Жыл сайын 4 маусым күні Елорда төрінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай кең көлемді патриоттық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылады. Биыл да ол шара биік деңгейде аталып өтті.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне ұқыпты және құрметпен қарау әр азаматтың қасиетті борышы. Бұл – елжандылық, патриотизмнің алғы шарттарының бірі. Отанды сүю, оны құрметтеу мемлекеттік рәміздерге құрметтен басталады.
Осы ретте айта кетер жайт, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Биыл 4 маусым күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай елордада кең көлемді патриоттық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» атты акция аясында қала аумағындағы мемлекеттік органдарда, аумақтық департаменттерде, сот мекемелерінде, білім беру ұйымдарында және басқа да мекемелерде 500-ден астам патриоттық іс-шара өткізілді. Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің айтуынша, Рәміздер күні аясында ақпараттық сағаттар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, дәрістер, семинарлар, кітап көрмелері, концерттер, шығармашылық байқаулар, веложарыстар, патриоттық акциялар, челлендждер және басқа да тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылған.
4 маусым күні «Бәйтерек» монументі алаңында өтетін «Менің байрағым!» атты мерекелік концерт өнер жұлдыздарының қатысуымен шырқау биігіне көтерілген. Арнайы әзірленген 3 топ қаланың қоғамдық орындарында, көшелерде кездейсоқ тұрғындарға, мемлекеттік рәміздер жайлы викториналық сұрақтар қойылып, белсенді қатысқандарға сыйлықтар табыстаған.
«Бәйтерек» монументі алаңында көпшілік жиналғанға дейін аспаптық топ әртүрлі музыкалық композицияларды орындап, ұйымдастырушылар тұрғындарды және қонақтарды құттықтап, оларға жалау таратып мерекенің сәнін келтіріпті. Мерекелік іс-шараның негізгі ерекшелігі болып жастар арасында танымал спидкубинг өнерінің шеберлері өз өнерлерін көрсетуі болды десек жарасар. Олардың жылдам әрі дәл қимылдарымен Рубик кубиктерінен Қазақстан туының бейнесі құрастырылған. Концерт басталар алдында еліміздің Мемлекеттік Гимні шырқалып, жиналғандардың патриоттық сезімін оятқан.
Бұл күні қалалық Арбатта ашық аспан астында өтетін «Домбыра-party» әдеби-сазды кеші ұлттық аспапты дәріптеп, жастардың мәдени мұраға деген құрметін арттыруды көздейді. Әрбір кеш қонағы өз өнерін ортаға салып, шығармашылығын көпшілікке паш ете алады. Бұл ән айту, өлең оқу немесе би билеу секілді еркін форматтағы өнер түрлері болуы мүмкін. Өз өнерлерін көрсеткен қатысушыларға шара ұйымдастырушылары тарапынан естелік сыйлықтар табысталады. Бұл – елдік рәміздерге деген құрметті шығармашылықпен ұштастыратын тамаша мүмкіндік», – дейді Сәкен Есіркеп.
Басқарма басшысының айтуынша, жазғы амфитеатрда Мемлекеттік рәміздер күніне арнап мектеп оқушылары мен балаларға арналған концерттік ойын-сауық бағдарламасы өткен. «Туымыз төрімізде!» патриоттық акциясы аясында қала көшелеріндегі ғимараттар мен тұрғын үйлердің балкондарына 400-ден астам Мемлекеттік Ту ілініп, ал орталық саябақтар мен қоғамдық орындарда 5000-ға жуық мемлекеттік жалауша тұрғындарға таратылған.
Сарайшық ауданында сағат 12.00-де Р. Қошқарбаев даңғылы, 34 мекенжайында орналасқан «Түркістан» тұрғын үй кешенінің жаңартылған ауласының салтанатты ашылуы өткен М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында «Еліңнің рәміздерін білесің бе?» атты патриоттық куиз және «Бірлік туының астындағы жас Қазақстан дауысы!» атты мектеп көшбасшыларының манифесі ерекшелігімен көзге түсіпті.
«Көк тудың желбірегені» атты лекция-концертте Мемлекеттік Ту туралы музыкалық қойылымдар ұсынылыпты. Сонымен қатар, «Тарихтан туған рәміздер» бейне-викторинасы, Тұңғыш Президент кітапханасына және Тәуелсіздік монументіне экскурсиялар өткен. Жазғы лагерьлерде «Қазақстан – алтын бесігім» атты патриоттық әндер сайысы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталған.
«Елордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеу, насихаттау және қолдану саласындағы мемлекеттік саясат алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады», – дейді басқарма басшысы.
Еске сала кетейік, 1992 жылы 4 маусымда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл еліміз үшін жаңа жетістіктер жолындағы басты оқиғалардың бірі болды. Ту, Елтаңба және Әнұран ұлттың бірегейлігін, егемендігі мен бірлігін білдіреді, халқымыздың отансүйгіштігі мен патриотизмін нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Рәміздер әрбір қазақстандық үшін шынайы мұра екенін ұмытпауымыз керек, сондықтан оларды қастерлеу, қорғау және құрметтеу – баршамыздың парызымыз.
Тәуелсіздік алған 33 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның рәміздері бүкіл әлемге танылды – көптеген спорттық, мәдени және саяси алаңдарда көк Туымыз тік төбемізде желбіреп, республикамыздың Әнұраны салтанатты түрде шырқалуда. Осындай сәттерде елімізге, жерімізге деген мақтаныш сезімі әрқайсысымыздың бойымызды кернейтіні сөзсіз.