ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі облыс бойынша департаментінде «Елін қорғау – ерге серт» атты әдеби кеш өтті. Қатардағы жауынгерлер қатысқан іс-шараға Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-журналист Ғайни Әлімбекқызы келіп, сарбаздармен сұхбаттасып, туған жерге, өскен елге арналған өлеңдерін оқыды.
Ақын өлеңдері Отан алдындағы борыштарын өтеп жатқан жауынгерлерге ерекше күш, серпін берді. Әсіресе, ақынның шекара жайлы өлеңі тыңдағандардың жүрегін тебірентті, рухын асқақтатты.
Өз кезегінде аталған департаменттің Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының тәрбие идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімі бастығының орынбасары подполковник Қуанышбек Мұсабеков жауынгерлер ел шебін қорғауға тек физикалық тұрғыда ғана емес, рухани тұрғыда дайын болу қажеттігі аса маңызды екенін, сондықтан осындай рухани кештер ұдайы ұйымдастырылып тұратынын жеткізді.
Осы бөлімнің аға офицері- майор Алтынбек Манарбекұлы әсерлі кеш сыйлаған кеш қонағына алғыс айтты.