13 желтоқсан – алашорда үкіметінің құрылған күні. Осыдан тура 105 жыл бұрын, 1917 жылы 13 желтоқсанда Орынборда өткен бүкіл қазақ-қырғыз құрылтайында уақытша Ұлттық Кеңес түріндегі билік органы құрылып, оны Алаш орда деп атау туралы қаулы қабылданды. Үкімет төрағалығына көпшілік дауыспен Әлихан Бөкейханов сайланды. Осы атаулы күн қарсаңында Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен «Ақжол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Алаш арысы, қаламы қарымды журналист, публицист, қоғам қайраткері Жалау Мыңбайұлының туғанына 130 жыл толуына орай «Қайраткер Жалау Мыңбайұлы және Тәуелсіздік құндылықтарының сабақтастығы» тақырыбында Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ бас ғимаратында, ғылыми кеңес залында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Тарихшылар, алаштанушылар, қоғам қайраткерлері түгелге жуық бас қосқан конференцияны академик, алаштанушы «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Дихан Қамзабек кіріспе сөзімен ашты. Жалау Мыңбайұлының өмір-тарихына тоқтала келе, «алашым» деп өткен қайраткердің ерен еңбегін жоғары бағалады. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мырза мен сонау Маңғыстау облысы мен Атырау өңірінің әкімдерінің құттықтау хаттары да оқылды. Конференцияға жиналған тарихшылар Жалау Мыңбайұлының күрескерлік болмысына, азаматтық көзқарасына, танымдық деңгейіне, алашқа деген адалдығына, турашыл тұлғасына әр қырынан сипаттама берді. Келер ұрпаққа алаш арысының жүріп өткен жолы – үлгі. Күрескерлік мінезі, ұлтын сүюдегі адалдығы барша қазаққа жұғысты болғай!
Жалау Мыңбайұлы Каспий облысы Маңғыстау уезінің Келімберді болысының І Құнанорыс ауылында 1892 жылы дүниеге келген екен.1905-08 жылдары Форт-Александровскідегі (Форт-Шевченко қаласы) екі сатылы орыс-қазақ мектебінде білім алған. 1917 жылдан Маңғыстау уездік кеңесінің мүшесі. Сол жылы желтоқсанда Түркістан (Қоқан) автономиясын Маңғыстау өңірі адайларының қолдайтындықтарын білдіру мақсатында Қоқанға барады. Мұстафа Шоқаймен осы жолы танысқан ол, 1919 жылы көктемде оны теңіз арқылы шетелге шығарып салыпты. 1919 жылы «Бірлік» жастар ұйымының төрағасы. 1920-23 жылдары Маңғыстау уездік атқару комитетінің азық-түлік бөлім бастығының орынбасары, Адай уездік милиция бастығы Адай уездік ревкомының (1923-24) төрағасы қызметтерін атқарады.
Мыңбаев БК(б)П 14-съезінің, қазақ облыстық 3-5 партия конференцияларының, Қазақстан кеңестерінің 4-6-съездерінің делегаты болған. Қазақ АКСР Кеңесінің 5-съезінде Қазақ АКСР ОАК-ның төрағасы болып сайланған. Бұл қызметте жүріп республикадағы барлық басқару органдарын жергіліктендіру (қазақтандыру) ісіне басшылық жасайды, халықтың әлеуметтік жағдайын және денсаулық, оқу-ағарту, мәдениетін жақсартуға күш салады. Мыңбаев қазақ халқының мүддесіне қайшы келетін Кеңес өкіметінің солақай саясатын сынға алып, балама жол ұсынған С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақұлы, т.б. тобында болады. 1926 жылы 25 қаңтарда Қазақстан өлкелік комитетінің пленумында бұл топқа ұлтшылдар деп айып тағылып, қатал сынға ұшырайды. Ф.Голощекиннің тапсырмасымен БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің бақылау комиссиясы Мыңбаевтың үстінен іс қозғаған. Сөйтіп Мыңбаев ұлтшыл атанады.
1927 жылы орнынан алынып, Гурьев (Атырау) округі атқару комитетінің төрағасы қызметіне төмендетіледі. Ол бұл қызметте жүргенде Гурьев округінің мұнайлы өңір екенін ескеріп, ауыр өнеркәсіпті дамытуға күш салады. Балық шаруашылығын жандандырады, бұл кәсіпшілікке қазақтардың тартылуына жол ашады. Гурьевте электрстанса құрылысын салу жұмысына тікелей басшылық етеді. Байлар мен орташаларды күштеп тәркілеуге, жер аударуға барынша қарсылық танытқаны үшін тағы да қудалауға түседі. Амалдың жоқтығынан 1929 жылы қызметінен өз еркімен кетіп, ауыр науқастан көз жұмады. Қазақтың қай жері болмасын, топырағы тұнған қасиет пен қасіреттің, табиғат пен тарихтың тамырлас болған мекені деп айтар едік. Оған дəлел жоқ емес! Жұртының жағасын жыртпай, жоғын жоқтап, барын түгендегенді халқымыз арыс дейді. Сондай арыстардың бірі – Жалау Мыңбайұлы.Жеті жұрт жай тапқан Маңғыстаудың үнімен үндесіп, тарихымен тілдескен, рухы биік Жалау Мыңбайұлы хақында қалың жұртшылық соңғы жылдары ғана таныс бола бастады. Ол уақыттың иініндегі кесек тұлға болатын. Ел үшін туған ерен тұлғаның мақсаты мығым болды. Сталинмен жақын байланыста болып, қолынан келгеннің бәрін жасап бағыпты. Ел арасында ұлттық мүдде тұрғысынан ойлары тоғыспаған Голощекинді бір ұрып сұлатып салғаны жайлы аңызға бергісіз әңгіме айтылады. Патша үкіметі кезінде тыйым салынған Наурыз мерекесін тойлатып, «Қазақ» деген атымызды жоғалтқан тұста Киргиз атауымызды ресми түрде «Қазақ» қылып өзгерткен есіл ерді насихаттау – ортақ іс.
«Qazaqstan dauiri» газетінде белгілі ақын Сабыр Адайдың «Ер Жалау» атты поэмасы төрт нөмірде жарық көрді. Поэма алаш арысының азаматтық ұстанымын, қиын тағдарын бейнелеп, ұлтына деген өлшеусіз махаббатын көрсетуімен құнды. Қазағына берер тағылымы да мол кесек дүние. Елі барда, жері барда алаш туын көтеріп, азуы алты қарыс Кеңес үкіметіне қарсы шапқан Ер Жалау бабамыздың аты өшпек емес. Қазақ барда ғасырдан-ғасырға жалғасарына сенім зор...