Бүгін Президент Үкімет пен Ұлттық Банкке жыл соңына дейін «Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын» әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жолдауында: «Соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейіп кетті. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз. Біздегі қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес. Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануға тиіс»,— деп, үкіметке нақты тапсырма берді. Қазіргі жабайы саясаттың салдары ертең өзімізге ауыр тиетінін Ақорда да түсініп отыр. Соған қатысты өз пікірлерін білдірген сарапшылардың бірі TikMill халықаралық брокерлік тобының сарапшысы, экономист Арман Бейсембаев: «Бюджеттік ереже бірінші кезекте бюджет шығыстарын шектеуге қатысты болмақ. Осы орайда бюджет тапшылығын Ұлттық қордан түсетін трансферттермен жабу әдетін тоқтату керек. Өйткені тапшылықпен Ұлттық қордан ақша алу арқылы емес, бюджет шығыстарын оңтайландыру арқылы күресетін уақыт жетті. Бұл — бірінші нәрсе. Екіншіден, үкіметке мұнай бағасының төмен жағдайында өмір сүруді үйренетін кез келді. Сондықтан, мысалы Ресей үлгісімен мұнайдың шетел валютасынан түсетін табысына қатысты ереже орнатудың еш зияны жоқ. Ресейде бюджетке мұнай баррелінен тек 40 доллар ғана түседі. Қалған артық ақша қорға аударылып отырады. Бізге де Ұлттық қордан әр мұнай баррелінен 40 доллардан артық ақша алуға тыйым салу қажет»,— десе, «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов: «Мен бұл мәселеге сәл басқа қырынан қарайтын едім. Ұлттық қордағы ақша дегеніміз не? Бұл шенеуніктер басқаратын ақша. Олар Ұлттық қорды басқарып, мысалы, Норвегия ұлттық қоры сияқты жоғары табыс көрсете алды ма? Экономиканы әртараптандыру үшін қолда бар ақшаны ұқсата білді ме? Қаншама индустрияландыру бағдарламаларының сәтсіздікке ұшырағанын көрдік. Басқаша айтқанда, біздің шенеуніктерге ақша беруге болмайды. Біз әлемнің тез өзгеріп жатқандығын көріп отырмыз. Көмірсутек шикізатының маңызы төмендей бастады. Қазақстанның мұнайдан табыссыз қалуын елестетудің өзі қорқынышты. Бұл ретте адами капиталға инвестиция салу керек еді. Ал бізде бұл жағдай керісінше. Халықтың табысы төмендеп барады. Азық -түлік шығындарының үлесі өткен жылы 54 пайызды құрады. Бұл — антирекорд. Бұл Сахараның оңтүстігіндегі ең кедей елдердің деңгейі. Халықтың 80 пайызының басында несие бар. Біздің мемлекеттің халқы адам төзгісіз кедейлік жағдайында отыр. ОЭСР елдерімен салыстырғанда бізде ішкі жалпы өнімге шаққандағы әлеуметтік секторға жұмсалатын қаржы үлесі 10 пайызға аз. Сондықтан, Ұлттық қор трансферттерінен мүлдем бас тарту қисынсыз болады. Онда кедей халық бір жағада, Ұлттық қор мен оны басқарып отырған шенеуіктер екінші жағада қала береді. Сондықтан бюджет ережесіне өте сақ, оны қолданғанда абай болу керек»,– дейді. Сарапшылар болса: «Ең бастысы – Президент бүгін осы проблемаға назар аударды. Оның нақты нәтижесі 2022 жылда көрінуі тиіс. Егер Ұлттық қорға түсетін түсім артып, ал одан алынатын ақша нөпірі азайса – Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуы нақты нәтиже берді деген сөз. Ендігі кезек – Үкіметте. Ол бюджеттік ережеге қандай параметр енгізеді? Егер Үкімет өзіне ыңғайлы трансферт үлесін сақтап қалса, бюджеттік ереже енгізілгеннен жағдайдың өзгермейтіні түсінікті. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлының үміті тағы да желге ұшпақ. Былтырғы жолдаудағы тапсырмалардың орындалуы бойынша ешкім есеп бермегенін көрдік. Орындалмаған тапсырмалар үшін кінә арқалаған жан табылмады. Биылғы Жолдаудың сұрауы қатаңдау бола ма? Ол Ақорданың өзіне байланысты»,– деген пікірде.