жер қоры мал шаруашылығын жүргізуге қажетті табиғи және өндірістік мүмкіндіктерді ұштастыруға жол ашады. Егістік алқаптың болуы жем-шөп базасын қалыптастыруға мүмкіндік берсе, жайылым төрт түліктің табиғи азықтануына жағдай жасайды.
«Хамза» шаруа қожалығының негізгі ерекшелігі – малды бордақылау бағытының жүйеленуі. Қожалық базасында төрт мал бордақылау қорасы, екі жем сақтайтын қамба, үш шөп жинайтын бастырма, бір мал сою алаңы және жұмысшыларға арналған төрт тұрғын үй бар. Өндірістік нысандардың бұл жиынтығының әрқайсысының шаруашылық үшін өзіндік мәні бар. Мал бордақылайтын қора өндірістің негізгі алаңы болса, жем сақтайтын қамбалар азық қорын сақтаудың кепілі. Шөп бастырмалары дайындалған мал азығын ысырапсыз ұстауға мүмкіндік береді. Мал сою алаңы өндірістік тізбекті белгілі бір деңгейде тұйықтап, шаруашылық жұмысының бірнеше бағытын бір жерге шоғырландырады.
Шаруашылықтағы мал басы да ауқымды. Мұнда 350 жылқы, 615 сиыр және 3700 қой бар. Ал маусым кезінде мал бордақылау алаңында 1150 бас ірі қара, 6500 бас ұсақ мал және 250 бас жылқы ұстауға мүмкіндік қарастырылған. Аталған көрсеткіштердің өзі жем-шөптің шаруашылық өміріндегі орнын аңғартады. Бірнеше мың басқа жететін малды ұстау үшін жайылымның өзі жеткіліксіз. Қосымша азық, оны сақтау орны, тасымалдау мүмкіндігі, техника және еңбек күші қатар қажет. Осы талаптардың барлығы бір-бірімен сабақтасып жатқанда ғана мал шаруашылығының өндірістік қуаты толық іске қосылады.
«Хамза» шаруашылығында қажетті техниканың болуы да осы мақсатқа қызмет етеді. Қожалықта үш «КамАЗ», екі МТЗ тракторы және үш УАЗ көлігі бар. Ауылшаруашылығында техника уақытпен жарысатын жұмыстың басты құралы. Әсіресе шөп ору, жинау, тасымалдау секілді маусымдық науқандарда әр сағаттың өзіндік бағасы бар. Сондықтан техниканың жеткіліктілігі өндіріс ырғағын сақтауға мүмкіндік береді. Мұндағы тағы бір маңызды мәселе – еңбек. Ауылшаруашылығының сырт көзге табиғи қалыпты көрінетін тіршілігінің артында тәулікпен санаспайтын адамдардың маңдай тері жатыр. Малға уақытылы жем беру, қораны күтіп ұстау, азықты тасымалдау, техниканы жүргізу, жерді өңдеу – бірінің жұмысын бірі жалғастыратын бірнеше кәсіптің тоғысы. Осыдан облыстағы шөп ору науқаны мен Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Хамза» шаруашылығының жұмысы өзара табиғи үндестік табады. Бір бағыты өңір бойынша жиналып жатқан миллиондаған тонна мал азығы, екінші бағыты сол азықтың қадірін күнделікті еңбегімен сезініп отырған нақты шаруашылық бар.
Облыс бойынша биыл 3,3 млн тонна мал азығын дайындау межесі қойылуы да тегін емес. Мақсатты меже өңірдегі мал шаруашылығының ауқымын, шаруалардың алдағы кезеңге дайындығын және азық қауіпсіздігінің маңызын айқындайды. Мал азығы мол болса, қысқы кезеңдегі тәуекел азаяды. Азық қорының жеткіліктілігі мал басын сақтауға ғана емес, өндірістің ырғақты жүруіне де ықпал етеді.
Қазақ даласының тіршілігінде қамсыз отырған ел болмаған. Жаздың қызығын көріп қана қоймай, қыстың қамын қатар ойлаған. Бүгінгі ауылшаруашылығындағы жоспарлау мәдениеті де осы өмірлік тәжірибемен сабақтас. Айырмашылығы – қазір бұл жұмыс жаңа техника, есеп, агротехнология және өндірістік жоспар арқылы жүзеге асады. Бірақ түпкі мақсат өзгерген жоқ: жердің ырысын елдің игілігіне айналдыру. Шөп ору науқанының мәні де осында. Қырдағы шөптің уақытылы орылып, қораға жиналуы – ертеңгі күннің азығын әзірлеу. Бүгінгі еңбек қысқы кезеңнің ауырлығын жеңілдетеді. Әр жиналған тонна пішен мен жем шаруаның ертеңгі шығынын есептеуге мүмкіндік беретін қор. Әр гектар шабындықтың игерілуі ауылдағы өндірістің үздіксіздігіне жасалған қадам. Ал «Хамза» секілді шаруашылықтардың тәжірибесі бұл үдерістің нақты өмірдегі көрінісін көрсетеді. Жер, мал, техника, еңбек және азық – барлығы бір арнаға тоғысқанда ғана шаруашылықтың іргесі бекиді. Мұндай еңбек бір жылдың нәтижесімен өлшенбейді. Оның жемісі жыл сайынғы өндірістің тұрақтылығынан, сақталған малдан, дайындалған өнімнен, жұмыспен қамтылған ауыл тұрғындарынан көрінеді.
Ауылдың берекесі қырманнан ғана емес, қорадан да көрінеді. Ал қораның құты – төрт түліктің күйінде. Төрт түліктің күйі жайылым мен жем-шөпке байланысты. Осы қарапайым, бірақ өміршең сабақтастықтың өзі аграрлық саланың тұтас табиғатын танытады. Сондықтан бүгінгі шөп ору науқаны – ертеңгі мал шаруашылығының қамы. Ал ертеңгі өндірістің негізі бүгінгі еңбектен қаланады. Жамбыл даласында жиналып жатқан ырыс пен Тұрар Рысқұлов ауданындағы шаруалардың маңдай тері бір арнаға құйылғанда, өңірдің аграрлық әлеуеті де нығая береді. Жердің бабын тапқан шаруа малдың бабын да біледі. Малдың бабын тапқан жерде өнім бар. Өнім бар жерде ауылдың еңсесі биік. Ал ауылдың еңсесі биік болған жерде елдің ырысы артады.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
Жамбыл облысы
Тұрар Рысқұлов ауданы














