Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, ұлттық ойындарды насихаттау кеңінен қолға алынып, Түркістан қаласындағы этноауылда ұлттық ойындар ұлықталуда. Өнер фестивалі аясында Түркістан қаласының мәдени күндері дүркіреп өтті. Мерекелік шараға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысып, тамашалады. Этноауыл аумағында Түркістан қаласының өнерпаздары ұмыт болып бара жатқан көне ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сахналап, ақ кимешек киген әжелер тобы «Ауылдың алты ауызын» шырқады. «Яссы» халықтық этнофольклорлық ансамблі күйден шашу шашып, «Яссы» би ансамблінің концерті көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Түркістан мұрасы» атты қылқалам, қолөнер шеберлері мен бұйымдары, суретшілердің туындылары мен қаланың жетістіктері туралы көрмелері қойылды. Осы тұста Түркістан қаласында қолөнер шеберлерінің шоғыры қалыптасқанын ерекше атап өтуге болады. Бұдан бөлек, «Көненің көзі әжелер» дизайнерлік өнер сырмақ, түскиіз, ұршық иіру, тоқыма тоқу мен құрақ құраудан шеберліктерін көрсетсе, этно-мәдени ұлттық орталықтар оның ішінде (өзбек, түрік) этностарының көрмесі қойылды. Шара аясында айтыскер ақындар арнауларын орындап, айтыстың үлгісін көрсетсе, ұмыт болып бара жатқан «Танабау тағу», «Бала бауырынан табақ жүргізу», «Керегеге орамал байлау», «Келінге кимешек-шылауыш кигізу», «Тоқымқағар» салт-рәсімдері орындалды. Екі күнге созылған «Түркістан халық театры» дайындаған көше театрының стилінде «Саф алтын арыстар» тақырыбында көрініс-қойылымы ұсынылды және ұлттық спортты ұлықтау мақсатында бірнеше спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Мәдени шарада қала тұрғындары мен қонақтары арқан тарту, қазақша күрес, асық ату, ләңгі тебу, қошқар көтеру, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыста бақ сынады. Жиында сөз алған Түркістан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев мәдени шараға қатысушыларға алғысын айтып, спорт сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен гала-концертке қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып, сахна төрінде жұртшылыққа жылы лебізін білдірді. – Биыл Түркістан Түркі мемлекеттерінің туризм астанасы мәртебесін иеленді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі өркениетін жаңғыртуды Түркістанды әлемге танытудан бастау керек деп, көне шаһарға ерекше мән беріп келеді. Қаламыз алдағы уақытта да бауырлас елдерге ортақ рухани астана ретінде дами беретіні сөзсіз, – деді Түркістан қаласының әкімі. Мәдени шараға қала тұрғындары мен қонақтары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Гала-концертте елімізге танымал эстрада жұлдыздары Заттыбек Көпбосынұлы мен Кеңес Әлімжан ән шырқап, қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Концерттік бағдарламада «Яссы» халықтық би ансамблі мың бұрала би билеп, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары қоңыр үнмен Түркістан аспанын сазға бөледі. Өнерсүйер қауым әншілермен қосыла ән айтып, мерекелік кештің сәнін кіргізді. Айта кетейік, екі күнге созылған мәдениет күндері барысында Этноауылда ұлттық құндылықтар насихатталып, төл өнеріміз паш етілді.
КӨШТІ ЖЕТІСАЙ ЖАЛҒАДЫ
«Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің келесі көшін Жетісай ауданының өнерпаздары жалғады. Облыс орталығында өткен шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жетісай көшінің шымылдығы «Этноауыл» аумағында ауданның суретшілері мен қолөнер шеберлерінің, отандық ақын-жазушылардың туындылары мен шетелдік қаламгерлердің аудармаларынан кітап көрмесі және ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен ашылды. Шара барысында ауданның қылқалам және қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып, сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстары көпшілік назарына ұсынылып, қала тұрғындары Үндістан мен Түркия, Австралия мен Польша, Корея, АҚШ елдерінен келген қонақтардың оң бағасын алды. Сонымен қатар «Салтдәстүрім – салтанатым» атты ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер сахналанды. Одан соң, Жетісай аудандық аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен арнайы сайыстар өтіп, қазақ күресі мен қол күресі, асық ату мен арқан тарту, садақ ату мен білекті де жүректі жігіттердің арасында қошқар көтеру, гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар, арнайы медальдар мен дипломдар табыс етілді. Этноауыл аумағында өткен спорттық сайыстарды жергілікті тұрғындармен қатар шетелдерден келген туристер де тамашалап, еліміздің атадан балаға мұра болып аманатталып келе жатқан ұлттық спорттық ойындарының нағыз жауынгерлік жаттығу, әскери дайындық екенін айтып, жоғары бағаларын берді. Түркістан, Кентау қалаларымен қатар Отырар, Бәйдібек, Жетісай, Сайрам, Абай, Шәуілдір, Созақ аудандарының тұрғындары қатысқан спорттық ойындарда қазақ күресінен 20 палуанның ішінде ІІІ орын алған кентаулық палуан Жамалхан Нұрхан 100 мың теңгеге, Il орынға табан тіреген түркістандық Әбдіғаи Бейбарыс 200 мың теңгеге, ал І орынды иеленіп, «Түйе палуан» атанған түркістандық палуан Хамза Дидар 300 мың теңгеге ие болса, 72 келілік қошқарды белгіленген 3 минутта 52 рет көтерген Оралхан Дербес жеңімпаз атанып, жүлдесіне өзі көтерген қошқарды ұтып алды. Ал асық атудан ІІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бастар Мұхаммеджан, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Айкен Абдулла, І орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Бекмұхан Қойымбетовтер өзара бөліссе, арқан тартудан ІІІ орын Жетісай ауданының №2 БЖСМ, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының және І орынды Отырар ауданының командалары иеленді. Гір тасын көтеруде ІІІ орын түркістандық Ж.Маратұлының, ІІ орын жетісайлық А.Пошаевтың, І орын созақтық Б.Жаңабаевтың еншілеріне бұйырса, Садақ атудан түркістандық Рамазан Батыржан, Отырарлық Бауыржан Сейтжаппаров және жетісайлық Марат Абуов өзара жүлделерді бөлісті. Спорттың қол күрес түрінен +70 келі салмақта Шәуілдір, Жетісай аудандары мен Түркістан қаласының, 65 келі салмақта жетісайлық жігіттердің мерейі үстем болды. Келесі күні «Этноауыл» аймағында «Байтақ елім – Қазақстан!» атты Жетісай ауданы шығармашылық өнер мектептерінің концерттік бағдарламасы, «Асықата» халық театрының «Салт-дәстүр – салтымыздың салтанаты» атты көрінісі қойылды. Кешке «Керуен сарай» аумағында «Түркістаным – Тұраным, Жетісайым – Жұмағым» атты аудан өнерпаздарының гала-концертімен қорытындыланды. Айта кетейік, фестиваль мақсаты сан ғасырлардан бері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп беріліп келе жатқан ұлттық мәдениет пен өнерімізді дәріптеу, өлкенің туристік әлеуетін дамыту болып табылады.