«Арып-ашқан, шетінен тірі аруақ...»
Саяси қуғын-сүргін жылдары еліміздің басына қара бұлт үйіріліп, тоталитарлық жүйенің бірінің соңынан бірі халықты тұсаулап, басып-жаншу, бүтіндей жою мақсатында жүргізілетін жазалау шаралары орын алған тұсы еді. Еліміздің басына түскен нәубеттен халықтың тоз-тозы шығып, үреймен өмір сүрді.
Кеңестік билік ел арасынан шыққан ұлт жанашырлары мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жапты. Еліміздің, халық қамын ойлаған ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жол іздеді. «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу арқылы Голощекин Қазақстанды кеңестік жағдайлармен толық қамтымақшы болды. Ол саясат ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекиннің енгізген өзгерістеріне қарсы шыққандар қызметтерінен қуылып, жер аударылды, көбіне ең жоғарғы жазаға ұшырап отырды.
Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 ж. бастап бай, молда, имам, ишан, қажы, атқамінерлер мен халық арасындағы ықпалды, белсенді адамдарды басып-жаншуға нықтап кірісті. Бірігіп, топтасып елін, малын, жерін қорғаушыларды көтеріліс ұйымдастырушылар, елдімекендерді тонаушылар, тіпті зорлық-зомбылық көрсетушілер, КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйым құрушылар, әлеуметтік, қоғамға қарсы элементтер дейсің бе, әйтеуір, халық арасында қалдыру қауіпті деген жалған айыптар тағылып, жаппай ұстау, жазалау, қудалау басталды. Бұндай жағдайда байлар тұтастай ауылдарын шекара асырып көшіріп алып кетуге қауқарлы еді. Оларға «ел арасында қашуға үгіттеді, азғырды, ойын шатастырды» деген айыптар таңылды.
Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ол туралы Д.А.Қонаев «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабында: «Нәубет бүкіл елді жайлап алған-ды. Оған 1933 жылы Оралдың Дегтярск кенішіне практикаға барған кезде көз жеткіздік. Құдай басқа салмасын, тап жауы ретінде мал-жаннан айырылып, жердің түкпіріне айдалып келгендер сеңдей соғылысады. Не ішері, не жері жоқ, не киері, не тұрары жоқ. Арып-ашқан, шетінен тірі әруақ. Одан пленшінің тірлігі көш ілгері. Оның үстіне ертеңнен қара кешке дейін салпақтап жұмыс істейді», – деп жазды.
Ал «мешіттер мен сыйыну орындарына көптен бері жөндеу жұмыстары өткізілмеген, оны тазалау мен ақтауға көп қаражат керек, ал діндар адамдардың оны жасауға мүмкіндіктері жоқ, ол ғимараттар жетпей жатқан ойын-сауық орталықтары мен оқу орындарына керек болып жатыр» деген шешімдер шығарылып, жаппай жабылу етек алды. Мұны діни наным-сенімдерді жойып, білімге, даму қарқынына бетбұрыс жасаймыз деп жар салды.
Ел арасында мұсылмандық іс-шаралардың жүргізілуі де аңдуға алынды. Халық арасынан шыққан бай, би, бұрынғы болыстарды қудалап, ұжымдастыру саясатының соңы ашаршылыққа ұласқандығы мәлім. Бұл туралы: «Менің Мәскеуде оқуым республиканың, елдің өміріндегі аса ауыр кезеңге – зорлап коллективтендіру науқанымен тұспа-тұс келді. «Ел құлағы – елу». Ауылдан адам төзгісіз ауыр жағдай естіген сайын аза бойымыз қаза тұратын. Шалғайда жүрсек те, арқамызға аяздай бататын. Бірде үйден хат алдым. Қабырғалары қайысып жазыпты: ел ішін аштық меңдеп, жығылғанға жұдырық – індет жайлапты. Оны өз көзіммен көрдім. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген селосында тұратын әке-шешеме келсем, тігерге тұяқ жоқ, ел әбден азып-тозыпты. Аттап бассаң кісі өлімі, зарлаған ана, жылаған бала. 1932-1933 жылдары осы ауданның Балтабай, Маловодное («Құрғақсаз» дейтін сияқты еді) ауылдарында түндігі ашылмай қалған шаңырақта есеп жоқ. Бұл бірер ауылдың тартқан тақсыреті емес, исі қазақтың басына түскен нәубет болды ғой», – дейді Д.А.Қонаев кітабында.
Ашаршылықтан жаппай қырылған халық енді ес жия бергенде 1937-1938 жж. саяси қуғын-сүргінге ұласты. «Аза бойың қаза тұратын ауыр жылдарды еске алудың өзі азап. «Қорықпас келін қой басынан қорқады» дегендей, секем алған адамың ақ-қарасын айырмастан, әділ үкімін шығармастан ит жеккенге жер аударды, қапас түнекке жапты, шыбын құрлы көрмей оққа байлап отырды. Осылай әкімшіл-тоғышарлар қыспағы қазақ жерін зобалаң ордасына айналдырды. Сталиннің өзі болмаса да көзі болған республиканың бірінші басшысы Ф.И.Голощекин шын мәнінде азамат соғысын жүргізіп, халықтың бетке шығар қаймақтарын «қалқып алып», түп-тұқиянын қуғынға салды. Араға әлденеше жыл салып көз жеткізіп отырғанымыздай, бес жыл ішінде – 1929 жыл мен 1933 жыл аралығында Қазақстанда тек ОГПУ «саласы» бойынша 3386 адам ату жазасына кесіліпті. Осы зобалаңда қазақ халқы жарым-жартысынан айырылды», – дейді Д.А.Қонаев ашына сөйлеп.
Өзі қудаланса да, өзгелерді қорғады
Десек те қудалау саясаты одан әрі жалғасты. Жоғарыда атап өтілгендей, «әлеуметтік, қоғамға қауіпті элементтер барлар» енді байдың, молданың, қажының, ишанның баласы болғандары үшін қудалауға ұшырады. Соның бірі Д.А.Қонаевқа да тиді дейді Молдияр Серікбайұлы «Жас Алаштың» 2007 жылғы 12 сәуірдегі нөміріне шыққан мақаласында: «Димекең Мәскеудегі түсті металл институтында оқып жүреді. «Байдың баласы оқып жатыр» деген арыз түседі. ...Арыз түскеннен кейін Димекеңді оқудан шығарып жібереді. Ол аздай, комсомолдан да, жатақханадан да шығарып жібереді. Достары сол сәтте Димекеңе Тұрар Рысқұловқа баруға кеңес береді. Үміті алдамай, Тұрар Қонаевты орнында қалдырды. Оқуына қайта қабылданып, жатақханасына қайтадан орналастырып, комсомолдың қатарына қайыра алынуына небәрі үш сағат кеткен екен».
Д.А.Қонаевтың атасы Жұмабай Қонаев екі рет қажылыққа барған кісі. Оның бірі – 1904 жылдың 19 қазанында №14 ауылдың төменгі Іле болыстығынан, қырғыз (ол кезде қазақтарды қырғыз не қырғыз-қайсақ деп атағаны белгілі), Жұмабай Қонаев әулие орындар Мекке-Мәдинеге баруға жарты жылға шетелдік паспорт жасатқандығы және жеке куәландырушы құжаттары архивте сақталған. Сонда Д.А.Қонаевты қажының немересі ретінде қудалауы да әбден мүмкін еді.
Д.А.Қонаев қызметте жүргенде де бірнеше рет артынан арыздар жазылды. Соның бірі Алматы қаласындағы жаңадан салынып жатқан алаңды «Мәскеудегі қызыл алаңнан үлкен етіп салып жатыр» деген арыз еді. Сонда Д.А.Қонаев сол кездегі Алматы қалалық атқару комитетін басқарып жүрген К.Аухадиевті шақырып, сабырлы түрмен «мынаны қарашы енді, не істейміз?» деп, ақылдаса келе алаңның артық деген жерлеріне ағаштар егіп, көлемін кішірейткендігі туралы жазады. Мұндай оқиға Алматыдағы Арасан моншасының құрылысы жүргізілгенде де қаржыландыру жетпей қалып, «қымбат құрылыс материалдарын қолданды» деп хаттама толтырылып, жиналысқа салынып сыналған еді.
Кеңестік жазалау соғыстың салдарынан үзіліп қалған «іс-шаралары» секілді майданнан соң қуғын-сүргінді зиялылардан қайта бастады. Саяси қуғын-сүргін туралы Д.А.Қонаев кітабында былай дейді: «Ел ішін үрей билеп, жан-жағына үрке қараған жалтақ мінезден арыла алмаған. Қазақстанның сорпа бетіне шығар жақсылары мен жайсаңдарын – көрнекті мәдениет пен ғылым қайраткерлерін түн жамылып келіп, алдына салып айдап кету жалғасып жатыр еді. Тұтқындалып, ұзақ мерзімге кесілгендердің ішінде тарихшылар Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменов бар еді. Сондай-ақ, кезінде «Тұлпардың жыры», «Жігер», «Наз еркесі» деп аталатын жыр жинақтарымен әдебиет әлемінің қасиетті табалдырығынан аттап, сын мен әдебиетті, фольклорды тануға және оларды қалыптастырып, дамытуға айрықша үлес қосқан Есмағамбет ЬІсмайылов, белгілі драматург, Қазақ КСР-інің мемлекеттік Гимнінің тексін жазушылардың бірі, абайтанушы Қайым Мұқаметханов ұсталды. Қайым Абайдың әдеби мұраларын зерттеуде «ұлтшылдық қателік» жібергені үшін айыпталды», – дейді.
Д.А.Қонаев өзі басшылық еткен тұсында барынша зиялы қауымды қудалау құрсауынан қорғай білді. Сол кездегі бұлтты күндер мен қорқынышты түндерге іліккен Қ.И.Сәтбаев, М.О.Әуезов, О.Сүлейменовтерді Мәскеуде пленум қабылдауында жиналыстарында араша түсіп, істерінде ешқандай ұлтшылдық жоқ екендігін дәлелдеп, қызметтерін қайта жалғастыруға мүмкіндік бергізді.
Сондай-ақ, 1974 жылы Д.А.Қонаев, Ортаазия әскери округын басқарған армия генералы Н.Г.Лященко және қасында он шақты адамы бар Семей облысы Абай ауданына келеді. Сол ауданның дәрігері 30 жастағы Мағазбек Әубәкірұлы былай дейді: «Бізге Қонаевты көзбен көріп, қол алысып амандасу жазған екен. Ол өте қарапайым, кішіпейіл адам екен. Сол кезде ішкі істер комитетінің тапсырмасы бойынша біз екінші киіз үйде болуымыз керек болған. Д.Қонаев қасындағы қонақтармен өздеріне тиесілі тігілген ақ киіз үйге кіргенде біз көру үшін шықтық. Сонда Д.Қонаев әрқайсысымыздың қолымыздан алып екі қолдап амандасты. Менің жұбайым мұғалім болатын, ыңғайсызданып бізден де алысырақ, жалғыз өзі шет жақта тұрған еді, өзі қасына барып тұрып, қолын алып амандасып: «Қызым-ау, қолың мұздап қалыпты ғой», – деді...
Сонда Шәкәрім Құдайбердіұлының ақталмаған кезі, баласы Ахат Шәкәрімұлы ол жерде болмау керек болатын. Ол Ахат Шәкәрімұлын қолтығынан жетектеп алып келіп дастарқанға бірге отырғызды. Біраздан кейін алдына келген қойдың басынан ырым жасады да, Ахат Шәкәрімұлына ұсынғандығын көзімізбен көргенбіз. Тұрған соң басын иіп бәрімізге рақмет айтып, ризашылығын білдірді» деп сөзін аяқтады зейнеткер.
Қызыл қырғында қараланып кеткен «халық жауларының» ұрпақтары да түртпекте, түнекте өмір сүрді. Кеңестік шеңгелде «тап жауынан» әлі ақталмаған адамдарға сөйлемек түгілі жолаудың өзі қорқыныш туғызатын заманда Д.А.Қонаев қолтығынан демеп, жаны бірге екендігін өзінің ісімен, сыйластығымен білдірді.
«...Жан-жақтан талап, тұс-тұстан тартқылап, әркім өз жағына иемденгісі кеп, қолдарынан келсе о кісіні де көкпар ғып тартқысы келді ғой. Соның бәріне шыдау, шыдай отырып ел басқару, біреуге кектенбей, біреуді қудаламай, әділдіктен таймауға тырысу – бәрі де ол кісіден адам айтқысыз шыдамдылықты, білімділік пен мәдениетті талап етті ғой. Соның бәрі Димекеңнің бойынан табылды ғой», – деп жазады К.Аухадиев өзінің «Өнегелі өмір» атты кітабында.
Кеңестік жүйе әрбір жүргізілген істің байыбына бармай, жалпы жүйесіне қарамай, көптеген қателіктерге бой алдырды. Қазақстан тарихындағы кеңестік қуғын-сүргін республикамыздың кең көлемді дамуына теріс әсерін тигізбей қоймады. Десек те еліміздің Тәуелсіздікті алғаннан кейін тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылып, шынайы тұстарын зерттеу әлі де жүргізіліп жатыр.
Тәуелсіздік кезінде де Д.Қонаевтың біршама қудаланғанын жақсы білеміз. Оны базбіреулер соттатуға, түрмеге тығуға тырысты. Дінмұхамед атамызды қорғап қалған бір Алла, содан соң халқы және адалдығы, тазалығы еді.