Фарида Мерхамитқызы: ТАБЫСТЫ КӘСІПКЕР БОЛУДЫҢ НЕГІЗІ – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИДЕЯДА

Фарида Мерхамитқызы: ТАБЫСТЫ КӘСІПКЕР БОЛУДЫҢ НЕГІЗІ – ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ИДЕЯДА

Белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерке-Нұр» Сән және Дизайн киім өндірісі корпорациясының басқарма төрайымы Фарида Мерхамитқызымен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

– Сіздің туған жеріңіз мына Тарбағатайдың арғы жағы, Ертістің арғы беті атақты Шәуешек шаһары. Шәуешек шаһары кешегі ХХ ғасырдың басында, яғни 1930-40 жылдары, өз заманының интеллигенциясы топтасқан, үлкен руханияттың ошағы болғаны мәлім. Әкеңіз Мерхамит аға (Мерхамит Құрбанов) Шыңжаңдағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерінің бірі, көп жылдар бойы аймақтың мәдениет саласына басшылық жасаған ұйымдастырушылық қабілетімен де, таланттарды тани білетін байқампаздығымен де белгілі үлкен қайраткер тұлға екені белгілі. Ал анаңыз Фатима апамыз да қазақ әйеліне, қазақ анасына тән болмысымен көпке үлгі болған. Осындай отбасында туып өскен балалық шағыңыз, бойжеткен кезіңіз жайлы сөз етсеңіз.

– Мен ең бақытты адаммын. Өзіңіз айтып отырғандай, зиялы отбасында дүниеге келдім. Үйдің үлкені болғандықтан, қазақы дәстүр бойынша мені әжем қырқымнан шығар-шықпасымнан етегіне салып, бауырына басқан. Содан жасымнан әжемнің қызы болып бойжеттім. Әжем Тұрсынбүбі Кәкетайқызы салиқалы, сабырлы, сөз ұстаған шешен, қолы шебер кісі болды. Мен осы әжемнің тәрбиесінде өстім десем де болады. Әкем, өзіңіз айтып отырғандай, көп жылдар бойы Шәуешекте мәдениет саласында қызмет етіп, өңірдің мәдениетіне басшылық жасап, ұйымдастырушылық қабілетімен де, жас таланттарды тани алатын қасиетімен де ел есінде қалды.

Біздің атамекеніміз Семей облысының (қазіргі Абай облысы) Мақаншы өңірі. Менің аталарым ХІХ ғасырдың 70-жылдары патшалық Ресейдің теміржол саласына жұмысқа жастарды алуына қарсы шығып, Шәуешекке ауып барып, сонда мекендеп қалған. Шәуешектің іргесіндегі Көктал ауылы, Мойынталдан басталып, ұзын соқпаққа ұласып жататын.

Арғы атам Құрманбайдан Байкенже, Мұхамеджан, Ахметжан деген үш ұл туады. Құрманбай атамның ескіше сауаты болыпты. Үлкені Байкенженің манжуше едәуір сауаты болса керек, Шәуешектегі Жамбылдың (жергілікті ұлық мекемесі) іс жүргізушісі, шабарманы болыпты. Содан болса керек, Байкенже атамды кейін ел арасында шабарман атап кетіпті.

Осы Байкенже атам Юан шыкай патшаның таққа отыру салтанатына қатысқан Шыңжаңнан барған екі қазақтың бірі, енді бірі Алтайдан барған Зәкәрия төре. Мұхамеджан атам шаруаға пысық, іскер кісі болыпты, оның да ескіше сауаты бар, ел ішінде беделді адам болған. Шәуешектен Семейге мал саудасын жасайтын керуенді басқарған. Ахметжан атам біртоға, момын адам болғанға ұқсайды. Менің әкемнің әкесі Қабыл атам осы Ахметжан атамнан туған. Шабарман атамнан (Байкенже атамды айтамын) Қабидолла, Мұхамеджан атамнан Тұрсынғали туған.

Осы Құрбанов әулетінің үйелмелі-сүйемелі үш ұлы Қабидолла, Құрбанғали, Мерхамиттер 1951-56 жылдары атақты Шәуешек гимназиясында қатар оқиды. Бұлар студенттер мен мұғалімдер арасында ағайынды Құрбановтар атанып кеткен. Тұрсынғали ағамды білесіз, Шыңжаңдағы алғашқы баспагер, редакторлардың бірі. 1950 жылдардың басында Шыңжаң жастар баспасының негізін қаласып, оның алғашқы редакторы болды. Он жылдықты Шәуешектен оқып бітірдім.  Әкеме өте жақын болып өстім. Әкем екеуміз көп сырласатынбыз. Мен әкемнен көп нәрсені үйрендім деуге болады. Ол менің шығармашылық қабілетімнің жетілуіне барынша ықпал етті. Кішкене кезімнен әкеме еліктеп сурет салатынмын. Бұл кейін менің суретші, дизайнер болуыма, сән саласына келуіме ықпал етті. Суретшілік, дизайнерлік қабілетім мені дизайнер-сән және киім өндірісі  саласында табысты болуыма себепкер болды.

Жаңағы үзілген әңгімеге  қайта оралсақ, әкемнің әкесі Қабыл атам өз заманында сегіз қырлы өнерпаз әрі сері болыпты, өзі дәулетті отбасының еркесі болған соң ба, сол заманның тәуір оқуын қалдырмай оқыған көрінеді. Сол кезде Шәуешекте татар мәдениетінің көрнекті ықпалы болған. Өзіңіз де білесіз, Шәуешектің үлкен сауда орталығы мен өркениеттің ошағы болғанын. Сол өткен ХХ ғасырдың 30-40 жылдары татар саудагерлері мен оқығандарының топтаса бастауымен бірге сол кездің өзінде интеллигенция қалыптаса бастаған болатын. 1917-18 жылдары Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, атақты Әсет ақынның Шәуешекте болғаны тарихта мәлім. Аталарымның отбасы қалалықтармен етене, жақын, қоян-қолтық араласқан екен. Осындай етене байланыс Қабыл атамның музыкант болуына ерекше әсер жасаса керек. Өзі де алғыр, құймақұлақ бала болған деседі. Өзі де үйрене жүріп, көре жүріп музыкалық өнердің хас шебері болып өсті. Атаммен дос Сүлейменнің Кәрімі дейтін жігіт Шәуешек бетіне танымал, аты шыққан әнші, сері жігіт болған екен. Қабыл атам мандолина шалып, скрипкада ойнап, Кәрім әнге басқанда айналасы  сілтідей тынып, мүлгіп қалатын көрінеді. Атамның өзі жасаған мандолина, скрипкалары Кеңес одағынан алдырған мандолина, скрипкалардан кем болмайды екен. Кейін Шәуешектен от электр стансасының салыну құрметіне ашылған көрмеге Қабыл атам жасаған мандолина, скрипкалары қойылыпты. Бірақ атамның ғұмыры қысқа болды. Небары 37 жасында өмірден өткен атамның өмірінің соңғы жылдары қиындыққа толы болған. Өмірде байлық пен кедейлік, бақ пен сор егіз емес пе? Кешегі төрт тұрманы мен төрт құбыласы түгел, бай-қуатты, шалқыған әулеттің отызыншы жылдардың басында бағы тайып, қырқыншы жылдардың басында жағдайлары тіпті қиындай бастайды. Алдымен 1939 жылы Шабарман атам (Байкенже атам) өмірден өтеді. Мұхамеджан атам да, Қабыл атам да бай-манаптарға жалданып, біреулердің малын бағып, біреулердің егінін егіп дегендей күн кешеді. Адам төзгісіз ауыр жұмыстарда жүріп, ішіне ыстық түсіп кетсе керек, 1948 жылы Қабыл атам, артынан араға бірнеше жыл салып Мұхамеджан атам да өмірден өтеді. Атам кетіп, шиеттей баламен Тұрсынбүбі әжем жесір қалады.

 

Өмірге келдім еңбектеп

Шалқалап әкем шықты үйден.

Жетімдік тағдыр жетектеп

Қабағын жабады түксиген, – деген дауылпаз ақын Қасымның тағдыры менің әкемді де айналып өткен жоқ.

Әкеден ерте айырылған бала тым ерте есейеді. Анасы аналық махаббатқа бөлеп, әкенің жылуын сездіруге тырысып бақты.

 

Осы жерде айта кетейін, Мұхамеджан атам қайтыс болғаннан кейін оның кенже ұлы Тұрсынғали ағам да, Байкенже атамның ұлы Қабидолла ағам да, менің әкем де Мұхамеджан атамның ортаншы ұлының тәрбиесінде өсті. Үшеуі де сол кісінің үйінде көбірек болып, тай-құлындай қатар өсті. Мектепті бірге бітірді. Шәуешек гимназиясында 1950 жылдың басында қатар оқыды. Жаңа атам туралы айттым ғой, сондай бір өнерпаз әкеден туып, он жасқа дейін оның тәрбиесін көрген, өнегесін алған әкемнің өнерпаз болмауы мүмкін емес еді. Ол да атам сияқты музыканы жаны сүйді, мандолина, аккордеонға бала жастан құмар болды. Сол Шәуешек гимназиясындағы барлық пәндері үздік оқумен бірге өнерпаз ретінде мойындала бастады. Әкемнің Шәуешек гимназиясында бірге оқыған сыныптасы, көрнекті жазушы Қабдеш аға Жұмаділов «Танцыға енді үйрене бастаған біздер Мерхамиттің гормонына билейтінбіз. Залдың төрінде қоңырала баянын құлаштай созып Мерхамит отырады. Параллель сыныптарда татар, өзбектің қыздары оқиды. Биді қыздыратын – солар» деп еске алады «Таңғажайып дүние» деп аталатын роман-эссесінде.

1956 жылы Шәуешек гимназиясын бітірген соң, Қытайдың ең жоғарғы атақты университеттерінің бірі Пекин педагогикалық университетінің физика факультетіне оқуға қабылданады. Алдымен 1956-57 жылдары Орта ұлттар институтының дайындық курсында бір жыл қытай тілін оқып, зерделілігімен қысқа уақыт ішінде қытай тілінде еркін сөйлей алатын, жаза алатын, аудара алатын дәрежеге жетеді. Бұнда келген соң да өнерпаздығымен, бауырмалдығымен студенттер ортасында танымалдылыққа ие болды. Сол ұлттар университетінің дайындық курсында бірге оқыған курстас досы, баспагер Ахмет Дауди былай деп еске алады. «Біз 1957 жылы 4 мамырда Қытай жастарының еркіндікке, тәуелсіздікке ұмтылған жастар қозғалыс ретінде аталып өтетін мемлекеттік мерекесі қарсаңында сол кездегі Кеңес одағының ірі саяси қайраткері, атақты маршал, аты-жөнін ұмыттым, Бейжіңге сапарлай барады. Құрметті қонаққа Жұң нан хайда Қытай басшысы Мао үлкен қонағасын береді. Сол салтанатты шарада әкем аккордеонда орыстың әйгілі «Антошка» би әуенін құйқылжыта орындағанда жасы егде тартқанына қарамастан атақты маршалдың өзі отырған жұртты тамсандырып, орнынан тұрып, билей жөнеледі. Өнердің құдіреті деген ғажап емес пе, аккордеонда «Антошка» ойнағанда делебесі қозбайтын орыс жоқ шығар.

Сонда ол кісі әкемнің арқасынан қағып, ол әуенді қайдан үйренгенін сұрады дейді. Осы арада тағы бір ұлы тұлғамен кездесу сәтін еске алады Ахмет аға. 1956 жылы ШҰАР-дың  бірінші хатшысы Ваң Ын Маомен, оның төрағасы, атақты Сәбпыдин Азиз (Бұл кісі ұйғырдың көрнекті әдебиетші ғалымы, ақын. «Шыңжаңда өткен елу жыл» деген кітаптың авторы) Бейжіңге барған бір сапарында астанада оқитын Шыңжаңдық студенттермен жастарды, сонда қызмет істейтін Шыңжаңдық кадрларды шақырып, 8 наурыз мерекесіне арнап үлкен салтанатты кеш ұйымдастырады. Кештің қонағы сол кездегі Қытай үкіметінің премьер-министрі, қытай халқының ұлы перзенті Жоу ынлай болады. Осы кеште әкем аккордеонмен Шыңжаңдағы аз санды ұлттардың әуендерін нақышына келтіріп шалқытқанда, әсем әуенге еліткен жаны нәзік премьер ортада тұрған әдемі киінген қазақ қызын (бұл атақты  Таңжарық ақынның  қызы Шара Таңжарыққызы еді) биге шақырып, аккордеонның сазымен тербелді дейді.

Дайындық курсты бітіріп, Бейжің педагогика университетінің физика мамандығында оқып жүргенде Пекин консерваториясының бір профессоры әкемнің музыкалық талантын байқап, оны консерваторияға оқуға алмасуға қолқа салады. Бірақ ол бақыт әкеме бұйырмапты. Өзі  басқа мамандықта оқи жүріп музыкалық білімін жетілдіріп, музыкант Мерхамит, баяншы Мерхамит, аккордеоншы Мерхамит атаныпты. Содан көп кейін әкемнің: «Әттең, сонда сол профессордың сөзін тыңдап, консерваторияға барғанымда ғой», – деген ішіндегі бір өкінішін айтқаны есімде.

1961 жылы оқуын ойдағыдай бітіріп, Шыңжаң педагогикалық университетінің жанындағы тәжірибе орта мектебіне физика пәні оқытушысы болып біраз жыл жұмыс істеп, кейін отбасылық жағдайына байланысты Шәуешекке алмасып, Тарбағатай аймақтық үкіметтің аппаратына аудармашы болып жұмысқа келеді. Бұл кез Қытайда 1957-58 жылдардан басталған  оңшылдыққа қарсы  саяси толқынның жалғасып жатқан кезі болатын.

Осы жерде жүріп анаммен танысып, отбасын құрып, шаңырақ көтереді. «Заман – соққан жел, дүние – үлкен көл» демей ме, жаңағы 1957 жылдан басталған саяси толқын бәсеңдегендей болғанымен, 1966 жылы басталған мәдениет төңкерісі заманның астаң-кестеңін шығарды. Елдің ішіндегі оқыған азаматтар сасық буржуазияшыл элемент делініп, бастарына қағаз қалпақ кигізіліп, қудалауға түсті. Ол кезде жазықты адамдар үшке бөлінеді екен. Біріншілері – шетпен астасқан қылмыстылар, бұларға жаза ауыр болған. Екіншілері – мансап ұстаған ата-бабаларынан қолында билік үзілмеген байлардың тұқымы, олардың қолындағы байлықты күшпен тартып алып, өздерін еңбекпен түзету лагеріне жіберіп отырған. Үшіншісі – еңбекпен тәрбиелеу, онда төменгі сатыларға жіберіліп, қатаң бақылауда ауыр еңбекке жеккен. Менің әкем осы үшінші топқа еніпті. Осылайша сасық буржуазияшыл деген саяси жаламен әкем Қарабақ деген жерде еңбекпен түзеу лагерінде болады да, анам оқуды жаңа бітірген студент болғандықтан,  Шәуешекте қалып қояды. Кейін 1977 жылдың соңында Қытай билігіне ұлы реформатор Дың Циао Пың келген соң демократияның жылы лебі есе бастайды. Кешегі қуғынға түскен зиялылар ақталып, еркіндікке шығады.

Ол да кешегі жабылған жаладан, жағылған күйеден ақталып, Шәуешек аудандық мәдениет мекемесіне қызметке келіп, біраз жыл кітапхана секторын басқарып, кейін мекеме бастығына көтеріледі. Осы қызметке келген бетте ол ұлт руханиятының жауһарларын түгендей бастайды. Ең арасынан халықтың ән-күйлерін, жыр-дастандарды, фольклорлық мұраларын жинастырып, оны зерттеп, жүйеге түсіріп, том-том кітап құрастырудың қамына кіріседі. Сол 1970 жылдардың соңында қазақтың айтыс өнерін тірілтіп, ел ішіндегі айтыскер ақындарды іздеп тауып, Шыңжаңда тұңғыш рет айтыс ұйымдастырады.

Шәуешек қаласының Шашы ауылында тұңғыш ақындар айтысын өткізеді. 1985 жылы Тарбағатай аймақтық мәдениет басқармасына жауапты қызметке  келгеннен кейін Тарбағатай аймағында тұңғыш рет ақындар айтысын Сауан ауданының атақты Ұлужан  жайлауында өткізді. Белгілі халық ақындары Бердіхан Абайұлы, Жамалхан Қарабатырқызы секілді кіл жүйріктердің халыққа танылған тұсы осы кез болатын. Тарбағатай аймағының мәдениет саласын басқарған жылдарында бұқаралық мәдениетті жаңа деңгейге көтерді. Аудандарда ойын-сауық үйірмелерінің ашылуына тікелей жетекшілік жасады, Шәуешектің талантты өнерпаздарын жинап, кәсіптен сыртқы атақты «Дүбек» ансамблін құрды. Бұл Шыңжаңдағы алғашқы кәсіптен сыртқы ансамблі ретінде бүкіл елге танылды. «Қазақтың 100 әні», «Қазақтың 100 күйі» деген үлкен еңбектер құрастырып, баспаға дайындады.

Ол кісінің үлкен еңбегінің бірі – ел ішіндегі таланттарды байқап, оларды аймақ, аудандардағы мәдениет ошақтарына жұмысқа алғызып, Іле облысының көркемөнер мектебі және Шыңжаң көркемөнер институты, орталық музыка институтын, Пекин-Шанхай консерваториясына оқуға жіберіп, сол таланттарды үлкен өнер жолына салды. Бүгінде сол кезде бұл кісі талантын танып, жолын ашқан сол жастар Алаш жұртына белгілі өнерпаздар. Әнші Гүлнар Абдолла, Жанат Тоқтасын, Бақыт Пешен, Ақан Бақшай, Құрманбек Әлімғазы, белгілі күйшілер Уран Ақатай, Еркін Ерген тағысын тағылар.

Бұл кісі қандай да бір жауапты мемлекеттік үлкен қызметтерде жүрсе де тым қарапайым, үнемшіл, мемлекетшіл тұлға болды. Бір ғана мысал келтірсек, аймақтан өлкеге жиналыстарға барған кездерінде жалғыз адамға бола халықтың ақшасын шығындамайын деп, астында мініп жүрген машинасын қалдырып, автобуспен кеткен кездері көп болған. Бұл оның нағыз халықшыл, мемлекетшіл тұлға екенін айғақтаса керек. Ол қай кезде де мемлекеттік қызметкерлерге жарқын үлгі болары анық. «Иә, алпысқа келсек екен енді біздер» деп ұлы  Мұқағали ақын армандаған сол алпысқа ол ілінбей кетті. 1993 жылдың 12  желтоқсанында, өзі туған Шәуешекте мәңгілік сапарға аттанды.

– Кешегі сағынышқа айналған студенттік өмір, жастық алаулы шақ, іңкәр сезім, махаббат хикаясы есіңізден шықпаған болар. Қазақтың классик қаламгері Рақымжан аға Отарбаевтың  «Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады» дегені бар.

– Мен Шәуешектен 1984 жылы Тарбағатай аймақтық екінші ортадан онжылдықты бітіргеннен кейін мемлекеттік біртұтас емтиханнан (ұлттық бірыңғай тестілеуден) өтіп, Үрімжідегі Шыңжаң педагогикалық университетінің география факультетіне оқуға түстім. Бұл бір ғажап шақтар еді ғой.

Сол екінші курста оқып жүргенде Талғат ағаңмен таныстым. Бір күні Шыңжаң оқу-ағарту институтында оқитын Дилара әпкем (Тұрсынғали атамның қызы) екеуміз Шәуешектен келе жатқан Кәрім жездемді (ақын Кәрім Дүйсенбайұлы) күтіп алдық. Жанында бойшаң, маңдайы кереқарыс, ақсары жігіт бар. Кәрім жездемнің ауылдас досы екен. Бірер жыл бұрын Шыңжаң университетінің информатика факультетін профессор Сұлтан Жанболатовтың курсынан бітіріп, сол информатика факультетінің радио-электроника физикасы кафедрасында аспирант әрі оқытушы екен.

Менің ойымда ештеңе жоқ, Дилара әпкем мәз. Он жеті-он сегіз жастағы бойжеткен қызбын. Сөйтсем, әпкем мен жездем Талғат ағаңа мені сыртымнан таныстырып, оны менімен кездестіру үшін әдейі ертіп келген екен. Содан не керек, «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» демей ме, сол екінші курста оқып жүріп екеуміз қыз-жігіт болып табыстық. Содан басталған алғашқы таныстық махаббатқа ұласты.

Жаңа айттым, мен әкеммен өте жақын болдым деп. Біз Талғат ағаңмен танысқаннан кейін, көп өтпей әкем Үрімжіге іссапарға келген орайда Талғат ағаңды таныстырайын дедім. Әкем: «Бұл жігіттің маңдайы жарық екен», – деп ықыласын білдіргені есімде.

Жасөспірім Фарида белгілі мәдениет және мемлекет қайраткері, әкесі Мерхамит Құрбановпен

 

1988 жылы университетті бакалавр дәрежесімен, қызыл дипломмен бітіріп жатқанымда Шыңжаң ғылым-техника баспасының бас редакторы, белгілі ғалым, аудармашы Хәкім аға Әкімжанұлы біздің университетке келіп, баспаға редактор-аудармашы мамандарды енді бітіріп жатқан студенттердің ішінен таңдап алу үшін емтихан алды. Осы жолғы таңдаудан өтіп, баспаға аудармашы-редактор болып орналастым. Онда жаратылыстану және география редакциясында аудармашы, редактор болып қызмет еттім. Онда ғылыми әдебиетті аудару, редакциялау жұмысымен айналысып, баспагерлік пен редакторлықтың ұстаханасында шыңдалып,  аудармашы-редактор болып қалыптастым. Көптеген кітаптардың аударма жұмыстарының редакциясына қатыстым. Сонда жүріп бірнеше кітап аудардым.

Талғат ағаң сол Шыңжаң университетінің информатика факультетінде лектор, артынан доцент бола жүріп, аспирантураны да қатар оқып бітірді. Сөйтіп жүріп төрт-бес жыл қыз-жігіт болып жүріп, 1989 жылы отау құрдық. Бұл да бүгінде сағынышқа айналған, қызығы мен шыжығы мол сәулелі шақтар еді-ау!..

– Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы алаң-елең шақта егеменді жас мемлекеттің өркендеуіне үлес қосу үшін елге келген алғашқы толқынның ішінде сол кездегі жас ғалым Талғат аға Мамырұлы, баспагер-аудармашы Фарида Мерхамитқызы, яғни сіз де барсыз.

– Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алған кезде, біз Үрімжіде «Қазақстан тәуелсіздік алды» дегенді естіп, жүрегіміз жарыла қуандық. Үрімжідегі өзіміз араласатын жас зиялылар бас қосып, тәуелсіздікті тойлағанымыз бүгінге дейін көз алдымда. 1992 жылы көктемге таяу Шыңжаңға сол кездегі Қазақстан Республикасының «Достық» қоғамының төрайымы Жібек Әмірханова ханым барды. Сол сапарында Үрімжідегі қазақ диаспорасының өкілдерімен қатар, жастармен де кездесті. Сол кезде ол кісі: «Егеменді ел құрдық, сіздерді, шетелдегі атажұрттан алыста жүрген қазақтарды Президент Нұрсұлтан Әбішұлы елге шақырып жатыр. Жас мемлекетке барып үлес қосыңыздар, іргесін бізбен бірге қаласыңыздар», – деді.

Жібек Әмірханова ханым маған терең әсер қалдырды.  Ол кісінің азамат ретіндегі, әйел ретіндегі, қайраткер ретіндегі ұстанымы, тіпті киім киісі мен жүріс-тұрысы мен ішкі мәдениеті маған жас мемлекеттің болашағын көрсеткендей болды. Сол кісінің сөзі себеп болып, біз 1992 жылдың күзінде Отанға оралдық.

Сіздің дизайн және сән, киім өндірісі саласына келуіңізге не себеп болды? Келесі жылы өзіңіз негізін қалап, жастығыңызды, бар күш-жігеріңізді арнаған «Ерке-Нұр» АҚ-ға 30  жыл толады екен. Осы 30 жылда қандай баспалдақтардан өттіңіздер?

– Біз алғаш елге келгенде, қазіргідей емес, еліміз жаңадан тәуелсіздік алып, елдің іргесін қалап жатқан кез ғой. Мұнда келген соң, Достық үйінде шетелдіктерге қазақ тілінен сабақ беретін жұмысқа тұрдым да, Талғат ағаң Ғылым академиясының ғылыми қызметкері болып қызмет істеді.

Сөйтіп жүргенде, менен дәріс алып жүрген адамдар Қазақстанға бөтен бір идеологиялық ағымды енгізуді мақсат еткен миссионерлер болып шықты. Бір күні Талғат ағаң маған: «Ертеңнен бастап жұмысқа бармайсың, жұмыстан шығасың», – деп, жағдайдың мән-жайын толық түсіндірді. Мүмкін, оның көрегендігі мен зиялылығы болар, мені үлкен бір қатерден сақтап қалды. Әйтпесе, шоқынып кетуім де мүмкін еді. (күлді)

Ол кезде елдің қолында ақша жоқ. Халықтың жағдайы қиын, қызметкерлердің еңбекақысы мардымсыз еді. Ағаңның академиядан алатын жалақысы небәрі 8-ақ сом ғана болатын. Қалайда Талғат ағаңның бір жағына шығып, күн көрудің жолын табу керек болды.

Бала кезімде әкемнің кішкентайымнан суретшілікке баулығаны бар, ептеп сурет салатын шығармашылық қабілетім бар-тын. Әкем менің киімімді өзі тіктіріп кигізетін. Киімнің дизайнын өзі жасап, ою-өрнегіне дейін сызып, матасын өзі таңдайтын. Бұл мені есейе келе шығармашылыққа жетеледі де. Содан ойлана келе дизайнын өзім жобалап, авторлық бірнеше костюм тігіп, базар мен дүкендерге өткізе бастадым. Біртіндеп сұраныс көбейді. Басында бір-екі дана ғана тігілсе, кейін төрт-бес, тіпті он шақты данаға дейін тапсырыс түсетін болды.

Бір күні Талғат ағаңа кішігірім тігін өндірісін ашқым келетінін айттым. Ол бұл бастамамды қолдады. Осылайша «Ерке-Нұр» кәсіпорнының алғашқы қадамы басталды.

Алғашында төрт-бес адаммен және үш тігін машинасымен жұмыс бастадық. Содан  бизнес-жоспарымды дайындап, Алматы қалалық жұмыспен қамту мекемесіне бардым. Ондағы мамандарға кадр мәселесі, яғни білікті мамандар іздеп жүргенімді айттым. Солардың көрсетуімен  бұрын тарап кеткен  фабрикаларда жұмыс істеген тәжірибелі төрт-бес маманды жұмысқа шақырдым. Сөйтіп алғашында төрт бес адаммен, үш-төрт тігін машинасымен жұмыс бастадық. Сөйтіп, «Ерке-Нұр» кәсіпорнының өндірістік негізі қаланды. Кәсіпорын бірте-бірте дамып, кеңейе түсті. Ұлттық киім үлгілерін заманауи талғаммен үйлестіре отырып, ерлерге, әйелдерге және балаларға арналған сапалы киімдер, мектеп формалары мен әскери формалар өндіре бастады.

Алғашында бірнеше адам ғана еңбек етсе, қазір жүздеген адам жұмыс істейтін ірі кәсіпорынға айналып, мемлекетке миллиондап салық төлеп отырдық. Кәсіпорын жанынан «Ерке-Нұр» сән театры құрылып, жаңа коллекциялар дайындалды. Қазақстанның түкпір-түкпірінде және шетелдерде – Жапония, Бельгия, Франция, АҚШ, Түркия, Қытай, Жапония, Ресей сияқты елдерде – қазақтың ұлттық киім үлгілері көрсетіліп, қазақ мәдениеті халықаралық деңгейде насихатталды.

Бірнеше рет «Қазақстан» қонақ үйінде және Республика сарайында сән көрсетілімдері мен көрмелер өткізілді. Бұрынғы баспагерлік, редакторлық тәжірибеме сүйене отырып, сән журналы да шығардым.

Журналдағы материалдардың басым бөлігін өзім жазып отырдым. Сонымен қатар, «Тамаша» театрының директоры Ұлықпан Есенов ағамызбен келісім негізінде жұмыс істедік. Театр әртістерінің сахналық киімдерін біздің кәсіпорын дайындап берді. Осы арқылы өзіміздің өндірген киім үлгілерімізді жанама түрде насихаттап, ұлттық сәнді кеңінен танытуға мүмкіндік алдық.

– Сіз тек кәсіпкер ғана емес, қоғам қайраткері ретінде де танымалсыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде Мәжіліс пен Ассамблеяның биік мінберінен әлеуметтік мәселелерді көтергеніңізді білеміз. Қоғамдық қызметіңіз туралы айтып берсеңіз.

– Мен Қазақстан халқы Ассамблеясына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының сол кездегі бірінші орынбасары Қалдарбек аға Найманбаевтің (пейіште нұры шалқысын) ұсынуымен бардым. 1996 жылдан бастап күні кеше  Қазақстан халқы Ассамблеясы тарағанға дейін Ассамблеяда жұмыс істедім. Ассамблея жанынан «Ерке Нұр-Шарапат» атты қоғамдық қор құрып, сол арқылы көптеген қайырымдылық жобаларды іске асырдық.

2011 жылы  қазақ көші-қоны  бағдарламасы аясында ұлттық жаңа концепциясы туралы авторлық жобаны ұсындым. Осы жоба арқылы шетелдегі қазақтардың азаматтық алу мәселесін, көші-қон және ішкі көші-қон мәселелерін мемлекеттік деңгейде көтеруді көздедім.

Қазіргі ішкі көші-қон саясатының ол кездегі жазылған концепция негізінде іске асып отырғанын бөле-жара айтқым келеді. Шетелден, яғни Қытайдан Қазақстанға келетін қандастарға виза беру тәртібін енгізуді де көтеріп, оны іске асырдық. Қазақстан халқы Ассамблеясында 2013 жылы Ақсақалдар кеңесін құру идеясын көтеріп, сол арқылы елдегі қауіпсіздік мәселесінің оң шешілуіне әсер еттік. Қазақстан Президентінің жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі әрі сарапшысы ретінде отбасы институты, ана мен бала құқығы, әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша қоғамдық сараптамалар жасап, Президентке ұсыныстар жолдап отырдым. Бұл ұсыныстар арқылы отбасы институтын нығайтуға және әлеуметтік саясаттың жетілдірілуіне белгілі бір дәрежеде әсер етті.

Сол кездегі Ассамблея төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Ералы аға Тоғжанов «Қазақтың қаршадай қызы ұлттық көші-қонның мемлекеттік концепциясын жасауы – үлкен ерлік» деп тұжырымдаманы әзірлеуге қосқан үлесімді жоғары бағалап, ерекше  атап өткен болатын.

2010 жылы сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың ұсынысымен Семей қаласының іргесіндегі Курчатка қалашығына Қытайдан бір топ отбасын көшіріп келіп қоныстандырдық.

– Отандық өндірістің қалыптасуына үлес қосқан кәсіпкер ретінде бізде ұлттық буржуазия қалыптасты деп айта аласыз ба?

– Еліміз тәуелсіздік алған 35 жылда отандық өндірістің  толық қалыптасқанын көріп отырмыз. Әрине, әлі де атқарылатын жұмыс бар. Бірақ тәуелсіздік алған 35 жылдың ішінде отандық өндірістің негізі қаланды деп сеніммен айта аламын. Мысалы, бір ғана Алматы қаласының бюджет кірісінің қомақты бөлігін, яғни 33 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Бұл тек сату мен қызмет көрсету саласы ғана емес, отандық өндірістің де басым үлесі бар деген сөз.

Бізде ұлттық  буржуазия толық қалыптаспаса да, оның алғышарттары дайын деген сөз. Себебі байығанның бәрі ұрлықпен немесе тонаумен көтерілмейді ғой. Оның артында еңбек, білім, парасат, табандылық жатады. Сондықтан ұлттық экономиканың берік іргетасы қаланды, енді оны нығайту – келесі буынның міндеті.

– Жетістікке жетудің басты сыры неде деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, өз ісіңді жақсы көру. Жасаған жұмысыңа шығармашылық көзбен қарау. Табандылық пен биік мақсат керек.

       Қазақта «Қыз жасын айтпайды» дейді ғой.

«Бәрін де көрдіңіздер,

Бәріне көндіңіздер,

Бәріне сендіңіздер,

Бәріне бердіңіздер,

Сіздер алпысқа келдіңіздер» деп Мұқағали ақын айтқандай, алпысқа келіп жатыр екенсіз. Неден ұтып, неден ұтылдым деп ойлайсыз?

 – Мен жаңа айтып өттім, алдымен бақытты өмір кештім. Енді өмір болған соң, пенденің ұтылатын тұстары көп болады ғой. Өмірде ұтылған тұсым да, ұтқан тұсым да болды. Жалпы, мен бақытты перзентпін, бақытты анамын, бақытты әжемін. Артымда арқа сүйер азаматым, балаларым бар, немерелі болып жатырмыз. Өмір қызығынан айырмасын.

– Әңгімеңізге рақмет! Сізге мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Шығармашылығыңыз арта берсін!

 

Сұхбаттасқан – Гүлфия ЕЛТАЙҚЫЗЫ,

Алматы қаласы

22.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23541
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23200
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39608
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36688
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40846