Ел ырыздығын тасытқан ауылдастар

Ел ырыздығын тасытқан ауылдастар

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «AMANAT» партиясы, «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Qazaqstan dauiri» газетінің «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» атты экспедициясы Жамбыл облысында

Халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті өзінің дәстүрлі экспедициясымен Әулиеата өңіріне ат басын бұрды. Газеттің Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Amanat» партиясымен бірлескен «Ел аманаты: Ауыл – ел бесігі» арнайы экспедициясы аясындағы Жамбыл облысындағы кездесулер Шу ауданынан басталды. «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, белгілі журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбайқызы бастаған топ ауданда екі күн болды.

 

«Белбасар» спорт кешені және Ынтымақ

Алдымен Белбасар ауылында болдық. Мұндағы «Белбасар» спорт кешенінде ауыл тұрғындары көкпаршы жерлестері, еліміздің ұлттық құрама командасының белді мүшесі Ынтымақ Әліпбаевпен кездесті. Ынтымақ осы Белбасар ауылының азаматы. Осында туып-өсіп, білім алып, ержеткен. Көкпарды да ауылда кішкентайынан үйренген. Кездесуге арнайы келген аудан әкімі Сәкен Арубаев сөз сөйлеп, шабандоздың ата-анасына құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. 

Ал Ынтымақтың өзіне жерлестері ат мінгізіп, иығына шапан жапты. Ы.Әліпбаев жақында Түркияда өткен Көшпенділер ойынында көкпардан ұлттық құрама сапында чемпион болған еді. Кездесуде сөйлеген сөзінде Ынтымақ аудандағы біраз азаматтардың атын атап, айрықша алғысын білдірді. Салтанатты жиыннан кейін спорт кешенінің залында Ы.Әліпбаевтың ауыл жастарымен және оқушыларымен кездесуі өтті. Кездесуде көкпаршыға түрлі сұрақтар қойылып, оған көкпаршы бар ықыласымен жауап беріп отырды.

Белбасардан шығып, Шу қаласындағы «IQ Urker School» жекеменшік мектебіне бардық. Бұл білім ұясы аудандағы алғашқы жекеменшік мектеп екен. Мұнда негізінен бастауыш сыныптар екі тілде білім алады. Стандартты білім алу тегін. Ал ағылшын тілі, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, бізді қоршаған геометрия, қазақ ұлттық қолданбалы өнері, логика, хореография, шахмат, үстел теннисі, домбыра, қуыршақ, аспаздық сынды бірқатар қосымша үйірмелер мен секциялар, курстар да ата-ананың таңдауына қарай ақылы түрде қосылады екен. Оқушылар мұнда үш мезгіл тамақтанады. Одан бөлек балаларды тасымалдау қызметі де бар. 

Шу шаһарындағы үлкен жолдың бойында орналасқан жаңа оқу ошағының құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталып, биыл Республика күніне орай салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілген-ді. 

Мектептің ашылу салтанатына аудан басшысы Сәкен Арубаев, ардагер ұстаздар мен білім саласының қызметкерлері қатысқан болатын. Сол жиында Сәкен Қаланұлына білім саласындағы мемлекеттің қолдауы туралы айтып өткен болатын. Өзінің сөзінде аудан басшысы «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауының үшінші бағдарында білім саласына кеңінен тоқталып, бірқатар мәселелерді шешуді тапсырған болатын. Аталған маңызды құжатта «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» делінген. Сонымен қатар Президент 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз деді. Мұнан басқа мұғалімдерге де зор жауапкершілік жүктеліп, балалардың болашағы сеніп тапсырылып отыр. Педагогтер осы үдеден шығатынына сенім мол» деген-ді.

 

Кәсіпкер А.Ахунбаев салған мектеп және...

Сонымен қатар ауданда алғаш ашылған жекеменшік мектептің артықшылығына тоқталып, кәсіпкер  А.Ахунбаевтың ісі қалталы азаматтарға үлгі екенін жеткізді. Жұртшылық атынан, өз атынан алғыс білдірген Сәкен Қаланұлы балапандардың білімі терең, келешегі кемел болуына тілектестік білдірді. 

Қасбеті қарапайым көрінгенімен, ішкі көрінісі көздің жауын алатын ғимараттың аумағы 1600 шаршы метр. Қос қабатты мектепте 2 ауысымда 240 оқушының білім алуға мүмкіндігі бар. Бүгінде мұнда 186 бала оқып жүр.  Мектепте 12 сынып жұмыс істейді әрі қажетті жабдықтармен жарақталған. Одан бөлек музыка және би, спорт залдары бар. Оқу тілі мемлекеттік және ресми тілде. Барлық құқықтық құжаттары мен лицензиясы берілген. 

Бастауыш мектепті салған кәсіпкер А.Ахунбаевтың болашақта тағы бір орта мектеп салу жоспарында бар екен. Оның бұл ісін құптаған аудан басшысы барынша қолдау болатынын айтып отыр. Аталмыш мектептің өзіне кәсіпкер жеке қаражаттан 600 миллион теңге шамасында қаржы жұмсаған.

Мектеп ішін аралап болған соң, мұғалімдер ұжымымен шағын ғана жиын ұйымдастырылды. Ұзақ жыл ұстаз болған Сәуле Мешітбайқызы осынау білім ошағының көп өңірде жоқ екенін айтып, ризашылығын білдіріп, ұрпақ тәрбиесі жолындағы жұмысына табыс тіледі.

– Қай мектепке барсам да, балалар білімге құштар дейді. Бірақ солар оқымайды. Алайда мына балалардың оқитынына көзім жетіп отыр. Бірінші сыныптан бастап 15 бала оқиды екен. Әйтпесе бізде көптеген мектептерде 30-дан асып, 40-қа жуық оқушысы бар сыныптар бар. Мұндай ортада бала қайдан білім алсын? Біз қазір «Ел аманаты» деген үлкен экспедициямен жүрміз. Елдің аманатының үлкені – біздің ұрпақ, оның тәрбиесі, білім алуы. Бүгінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен көптеген әлеуметтік нысан салынып, ескісі жаңартылып жатыр. Солардың ішінде мектептердің болғаны да қуантады, – деді Сәуле Мешітбайқызы аталған мектеп ұстаздары алдында. Бұл жиында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолдары да айтылды. Кітап оқу мәдениетінің бастауы ертегі мен балаларға арналған газет-журналдар екені де айтылды. 

Біз барған «Студенттер үйі» де өңір аудандарының көпшілігінде жоқ. Мұнда аудандағы төрт колледждің үшеуінің студенттері қоныстанған. «Студенттер үйі» жекенің меншігінде, мұндағы білім алушылар мемлекеттік тапсырыс аясында қоныстанған. Кезінде аудан басшысы С.Арубаев өзі келіп ашып, жұмысын бастап берген жобаға 120 миллион теңге қаржы жұмсалған екен. Мұнда жастарға арналған барлық жағдай жасалған. Бөлмелері екі, үш және төрт адамға лайықталған жиһаздармен жабдықталған. Заманауи талаптарға сай жатақханада студенттерге қажетті демалыс және ас бөлмелері сынды өзге де игіліктер қарастырыпты. Екі қабатты ғимараттың құрылысы биыл наурыз айында басталып, бар-жоғы 7 айдың ішінде аяқталған екен. 

120 орынға арналған жатақханада әзірге 60-тай студент тұрып жатыр. Олар негізінен ауданның шалғай елдімекендерінен оқуға түскен студенттер.

Экспедиция аясында «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы С.Мешітбайқызы М.Мақатаев атындағы мектепте аудан мектептерінің директорларымен және «Amanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында жастармен кездесті. 

 

«Смартфон» тәрбиесі және ұлағатты ұстаз ескертпесі

Білім саласы өкілдерімен болған басқосуда оқушылардың кітап, газет-журнал оқуға деген құштарлығын арттыру арқылы оларды смартфоннан «құтқару» жолдары талқыланды. 

– Мен де өздеріңіздей ұстаздық еткенмін. Кезінде оқушыларымыз бізді тыңдайтын. Ата-аналары «еті сенікі, сүйегі менікі» деді. Оқушылар ұстаз болуды мақтаныш көретін, армандайтын. Біздің сөмкемізді ұстап, жанымызда жүру олар үшін үлкен мәртебе-тұғын. Ал қазір жабдықталған бөлмелеріңіз бен интерактивті тақталарыңызды көріп, қатты қызығамын. Бірақ ата-аналардың әлеуметтік желідегі мектепке, мұғалімге қатысты әңгімесін оқысам, шошимын. Бүгінгі ата-аналардың өзін тәрбиелеу керек. Ауылда қайта қаймағы бұзыла қоймаған қазақы тәрбие қалған. Ал қалалардағы кейбір ата-аналардың бойынан иман кеткен. Мұғалімді баласымен бірге жұлып жейін деп тұр. Осындайда мен сіздерді қатты аяймын, – деген Сәуле Мешітбайқызы мұның бәрі ұлттық құндылықтың жоғала бастауынан деген ойымен бөлісті. Ал бұл келеңсіздіктің артында смартфон деген бәле тұр. Сондықтан бүгінгі балаларды «тәрбиелеп» жатқан смартфон, интернет деген заманның озық дүниелері ұрпақтың тоз-тозын шығармау үшін осы бастан кітап-журнал оқуға қайта қамдану керектігі баса айтылды. 

Сондай-ақ мектеп директорларымен болған кездесуде пошта қызметінің де көңілден шықпайтыны, яғни жазылған газеттің жүйелі түрде келмейтіні, тіпті кейбіріне мүлдем келмейтіні айтылды. Бұл мәселені аудан басшылығының өкілдері өз блокноттарына түртіп алды.

М.Мақатаев атындағы орта мектеп директорының орынбасары Дархан Тәтібеков осындай кездесулер жиі өтіп тұрса дейді. Сондай-ақ ол «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының шағын бейнероликтері дайындалып, кездесулерде үлкен экрандардан таныстырылса деген ұсынысын жеткізді.

«Amanat» партиясының ғимаратында өткен кездесуге аудан әкімі Сәкен Арубаев та қатысты. Ол жастармен бас қосып, ақылын айтуға келіп отырған Сәуле Мешітбайқызына үлкен алғысын білдірді. 

Жастармен өткен кездесуде «Жайдарман» ойындары төңірегіндегі мәселелер сөз болды. Өйткені бұл жиынға Шуға Алматы, Тараз қалалары мен аймақтың бірқатар ауданынан «Жайдарманның» ширек финалына келген командалардың өкілдері қатысты. 

 

«Жайдарман» ойындары және қарасора қасіреті

Т.Рысқұлов ауданы, Өрнек ауылының «Өнерлі көшпенділер» командасын бастап келген Ілияс Әмзеқұлов 2008 жылдан бері аудан «жайдарманшыларына» жетекшілік етеді екен. І.Әмзеқұлов бұған дейін «жайдарманшылардың» республикалық деңгейде өткен қанша жиынында болғанымен, олардың біреуінде проблемалық мәселелер айтылмапты. Ол өзінің жергілікті атқарушы билікке деген өкпесін де жасырмады. Еліміздің екі дүркін чемпионы болған «Өнерлі көшпенділерді» ел білгенімен, биліктің аса бір хабары жоқ екен. 

Сонымен бірге бұл жиында «Жайдарман» ойындарының мектептің рейтингін көтеретін көрсеткіштер қатарына кірмейтіні де айтылды. Сол себепті де мектеп басшылығы бұл өнер түріне аса қатты бас ауырта бермейтін көрінеді. 

Қысқасы, команда жетекшілері «Жайдарман» ойынын оқушылар арасында кеңірек дамыту жолында кезіге беретін кедергілердің бәрін жайып салды. Ол жөнінде газетіміздің алдағы санында арнайы мақала жариялау ниетіміз бар. 

Осы күні түстен кейін аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің кубогы аясында өткен «Жайдарман» ойындарының ширек финалын тамашаладық. Бұл турда 12 команданың сегізі келесі кезеңге өтті. 

Сондай-ақ бұл күні Абай, Қонаев ауылдарына да ат басын бұрдық. Абайда тұрғындар тілегін тыңдасақ, Қонаев ауылындағы биыл ашылған су жаңа мәдениет үйінің ішін аралап көрдік.

Абай ауылында өткен ауыл тұрғындарымен болған кездесуде сонау өткен ғасырдың қойнауында қалған уақыттың уақиғалары әңгімеге арқау болды. Сәуле Мешітбайқызы келін болып түскен ауылдың қарт тұрғындары жылы естеліктерімен бөлісіп, мәре-сәре болды. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, халықаралық газет ауылға келіп отырған соң, абайлықтар билікке айтар сөздерін аманаттады. Солардың ең бастысы – дәл іргеде жатқан қарасора алқабының ауылға әкелген қасіреті. С.Мешітбайқызына алғысын айтамын деп ортадан шыққан тұрғын сөзінің соңында осы анаша бизнесінің ауыл жастарының тағдырына шабылған балта болып отырғанын жасырмады. 

Әңгіме Шу алқабының әйгілі қарасорасы жайлы. Мұны кей аймақта кендір қурай дейді. Мейлі, қалай аталса да, одан алынатын өнім оңай болмай тұр. Шудың даласы Орта Азиядағы анаша индустриясының отанына айналғалы қай заман. Ал Абай, Алға ауылдары нағыз эпицентрі іспетті. Оңай олжаға құныққан мұндағы жастар көп ұзамай от басып қалып жатыр. Тіпті арасында қармаққа жазықсыз ілініп кеткендері де бар көрінеді. 

Қайткен күнде де Шу есірткісі трафигін тоқтату керек! Ол үшін қарасораны өндірістік мақсатқа пайдаланатын фабрика ашу қажет. Ілгеріде осында кендір өнімдерін шығаратын фабрика салынатын да болған. Бірақ іс аяқсыз қалды.

Ал Қонаев ауылында көп аялдамадық. Күннің батып бара жатқан кезі, ел мал жайғауға кіріскен. Кешкі абыр-сабырда жұрттың берекесін алмайық деп, жиналысқа жинамадық. Тек биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасымен бой көтерген ауылдық Мәдениет үйіне бас сұқтық. Нысан құрылысына 362 миллион теңге жұмсалыпты. Құрылысы былтыр басталып, биыл жазда біткен. 30 тамыз – Конституция күні қарсаңында алқызыл лентасы қиылып, ауыл тұрғындарының игілігіне табысталған болатын. Мәдениет ошағы 180 орындық. 

 

Кәсіпкерліктің 5 бағыты

Экспедициямыздың мақсаты – ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды көптің назарына, түйткілді мәселелерін биліктің назарына жеткізу. Сол себепті Шу ауданында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасының іске асу барысына көз жүгіртіп көрдік. 

Бұл ауданда пилоттық округ ретінде Бірлікүстем ауылдық округі белгіленіпті. Құрылған «Марғұлан» кооперативін Әлхан Ағыбетов басқарып отыр.

– 5 бағытты жобаға қатысуға тұрғындар 452 аула бойынша ниет білдірген. Жалпы сомасы 617,5 миллион теңгені құрайтын өтініштер негізінде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 567,528 миллион теңгеге 102 өтінім берілді. 

ІІ бағыт – ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану бойынша 101 өтінім болған. Олардың құны – 559,928 миллион теңге. Ал V бағыт, яғни тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру бойынша – 1 өтінім. Ол – техника жөндеу орталығы, құны – 7,6 миллион теңге, – дейді аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев. 

Б.Бетбаев сондай-ақ өзге де бағыттар аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

– I бағытқа келсек, жері бар аула саны – 327 (56 гектар). Бірлікүстем ауылдық округіне қарасты үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бойынша 48 гектар жерді игеру мақсатында 271 аула қамтылады.

Мұнда негізінен үй іргесіндегі жерлердің тиімділігін арттыру бойынша 1 айналыммен қызанақ, қияр дақылдары егіледі. Оған қажетті қаражат 3 миллион теңгені құрады. Оған қоса 2 жылыжай салу жоспарланған. Жалпы қажетті қаражат – 18 миллион теңге.

II бағыт – ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану арқылы табыс табуды көздейді. Ауылдағы 170 аулада 8 657 мал бар екен. Бұл бағыт бойынша жобаға 250 аула қатысуға ниетті. Қажетті қаражат 409,6 миллион теңге болып тұр.

III бағыт – тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану.

Бірлікүстем ауылдық округі бойынша құрылған «Марғұлан» кооперативінде әзірге 4 шаруа қожалығынан құралған 820 гектар жері бар. Оның ішіндегі 470 гектары тәлімі егістік жер болса, 350 гектары жайылым.

Кооператив 2023 жылдың өніміне 470 гектар жерге 180 гектар күздік бидай, 150 гектар жаздық арпа, 40 гектар дәндік жүгері, 100 гектар көпжылдық шөп егуді жоспарлап отыр. Ол үшін айналымға 18,138 миллион теңге қаражат қажет. Кепілдікке кооперативтің базасы қойылады.

IV бағыт кооперативтерді жабдықтау және құруды көздейді. «Марғұлан» ауылшаруашылығы кооперативіне 69,050 миллион теңгеге 10 дана ауылшаруашылығы техникаларын лизинг жүйесімен сатып алу жоспарлануда.

V бағыт – кәсіпкерлікті дамыту. Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу бағытына 60,8 миллион теңгеге 8 жоба ұсынылып отыр, – дейді Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы бойынша да ауданда қолға алынған шаруа баршылық. Жоғарыда Қонаев ауылындағы мәдениет үйі жайлы кеңінен баяндадық. Енді Абай ауылында да мәдениет үйінің құрылысы да жүріп жатыр. Сондай-ақ үш ауылда көше жолдары жөнделмек. 

Осылайша тоғыз жолдың торабында жатқан Шу ауданындағы екі күндік сапарымыз көңілден шықты. Кездесулерде айтылған, Үкіметке үміт артып көтерілген мәселелердің бәрін тәптіштеп жазуды алдағы күндердің еншісіне қалдырдық. Ендігі бағыт – Мойынқұм ауданы. 

 

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, Жамбыл облысы
05.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

Тез таралатын жұқпалы аурудан сақтану
Артықбаев Сәкен Сарсенұлы Сарысу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы - 29.03.2024 8
Қызылша – вирусты инфекция
Артықбаев Сәкен Сарсенұлы Сарысу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы - 29.03.2024 2
ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ – ДОМБЫРА
Дәулетбек Байтұрсынұлы - 28.03.2024 148

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 358
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6464
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 8172
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6543
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 6679