XXI ғасыр – ақпарат пен технологияның қарқынды дамыған дәуірі. Бұл өзгерістер журналистика саласына да айтарлықтай ықпал етті. Бұрын тек баспасөз, радио мен теледидар арқылы ақпарат тарататын дәстүрлі журналистика бүгінде жаңа формаларға өтіп, цифрлық кеңістікпен етене байланысқа түсті. Қазіргі таңда журналистиканың трансформациясы тек техникалық құралдардың жаңаруымен шектелмей, ақпаратты жеткізу тәсілдері мен аудиториямен байланыс жасау мәдениетін де түбегейлі өзгертті.
· Дамыған замандағы журналистиканың басты ерекшелігі – жеделдік пен қолжетімділік. Интернет пен әлеуметтік желілердің дамуы нәтижесінде ақпаратты тұтыну процесі әлдеқайда жылдам әрі ауқымды болды. Журналистер оқиға орнынан тікелей репортаж жасап, жаңалықтарды онлайн түрде ұсына алады. Бұл аудитория үшін де, журналистика үшін де жаңа мүмкіндіктер ашты. Сонымен қатар, цифрлық журналистиканың пайда болуы медиаконтенттің мультимедиялық сипат алуына себеп болды: мәтін, бейне, аудио және графика бір материалдың құрамында бірігіп, көрерменге жан-жақты әсер етеді. Алайда журналистиканың мұндай түрленуімен қатар, жаңа сын-қатерлер де туындады. Ақпараттың шынайылығы мен сапасы өзекті мәселе болып отыр. Жалған жаңалықтар мен манипуляцияның көбеюі кәсіби журналистиканың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Бұрынғыдай тек редакция сүзгісінен өткен материалдарға сенетін кезең артта қалды. Енді әрбір азамат ақпарат таратушыға айналды. Бұл жағдай журналистиканың миссиясына – тек ақпарат беру емес, оны тексеру, сараптау және түсіндіру міндетіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Сонымен бірге, жасанды интеллект пен автоматтандырылған жүйелердің журналистикаға енуі де саладағы үлкен өзгерістердің біріне айналды. Мысалы, кейбір ақпарат агенттіктері спорттық нәтижелер мен қаржылық есептерді автоматты түрде жазып, жариялай бастады. Бұл адам еңбегін жеңілдеткенімен, журналистік шығармашылық пен этикалық өлшемдерге қатысты сұрақтарды туындатып отыр. Қорытындылай келе, дамыған заманда журналистика тек техникалық тұрғыдан емес, мазмұндық әрі этикалық жағынан да түрленіп отыр. Бұл өзгерістер журналистика алдында жаңа мүмкіндіктермен қатар, үлкен жауапкершіліктер мен сын-қатерлер туындатып отыр. Сондықтан бүгінгі журналист үшін басты міндет – ақпарат ағынында адаспай, шынайы әрі сенімді дерек көзі болу.
Тұран” университетінің ‘’Журналистика’’ мамандығының 4- курс студенті: Назерке Зайфун