Экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосқан

Экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосқан

Атырау өңірінде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының қорытынды шарасы өтіп, экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосқан мекемелер мен тұрғындар облыс басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталды. Табиғатты қорғау, қала көшелерін абаттандыру, жас буынға экологиялық тәрбие беру бағытында белсенді еңбек еткен жандар ұлықталды.

– Биыл өңірде абаттандыру, көгалдандыру, заңсыз қоқыс орындарын жою, өзен-көлдерді тазарту, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және экологиялық ағарту бағыттары бойынша кең ауқымды шара атқарылды. Алайда жасалған жұмыс одан да көп. Осы бағытта бірқатар мекеме, ұйым өкілдері біраз тәжірибе жинап та үлгерді. Оларды алдағы жұмыстарға белсене қатысуға шақырамын. Елдің тазалығы біз үшін, артымыздан өсіп келе жатқан ұрпақ үшін тәрбиенің негізі деп санаймын. Алдыңғы арба қалай жүрсе, кейінгісі де сол жолмен қозғалады ғой. Біз қандай жұмыс бастасақ, артымыздан келе жатқан жастар да соны жалғастырады деп ойлаймын. Баршаларыңызға уақытпен санаспай, еліміздің тазалығы мен көркеюіне қосқан үлестеріңіз үшін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің атынан алғыс білдіремін, – деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Шарада Алғыс хат ең алдымен «Жасыл орта қалыптастырған балабақша» аталымы бойынша Махамбет ауданындағы «Алтын балық» бөбекжай-балабақшасына табысталды. «Жасыл кәсіпкер» номинациясында Құрманғазы, Исатай, Мақат аудандары мен Атырау қаласының кәсіпкерлері, мекеме өкілдері марапатталды. Сондай-ақ «Көгалдандыру ісіндегі белсенділігі үшін» және «Экологиялық ақпаратты үздік жариялаған БАҚ» аталымдары бойынша да бірқатар ұйым алғысқа ие болды. Олардың қатарында «Атырау» телеарнасы мен «Феникс Интернешнл Ресорсиз Каспиан» ЖШС бар.

Балаларға экологиялық тәрбие беруге үлес қосқан білім беру мекемелері де назардан тыс қалмады. «Табиғатты қорғау жолындағы қоғамдық белсенділігі үшін» аталымы Атырау қаласының тұрғыны Ерлан Әбіровқа берілді. Сонымен бірге «Эко-отбасы» санатында өңірдің әр ауданынан келген бірнеше отбасы – Есеевтер, Әділовтар, Идекешевтер және Исмұхановтар әулеттері аталып өтті.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зарина Төребаеваның Алғыс хаты да өз иелерін тапты. «Жасыл бастама иесі», «Қала тазалығына қосқан үлесі үшін», «Экологиялық көркейту ісіндегі үздік ПИК» және «Тұрғындардың экологиялық санасын қалыптастырудағы белсенді қызметі» номинациялары бойынша Атырау қаласы мен аудандардың белсенді тұрғындары марапатталды.

– Сабақта «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүйелі түрде насихаттадық. Бұдан бұрын ұйымдастырылған байқауда ұтып алған 1 млн теңгемізді көгалдандыру бағытындағы жұмыстарға жұмсаймыз деп шештік. Біз әр сабағымызда оқушыларды табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға шақырып, айтып отырамыз, – дейді Қ.Сәтпаев атындағы мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі Нұргүл Қайратова.

 

Сортаң жердегі жасыл шырша

Атырау көшелерінің келбеті біртіндеп өзгеріп келеді. Бұрын қара терек те шыға қоймайтын қалада бүгінде жасыл шыршалар тербеліп тұр. Биыл өңірге 400-ден астам табиғи шырша отырғызылып, жалпы саны 1000-нан астам қылқанжапырақтар шаһарға жаңа тыныс сыйлады. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, дұрыс күтіп-баптаудың арқасында мұнайлы өлкенің өзінде қылқанжапырақты орман алқаптарын көбейтуге болады.

Жақында шаһар басшысы қалалық мәслихат депутаттарымен бірге абаттандыру жұмыстарымен танысты. Ең алдымен Шәкір Кейкин Дамбы ауылдық округіндегі саябаққа аялдады. Көгалдандыру жұмыстарының сапалы жүргізілуін алдыңғы кезекке қойған ол күтім мен суару мәселесіне айрықша назар аударды. Себебі паркке табиғи шыршалар егілген. Жылдың төрт мезгілінде де бір түсте болатын тал жайқалып тұруы үшін оны тұрақты түрде баптап тұру керек.

– Өздеріңіз де көріп жүргендеріңіздей, шыршалар Әбілқайыр хан даңғылының бойына отырғызылды. Ал Жайық жағасына қарағайдың «экстра» сорты егілді. Әдемі талдың биіктігі 3 метрден кем емес. Бұлардың барлығы қала көшелеріне ерекше сән беріп тұр. Бұдан бөлек, 200-ге тарта шыршаны Исатай – Махамбет алаңына ектік. Бұрын ол жерде басқа талдар болатын. 30-ға тарта ағаштың орнын ауыстырдық. Әдемі гүлдер де егілді. Исатай – Махамбет бабаларымыздың ескерткішінің артында, шыршалардың арасында отырғызылған әсем гүлдердің жемісін көктемде көреміз деген ниеттеміз. Геологта да қарағай талдары бар. Дамбыда 80-ге жуық қарағай, Жастар саябағына 200-ге жуық шырша егілді, – деді Шәкір Кейкин.

Ең бастысы, қаланың көркін келтіретін жасыл шыршалар экологиялық ахуалы сын көтермейтін өңірге оң септігін тигізбек.

Ал қалада сирек кездесетін қылқанжапырақты талдардың келешегіне күмәнмен қарайтын тұрғындарға қатысты Шәкір Кейкин мынадай пікір білдірді:

– Әрине, «біздің жерімізге қарағаштан басқаны екпеуіміз керек, мемлекет қаражатын босқа шығындауға болмайды» деп керітартпа пікір айтқандар бар. Алдымен, шырша, қарағай секілді талдардың барлығына бюджеттен бір теңге де бөлінген жоқ. Оның бәрі демеушілік көмектің арқасында жүзеге асты. Күтіп, баптай білсе, бізде қай тал да шығады. Қаланың кейбір көшелерінде, белгілі ғимараттардың алдында шырша өсіп тұр. Сондықтан қаланың басқа жерінде де қылқанжапырақты талдардың жайқалатынына ешкімнің күмәні болмауы тиіс. Дер кезінде суын құйып, тыңайтқышын салып отырса, ағаштардың өсетініне сенімдімін, – деді қала әкімі.

Қалалық мәслихат депутаты Руслан Күмісқалиевтың айтуынша, көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысу үшін халық қалаулылары арнайы чат ашып, тал егу жұмыстарына бір кісідей жұмылып отыр.

– Зиянкестермен күрес, маса улау, басқа да жұмыстар ұдайы біздің назарымызда. Тапсырыс беруші – қалалық ТҮКШ бөлімі, мердігер мекеме күтіп-баптау ісімен айналысуда. Қаламыз жыл сайын гүлденіп келеді. Бірлесіп көтерген жүк жеңіл, – деді ол.

Биылғы күзгі тал отырғызу науқаны аясында облыс орталығында барлығы 4 мыңға жуық ағаш отырғызылған. Оның ішінде 1000-нан астам қылқанжапырақты ағаш, 1 159 жапырақты ағаш, 317 сәндік бұта және су айдыны маңына бейімделген 1500 Ива Матсудана талы егілген.

 

Келешек мектептері:  Өңірде білім беру инфрақұрылымы жаңғыртылуда

Келешек мектептері – бұл білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба, және 2023-2025 жылдары оның аясында Атырау облысында бірқатар жаңа мектеп салынуда.

Жоба мақсаты – үш ауысымда оқыту мен орын тапшылығын жою, білім беру стандарттарын жаңғырту, заманауи білім кеңістігін қамтамасыз ету.

Мысалы, 2025 жылдың тамызында Атыраудың «Жұлдыз-2» ықшамауданында жаңа мектеп ашылды. Ғимарат 10 мың шаршы метрден асатын, онда кабинеттер, асхана, акт залы, спорт залы, кітапхана, STEM-зертхана, медициналық кабинет және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лифт орнатылған.

Аталмыш мектеп екі ауысымда шамамен 1800 оқушыға дейін білім бере алады.

Қазіргі кезде Атырау облысында «Келешек мектептері» аясында 6 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Сонымен қатар, бұрын салынған мектептер толық қызмет етіп, мысалы, 1200 орындық мектептерде балалар білім алып жүр. Жоба жай ғана жаңа ғимараттарға қатысты емес – ол білім беру процесін, педагогикалық әдістерді, орта мен ортақ білім кеңістігін түбегейлі жаңарту мақсатын көздейді.

Жаңа форматтағы мектептер жайлы пікір білдірген атыраулық ардагер ұстаз Сәуле Шайхиева (мектеп саласына ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаз) осы жобаның маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Қазіргі оқушының ойлау стилі – динамикалық, ақпаратпен жұмыс істеу қарқыны өте жоғары. Сондықтан келешек мектептерінде дәстүрлі әдістер мен заманауи тәсілдер қатар жүруі керек», – деді ол.

Оның пікірінше, заманауи кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника, шығармашылық шеберханалар – мұның бәрі оқушыларды ақпараттық, цифрлық ортаға бейімдеп, олардың шығармашылық және практикалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл – тек білім беру емес, болашаққа дайындық.

Сәуле апайдың айтуынша, мұндай мектептер – педагогтарға да жаңа мүмкіндіктер береді: жаңаша әдіс-тәсілдер, цифрлық ресурстар, кәсіби өсу, мұғалімдер мен оқушы арасындағы серіктестік қатынас. Бұл – жалпы білім беру сапасын арттыруға серпін.

Атырау облыстық білім беру басқармасының ресми өкілі Ләззат Еділхан – «Келешек мектептері» жобасының өңір үшін өте маңызды екенін айтады.

Олардың айтуынша, бұл мектептер – тек жаңа ғимараттарды салу ғана емес, білім беру жүйесін жаңарту, заманауи құралдармен жабдықталған, қауіпсіз және ыңғайлы орта жасау.

Сонымен қатар, педагогтар үшін арнайы біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырып, мұғалімдер жаңа әдістер мен әдістемелерді меңгеріп жатыр.

Мектептердегі білім беру процесіне инновациялық технологияларды енгізу, STEAM-бағыт, жобалық оқыту, инклюзивті білім беру – барлығы бір жүйеге кіріп отыр.

– Басқарманың басты міндеті – жаңа мектептер арқылы білім сапасын көтеріп, әр балаға лайықты, тең мүмкіндік жасау екенін атап көрсетеді. 

Атырауда «Келешек мектептері» жобасы – тек инфрақұрылым жаңарту ғана емес, білім саласында жаңа дәуірдің басталуы. Жаңа мектептер – оқушылар мен мұғалімдерге заманауи, жайлы, қауіпсіз орта береді; білім беру әдістерін жаңартады; оқушы мен ұстаз арасындағы серіктестікті нығайтады.

Осылайша, «Келешек мектептері» арқылы Атырауда білім беру жүйесі жаңарып, болашақ ұрпаққа лайықты орта қалыптасады деген сенім бар.

04.12.2025

Ұқсас жаңалықтар

Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 558
«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 556

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20882
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20665
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35800
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34320
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38202