Кезінде Бауыржан Момышұлы атамыз: “Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі” деген екен. Бірақ қазіргі таңда еліміздегі әскерилер ерлігі туралы емес, өз өзіне қол жұмсауы, әлімжеттік жасауы, әскерден қашуы т.б. көңіл көншітпейтін проблемалар туралы көп естиміз.
Бүгін Сенатта өткен отырыс барысында Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев еліміздегі соңғы үш жылда 270 әскери қызметшінің қайтыс болғаны туралы мәлімдеді.
2020 жылы 78 әскери адам, 2021 жылы – 96 әскери адам, 2022 жылы – 85 әскери адам қайтыс болған.
Ал, осы әскери өлімжітімнің негізгі себептеріне – әртүрлі аурулар, жол-көлік оқиғалары,
суицидтер түрткі болатындығын атап өтті.
Ауырып қайтыс болған әскери қызметшілер 36%, жол-көлік оқиғаларынан – 24%, ал өзөзіне қол жұмсап қаза болған қызметкерлер – 20%-ды құрағанын атап өткен болатын
Расында осындай өлімжітім оқиғаларының көбеюі әскери органдардың жұмыс режимінің жүйелі түрде жолға қойылуына негіз болып отыр. Өткен жылы Қорғаныс министрлігі 2022-2025 жылдарға арналған «Спасти жизнь» бағдарламасын бекіткен болатын. Бірақ бұл бастама осы саладағы мәселені түбегейлі шешпесі анық. Сол үшін осы мәселеге мемлекет ерекше назар аударуы қажет.
Жыл сайын әскерге шақырылушылардың жарамсыздығы өсіп барады. 2022 жылы 131 мыңнан астам әскерге шақырылған.
Оның ішінде 105 мыңы жарамды деп танылды, бұл 80%-ды құрады, ал әскерге 19 мың адам жарамсыз болса, бұл 14,5% құрады және уақытша жарамсыз деп 7,5 мың азамат танылған.
Бұл Парламенттің де күн тәртібіндегі өте маңызды проблемалардың бірі. Бүгінгі отырыс барысында мен де осы салаға қатысты мәселелерге тоқталып, сұрақ қойған болатынмын.
Соның ішінде:
1) "Рухы мықты армияны жау алмайды" деген Бауыржан Момышұлы. Армиядан жастар қашады дейміз. Бірақ мектеп қабырғасынан идеологиялық жұмыстардың дұрыс жүріп жатыр ма?
2) Бұқаралық ақпарат құралдарында әскери тақырыпқа бөлінетін қаржы неліктен төмен?
3) Отан алдындағы әскери борыш, жастардың патриоттық сезімін ұштау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіле ме? Ұстаным, санасы біршама қалыптасып қойған мектеп бітірушілер, студенттерден гөрі, 4-5 сынып оқушыларынан бастап Отан алдындағы борышын өтеу туралы және патриотизм не екенін түсіндіре бастау керектігін атап өттім.
Сонымен қатар, өткен аптада Алматы қаласындағы іс-сапар барысында «Medicare» био-протез орталығында болдым. Сол кезде Сергей есімді азаматтың әскери қызмет барысында бір көзі мен бір қолынан айырылғандығы жайында ақпарат естідім.
Ол азаматтың «Қазақстан халқына» қоры арқылы емделгенін атап өтіп, егер осы қор болмаса, әскери қызмет барысында жарақат алып, мүгедек болып қалған азаматтарға қаншалықты сақтандыру мәселесі қарастырылғанын көтердім. Алайда, әзірге әскерилер үшін арнайы сақтандыру жүйесі қарастырылмаған.