Бердібек Сапарбаевты Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен қалыптасу кезеңінен бастап, еліміздің бүгінгі даму белесіне дейін сүбелі үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, зор тұлға деп есептеймін. Екі Президент, 11 Премьер-министрмен қоян-қолтық еңбек етіпті. Сол Үкімет басшыларының екеуіне орынбасар болған екен. Ал енді 5 облысқа әкім болғаны – тек Сапарбаевқа ғана тән факт. Бердібек Машбекұлын көптен бері танимын және алғашқы танысудан кейін-ақ әпкелі-інілі бауырлардай өте жақсы қарым-қатынаста араласып кеттік. Бізді байланыстырған елдің тілі, көзі һәм құлағы саналатын, бұқара мен биліктің алтын көпіріне айналған газет.
Яғни оның бұқаралық ақпарат құралдарымен қарым-қатынасы, кері байланысы да көп әкімдерге үлгі боларлықтай іс. Тыңдай біледі, сол арқылы жұртқа жақынырақ жүреді. Кейде жұмыс бабымен әкімдерге хабарласуға тура келеді. Бірақ әкім тұрмақ оның көмекшілерімен тілдесу мүмкін болмайтын жағдайлар көп. Ал Бердібектің телефон көтермейтін кезі өте сирек, онда да өзі кейінірек хабарласып, қол тимегенін, жиналыста болғанын айтып, айыпқа бұйырмауымды сұрайтын. Қабылдауында болғанда хатшысы отыратын жерден, тіпті дәліздің, кейде кабинетінің есігін ашып қарсы алып, тура солай пейілмен шығарып салады. Бұл үлкенді, ананы сыйлап құрметтеуінен шығар. Бұл азаматтың «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей тектілігі мен кісілігін, кішіпейілділігін, қарапайымдылығын көрсетсе керек. Жамбыл жерінен жай кетпей үлкен ағалардың, ақсақалдардың басын қосып, ақ батасын алып жатыр екен. Міне, қазақы рухты, ұлттық болмысты, кең жүректі, елжанды азаматтың әрбір әрекеті осындай болса керек. Азаматтық, ұлттық құндылықтарды бағалауы, кісілігі, кішіпейілдігі адамдық болмысынан болар. Бұл биліктегі азаматтарға, жастарға үлгі боларлықтай көп қасиеттерінің бірі. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын»... Қай қызметке барса да, қай облыстың тізгінін ұстаса да тілеуін тілеп жүрдім. Өйткені Бердібек бауырымның ең алдымен адамгершілігі, қызметтегі тәжірибесі, ұлтжандылығымен қатар қиын шақта дұрыс, нақты шешім шығара алатын принципшілдігі оны өзгелерден ерекшелеп, тұлғаландырып тұратын. Шығыста болған кезімізден кішкене естелік келтіре кеткенді жөн көрдім. Бір түнде ШҚО әкімдігінің қасқайып алдында тұрған «күн көсем» болған Ленинді, ұлы Абаймен (ескерткішімен) алмастырған. Біз сонда іссапарда жүрген едік. Орыстары басым киржактары бар. Өскеменнің хас шеберлікпен үнін де шығармады! Біліктілік қана емес, ерлік емес пе, ағайын?!. Ұлы Абай Өскеменге рух әкелді, оны сол кезде газетіміз бірінші беті мен айқара бетіне бердік. Өскеменнің жан-жағы таулы екені белгілі. Семей, Аягөзге баратын тауға тағы да біраз қыраттар беткейіне әдемілеп таспен «Қазақстан» деп жарқыратып қойдырғанында қаншама мән бар десейші! Қазірге ол жазу өшкен жоқ. Тасқын кезінде толарсақтан су, саз кешіп шығыс өңірінде халықпен бірге жүргенінде көрдік, жаздық. Ол азаматтығы ел жүрегінде, тарихта алтын әріппен қалғаны сөзсіз, Бердібектей азаматтың! Жамбыл жеріне басшы болып келгенде ерекше қуандым. Өйткені төркін жұртын – Әулиеата өңірінде болған, жүректі сыздатқан Қордай оқиғасы мені де бей-жай қалдырмады. Б.Сапарбаевтың Жамбылға Үкіметтік комиссияны басқарып келіп, артынша сол аймаққа басшы болып тағайындалғаны өте сәтті шешім деп санаймын. Өзінің біліктілігінің, биліктегі табандылығының арқасында «кризис-менеджер» атанып кеткен саяси тұлғаны Мемлекет басшысы ахуалы ушыққан өңірдің «температурасын» басуға бекерден-бекер жібермесе керек. Ол жердегі қираған, бүлінген үйлер мен өзге де нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын жедел үйлестіруден бөлек, жағдайды одан әрі ушықтырмай, бір сөзбен айтқанда өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай алып өтетін, елдің көңілінен шығатын басшы керек еді және ол таңдаудың бірден Бердібек Машбекұлына түскені өте дұрыс қадам болды.
Президент тапсырмасымен Қордай ауданына бөлінген 35 миллиард теңгеден астам қаржыны шашау шығармай игере алды. Қаншама ауыл газбен қамтылып, бұрын-соңды асфальт көрмеген көшелер тақтайдай теп-тегіс болып шыға келді. Осыншама қаржының игерілуі өте ауқымды, әрі сұрауы көп толағай жұмыстар. Одан кейінгі Байзақ жерінде төтеннен болған жарылыс та жұрттың жүрегіне аз жара салған жоқ. Мұнда да аз уақыттың ішінде қираған үйлерді қалпына келтіру оңай соқпады. Облыс басшысы ретінде осы қиын кезеңде де Б.Машбекұлы өзінің тәжірибелі, іскер адам екенін көрсетті. Жедел штабтың төрағасы ретінде әскери бөлім оның жіті назарында болды. Жағдайды қағаздан емес, өз көзімен бақылап отырды. Осы оқиғаға байланысты біз де Жамбыл жеріне аяқ басып, қаза тапқан құтқарушылардың, әскерилердің шаңырағында болдық. Қан жылаған жүректерін тыңдадық. Осы сапарымызға да Б.Сапарбаевтың тигізген қолғабысы ұшан-теңіз еді. Штаб басында жолығып, сұхбат та құрдық. Телефонмен де үнемі байланыста болып үнемі ақылдасып отырдық. Міне осындай атан түйеге жүк болар тапсырманы орындауда Бердібек Машбекұлы аянып қалған жоқ. Қысқасы ондағы экономикалық жағдайды оңалтып, қоғамдық-саяси ахуалдың тамырын тап басып, ретке келтіруде сыналудай-ақ сыналды. Бірақ сынбады, мықтылығын көрсетті.
Қордай оқиғасынан кейін сол өңірге өзім де 4-5 рет арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, оның мұқтаждарын тыңдап, жазықсыз тергеуде жатқан азаматтардың отбасыларымен жүздесіп, артынша бірнеше көлемді мақала да жаздық. Сол сапарларымда облыс әкімі ретінде ғана емес, жалпы адам ретінде де, азамат ретінде де көмегін тигізіп, рухани қолдау білдіріп отырды. Б.Сапарбаевтың қызметтен кеткен сәтінен әлеуметтік желіде оған деген жұрттың ыстық ықыласынан, ерекше қимастығынан туған көптеген лебіздер мен жарияланған жазбалар жан жадыратады. Бердібектің Қордай оқиғасының салдарын жоюдағы жұмысынан бөлек, өңірді көркейту, ауылшаруашылығын алға бастыру бағытындағы сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз. «Таразға тарту» жобасы аясында облыс орталығында қаншама мәдени-демалыс аймақтары пайда болып, аллея, скверлер адам танымастай өзгеріп, құлпырып шыға келді. «Асарлатып үй салу» жобасы қанша үйсіз-күйсіз жүрген жандардың көз жасын сүрткендей болды. Қаншама отбасы өз баспанасының бақытын сезінді?!. «Түлектер тартуы» атты бастамасы да шетте жүрген қаншама кәсіпкер жандардың жүрегіндегі туған жерге деген сезімін, сенімін оятты. Аймақтан шыққан белді де беделді азаматтардың бір арнаға тоғысып, бүр үденің аясында күш біріктіре жұмыс істеуіне ұйытқы бола білді. Мұның бәрі Бердібек Машбекұлының ізденгіштігі, халықпен қоян-қолтық істеген абырой-беделінің де арқасы шығар. Елдің дамуына, тәуелсіз Қазақстанның аяққа тұрып, қатарға қосылуына бір кісідей-ақ атсалысып, барынша күші мен энергиясын жұмсай білген Бердібек Машбекұлының отбасына, әулетіне бақ-береке, өзіне қашанда мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Естеріңізде болса, облыстағы қызметінің соңғы күніне дейін «ат үстінде болды». Әлі де елге берері көп. Әкім болу маңдайына жазылып қойған жоқ. Дегенмен 30 жылдағы ең үздік әкімдердің бірі екендігінде дау жоқ. Жас әкімдерге жақсы тәлімгер болар еді деп ойлаймын.
Ұлтжанды, еңбекқор, ардагер, азамат, ел ағасы Бердібек бауырымның үйде отыруы қиянат болар еді. Мұндай алмағайып кезеңде ел президенті Қ.Тоқаев өзіңдей білікті азаматты бос қалдырмай, алдағы уақытта да атқа мінгізер деп ойлаймын. Қайда жүрсең де аман бол, айналайын, бауырым!