Референдум

Ел есінде қалған ер

Ел есінде қалған ер

Мемлекет және қоғам қайраткері  Мұстақым Ықсановтың туылғанына – 100 жыл

Мұстақым Ықсанов – Қазақстан ауылшаруашылығын дамытуға көп еңбек сіңірген мемлекет қайраткері. Оның ең көп басшылық еткен жері – Батыс Қазақстан облысы. Өзі де сол облыстың Жәнібек ауданында дүниеге келген, аса жемісті еңбек жолын Оңтүстік Қазақстан облысында бетпақ даланы игеруден бастайды. Әр жылдары біліктілігі мен білімділігінің, ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында әртүрлі ауылшаруашылық қызметтерінен соң Мақтарал аудандық партия комитетін басқарды. 1960 жылдары аса күрделі кезеңде Қызылорда облысына басшылық етті... Ол Сыр өңірін басқарған тұста қордаланған мәселелердің шешімін табуына ұйытқы болды. Әсіресе, ауылшаруашылығын дамытуға көп еңбек сіңірді. Еңбек озаты «Дала академигі» деп аталатын Ыбырай Жақаев осы жылдар ішінде күріштен көп өнім алып, аты әлемге танылғаны тарихи оқиға болып қалды.

1975-1986 жылдары Батыс Қазақстан облысы Партия комитетінің 1-хатшысы болды. Осы жылдарда ол облыс экономикасы мен мәдениетін арттыруда, әсіресе күрделі құрылысқа, сан алуан шаруашылық, оқу-ағарту, денсаулық, мәдениет салаларын дамытуға үлкен үлес қосты.

Ол қай қызметте жүрсе де адамгершілігі мол, парасатты басшы екенін көрсетті. Ең басты мәселе – халыққа көп қызмет етті және сол ұстанымнан ешқашан айнымаған, еліміздің тарихында аса патриот басшы болып қалды. Оны білетін және онымен қызметтес болған адамдардың жүректерінде ол өз есімін алтын әріппен жазып қалдырды.

Оның Оңтүстік Қазақстандағы жемісті еңбегі туралы бірге істес болған адамдардың естеліктеріне көңіл бөлсек:

«...Жас жігіттің мықты ұйымдастырушылық қабілетіне назар аударылып, көп ұзамай басшылық қызметке көтерілді. Аз уақыттың ішінде М.Ықсанов Оңтүстік Қазақстан облысындағы Жетісай құрылыс басқармасына басшы болды. 1958 жылы Бетпақдаладағы ирригациялық құрылыс тресіне басшылыққа жіберіліп, жас инженер ирригация және су шаруашылығында жоғары кәсіби шеберлік көрсетті. Оның осы жылдардағы тәжірибесі кейін мақта және күріш егетін аймақтарда жұмыс істегенде пайдалы болды.

Жастығына қарамастан, көп ұзамай Оңтүстік Қазақстан облысы Ильичев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне көтеріліп, кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық су шаруашылығы басқармасының бастығы қызметін атқарды...» (К.Ботаев. Добрый след на земле. 28.10.2023)

 

Ол басшылық жасаған кезде Сыр елі КСРО-да даңққа бөленді

1962 жылы небәрі 36 жасында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. М.Ықсанов өзіне жүктелген үлкен жауапкершілікті түсінді. Сондықтан ол үлкен ынтамен еңбек етіп, Қызылорда облысының экономикасы мен мәдени өркендеуіне аса көп үлес қосты.

Қызықты жайт: Мұстақым Біләлұлы Сыр өңірімен жақын танысып, білісуін Социалистік Еңбек Ері, Егіс академигі, әйгілі күрішші Ыбырай Жақаевпен танысу мақсатында Шиелі ауданына барудан бастады. Бұл жас аймақ басшысының еңбек адамдарына деген құрметін көрсетеді және мұндай адамдардың әдетте қолдаушылары мен ізбасарлары көп. Оның жалпы қарапайым жұмысшыларға деген құрметі ерекше болды...

Обкомның бірінші хатшысының қызмет жолын айтулы диқаннан бастауына толық негіз бар еді. Ақсақалдың ақыл-кеңесі дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беріп, Сырдарияның сол жағалауындағы тың жерлерді игеру жобасын жүзеге асыруға кірісті. Көп ұзамай мұнда ірі суару және құрғату жұмыстары басталды. Содан кейін жоспарланған жерлерге күріш егіп, бірінші жылдан бастап мол өнім берді.

М.Ықсанов күріш егістігін жоспарлау мен суаруды комсомолдың жалпыодақтық бас құрылыс жобаларының қатарына енгізуге қол жеткізді. Шаруашылықтар күріш өсіруге арнаулы ауылшаруашылығы техникаларын көптеп ала бастады, республикалық және одақтық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Құрылыс трестері құрылып, бұрын Шымкентте орналасқан Республикалық Күріш ғылыми-зерттеу институты Қызылордаға көшті. Бұл шын мәнінде тарихи жағдай болды. Жаңадан  совхоздар ашылды, солардың бірі – Келінтөбе ж.б...

Мұстахим Ықсановтың тағы бір мінезі – жастарды еңбексүйгіштік рухқа тәрбиелеу. Бірде егіс алқабында жұмыс істейтін диқандар арасында жастардың аз екенін байқап, облыстық комсомол ұйымына «Жас жақаевтіктер» атты жастар қозғалысын ұйымдастыруды тапсырады. 1964 жылы наурызда Ыбырай Жақаевтың «Жастарға хат» атты үндеуі жарияланды. Бұл шара Сыр елінің жастар жұмысына тың серпін берді.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы күріш шаруашылығымен айналысуға бел буған комсомолецтер мен жастарға барлық жағдайдың жасалуын қамтамасыз етті. Соның нәтижесінде ауылшаруашылығында жастардың қатары көбейіп, жас күрішшілер митингілері өтті. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының көмегімен оларға арнайы «Жақаевтіктер маршы» әні жазылды.

Облыс басшысы ауылшаруашылығын бақылап қана қоймай, басқа да өңірлік мәселелерді шешуге көп көңіл бөлді. Қазалы су электр стансасын салуға ерекше үлес қосты. Қызылорда облыстық партия комитетінің басшысы аудандағы 67 мың гектар жерді суландыруға жоғары партия органдарының рұқсатын алып, Басықара су электр стансасының құрылысын бүкілодақтық комсомолдық құрылыс жобасы деп жариялады.

Оның бастамасымен типтік жобамен колхоздар мен совхоздарға арналған орталық фермалар салынып, абаттандыру мен көгалдандыру қолға алынды. Ауылдарға жаңа жолдар салынып, еңбекақы өсті, тұрмыс жағдайы жақсарды.

М.Ықсанов облысты басқарған төрт жыл ішінде Сыр елі күріш өндіруден Орта Азия республикаларын басып озып, КСРО ішінде атағы шықты. Көптеген күрішшілер Социалистік Еңбек Ері деген мәртебелі атаққа ие болса, Қызылорда облысы Ленин орденімен марапатталды. Бұған дейін республикадағы ең артта қалған облыстардың бірі саналған облыс тез арада атақты облыстар қатарына көтерілді.

Жалпы Жақаевшылар қозғалысы туралы айтсақ, осы ауқымды іс-шара М.Ықсановтың есіміне байланысты... 1963 жылдың басында оның облысқа басшы, яғни бірінші хатшы болып келуінен басталды деп айтсақ, артық болмас. Жоғарыда көрсеткеніміздей, ол елмен танысу алғашқы сапарын Ыбырай ақсақалға сәлем беруден, егісі бірыңғай суармалы облыстың күріш шаруашылығын өркендету бағыттары туралы даңғайыр диқанмен ойласудан бастайды. Бұл Ыбекеңе Алладан тілегені алдына келгендей әсер еткен екен. Диқан мен партия қайраткерінің ойы бір жерден шығады. Өйткені Ықсанов ауыл, су шаруашылығы маманы, шаруашылық басқарудан өскен, кең ауқымда ойлайтын басшы еді.

Қызылорда облысына көрші республикалардан көптеген қандастарымызды көшіріп әкеліп орналастырғаны да тарихи оқиға еді...

 

Мырзашөлдің Өзбекстанға берілуі Ықсановты қатты қынжылтты

Жалпы М.Ықсановтың Оңтүстік Қазақстан жеріне көшіріп әкелген қандастарымыз арасында елге ерекше еңбегі сіңген қоғам қайраткерлерін атап өтсек: Д.Әлжанов, Б.Батманов, Е.Атабаев, Т.Жәйлібаев, ж.б...

Ол барлығы төрт жыл облыста басшы болды. Оны сол жерден қозғамаған дұрыс болар еді... М.Ықсанов кеткен соң Е.Әуелбеков келгенге дейін (1985) облыс шаруашылығы құлдырап кеткені тарихи шындық...

Мұстақым ағаның жанына қатты батып, аса қиналған кезіне тоқталайық. Шын мәнінде оның өмірі мен қызметі оңай болған жоқ, өте қиын жағдайда болды. Негізгі міндеті Өкімет пен партияның талап еткен аса қиын тапсырмаларын орындау болса, туған халқына жанашырлығын көрсету екінші жағы болды...

Халқымыздың басындағы мына бір тарихи оқиғаны еске түсірейік. Сонау ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Жетісай өңіріне көп халықты Тәжікстан мен Хорезм өлкесінен, яғни халықтың көп бөлігін Қарақалпақстанда тұратын қандастарымызды көшіріп әкелген Мұстақым аға екені белгілі. Ол кезде ол Жетісай ауданының бірінші хатшысы еді. Көп ұзамай сол аудандарды, яғни 1961 жылы Кеңес өкіметі басшылары Өзбекстанға қосып жіберді. Он жылдан соң сол жерлер Шымкент облысына қайта қосылды. Сол документацияны бекітуде Мұстақым Ықсановтың қолы қойылды. Себебі ол сол комиссияның председателі еді... Осы туралы сол кездегі Сарыағаш ауданының бірінші хатшысы Дербіс Әлжанов былай деп баяндады.

– Бұрынғы үш ауданды Қазақстанға қайта қосатын комиссияның басшысы болып келген М.Ықсанов екенін естідік... Біз енді сол кісіге барып сәлем беретін орнымыз бар. Олай дейтініміз, осы Жетісай айналасындағы бетпақ далаға ел жинап, совхоздар ашып, көркейткен және біздерді сонау Түрікменстаннан көшіріп әкелген басшымыз, ұстазымыз Мұстақым Ықсановқа барып жолығудың есебін таппай отырғанымызда, өзі аяқ астынан, ойламаған жерде келе қалды. Мен қуанғаннан ес-ақылым шықты... Сарыағаш аудандық партия комитетіне ешқандай хабар-ошарсыз келуі қызық болды. Оның көңіл күйі жоқ, бет-әлпеті түтігіп кеткенін байқадым... Сондағы оның айтқаны:

– Мені осы өлкені жақсы білетін адам есебінде Д.А.Қонаев жолдастың өзі комиссия бастығы етіп жібергеніне өте қуанған едім. Алайда мұным бекер болып шықты... Өзбекстанға он шақты жыл бұрын берілген жерлерді түгел қайтып бермейтін документтерді даярлап қойыпты. Аталған документ бойынша Мырзашөл ауданы орталығы Гагарин қаласы түгелдей Өзбекстанға қалатын болыпты.

– Біз Д.А.Қонаевпен келіскенбіз, осы документке қол қойыңыз деп қарап отыр Өзбекстан басшылары. Менің төбеме жай түскендей болды... Маған Қонаев ештеңе айтқан жоқ еді. Хабарды айтып, сол кісімен сөйлесейін десем, Алматыға телефон соға алмай-ақ қойдым. Анадай документке қол қоятын менің басым екеу емес қой... Мен Қонаевпен сөйлесіп, анығын білейін десем, телефон байланыстарын Өзбекстан басшылары бекітіп қойыпты. Алматыға телефон соғып, Қонаевтың өзіне болып жатқан жағдайды айту үшін саған асығыс, төтенше жағдайда келіп отырмын, – деп аса қиналып келгенін айтты.

– Ойбай, Мұсеке, мен сізді қазір вертушкамен-ақ байланыстырамын, – деп Әскери бөлімшеге алып бардым. Сол жерде ол Қонаевпен сөйлесті, маған бәрі анық естіліп тұрды. Қонаев М.Ықсановқа ұрсып сөйлегеніне таңғалдым. Шынында, Өзбекстан басшылары Қонаевпен келісіп, Мырзашөл ауданын алып қалатын болыпты. Мынадай халықтың тағдырына байланысты қылмысты және жымысқы жағдайды Қонаев Ықсановқа айтпаған. Ол бара салып қолын қоя салу керек болған. Алайда оның телефондап осындай ыңғайсыз жағдайды сұрағанына Д.А.Қонаев ақсақал Ықсановқа қатты ренжіп қалғанының куәсі болдым... – деп айтқаны тарихи шындық...

     Әрине, Қонаевтың келісімінсіз Мырзашөл ауданы Өзбекстанда қалмас еді. Мәскеуден шыққан нұсқауда 1961 жылы Хрущев өткізген Оңтүстік Қазақстан облысының жерлері түгелдей қайтарылуы керек еді. Қалай болғанда да Өзбекстан басшылары Қонаевтың тілін тапқан еді. Осы жағдай М.Ықсановқа өте ауыр болды. Себебі тарихи документке комиссияның бастығы ретінде оған қол қойдырған. Келешекте ұрпағымыз осынау халқымызға жасалған қылмысты істерді М.Ықсановтан көріп, қарғап-сілеуі мүмкін. Әрине, осы мәселелер М.Ықсановты қатты қиналтқан еді... Бетпақ даланы көркейтуге, яғни ел қондырып, совхоздар ашып, қаншама игілікті істерді жасауға қыруар еңбек сіңірген М.Ықсанов сынды ардагер ағамыздың көңіл күйінің қандай болғанын елестету аса қиын... Осындай көркейген, атам заманнан бері қалың қазақ тұратын аудандарды Өзбекстанға бере салғанда, ол қаншама қарсылықты іштей көрсетіп, күйінген болатын. Бірақ қолдан келер амал бар ма... Ал енді сол аудандар Қазақстанға қайта кіретін болғанда, оның қуанышында, әрине, шек болмаған... Алайда Мырзашөл ауданын қалдыруға зорлықпен оған қол қойдырғанда, оның ішкі жан дүниесін анық түсінбесек те, қаншалықты ауыр жағдай болғанын білеміз...

Бұл жерде көңіл бөлетін жағдай – Қонаев ақсақалдың Өзбекстан басшыларымен жақсы қатынаста болғаны...

Жалпы Қазақстан басшылары жер сатып, нәпақа табуды әр кезде жасап, өзінің жеке басына пайдаланған, яғни халыққа көп қиянат жасағанын олар біле ме екен... Бұл мысалдар отарлық жағдайда болған іс-шаралар болса, ар-намысы қалай көтеретінін білмейміз. Себебі біздің елімізде егемендік жағдайда жасалған кейбір деректерді реті келіп тұрғанда айтуға міндеттіміз. Біздің халқымызға жасалған қиянаттардың кейбір тарихи фактілеріне тоқтала кетейік... Мысалы, 2000 жылдардың басында Өзбекстан шекарасы 5 км кіріп кетіп, Сарыағаш курортының жанынан бір-ақ шықты. Өмір бойы Қазақстан территориясында тұрған қалың қазақтың аяқ астынан Өзбекстан болып кеткендегі жағдайын, яғни көз жасын елестетіп көріңіз. Оның үстіне сол жердегі жаңа шекараны өзбек ағайындар жауып тастады (яғни таможня да жабылды). Ары-бері өту үшін бейшара халық Қапланбек арқылы өтетін болып қалды... Біздің халық үшін бұл жағдай кезекті трагедия мен көп қиянаттардың бірі ғана... Осы мәселе туралы ешқандай баспасөзде жазылмады. Халық қаншама мұңы мен көрген қиянатын айтып жатса да, оны баспасөзге жариялауға қатаң тыйым салынған... Халықтың мұңы мен зарын көпшілікке жариялау Қазақстан басшыларын айыптау болатыны белгілі... Сондықтан осындай қылмысты істерді жария еткізбей, қатаң бақылауда ұстады...

Осыған ұқсас тағы бір жағдайды айтып өтейік. Сонау алпысыншы жылдар басында Маңғыстауды Түрікменстанға беру мәселесі қозғалды. Бірақ Мәскеудің осы жоспары іске аспай қалды... Осы мәселені әркім әртүрлі жағдайда түсінеді. Біреулер оны Хрущевтің кеткенінен көреді. Ол қалғанда Түрікменстанға өткізетін еді және Атырауды Ресейге қосатын еді деп топшылайды... Екінші біреулер осы ерлікті түгелдей Қонаевқа жамайды. Ал кейбіреулер бұл ерлікті жасаған Қ.И.Сәтпаев екенін айтады... Бұл шындыққа жақындайды. Маңғыстау сияқты қазақтың қасиетті және киелі мекенінен айырылып қалатын болған соң, ардагер Қаныш Имантайұлы жанталаса жүріп, ақырында СССР Ғылым академиясының президенті М.В.Келдышке мұңын шағады. Кеңес Одағындағы аса беделді ғалым Қ.И.Сәтпаевты Мстислав Всеволодович ерекше құрметтейтін еді. СССР ғылымының басында отырғандықтан және Орталық комитетке мүше болғандықтан, оның салмағы бар еді... Әрине, Маңғыстаудың тағдырын шешкен сол кісі еді. Бұл мәселені Қонаевқа жамаудың, әрине, қисыны келмейді... Ол кезде Қонаев ондай батыл қимылға бара қоюы мүмкін емес еді...

 

Өмірбаян сыр шертеді

Мұстақым Біләлұлы Ықсанов (30 наурыз 1926, Байдуков ауылы, Орал губерниясы, Қазақ АССР – 18 қараша 1991) – кеңестік қазақ мемлекеттік және партия қайраткері.

1926 жылы 30 наурызда Байдуков ауылында (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Борсы ауылы) дүниеге келген.

1961-62 жылы Түркістан облысы Ильичев ауданы партия комитетінің 1-секретары.

1962-63 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкелік су шаруашылығы басқармасының бастығы.

Қазақстан Компартиясы Қызылорда обкомының бірінші секретары (1963-1966).

Қазақстан Компартиясы Жамбыл обкомының бірінші секретары (1970-1971).

1971-1975 жж. – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретары.

КПСС ОК мүшелігіне кандидат (1976-1986).

Қазақстан Компартиясы Орал обкомының бірінші секретары (1976-1985).

Өмір бойы халық пен өкіметке аянбай қызмет атқарған Мұстақым Біләлұлы осындай жоғары орындарда отырды. Оның жалпы өмірі мен қызметіне көз салсақ, өте арынды, іскер басшы болғанын көреміз. КПСС 23, 24-съездерінің делегаты.

1971 жылдан КПСС Орталық тексеру комиссиясының мүшесі.

7-8 сайланған Қазақстан ССР Жоғары Советінің депутаты. Қазақстан ССР-нің еңбек сіңірген құрылысшысы (1961 жылы). ЦРК мүшесі КПСС (1971-1976). КСРО Жоғарғы Кеңесі Кеңесінің 7-8 (1962-1970) және 9-11 (1974-1989) шақырылымдарының Орал облысынан (11 шақырылым) депутаты.

М.Ықсанов биліктің өзге салаларында жемісті еңбек етіп, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Орал қаласында М.Ықсанов атында ұжымдық шаруашылық бар. Қаладағы Дмитриев көшесіндегі ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған. №36 мектепке М.Ықсановтың есімі берілді, мектеп аумағында оған ескерткіш мүсін қойылды.

Оның жарқын бейнесі мен республикамыздың шаруашылығы мен өндірісіне сіңірген еңбегі халқымыздың тарихында ешқашан ұмытылмайды. 

Самат ӨТЕНИЯЗОВ, 

Мадрид университетінің 

профессоры,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры, т.ғ. кандидаты

 

12.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23891
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23556
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40764
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36993
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41236