«Мен олардың бір бөлшегі болғым келеді», – деп, Мадс Миккельсен Астанадағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы пікір білдіріпті. Атақты голливуд актері Мадс Миккельсен Астанадағы ComicCon фестивалінің арнайы қонағы болды. Әлемге танымалдығымен қоса, «Ганнибал» және «Доктор Стрэндж» жұлдызы Қазақстанның астанасына тәнті болғаны сонша, алдағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бір бөлшегі болғысы келетінін ашық айтыпты. Мадс Миккельсен Астананы жақсы білмесе де, оған қала қатты ұнаған көрінеді. «Мен Астананы жақсы білемін деп айта алмаймын, өйткені мұнда небәрі 30 сағат қана болдым. Бірақ қала өте әдемі деп сенімді түрде айта аламын. Тағамдарыңыз ерекше ұнады, өте дәмді. Мен көп ет жедім, оны қанша жегенімді де айта алмаймын, бұл керемет! Біз Даниядан болғандықтан, Астананы велоспорт командасы арқылы білеміз. Біз Тур де Франсқа барған кезде сіздердің вело командаларыңыз танымал болды. Олардың велосипед жарысын көру керемет болар еді. Мен көшпенділер ойындарын көріп қана қойғым келмейді. Олардың бір бөлшегі болып, құс ұстап, атқа мінгім келеді», – депті актер ағынан жарылып.