Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бүгінгі таңда ауылдық округтің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде. Бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде ауылдардың әл-ауқаты артып, халықтың тұрмысы түзелуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында елді мекендерде орта және шағын кәсіпкерлікті, «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» сияқты жобалар мен бағдарламаларды дамытуға баса мән берілген. Бұл бағдарламалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, ауылдық округтің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізері анық.
Бүгінде ауданның өзінде көптеген мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Оның нәтижесін ел көруде. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы мен «Бастау Бизнес» жобасы аясында округте кәсіп ашқандар қатары артып келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Себебі, кез келген елдің экономикасының негізі – шағын және орта кәсіпкерлікте. Бұл бағытта округте 159 жеке кәсіпкерлік субъектісі, 3 заңды тұлға, 238 шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Халыққа округ аумағында бір сауда орталығы, бес шағын маркет, жеті азық-түлік, бір құрылыс, бір автобөлшектер дүкені, жанармай құю бекеті, екі шаштараз, тігін шеберханасы, дәріхана, ветеринариялық дәріхана, тіс емханасы, тойхана мен жиһаз цехы, екі ағаш тілу станогы бар шағын цехтар қызмет көрсетуде. Бұл кәсіпкерлік нысандарында 247 адам жұмыспен қамтылған.
Бүгінгі таңда, округтегі мүйізді ірі қара – 3613, қой-ешкі – 7614, жылқы 686 басқа жеткен. Құс саны 8500 басты құрап отыр.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның» шеңберінде округімізде мал шаруашылығын дамыту мақсатында 5 шаруа қожалық «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 5 және 6 пайыздық жеңілдікпен несие рәсімдеп, 23,5 миллион теңге несие алды. Оған жылқы мен қой- ешкі алынды.
Сондай-ақ, ұлттық жоба аясында 362 адам жұмыспен қамтылды. Оның 16-сы әлеуметтік жұмыс орындарына жолданса, тұрақты жұмыс орындарымен 178 адам жұмысқа орналастырылды.
Ақылы қоғамдық жұмысқа – 35, жастар тәжірибесімен 11 жас жұмысқа тартылды. Сондай-ақ, кәсіптік оқуға – 6, жұмыссыздарды жұмыс берушілердегі жұмыс орнында оқыту мақсатында 3 адам оқуға жолданды. «Еңбек КЗ» платформасында талап етілетін дағдыларға онлайн оқытуға – 7, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 94 адам оқытылды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының күшімен өткен жылы бидайдан 2572,09, мақсарыдан 2954,8, арпадан 7234,72 тонна өнім жиналды. Ал, «Инвест субсидия» бағдарламасы шеңберінде ауылдық округ бойынша 5 шаруа қожалық, «Жас маман» бағдарламасы бойынша No16 Жуалы колледжі ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып отыр.
Атап айтсақ, No16 Жуалы колледжі «Мещера Е-403» маркалы комбайнын, «Мақпал» шаруа қожалығы «Беларус-952,2» тракторын шөп турайтын тіркемесі және соқасымен бірге сатып алған. «Жанат» шаруа қожалығы шөп турайтын тіркемені, «Мирас» және «Көркем» шаруа қожалықтары екі соқа, «Айбар» шаруа қожалығы «Беларус-892,2» тракторын шөп турайтын тіркемесі және соқасымен бірге алып отыр.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында округте бірқатар жұмыстар атқарылды.
Атап айтсақ, Ақбастау елді мекеніндегі Төле би, Қойгелді және Береке көшесінің бірінші бұрылысы орта жөндеуден өткізіліп, жолдары қалыпқа келтірілді. Оның құрылыс жұмысын «Қазына Құрылыс – 2020» ЖШС жүргізді.
Сонымен қатар, Қарасаз ауылының Бейбітшілік, Нұрлы жол, Ы.Алтынсарин көшелерін жарықтандыру жұмыстары мен Көктас ауылындағы Достық көшесінің және Қарасаз ауылындағы Бірлік көшесінің көше жарығының шамдарын ауыстыру жұмыстары атқарылды.
Қарасаз ауылдық округінің 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспары әзірленіп, бекітілді. Даму жоспарының инвестициялық жобаларына сәйкес, Қарасаз ауылдық округінің 5 елді мекенінде 5 жоба іске қосылды.
Атап айтар болсақ, 3 азық-түлік шағын маркеті, 1 мал азығын сататын орын және 1 спорт клубы. Ендігі кезекте, Қарасаз ауылында Жамбыл, Абай, Нұрлы жол, Ы.Алтынсарин көшелерінің және Бірлік көшесінің екі бұрылысымен жапсарлас бөліктерінің автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, Қарасаз ауылының Гагарин көшесін және Ақбастау ауылының Қойгелді көшесін жарықтандыру жұмыстары қолға алынатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, пайдаланылмай жатқан жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытында да жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Зерделеу жұмыстарының барысында малы жоқ бір шаруа қожалықтың 12 гектар жайылым жері сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал, үш шаруа қожалық 437 гектарды алып жатқан жайылым жерлерді өз еркімен қайтаруға өз өтініштерін берді.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында жастарға үнемі көңіл бөліп отыруды айтты. Бүгінгі таңда ауыл халқының төрттен бірін құрайтын жастар – мемлекетіміздің басты капиталы. Оларға саналы тәрбие мен заман талабына сай сапалы білім беріп, ел игілігі жолында еңбек етулеріне бағыт-бағдар көрсету баршамыздың міндетіміз. Қарасаз ауылдық округінде жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша, рухани-мәдени, діни, саламатты өмір салтын насихаттау бағытында 33 семинар мен жиындар, кездесулер және түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда округте 897 жас бар. Олардың 130-ы жоғары оқу орнында оқыса, 57-сі арнаулы оқу орындарында білім алуда. Отан алдындағы әскери борышын өтеуге 10 азамат алынды. Ауыл жастары арасында спорттық сайыстар мен жарыстар жиі ұйымдастырылып отырады.
Сонымен қатар, ауыл жастарының арасынан құрылған «Еріктілер тобы» ауылдағы жасы үлкен қарияларымызға және әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға үйіне барып көмектерін көрсетіп келеді.
Мәселен, округтегі Ақбастау ауылының тұрғындары мен кәсіпкерлерінің демеушілігімен аз қамтылған жас отбасы «Асар» жобасы аясында баспаналы болды. Бес бөлмелі үйдің құрылыс жұмысына 15 сотық жер бөлінген еді. Ақбастау ауылының тумасы Жандос Баетов өз қаражаты есебінен «Рысбек» спорт клубын ашты. Қазіргі таңда онда 50 оқушы үстел теннисі, бокс, күрес үйірмелеріне қатысып жүр.
Сонымен қатар, спорт клубтың ауласына жобалық құны 14 миллион теңгені құрайтын спорт алаңының құрылыс жұмысы жүргізілуде. Онда кіші футбол, волейбол, StreetWorkout алаңшалары орналаспақ. «Жомарт жүрек» жобасы аясында Медетовтер отбасы Жүрінбай ауылына екі аялдама салып берсе, одан бөлек, Қарасу ауылына Матеевтер отбасы екі аялдама салып беріп өздерінің азаматтығын танытты.