Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кестеге сәйкес, кезекті рет тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өңір басшысы азаматтардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, заң аясында шешу жолдарын түсіндіріп берді. Бұқараның тілегі ескерусіз қалмайтынын айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар міндеттеді. Қабылдауға жазылған азаматтардың арасында онлайн байланыс арқылы әкіммен тілдескендер де бар.
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Тұрғындардың мәселесін оңтайлы шешу біз үшін де жауапкершілік артады. Дегенмен, кейбір талаптар заңға қайшы келеді. Барлық мәселені әкімдік қызметкерлері мен құзырлы органдар бірлесе зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заң аясында шешім қабылдайды, – деген өңір басшысы айтылған барлық сұрақтың жан-жақты қаралатынын, заңдылығына қарай шешілетіндігін жеткізді.
Жеке қабылдауға келген тұрғындар жер телімі, баспанамен қамту, меншік құқығы, еңбек құқығының бұзылуы, карьерді жеке меншікке алу, инфрақұрылым сынды әлеуметтік мәселелерді көтерді. Енді бірі денсаулығына байланысты материалдық көмек көрсетуді сұрады. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Енді бірі жұмыс сұрап келсе, кей азаматтар кәсіп ашуға қолдау сұрады.
Айта кетейік, қабылдауға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысып, оңтайлы шешілуіне атсалысты.
Түйткілді мәселелер қозғалған қабылдау соңында аймақ басшысы тұрғындар қойған талап-тілектердің орынды екендігін айтып, көтерілген барлық мәселелерді өз қадағалауында ұстайтынын жеткізді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің аудан, қалаларында тұрақты түрде жеке қабылдау өткізіп келеді. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініш пен ұсыныс-пікірлер негізінде хаттамалық тапсырмалар берілді. Нәтижесінде, туындаған мәселелердің басым көпшілігі тиісті мамандар арқылы заң аясында шешімін табуда.