Граффити жаңа заманның мәдениетімен қатар дамыған көркем өнердің жарқын түрі, тәуелсіз жанры, басқаша айтқанда, стрит-арт. Көптеген елдер мен қалаларда суретшілер көше қабырғаларында нағыз шедеврлер жасайды. Дей тұрғанмен, біреудің мүлкіне осы мүлік иесінің рұқсатынсыз граффити салу вандализм деп саналады әрі заңмен жазаланады. Бірақ, көпқабатты үйлердің қабырғасында, иесіз қалған гараждардың сыртында салынған өнер туындыларына қарап көше суретшілеріне заң да тоқтау бола алмағанын анық байқауға болады.
Тараздағы шағынаудандардағы көпқабатты тұрғын үйлердің қабырғасына ақын-жазушылардың, белгілі тұлғалардың бейнесі мурал ретінде 2018 жылдан бері салынып келе жатыр, бұл игі іс өз жалғасын әлі де тауып келеді. Ал, мурал мен граффитидің айырмашылығы, мурал көлемі жағынан тұтас үйдің қабырғасын алатындай үлкен болуы мүмкін, граффити шимай-шатпақ жазу, я көлемі алақандай ғана сурет түрінде шет аудандарда көп кездеседі. Мурал эстетикалық, көркемдік мәнге ие өнер туындысы, ал граффитиде көбінесе тыйым салынған дүниелер бейнеленіп, көше суретшілерінің жан дүниесінен хабар беретін көпке түсініксіз суреттер салынады. Бүгінде қаланы граффитиден тазарту үшін арнайы рейдтер жүргізіліп, еріктілердің қатысуымен граффитилерді бояп, жою жұмыстары жүйелі түрде қолға алынды.