«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін жалпыхалықтық референдум өткізетіні туралы жаңалық қоғамда қызу талқыланды. Екіұдай пікірлер де айтылды. Қолдағандар: 30 жыл бойғы жүдеу тіршілік пен жемқорлық жайлаған Қазақстанды әділ заңдардың үстемдігімен ғана «ауыздықтап», қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнатуға үлкен мүмкіндік туып отыр деп санады. Қарсы шыққандардың уәжі: елді қымбатшылық жаулап алды, халықтың тұрмысы күннен-күнге төмендеп барады. Осындай уақытта референдум өткізуге республикалық бюджеттен 16,4 млрд теңге бөлу ақылға қонбайды дегенге сайды.
Билік өзгерісті мемлекеттік тілді тұғырға қоюдан бастасын!
Ел болғасын сан алуан пікірлердің айтылуы – заңдылық. Халық арасында билікке құлай сенетіндер де, көңілі қалғандар да жетеді. Біреу тойып, біреу тоңып секірген заманда бұған таңдануға болмас. Тұңғыш Президенттің тау тұлғасы «аласарып», ел арасындағы беделі төмендей бастағалы «күңкіл мен дүмпу» көбейді. Өкпе-реніш молайды. Президент Тоқаев «Жаңа Қазақстан құрамыз» дегелі «Ескі кадрлармен жаңа Қазақстан құру мүмкін бе?» деген сыбыс та желдей есіп тұр. Қалай десек те, ұлан-байтақ даласы, қойнауы байлыққа толы жері, момын ғана халқы бар Қазақ жұрты қысылтаяң сәтте елін тығырықтан алып шыққан әйгілі Ататүрік, Шарль де Голль, Франклин Рузвельт, M.Мохамад, Маргарет Тэтчер, Ли Куан Ю секілді әйгілі реформаторларға қызыға қарайды. Сол күнге тезірек жетуді аңсайды.
Халық биліктен өзгеріс күтіп отырғаны айдай шындық. Себебі өтірік уәдеден әбден шаршаған. Болмайтын қиялдарға әбден тойған. Ендігі жалғыз үміт – референдум.
«Иә» немесе «Жоқ» деп айтуға әлі ерте. Уақыт керек. Ұлы реформаторлар ұлы өзгерісті ұрандатып жасамаған. Мұрат, ұлттық құндылық олардың сенімді серігі болған. Ел қамын жеген Едігелер ерінбей-жалықпай өткен-кеткен қателіктерден сабақ алып, жаңа дәуірге жаңаша қадам басқан... Халқымен санасқан, жұртымен жарасқан... сөйтіп барып белестерден әрі асқан.
Жасыратыны қалмады ғой, осы уақытқа дейін Конституция талай рет өзгерді. Билік өз дегенін жасап бақты. Конституцияның өзіне енгізілген төрт өзгерістің барлығын да халықтың таңдауына салмай-ақ, Парламент арқылы қабылдатып жіберді. Тіпті «Тұңғыш Президент – Елбасы» туралы конституциялық заңға өзгерістерді 18 минутта қабылдап жіберген де жағдай болған тәуелсіз ел тарихында.
Егер шынымен билік өзгерісті қаласа, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейте түсуі – ұлы міндет! Тәуелсіздіктің 30 жылында Парламент қабылдаған жүздеген заңдардың жалғыз біреуі, яғни шетелден көшіп келген қандастарға арналған «Көші-қон» туралы құжат қана қазақ тілінде жазылып, орыс тіліне аударылды. Басқа заңдар түпнұсқасы орысшадан қазақшаланған. Референдумнан кейін Парламент сайлауы өтіп, заңды қазақша сөйлететін депутаттар келері анық. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп, бес депутаттық мерзімінде де «мылқау болып өтетіндер» уақыты келмеске кетті деп сенейік. Олар сайланған емес, тағайындалған депутаттар еді. Сол қайталанбас үшін Конституцияға өзгерістер енуде. Бізге ел қамын, ұлт қамын ойлайтындар керек. Бізде бүгінге дейін, Парламент пен Үкіметте түпнұсқасы орысша жазылған заңдарды қазақшалап отыратын 50-60 аудармашы мемлекеттік қызметкер бар. Бәрі белгілі азаматтар, сыйлы қаламгер қауым. Мұның сыртында жүздеген мемқызметкерлері бар Тіл Комитеті дегенді қосып қояйық. Өкінішке орай, олар 30 жылда құжат тілін бар қазақ түсінетін нормаға жеткізе алмады. Сол себепті референдумнан кейін тіл мәселесін білімді де жігерлі азаматтар қолға алуы керек.
Ата Заңға өзгерістерді ескі сүрлеумен, бұрынғыдай Парламентте қабылдата салудан ҚР Президенті Қ.Тоқаев мақсатты түрде бас тартқаны көңілге қуаныш ұялатады. Жаңа Қазақстанның жаңа өзгерістерін халық таңдауына салуы – құптарлық дүние. Өйткені Конституцияның үштен біріне, яғни 33 бапқа 56 өзгеріс енеді және бұл саяси жүйедегі түбегейлі бетбұрысты өзгерістер болмақ. Сондықтан да бұл ел тағдырындағы шешуші өзгерістерді Конституция бойынша Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы болып табылатын халық шешуі – жақсылық нышаны. Өйткені конституциялық реформа Тәуелсіздік тарихындағы жаңа белес екені айқын. Оны ешкім жоққа шығара алмас.
Егер заңға енетін өзгерістер қабылданса, «Тұңғыш Президент – Елбасы» туралы заң автоматты түрде жойылады. Соған орай, Назарбаев «Елбасы» мәртебесінен айырылады. Демек, «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент – Елбасы» мерекесі де құрдымға кетеді. Осы заңның жойылуымен бірге «Елбасыға тиісуге, тінтуге, жауапқа тартуға болмайды және бұрынғы президенттік қызметі кезіндегі істері үшін жауап бермейді» дегендер де жай болып қалады. Өзгерістер қабылданса, экс-президенттер де бұрынғы президенттік қызметі кезіндегі істері үшін жауапқа тартыла алады. 46-бапта «бұрынғы істері үшін жауап бермейді» деген бап болмайды.
«Тәубесіне» келген Назарбаев
Елдегі өзгеріс – елдің өзгеріс үшін жасалған қадамдарының жиынтығы. Ата Заңға өзгеріс жасау – еліміздің өзгеруі үшін жасалған қадамдардың бірі ғана. Сондықтан мұнымен бәрі өзгеріп кетпейді. Ең алдымен әркім өзіне үздіксіз өзгеріс енгізуге қадамдар жасауы керек. Сонда ғана мемлекетте түбегейлі өзгеріс болады.
Әрегідік қара бұлттың астынан шыға келетін күн секілді, Президент Тоқаевтың жаңашылдыққа деген бетбұрысы, ескі сүрлеуден қашқақтауы, еститін үкімет жасақтауға тырысуы, қазақтың ырысын оңды-солды шашқандарға доңайбат көрсетуі – қамкөңіл жұртқа түнде жағылған оттай алыстан үміт сәулесін түсіріп қояды. Содан да болар, қазақ даласын игі істердің «елесі кезіп» жүргендей әсерге бөлейді.
Көпшілік бұқара жік-жікке бөлініп, ары тарт та, бері тарт болып шулағандарымен, «күштінің арты диірмен тартып», жалпыхалықтық референдум мәресіне жетті. Саяси науқан аяқталды. Кеше ғана орталық референдум комиссиясы халықтың дауыс беру белсенділігі жайлы мәліметті жариялады. Түркістан облысы көш басында тұр. Қалған өңірлер де шама-шарықтарынша аламанға ат қосты.
Бақылаушылар да, құқық қорғау органдарының мамандары да науқанның тыныш өткенін айтуда. Олай болса, «елдегі саяси реформа несімен есте қалды?» деген сауал күн тәртібінде тұрғаны анық. Ең қызығы, өзгерістерге ықпал етуі тиіс ірі мегаполистер – Алматы мен елордада дауыс беру төмен болыпты. Неге бұлай болды екен? Оқу-білім мен саяси орталықтағы тұрғындардың дауыс берудегі белсенділігіне де көңіл көншімейді.
Орталық референдум комиссиясы (ОРК) Қазақстан конституциясына енгізілетін өзгерістер жөніндегі референдумның ақырғы қорытындысын жариялады. Комиссия мәліметіне қарағанда, референдумда дауыс бергендердің 77,18 пайызы өзгерістерді қолдаған. ОРК келтірген мәліметтер алдын ала жасалған қорытындымен негізінен сай келеді.
Ақырғы қорытынды мен алдын ала қорытындының жалғыз айырмасы – өзгерістерді қолдаушылар санында ғана. Ақырғы қорытындыға қарағанда, референдумда 6 миллион 163 мың 516 адам өзгерістерді қолдап дауыс берген. Алдын ала қорытындыда бұл цифр 6 миллион 163 мың 863 адам болған.
Референдум қорытындысы дауыс бергендердің 18,66 пайызы, яғни 1 миллион 490 мың 470 адам қарсы болғанын көрсеткен.
7 маусымдағы мәліметтерге қарағанда, референдумға дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 68,05 пайызы қатысқан. Дауыс беруге құқығы бар республика азаматтарының жалпы саны – 7 миллион 985 мың 769 адам.
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың айтуынша, референдумда 320 мыңнан астам бюллетень жарамсыз деп танылған.
Референдумда бұрынғы Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қара көрсетті. Қара көрсетіп қана қалған жоқ, ҚР Конституциясындағы «Тұңғыш Президент жане Отбасысы туралы баптарды» алып тастауды қолдап дауыс берді. Сәл ғана өткенге көз жүгіртсек, осы заңды бұрынғы «Нұр Отан», қазіргі «Аманат» партиясы атынан сайланған қазіргі депутаттар және қазіргі Президент Тоқаев сенат төрағасы болып отырған кезде қабылдаған болатын. Ол кезде осы заңға сол кездегі Президент Назарбаев қол қоюдан бас тартса да, маңайындағы жағымпаздар «ойбай, Елбасы – біздің атамыз, мемлекеттің атасы!» деп, ауыздарынан су ағып қабылдағанын біз ұмытсақ та, Тарих-ата ұмытпас.
Әлеуметтік желідегі кей ағайынның «Президент Тоқаев Астана атын да қайтарсын. Оған да Елбасы келіспеген болатын. Неге Астана қаласы атын қайтару бойынша сұрақ референдумда жоқ» деп жатқанын да айта кеткен жөн болар.
«Елімізді әлемге масқара еткен заңды референдумсыз-ақ қабылдап едік. Енді оны жоюға халық керек бола қапты ғой...» деген кей адамдардың ренішін де көзіміз шалды интернеттен. Демократияға қадам басқан елде бәрі жарасымды... айтыла береді...
Өзгеріс демекші, Ербол Кемелбеков фейсбук парақшасына былай деп жазды: «Дегенмен өзгерістер қарқынды болмаса да, ақырындап болып жатыр, ана жанұядан («Назик и компания») барлық активтер мен өнеркəсіп орындарының акцияларын ақырындап мемлекетке қайтарып жатыр, бұйырса бір-екі жылда бұл да толықтай бітеді. Демек барлығы мемлекетке қайтарылады, бұл жұмыс бойынша өте үлкен мамандар жұмыс істеуде. Барлығы сендер ойлағандай оңай емес, себебі бұрынғы экс-патшалар өздеріне ыңғайлап заңдар шығарып, барлығын (экономикалық афераларын) заңдастырып қойған, сондықтан «просто так» тартып ала алмайсың. Себебі акциялар басқа мемлекеттегі биржаларда солардың атында тұр, ол жағын сендер түсіне бермейсіңдер және барлығын бір күнде ала салу керек деп ойлайсыңдар. Олар да қарап отырмайды, оларда тым көп валюта бар болғандықтан, халықаралық сотта жеңіп кетуі бек мүмкін. Біздің мамандар олармен келіссөздер жүргізіп жатыр, нəтижелері жаман емес. Көптеген мекемелер мен өндіріс орындары мемлекетке қайтарылып жатыр, добровольно, демек бұл да үлкен жетістіктердің басы».
Мақаланың басында дүйім халық биліктен өзгеріс күтіп отырғанын айтқан едік. Сол сөзіміз – сөз! Кешегі өткен референдумда халықтың арасында жүрген, сайлау учаскелеріне барып, ақ пен қараның жігін ашқан қоғам қайраткерлері не дейді? Елдің жаңашылдыққа деген көзқарастары қандай? Осы тектес сауалдарға жауап алу үшін ол кісілермен арнайы сұхбаттасып, референдумға қатысты пікірлерін білген едік.
Тоқаев билігі ел үмітін ақтай алса, жарады!
Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист: «Асыға күткен референдумның қорытындылары да шықты. Алматы мен Нұр-Сұлтанда референдумға дауыс берушілер қарасы аздығы айтылып жатыр. Мен бұған келісемін. Себебі бұл екі қала – үлкен мегаполис. Халық тығыз орналасқан өңір. Зиялылар мен қайраткерлер көп шоғырланған жер. Түрлі көзқарастағы адамдар тоғысқан аймақта түрлі пікірлер айтылуы таңсық емес. Демократияға қадам басқан елдерде жаңашылдыққа қарсылық оң қадамға да баланып жататыны бар. Бұл жолғы референдумнан бір байқағаным, халықтың белсенділігі жақсы. Жаңа күнге деген үміті күшті. Қалалық жерлерде орта жастан асқан кісілер мен қариялар сайлау учаскелеріне көптеп келіп жатты. Бұл нені білдіреді, халықтың өзгеріске деген сенімі суалмағанын, болашаққа деген іңкәр болмыстарының түгесілмегенін, кейінгі ұрпақтарының былық-шылықтан ада қоғамда өмір сүруін қалайтынын аңғартады. Отыз жылда халық жаттанды сөзден, таусылмайтын бағдарламалардан, өтірік уәделерден әбден шаршағаны жүздерінен де, сөздерінен де көрініп тұр.
Жағынып, жағымпазданғаным емес, Тоқаев билікке өте қиын кезеңде келді. Карантин Қазақстанды ғана емес, әлемді жаншып, қымбатшылықтан халық арып-ашып, экономикалық кризис дендеген, нарықтық саясат өңмеңдеген, сыбайлас жемқорлық жайылған, тамыр-таныстық бойлаған, ел арасында билікке деген сенім жоғала бастаған уақыт еді ол. Ішкі-сыртқы жаулардың түрлі құрылымдық кедергілері, аяқтан шалушылардың көбеюі, отыз жылдық суперпрезиденттік жүйенің лас ойындары, қазақ даласының байлығын бөлісіп алған олигархтардың іс-әрекеттері Тоқаевқа оңай болды деуге ауыз бармайды. Бәлкім, біз білмейтін басқа да жиіркенішті оқиғалар белең алған болса, таңданбаймын. Тоқаев президенттік қызметіне «Қаңтар қырғынынан» кейін ғана бел шеше кірісті. Оған дейін билік Назарбаевтың қолында болатын. Әрине, тарих бетінде ҰҚШҰ (ОДКБ) әскерінің қазақ жеріне «құтқарушы болып келгені» жайлы зерттеу еңбектер жарияланар. Келер ұрпақ оқиғаның ақ-қарасын анықтар. Жазықсыз оққа ұшқандардың обал-сауабы зерделенер. Ар алдында Президент Тоқаев өзі ақталар, сөйтіп, ішкі сырын ақтарар... Бәріне уақыт – төреші. Біз асыққанмен, әділдік асықпай келеді. Өз бағасын береді.
Қиын-қыстау сәттегі Тоқаевтың нақты шешім қабылдауына ел білмейтін түрлі себептердің әсер еткені даусыз. «Қаңтар қырғынынан» бері бес-алты ай өтті. Президент Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құруға күш салып жатыр. Орысша білім алған азаматтың қазақшасы да қалыпқа түсті. Еліне бүйрегі бұра бастағаны байқалады. Ел басқару қайдан оңай болсын?! Ел білетін, білмейтін қиындықтармен бетпе-бет келіп жатуы да мүмкін. Референдум асығыстау болғанымен, көптеген игі істері мен елге берген уәделері жүзеге асып жатқаны қуантты мені. Референдум заңға ғана емес, халық санасына өзгеріс енгізу еді. Ол мақсатына жеткен тәрізді. Халық жаңашылдықты, өзгерісті жақсы қабылдап жатыр. Сондықтан да болар, Президент Тоқаевқа үлкен сенім артуда. Ауылды жердегі халықтың да референдумға ынта-ықыласы күшті болуы – соның айғағы. Бұрын халықты сайлауларға мәжбүрлеу басым болатын. Қазір әркімнің еркі өзінде. Бірнеше учаскені бақылай жүріп, көңілге түйгенім – осы. Сондықтан референдум әділ өтті дегенге сенемін. Референдумнан бір күн өткесін «Хабар» телеарнасында тәжірибелі журналист Денистің «Большая неделя» деген бағдарламасын тамашаладым. 2022 ж. Референдумның алғашқы қорытындылары туралы дебат тыңдадым. Айдос Сарым бастаған бір топ депутаттар, Марат Башимов бастаған заңгерлер, Андрей бастаған политолог-эксперттер, сарапшылар болды. Керемет дебат болды. «Референдумның нәтижесі қашан болады?» дегенге айтарым, заң орындалғанда. Заң үстемдік құрғанда ғана. Тағы бір айтарым, Парламент таратылуы керек. Депутат Айдос Сарым «Аманаттан» басқа партия жоқ» деп шырылдап жүр. Жоқ болса, «Сайлау туралы» Заңды тез қабылдап, халықшыл өзге партияларды Парламентке жинау керек. Референдумның жетістігі сол болмақ. Ал Ата Заңды сан рет «өзгертуге», «жаңалауға» атсалысқан депутаттардың моральдық тұрғыда Парламентте жүруге хақылары жоқ, бұл көпшілік халықтың да пікірі.
Шындығын айту керек, халықтың референдумға сенімдері бар, үміттері күмәнді. Бұған аузы күйген адамның үрлеп ішетіні дәлел. Тоқаев билігі сол үмітті халыққа қайтара алса – жетістік, қайтара алмаса – кемістік!»
Түбегейлі өзгерістер жасалуда
Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты:
«Ал, шындығына келсек, Президент Тоқаев осыдан 5 ай бұрын ешқайсысымыз елестете де алмайтын, өңіміз түгілі түсімізге де кірмеген түбегейлі өзгерістерді жасады! Мысал керек пе?!. Бес ай бұрын: 1. Елді 30 жыл басқарған Елбасы елге қауіп төнгенде Қауіпсіздік кеңесі төрағасынан босатылып, Конституциялық-заңдық артықшылықтарынан айырылады десе, сенер ме едіңіз?
2. Экс-президенттің жалғанды жалпағынан басып жүрген, әрқайсысы бір-бір құдайдай туған-туыстары тұтқындалып, қызметтерінен айырылады, миллиардер құдалары қамалады десе, нанар ма едіңіз?
3. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы мен оның орынбасарлары, облыстық, қалалық департаменттері басшыларымен қосылып тұтқындалады десе, қайтер едіңіз?
4. «Қорғас» кеденіндегі миллиардтарды жұтып жатқан қылмыстар тексеріліп, «Қазтелекомның» акциясы қайтарылып, «Алтын орда» базарының қожасы қуылып, утильалым қайта қаралады десе ше?..
5. Ойына келгенін істейтін олигархтардың үстінен іс қозғалып, шетінен шетелге қаша бастайды десе, не дер едіңіз?
Осылардың ең болмаса біреуін алдын ала айтқан адамның есінің дұрыстығына бәріміздің күмән келтіретініміз анық еді ғой! Ал, сіздер «Не өзгерді?» дейсіздер 5 қаңтарға дейін ғана өмір сүрген адамдарға ұқсап. Бұл ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекет басшысы ретінде ел басына ауыр күн туған сын сағатта, Тәуелсіз ел тағдыры қыл үстінде тұрған кезде өзі көрсеткен ерік-жігері мен бастаған саяси өзгерістерін биік белеске бастар бес қадамы деп қарауға болады:
1. 2022 жылы 5 қаңтарда мемлекеттегі барлық жауапкершілікті
мемлекет басшысы және Бас қолбасшы және Қауіпсіздік кеңесі төрағасы ретінде өз мойнына алып, Тәуелсіздікті сақтап қалды.
2. Түбегейлі саяси өзгерістерді бастады.
3. Көлеңкелі экономиканы жою. Олигополияны тоқтату.
4. Конституциядағы саяси өзгерістерді жариялаған Жолдау мен жаңадан үш облыстың ашылуы.
5. Конституциялық саяси өзгерістерді халық талқылауына салып, референдумға шығару. Бұл конституциялық өзгерістің саяси бағытын алсақ, Жаңа Конституция десе де болады.
Яғни ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың 5 қаңтар мен 5 маусым арасындағы 5 айдағы 5 басты қадамы – Жаңарған Қазақстанның Екінші республика ретіндегі түбегейлі бетбұрысы!»
Бұл – халықтың талабын билікке жеткізуші күш
Махат Садық, белгілі журналист:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріледі» деді. Бұл рухы Отаным деп соққан азаматтардың көп жыл айта алмай келген асыл арманы еді. Президент сөзі: «Арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де Академияға берілгені жөн». Өмір көрген академиктер Екінші республика принципінде әділдікті ту етіп, ел ғылымы мен мәдениетін дамытарына сенеміз. Баяғы Сәтбаев, Әуезов, Бөкетовтар рухы оянып, сондай абыз ақсақалдарымыз Ұлттық ғылым академиясын жандандыратынына сенеміз. Өркениетті әлем солай дамыған. Нобельдік сыйлыққа мемлекетті қолдап, қорғаған Ұлттық Ғылым Академиясы мүшелері ие болады. Президент Тоқаев сол қасиетті ғылым ордасын қайта тірілтті. Йоганн Гёте деген 90 жыл ғұмыр сүрген ұлы нeмic ақыны, дана ойшылы Германия Ұлттық Академиясында ғұмыр бойы қомақты қаражат алып қызмет еткен. Гёте былай деп жазып кеткен екен: «Әділетті Германия заңдары Немістің ғылымы мен мәдениетін қолдап, қорғау арқылы мықты да мығым мемлекет болды». Гёте ғұлама қалай дәл айтқан?! Қазір де Еуропа дүние әлемге ықпалын жүргізіп, айтқанын орындатып отырса, ол абыз зиялылары мен ғалымдарына құрмет көрсетіп, солардың игі еңбектерін пайдаланып, жүзеге асыруында. Солай. Екінші республика дегеніміз – әділ қоғам орнату, ал референдум – сол әділетті заңдарға қол жеткізу үшін халық сөзін есту. Халық сөзі мен қоғам талабы қашанда Үкімет құлағына жетуі керек. Әкім, министрлер оны естіп қана қоймай, нақты жауап беріп, шешім қабылдаулары – қызметтік парыздары».
Әділ сайлау өткізуге әлі дайын емеспіз
Тұрар Саттарқызы, қоғам белсендісі:
«Мен № 60 мектепте орналасқан 199 сайлау учаскесінде қоғамдық бірлестік атынан бақылаушы болдым. Ол жерде дауыс беруге келгендердің дені орта жастағы адамдар және мемлекеттік қызметкерлер екенін байқадым. Зейнет жасындағы кісілер өте аз болды. Ал жастар қарасы жоққа тән десем, артық айтты демеңіздер. Бір ғана 18 жастағы қыз бала келді. Оған естелікке бір кепка сыйлады. Азанда келген біздер кешкі сағат жетіге дейін отырдық. Сағат алтыдан аса бергенде (қасымда Салтанат деген әйел болды) бізді оқытқан-тоқытқан штабтан «Енді Сіздер қайтыңыздар, қайтыңыздар» деген ескертпе хабарлар келе бастады. Біз қайтпауға тырысып, шыдап отырдық. «Сегізге дейін отырамыз және бюллетеньдерді санап, бір-ақ кететінімізді айттық. Әрине, бәрін бақылауда ұстадық. Жұмыс аяғы біткенде кетуге тура келді. Сол жерде болған бес бақылаушы түгел сыртқа шығарылдық. Біз кетпей, қанша адам келетінін қадағаладық. Біздің учаскіде 1800, әлде 1900 сайлаушы тіркелген болатын. Біз барда солардың 700-дейі ғана келді. Менің жаныма батқаны, «Әділ сайлау» дейміз, «Жаңа Қазақстан» дейміз, алайда әділ сайлау өткізуге «төменгі жақ» дайын емеспіз. Төменгі жақта сол баяғы науқаншылдық, есеп-қисап. Қайтсе көп адам келтіріп, жоспарды орындау. Сол үшін тыраштану. Мұны Президентіміз білмеуі де мүмкін. Қасымда отырған Салтанат деген әйелдің қызы келді. Есімі – Лаура, он сегіз жаста екен, біздің қасымыздағы сайлау учаскесінде бақылаушы болыпты. Сол айтады: «Неге бізді қуып шықты, біз сегізге дейін отыруымыз керек, бюллетеньді санағанша қадағалау міндетіміз ғой», – деп, шыр-шыр етеді. «Барлық таныстарыма «Дауыс беріңіздер, әділ сайлау өткізейік» деп шырылдап жүрсем, мынау енді масқара ғой!» – деп, түңіліп отырды. Осындай жалынды жастардың кемел болашаққа деген сенімін біз жөргегінде тұншықтырып жатырмыз.
Үйге келе жатып кездескен адамдардың бәрінен «Сіз референдумға бардыңыз ба? Дауыс бердіңіз бе?» деп сұрасам, көпшілігі бетіме күле қарап: «Сіз не айтып отырсыз? Қайдағы референдум? Бізде әділ сайлау қашан өтіп еді? Бұл референдумнан бірдеңе өзгереді дегенге кім сенеді?» деп қояды. Жер болғаным-ай!.. Референдумнан көңілге түйгенім, әлі күнге билік басында жаңарған Қазақстанды көргісі келмейтін шенділер отырған сияқты...».
Президент қаһарына мінген күн
Түйін:
Сонымен, Қазақстан халқының басым бөлігі Ата Заңның 33-бабына өзгерістер енгізуді қолдапты. Бұл елде демократия мен либерализация үдерісі басталғанын білдіре ме? Әлде олай деуге әлі ерте ме?
30 жыл бойы сағымдай алдап, арбап, халықтың сенім жүйкесін әбден титықтатқан жүйе ақырында күйреп тынды. Әрегідік болса да бас көтерген толқулар аяусыз жаншылып отырды. Ең үлкен халық қарсылығы – Жаңаөзендегі қырғын. Ақырында «ойыннан от шықты». 2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда жаппай наразылық шерулері өтіп, ол қарулы қақтығыстар мен үкіметтік ғимараттарды басып алуға ұласты. Тәртіпсіздіктер кезінде Алматы әуежайы мен әкімшілік ғимараттары басып алынды, дүкендер тоналды. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, наразылық салдарынан 230 адам қаза тауып, оның 19-ы әскерилер мен қауіпсіздік қызметкерлері болып шықты.
Шерушілер қойған талаптардың бірі Назарбаевтың саясаттан кетуі болатын. Наразылық басылғаннан кейін тұңғыш президенттің үш күйеу баласы, немере інісі және басқа да туыстары қызметтерінен айырылып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде ауқымды реформалар жүргізілетініне уәде берді. «Уәде – құдай сөзі» дейді қазақ. Енді Президент уәдесінің қаншалықты орындалып жатқанына назар аударайық.
Естеріңізде болса, қазақтың байлығы «тістегеннің аузында, ұстағанның қолында» кетіп жатқаны аз жазылған жоқ. Референдумнан кейінгі халыққа үндеуінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге кеткен ел байлығын қайтаруға нақты қадамдар жасалып жатқанын қадап айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған комиссия әлгі Дубайда тіркелген 1550 қазақстандықтың нарықтық құны 1 млрд 18 млн доллар болатын 2694 жылжымайтын мүлкін де тексереді деп үміттенеміз. Сөздің тоқетері, мемлекет басшысы «заңсыз талан-таражға түскен байлық мемлекет иелігіне қайтарылады» деді сенімді түрде.
Бұл аз десеңіз, Президент: «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқының алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз», – деді.
Тағы бір жағымды жаңалық, алдағы оқу жылынан бастап 1 сыныпта шет тілі оқытылмайтын болыпты. Бас мұғалім «бастауыш мектеп оқушылары өз тілінде білім алатын болады» деп, бір қуантты. Айтпақшы, кейбір депутаттар «Мәжіліс тарасын!» деген бастама көтеріп жатқанға ұқсайды. Бірақ көпшілігі «Тарауға негіз жоқ» деп, тастабандап отыр. Кезінде шала заңдардың шығуына қолдау білдірген кей депутаттар жаңа Қазақстан құруға талпынған биліктің көзіне тіке қарай алмаса қайтеміз?
Президент Тоқаев елдің көңілін күпті еткен «жиырма мың лаңкес» жайлы да үндеуінде айтып қалды. Негізі, ақпарат жалған болған. Ол үшін лауазымды тұлғалардың қамалғаны да рас. Олай болса, бейбіт митингке шығамыз деп қамауға алынып, полициялардан таяқ жеп, оққа ұшып, одан қалса түрмелерде азапталып, үтікке қақталып жатқандар бостандыққа шығатын күн алыс емес секілді.
Мемлекет басшысының мына сөзі елдің рухын көтеріп тастағаны сөзсіз! «Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін жаңа, әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсысымыздың қолымызда!» – деді. Бұл ақиқат. Елдікті сақтау әр қазақтың қолында. Соған бекем болайық, ағайын!