КЕМЕРТОҒАН: 11 АЙЛЫҚ СЕРГЕЛДЕҢГЕ НҮКТЕ ҚОЙЫЛАТЫН КЕЗ ЖЕТТІ

КЕМЕРТОҒАН:  11 АЙЛЫҚ СЕРГЕЛДЕҢГЕ НҮКТЕ ҚОЙЫЛАТЫН КЕЗ ЖЕТТІ

Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылындағы, оның ішіндегі 17-квартал тұрғындарының жағдайын бүкіл республика біледі деп ойлаймыз. 40 мыңдай тұрғыны бар Кемертоғанның проблемасы шаш етектен. Біздің таңғалатынымыз бұл ауыл Алматы қаласының тура іргесінде орналасқан. Сөйте тұрып су, электр, жер, мектеп, жол т.б. мәселелерде тұрғындар қатты қиналып, күйзеліп отыр. «Әне шешеміз, міне шешемізбен» уақыт өтіп жатыр. Ал шешілген нақты мәселе жоқ. Ең сорақысы «қожайын» электр жарығына, суға ойына келетін бағаны қоюларын жалғастырып жатыр. «Қожайын» деген сөзді түсіндіре кетелік. Біздің газетіміз бұған дейін де тек Кемертоған туралы, оның проблемасы жайлы ондаған мақалалар жаздық. Бұл сөздің мәнін қайта-қайта түсіндіріп өткенбіз.

Дегенмен оқырмандарымызға түсінікті болу үшін қайта жаңғыртқымыз келіп отыр. Алматы және басқа да ірі қалаларымыздың іргелеріндегі жерлер бұрын шаруа қожалықтарына тиесілі болған. Міне, осы қожалықтардың қожайындары кейін ол жерлерін учаскелерге бөліп, тұрғындарға сата бастады, кәсіпкерлікпен айналысып, жеке кәсіпкерлігін ашты. Кейін олар кооперативтерге айналдырылды. Қысқасы, осы учаскелерді сатып алған тұрғындарға әлгі жер иесі қожайын болды. Олар квартал-кварталға бөліп алды да, өз тәртіптерін енгізді. Жоғарыда айтқанымыздай, суға, электрге өзінің жеке бағаларын қойды. Яғни әрқайсысы өзінше жеке мемлекет болып, үй ішіне үй тікті. Кемертоған ауылындағы 17-квартал тұрғындарына Нұрпия Қалелова деген қожайын төрт жылдың көлемінде білгенін істеп келген. Электрдің бағасын кезінде ол 28 теңгеден 43 теңгеге дейін шарықтатса, судың кубын 130- 150 теңгеден жасаған. Тіптен су құбырына әр тұрғыннан 170 мың теңгеден жинап алып, техникалық суды беріп, тарифті айтқанымыздай жоғары деңгейге көтерген. Нұрпия ханым оларға құлша қараған. Шыдамның да шегі бар, олар «Біз Қалелованың құлы емеспіз!» деп тарифтерді төлеуден бас тартқан. Оның үстіне төлем төлеген жайлы Қалелова түбіртек бермейді екен. Сөйтіп, осыдан 11 ай бұрын өзара шайқас басталды. Шайқастың пәрменділігі соншама – аудан, облысты қойып, республикалық деңгейге көтерілді. Дау-дамайға толы жиналыстар бірінен соң бірі болып жатты. Ол дауға аудан, облыс әкімдері, Мәжіліс депутаттары, министрлік, прокуратура араласты. Әр жиналыс сайын «шешеміз» дейді, алайда шешілмейді. 11 ай аз уақыт емес. 17-квартал тұрғындары, бәрі-бәрі шаршады, қажыды. Бірақ осындай алып күш иелерімен жалғыз өзі алысып жатқан Қалелова ханым шаршар емес. Қолында күш-қуаты, әдіс-айласы мол әкімшілік осы уақытқа дейін неге бұл мәселені шешпейді? Аудан басшылары соңғы қорытынды уәдесі бойынша Қалелованың меншігін сатып алып, мемлекеттік жасамақшы болды. Тұрғындар мұны құп көріп қуанды. Бірақ ол берілген уәде де жуық арада орындалмай, сағыздай созылды. Бұл сағыздай созылған уақыт Қалеловаға қызмет етті. Ол құжаттарының кем-кетігін жөндеп алып, енді 17-квартал тұрғындарын сотқа берді. Осы ауылдың тұрғынынының сөзіне құлақ түрейік: – Сатып алу жөнінде келісімшарттар жасалынып жатыр. Бірінші келісімшартта біраз кемшіліктер кетті. Енді екіншісі жасалынып отыр. Қалелова келісімшартты жөндеп, 17-квартал тұрғындарын сотқа берді. Сотқа берер алдында ол «Осы тұрғындар тіркеуде бар ма?» деп депутаттық сұрау салған. Бұл анықтамада: «ауыл әкімі «тіркеуде жоқ» деп жауап берген. Осы анықтама тұрғындардың ашу-ызасын тудырды. Әділдік іздеп облыс әкімінің қабылдауына бардық. Ол кісі «ауырып қалып» бізді қабылдамады. Ендігі бір мәселе ауыл тұрғындарының шағым хаттары аудан әкімшілігіне жіберіліпті. Біз бұған да түсінбей, қазір іздену үстіндеміз. Сот талап қоюшы Нұрпия Қалелованың қарызды өндіру туралы талабын қараусыз қалдыру туралы шешім қабылдады. Ауыл тұрғындары бәрі бірауыздан «бізді мемлекет меншігіне алса» деп өтініш айтып отыр. Әзірге билік үнсіз. Кемертоған болсын, басқа ауылдардағы жағдай заң жөнделмей, ештеңе түзелмейді. Президент «ауыл мәселесі» «бармақ басты, көз қыстымен» шешілмеуі тиіс деп талап етті. Бірақ Президент пәрмені орындалмады. Халық жылап, әділдік іздейді. Әділдік орнамаса, көшеге шығады. Мәселен 17-квартал тұрғындарының ашпаған есігі, бармаған жері жоқ. Депутаттар мұнда келіп, халықты қолдады. Алайда көріп отырсыздар, нәтиже көңіл көншітпейді. Аудан басшылары уәде берумен халық алдап келеді. Қашанғы алдайды? Нақты іс, нық шешім керек. Әйтпесе халық қаһарына мінеді. Билік осыны білуі, ұғынуы тиіс. Біздің газетіміз Кемертоғанның тағдыры жайлы әділдікке жетпейінше әлі де мақалалар жазуды тоқтатпаймыз. Себебі Әділетті Қазақстанның ауылдарында ифрақұрылым жасалынып, әділеттілік орнайтынына сенімдіміз. Осыншама уақыт сергелдеңге түскен тұрғындардың мәселесін билік тезірек шешіп, нүкте қоятын кез жетті деп ойлаймыз. 

ЕРТАЙ АЙҒАЛИҰЛЫ
29.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлық
Бибітгүл Аманжоловна - 13.09.2024 128
ҚАЗАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ
Асқар Жұмаділдаев - 13.09.2024 142
28 мың орындық  мектеп салынады
Ш. МЕКЕНБАЙ, Шымкент қаласы - 04.09.2024 594
Конституция күні аталып өтті
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 04.09.2024 701
Жаңа қонысқа ие болды
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 04.09.2024 700

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 4519
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 3963
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 6393
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 4924
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 6124