6 шілде – Астананың туған күні. Әсем қала мүшел жастан асты. Яғни, 26 жасқа толып отыр. Астана бүгінде адам танымастай өзгерді. Шаһар 1997 жылы еліміздің бас қаласы болып ауысқалы еңсесін тіктеп, болашаққа қарай беттеп келеді. Иә, ширек ғасырда қала қарқынды өсті. Гүлденді, өркендеді, көлемі де ұлғайды. Алып нысандар бой көтеріп, архитектуралық сипаты өзгерді. Сан салада серпін болып, экономикалық әлеуеті жоғарылады. Әрине, жастарға көп мүмкіндіктер берілді. Астана жастардың қаласы атанды. Әлемдегі ең көрікті қалалардың қатарына да енді. Әсем шаhар арқылы Қазақстанды жаhан таныды. Тиісінше бірқатар әлемдік тақырыптар талқыланатын орталық алаңына да айналды.
Осылайша Астана бейбіт те берекелі өмір мен болашақтың символына айналды. Астана күні құтты болсын! Ерке Есілдің жағасында бой көтерген бас қаламыздың еңсесі биік болғай! Сәулеті мен дәулеті жарасқан, ұлттың ұлы тұғырына
айналған бағаналы бақ ордамыздың мәртебесі арта берсін!
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қала күні мерекесімен құттықтады.
«Құрметті Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары!
Елордамыздың 26 жылдығы құтты болсын!
Қаламыздың қалыптасуы мен даму жолының артында қашанда сіздер тұрасыздар! Сіздер түрлі салаларда еңбек етіп жүрсіздер: балаларға білім беру, науқастарды емдеу, нысандар салу, туризмді дамыту. Әрқайсыларыңыз қаламыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрсіздер.
Астанамыз 300 мың тұрғыны бар Арқа даласындағы шағын қаладан ірі мегаполиске айналды. Қазір қалада 1,5 миллионға жуық адам тұрады.
Қаламызды одан ары жайлы ету жолында жүйелі бірқатар мәселені шешу үшін жұмыс істеп жүрміз. Олар – тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері, инженерлік және жол инфрақұрылымы, білім беру, спорт және медицина нысандары, қоғамдық және аулалық кеңістіктер нысандарының құрылысы.
Бұл күндері қалада ондаған түрлі іс-шара өтіп, жаңа қоғамдық және аула кеңістіктері ашылып жатыр.
Астана күні құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, мол бақыт, қажымас қайрат тілеймін!» – деп жазды Жеңіс Қасымбек.