Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығында салынып жатқан көкөніс сақтау қоймасы мен «Brownfield» үлгісіндегі өндірістік парктің құрылыс алаңында болды. Жұмыс барысын бақылап, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. 1 га жерде орналасқан қоймада маусымына 4000 тонна көкөніс сақталады. Қазан айында құрылысы басталған маңызды нысан 2024 жылдың 2-тоқсанында аяқталмақ.
Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес «Түркістан» ӘКК» АҚ-на Сауран ауданының аумағында көкөніс сақтау қоймасын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру тапсырмасы берілген болатын. Жобаның мақсаты - көкөністерді сақтаудың заманауи кешенін құру. Осылайша маусымаралық кезеңде көкөністер – қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп бағасының қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Осыған сәйкес, Шаға ауыл округінен арнайы жер телімі бөлінді. Жоба құны - 1,4 млрд.теңге.
Бұл инвестициялық жобаның концепциясына сәйкес, қуаттылығы 4000 тонна көкөніс сақтау, оның ішінде 8 жеке тоңазытқыш сақтау камерасынан және 500 тоннаға арналған құрғақ қоймасын салу жоспарланған.
Сондай-ақ облыс әкімі Сауран ауданы, Шаға ауыл округіндегі Бершінтөбе ауылында салынып жатқан өндірістік парк құрылысы инвестициялық жобасының құрылыс барысын пысықтады. «Brownfield» үлгісіндегі өндірістік парк — өндіріс және қайта өңдеу нысандарын орналастыруға арналған толық жабдықталған, нақты белгіленген заңды құқықтары, қажетті инфрақұрылымы (электр, газ, сумен жабдықтау, су бұру, телефон байланысы) мен коммуникациялары бар жер учаскелері. Өнідірістік парктердің негізгі ерекшелігі мен артықшылығы - ұсынылған алаңдарда өндірістің кез-келген түрін орналастыру мүмкіндігінде.
Өндірістік паркты құру мақсаты - әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру.
Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді. Жалпы ауданы - 30 гектар. Мұнда 42 өндірістік ғимарат орналасады.
Нысанды пайдалану мақсаты - өндірістік тоңазытқыш жабдықтарын шығару, фармацевтикалық өнімдерді дайындау, жылыжай кешенінің жабдықтарын шығару цехы, жиһаз дайындау, құрастыру және жаңбырлатып суғару жабдықтарын құрастыру және өндіру.
Түркістан облысының жиһаз өндірушілері үшін барлық қолайлы жағдай жасап, жиһаз кластерін дамыту қолға алынған. Сонымен қатар, Түркістан облысы аудандарының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Шардара, Түлкібас аудандарында және Сарыағаш қаласында өнеркәсіптік парктер салу мүмкіндігін қарастырырылуда.
Жоба толыққанды іске асқанда 300-ден аса жаңа кәсіпорын қызметін бастайды. Нәтижесінде 1200- ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады.