Қасиетті Рамазан айының соңғы онкүндігі ғана қалды. Исі мұсылман баласы шарапаты мен шапағаты мол осы айды асыға күткені, бұл күнге аман-есен жеткені үшін тәуба айтып, шүкіршілік еткендері шүбәсіз шындық. Жүректерінде Аллаға деген сүйіспеншілігін орнықтырып, оның нұры мен ризалығына бөленуден артық не бар дүниеде?! Сол үшін ауыздарын бекітіп, ішіп-жеуден тыйылған құлдарының сауапты айдан күтері де аз емес. Бұл айда жаман істерімізді кемітіп, жақсы амалдарымыз бен имани істерімізді еселей түскеніміз абзал.
Нарық билеген қазіргі заманда дүниенің соңына түсіп, түн қатып, түсі қашып, ақша мен байлық қуып шарқ ұрған пенделердің әрекетін түсінуге болады. Отбасы мен бала-шағасын асырау үшін сабылып сауда жасап, базар жағалап нәпақа тауып жүргендердің еңбегіне бүгінде көзіміз үйренді. Иман бар жерде өмір мен имани тірліктің барына, жүректерде нұрдың сәулесі ұялап, жарқырай береріне күмәнсіз сенгің келеді. Қанша қиын-қыстау кезең болса да, имани істеріміз еш кедергісіз жалғаса бергенін қалайсың, Жаратқаннан соны тілейсің. Қазақты о бастан төбесіне көтеріп, сақтап келе жатқан төрт нәрсе бар. Олар – ар-ұят, иман, обал және сауап. Соның ішінде иманның алатын орны ерекше дер едім.
Тараздағы «Көктем» алабында /массивінде/ «Жаныс» деген азық-түлік дүкені жұмыс істеп тұрды. Сол дүкеннің атауына көптен бері қызығушылық танытып жүрдім. Өзім сол аймақта тұрғандықтан, дүкенге анда-санда бас сұғып, керегімізді алып тұратын едік. Бір күні сатушыға: «Жаныс» деген адамның аты ма, жоқ әлде рудың аты ма?» – деп сауал қойдым. «Әрине, рудың аты», – деп жауап қайтарды. Оның бұл жауабы түрлі ойға жетеледі.
Бір ғажабы, әлгі дүкенге кірген бетте қарсы алдыңнан қабырғасы қайысып, арақ-шарапқа толып тұрған сөреге көзің түседі. Одан кейін самсаған темекі қораптарын көресің. «Астапыралла!» – деп жағаңды ұстайсың, қысыласың әрі қиналасың. Кірген соң нан-паныңды алып, тез кетуге асығасың. Ал ең керекті деген азық-түлігіміз түкпірдегі сөрелерге қойылған. Нан өнімдері де шеткері сөреден орын тепкен.
Бұл жағдай мені қатты толғандырды. Ас атасы – нанды алға шығармай, харам асқа жол берген саудагердің бұл қылығына наразы болғаным рас. Күндердің күнінде әлгі дүкендегі сатушыға көкейде жүрген ойымды айттым. «Қарындасым, дүкенге «Жаныс» деген ең үлкен ру басының атын қойыпсыңдар. Рудың атын кез келген жерге қоюға болмайды. Екіншіден, Жаныс бабаңның әруағы риза болсын десеңдер, дүкендегі арақ-шарап пен темекіні шектеңдер, болмаса алып тастаңдар. Ата-баба әруағын қорламаңдар, оларға бұл іс-әрекеттерің ауыр тиеді», – дедім. Саудагер әйел менің бұл сөзіме ләм-мим демеді.
Осылайша күндер жылжып өтіп жатты. Ол дүкенге кіруді қойып, басқа жердегі сауда орындарына баратын болдық. Қанша уақыт өткені белгісіз, бір күні әлгі сөз еткен дүкеніміздің жабылып қалғанын естідік. «Құдайдың құдіреті неткен шексіз! Ата-баба әруағын сыйламағандардың жолы болмайды екен, оларды кешірмейді екен», – деген ойлар санамды биледі. «Әруақ риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бекер айтылмаса керек.
Қазір он екі айдың сұлтаны болып есептелетін Рамазан айы өтуде. Осы айда жасалатын амалдарымыз бен құлшылықтарымызды бір Алланың разылығы үшін істеп, жүректерімізді жақсы істерімізбен нұрландыра бергеніміз абзал. Жасыратыны жоқ, дүкендеріміз бен сауда орындарында осы қасиетті айдың өзінде арақ-шараптың көрмеге қойғандай самсап тұрғанын көреміз. Өзін Алланың құлы санайтын әрбір мұсылман баласы ораза айында харам асты барынша шектеп, оны аузы берік жандардан тасалап, ауыз ашқаннан кейін саудаласа деген өтініш-тілегімізді білдіргіміз келеді. Егер еститін құлақ пен қабыл алатын ниет болса дейміз. Рамазан айының құрметі үшін осылай істесек, барша мұсылман қауымының алғысына ие болар едік.
Қасиетті қазақ даласында арақ деген пәле болған емес. Арақ бабадан жеткен, атадан қалған ас емес. Арақты қазақ еліне әкелген кешегі Кеңес үкіметі еді. Олардың басты мақсаты қазақ ұлтын арақпен аздырып, ұлт ретінде жер бетінен жойып жіберу болатын.
Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Оңды ауылының ақ жаулықты аналары «Арақсыз ауыл атанайық!» деген атпен бүкіл қазақ еліне үндеу жолдапты. «Qazaqstan dauiri» газетінің биылғы жылдың 16 наурыздағы санында осы үндеудің мәтіні жарияланыпты. Оңды ауылы Қазақстанның ең үздік 30 ауылы қатарына кірген, соңғы жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеген, әйгілі жазушы Әбіш Кекілбайұлының туып-өскен ауылы екен. «Не арақсыз ел боламыз, не араққа жем боламыз. Таңдау өз қолдарыңызда. Аналардың ақ тілегін қабыл алыңыздар!» – депті осы ауылдың ардақты аналары. Бұл үндеуді Жамбыл облысының жүректері ел деп соғатын азаматтары мен аналары қолдап әкетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осы ретте қазыналы қарияларымыздың имани істердің басы-қасында жүргендерін көргіміз келеді.Тойларымызды да ішімдіксіз өткізуге барынша ықылас танытып, салауатты өмірге ынта-шынтамызбен бет бұратын уақыт жетті.
Осыдан он шақты жыл бұрын Малайзия елінде болудың сәті түсті. Көптеген аралдан тұратын, өркендеп дамыған, қуатты мемлекет екен. Адамдары да ақжарқын, кішіпейіл, құшақ жайып қарсы алып, жылы шыраймен шығарып салады. Ең бастысы мұсылман ел екендігін осында келгенде білдік.
Малай халқы керемет мемлекет орнатқандығына көзіміз жетті. Экономикасы мен мәдениетін айтпағанда, әл-ауқаты артқан, имандылық салтанат құрған, жүректері ізгілікпен нұрланған, иманжүзді малайларды көріп, сүйсіндік. Жемқорлығы жоқ, ұры-қарысы жоқ мемлекетке қалайша риза болмассың?! Дүкендер мен кафелерде, тағы басқа сауда орындарында биік-биік қоршауы мен қорғаны жоқ, есіктерінде құлып жоқ. Қоршау болмағандықтан, алды-артынан емін-еркін кіре бересің. Жұма намаз басталғанда есіктерін бір Аллаға тапсырып, мешітке қарай ағылады.
Айтайын дегенім мынау. Бұл елде арақ-шарапқа тыйым салынған. Харам асты сататын бірде-бір дүкенді кездестірмедік. Оны сұрап білудің қажеті жоқ екендігін де білдік.
Екінші айтпағым мынау. Кафелердің бірінде түскі асымызды ішіп отырғанбыз. Бір кезде даяшымыз үстел үстіне қауынның көлеміндей болатын кокос жемісін және сап-салқын минералды сусын әкеліп қойды. Қасымда отырған балама да соны қайталады. «Ақысын төлеуіміз керек пе?» – деген сауалымызға басын шайқады. «Жоқ, төлемейсіздер. Бүгін жұма, сондықтан тегін таратамыз», – деп жауап қайтарды. Міне, имандылықтың үлгісі осылай болса керек!
Рамазан айында Аллаға құлшылық жасап, жақсы амал жасаған мұсылмандардың күнәлары кешіріледі дейді. Қайырымды істерін еселегендер, мейірімділік танытуда және жақсылық жасауда өзара жарысқа түскендер, жаман істерден жерініп, имани істерге бет бұрғандар Жаратқан иеміздің шексіз рахымына бөлене бермек.
Ұстаған оразаларың қабыл болсын, мұсылман бауырлар!