Әлем елдері белгілі себептермен азық-түлік экспортын шектей бастады. Алайда, сыртқы сауда валюталық түсімнің басты көзі болғандықтан, экспорттан түбегейлі кету мүмкін емес. Осы орайда, Қазақстан 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 41 миллиард долларға жеткізуді көздеп отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы сауданы дамытуға нақты көңіл бөліп, Үкіметке экспорт көлемін ұлғайту бойынша бірқатар тапсырма берген болатын. Сыртқы сауда бойынша индикативтің бірі — 2025 жылы шикізаттық емес экспорт көлемінің 41 миллиард доллар межесіне жетуі. Қазақстан 2022 жылдың алғашқы тоқсанында (қаңтар-наурыз) бірқатар негізгі сауда серіктестерімізбен тауар айналымын едәуір ұлғайтқан. Еуроодақ елдерімен өзара сауда көлемі өткен жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда шамамен 55,2% - ға өсті. АҚШ-пен — 35,6%, Қытаймен — 25,1%. Өсім шикізат және өңделген тауарларда да байқалады. Сыртқа саудада тағы бір жақсы жаңалыққа қол жеткізіліп отыр. Еліміз шетелге жеткізетін тауарлардың тізімін кеңейтуге мүмкіндік алды. Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктері халықаралық аккредиттеу орталығынан Халал өнімдерін сертификаттауды жүргізу құқығымен Қазстандарт зертханасын аккредиттеу туралы ресми құжат алды. Бұл — үлкен жаңалық. Ел ішінде Халал халықаралық сертификатын алу мүмкіндігі экспортты арттыруға ынталандыруы тиіс. ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов: «Егер қазір кәсіпорындар халал сертификатын алу үшін (импорттаушы елде) партиясына 7 мыңнан 30 мың долларға дейін жұмсаса, Қазақстандағы сертификаттау құны сериялық өндіріске 700 мың теңгеден ($1,5 мың) басталады, ал партияға 90 мыңнан 700 мың теңгеге дейін. Бұл зертхананың сертификаттау нәтижелері Парсы шығанағындағы барлық араб мемлекеттерінің (Бахрейн, Катар, Кувейт, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы) аумағында мойындалатын болады. Сонымен қатар экспорт көлемін басқа аймақтарға, мәселен Иран, ТМД, Түркия және тағы басқа елдерге ұлғайта аламыз. Айта кетсек, Қазақстанда халал өнімдерін шығаратын 4200-ден астам өндірушілер бар. Олар негізінен тамақ өнімдері, тоқыма, фармацевтика, тұрмыстық химия және косметика салаларында жұмыс істейді. Әлемде халалға деген сұраныс үлкен. Халал өнімдерінің импорты 1,7 триллион доллардан асады. Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдерінде осы импорт көлемі 250 миллиард долларға жетеді. Айта кетерлігі, үш ірі импорттаушы елдің қатарында Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Египет бар. 2024 жылға қарай әлемдік халал тауарлар нарығы 2,4 триллион долларға жетеді деп жоспарланып отыр. Қазақстан осы триллионның ішінде өз үлесі басым болуы үшін барлық жағдайды жасап көрмек. Айтпақшы, біздің зертхана ЕАЭО пен Орталық Азиядағы халықаралық талаптар бойынша аккредиттелген жалғыз зертхана болып табылады. Демек біз Халал бойынша өңірлік хабқа айналудамыз. Азия, ЕАЭО және ТМД елдерінің кәсіпкерлері өз өнімдерінің сәйкестігін бағалау және Парсы шығанағы елдерінің нарығына шығу үшін біздің зертхананы пайдалана алады. Сауда және интеграция министрлігі Бас прокуратурамен, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, нарықтарды жаңғырту үшін заңнамалық түзетулер әзірледі. Нормалар ҚР Парламентінің қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына енгізілді. Әзірленген нормалар мыналарды көздейді: 1) нарықтың меншік иесіне сауданы ұйымдастыру үшін дербес жауапкершілік беру; 2) нарықтарға қойылатын біліктілік және инфрақұрылымдық талаптарды белгілеу; 3) отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына бәсекелі және еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені құру болып табылады. Заңнамалық түзетулер Бас прокуратураның осы жылдың көктемінде жүргізген 122 нарықты тексеруінің нәтижесі болды. Тексеру барысында сауда объектілері жұмысының көптеген жүйелі проблемалары, оның ішінде нарық иелері мен әкімшілігінің қызметін регламенттеудің болмауы; сауда орны үшін жоғары жалдау мөлшерлемелері (күніне 15 мың теңгеге дейін); нарық әкімшілігінің қосымша қызметтер көрсету бойынша үлестес жеткізушілерді күштеп таңуы (сертификаттық сынақтар, буып-түю, тасымалдау және т.б.) анықталды. Сондай-ақ нарыққа қатысушылардың тауарлардың жасанды тапшылығы мен бағамен айла-шарғы жасау жағдайлары атап өтілді. Қортындылай келгенде, Қазақстанның тауар айналымы 2022 жылдың қаңтар-мамыр айларында 51,3 миллиард долларды құрады. Бұл өткен жылдың төменгі базасын ескере отырып, былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,7% - ға жоғары ($36,5 млрд).
Экспорттың өсуі: шикі мұнай (91,2%-ға), ферроқорытпалар (61,1%-ға), уран (2,6 есе-геа), мыстан жасалған мыс және катодтар (25,3%-ға), бидай (61,3%-ға), сублимацияланған, тұндырылған немесе коллоидты күкірттен басқа күкірт сияқты тауарларды жеткізудің ұлғаюымен негізделеді. Ал Қазақстанның шикізаттық емес тауарларының тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-мамырда $25,3 млрд құрады, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 20,4% - ға жоғары ($21 млрд). Шикізаттық емес тауарлардың экспорты 34,7% - ға өсіп, $9,7 млрд құрады, импорт 12,9% - ға өсіп, $15,5 млрд құрады»,— деген мәліметтермен бөлісті.