Еліміздің астанасы Елордада саяси науқандар қызу қарқынмен жүріп жатады. Ел игілігі үшін жасалатын әр іс – тарих, ұрпақ үшін аманат болғандықтан! Бүгінде көпшілік құлағдар болып отырған Республикалық референдумның өтуіне де санаулы күндер қалды. Нұр-Сұлтан әкімдігінің ұйымдастыруымен айтулы шараны насихаттау үшін Елордалық ұстаздарға конституциялық реформалардың маңызы мен міндеттері түсіндіріліп және елордалық дәрігерлер республикалық референдум өткізуді талқылады.
5 маусым — Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін республикалық референдум өтетін күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүкілхалықтық референдум өткізу ұсынысын халықтың талқысына салу арқылы халықпен әркез бір екенін айқындап берді. Бұл жолғы референдум Ата Заңымыздағы реформаларға байланысты өткізілмек. «Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» деп Президенттің айтуында үлкен мән, терең астар бар. Демек, бұл референдум демократияға тың қадам, болашаққа нық сенім ұялатар жақсы бастама болғалы тұр!
Қазақстанда референдум соңғы рет 1995 жылы қолданыстағы Конституция бекітілгенде өткенін еске алсақ, Президент Тоқаев мырза жаңашыл идеяны ортаға тастап отыр. Ол өз сөзінде «Референдум жаңа Қазақстанға бағытталған дұрыс шешім деп ойлаймын. Конституцияға өзгеріс енгізуді халық таңдауы керек, – деп түйіндеуі де жолдауда айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағыт алғанын көрсететіндей.
Сонымен, бұл 27 жылдан кейін өткелі тұрған ел тарихындағы үшінші референдум. Яғни бұл — демократиялық әділ қадам. Халық өз тағдырын өзі шешуге зор мүмкіндік туып тұр.
Нақтылап айтсақ, 5 маусымда өтетін референдум – «Жаңа Қазақстанды бірге құру» идеясын іске асыру жолы. Ескіден арылып, жаңашылдыққа ұмтылуға талпыныс. Таңдау жасау, талдау жасау, өткеннен сабақ алу – жастарға сенім арту – бәрі заң аясында жүзеге асатын шара.
Сонымен Елордада Қазақ ұлттық өнер университетінде «Референдум – демократияның жоғары көрінісі» атты семинар болып өтті. Онда профессор-оқытушылар құрамына конституциялық реформалардың маңыздылығы түсіндірілді. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары қатысты. Жиында сөз алған сенатор Владимир Волков профессор-оқытушылар құрамын өткен мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтай келе: «Бұл мереке қоғамдағы маңызды рөлдеріңізді ерекше атап өтуге бағытталған. Сіздер мәдени мұраны келесі ұрпаққа аманаттайтын боласыздар. Әріптестеріммен бірге сіздерді осы айтулы күнмен құттықтаймын. Мереке қарсаңында мемлекет басшысы өнерде жүрген 42 қызметкерге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» жоғары атағын берді. Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының Халық әртісі» атағын қайтару туралы ұсыныс талқылауға жіберілді. Бұл — өте керемет. Жастарға айтарым — болашақ сіздердің қолдарыңызда», — деді спикер.
Осыдан кейін сенатор ел Конституциясына енгізілетін өзгерістерді түсіндіруге кірісті. Ол референдум елде 27 жыл өткізілмегенін еске салып, бұл оқиға «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес келетініне ерекше тоқталды.
«18 жасқа толғандар референдумға алғаш рет қатысатыны түсінікті. Мұндай оқиға елімізде екінші рет өткелі тұр. Алғашқысы 1995 жылы қазіргі Конституция қабылданып, Президенттің өкілеттіктерін ұзарту бойынша дауыс беру өткізілген. Менің ойымша, бәріңіз учаскелеріңізге барып, Конституцияға өзгеріс енгізуге немесе оған қарсы дауыс беруге болатын жалғыз сұраққа дауыс бересіздер. Конституциялық кеңес барлық түзетулерді мойындады. Елдің негізгі заңына енгізілетін басты түзетулердің бірі – жер және табиғи ресурстар туралы ережелер. Жаңа нұсқасында жерге, оның қойнауына және байлығына барлық меншік құқығы халыққа тиесілі деп айтылған. Ал сіздер бұл нормаға қарсы дауыс бере аласыздар ма? Ал өлім жазасына тыйым салынатынына қарсы дауыс бергіңіз келе ме?
Елімізде халықаралық, қылмыстық және өзге де кодекстерге халықаралық келісімдерге қол қойылды. Енді Конституция өлім жазасын толығымен жояды. Қарапайым адамның құқығын кеңейту мәселелері қаралады. Ол үшін адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесі тағайындалады. Сол сияқты конституциялық сотқа жүгінетін тәуелсіз тұлғалар қалыптасады. Бұл — өте маңызды өзгеріс. Егер қазір бар Конституциялық Кеңес бұзушылықтар тәжірибесін жинақтап, ұсынымдар түрінде баяндамалар жасаса әрі оның құқықтары бұзылды деп есептесе, әр адам нақты өтініш бойынша Конституциялық сотқа жүгіне алады. Егер бұл сіздің құқығыңызды бұзса, заң нормасын немесе бүкіл заңды жойса, сот қорытынды шығарады», — деді Владимир Волков.
Сондай-ақ, елорда әкімдігінде қалалық клиникалар басшылары мен басқарма басшылығының қатысуымен де жиналыс өтті. Оның басты тақырыбы — алдағы республикалық референдум. Жиналғандар еліміздің басты құжатына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның рөлін талқылады.
Жиында сөз алған елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов Конституциялық реформаның негізгі бағыттарына тоқталды. «Бұл, шын мәнінде, жаңа Қазақстанның қалыптасуындағы басты саяси оқиға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум өткізу туралы шешімі елдің саяси өмірінде ғана емес, қоғамдық өмірінде де маңызды болып табылады. Референдум біздің азаматтық ұстанымымызды нығайтуға мүмкіндік береді және елдегі қоғамдық-саяси жағдайға жағымды әсер етеді. Медициналық қоғамдастықты алдағы саяси өзгерістер мәселесінде шетте қалмауға және өз дауысын беруге шақырамын», – деді ол.
Жиында конституциялық реформаларды талқылаудан басқа, денсаулық сақтау жүйесіндегі ағымдағы мәселелерді талқылады, қаланың медициналық ұйымдарының, соның ішінде жекеменшік ұйымдардың жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды. COVID-19-ға қарсы вакцинация мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың жаңа штамдарының айналымы туралы айтқан болатын.
Қала тұрғындарын вакцинациялауға және денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Бүгінгі күні қала бойынша 500 мыңға жуық тұрғын иммундаудың толық курсынан өтті, шамамен 128 мың адам қайта вакцинацияланды.
Естеріңізге сала кетейік, 5 маусымда өтетін Конституцияға түзетулер бойынша референдумға елорда сақадай сай. Оны өткізу кезеңінде барлық сайлау учаскелері құрамында медицина қызметкерлері бар медициналық пункттермен жарақтандырылатын болады. Осы күні қала бойынша барлығы 247 ашық учаске өз жұмысын бастайды.