Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аралас жауынгерлік жекпе-жектен (ММА) спорт шеберлігіне кандидат Рүстем Құдайбергеновті, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ангелина Лукасты қабылдады.
Рүстем Құдайбергенов 9 қыркүйекте Alash Pride промоушн турнирінде жеңіл салмақта титулдық жекпе-жек өткізіп, ресейлік Низамуддин Рамазановты нокаутқа жіберді. Бапкері - Дархан Әділбеков.
Ангелина Лукастың алғашқы бапкері ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы - Цой Феликс. 2021 жылдан бастап кәсіби рингте 5 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Ол WBC, IBO әлем чемпионы. 2023 жылдың тамызында Стамбул қаласында өткен кәсіпқой бокстан танзаниялық Стумай Мукимен мен Ангелина Лукас арасында 10 раундқа созылған UBO тұжырымдамасы бойынша Әлем чемпионы атағын қорғау жекпе-жегінде Ангелина Лукас жеңіске жетіп, UBO тұжырымдамасы бойынша Әлем чемпионы атағын қорғап қалды.
Өңір басшысы спортшылардың отандық спортты дамытуға қосқан үлесі мен еңбегін ерекше атап өтті.
Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінетінін, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалып жатқанын жеткізді.
Спортшылар халықаралық жарыстарда өнер көрсетуден алған әсерлерімен бөлісіп, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
Кездесу барысында спорт залын салу үшін жер телімін бөлу мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі дене шынықтыру және спорт басқармасына осы мәселені зерттеуге тапсырма берді.
Ербол Қарашөкеев спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік пен жеңіс тіледі.