«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі,
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» қоғамдық,
әлеуметтік-танымдық сайты, «Qazaqstan dauiri» газеті, «Мөлдір бұлақ» журналының бірлескен экспедициясы Алматы облысында
Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылындағы, ондағы 17-квартал тұрғындарының жанайқайы бүкіл республикаға мәлім десек, артық айтқандық емес. 40 мыңдай тұрғыны бар Кемертоған ауылының әрбір кварталында осындай проблема барлығын бұрын да айтқанбыз. Жылдан аса уақыттан бері газетіміз осы бір ауылдың көкейтесті мәселелерін тастамай жазып келе жатқандығынан да хабардар екендігіңізді жақсы білеміз. Алматы облысы әкімшілігі бұл мәселені назарда ұстағанымен, осы уақытқа дейін ол толыққанды шешілмеді. Дегенмен алға басу бар. Тек 17 квартал мәселесі ғана емес, Кемертоған ауылының инфрақұрылымын кешенді жасауға, су, электр, жер мәселелерін реттейтін ресми орындар соңғы уақытта барынша іске кірісіп, бел байлағаны сезіледі. Бұдан қазір бүкіл ауылға қозғау салған 17 квартал да, басқа да ауыл тұрғындары хабардар.
Қарасай ауданының орталығы Қаскелеңде ресми орындар ауыл тұрғындарының белсенділерін жинап кездесу өткізді. Әуелден ауыл тұрғындарының арманы мемлекет қарамағына өтіп, орталықтандырылған жүйеге көшу еді. Осы кездесуде сүйінші хабарды естіп, халық қуанып қалды. Су мен электр жөніндегі егжей-тегжейлі жасалған қос жоба Астанаға сараптамаға жіберілді. Енді бұған тиісті қаржы бөлінсе, осы екі мәселе түбегейлі шешілмек. Рас, қазір бұл мәселелер жөнінде қиындықтар барын жиналысқа келген аудандық ресми орындар жасырмай айтып, тұрғындарды сабырға шақырды. Үміт бар, сенім нақтылап келеді. Біздіңше, бұл «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», қандай ауыртпалықтар болса да ынтымақ-бірлікте болған, алған мақсаттарынан таймаған №17 квартал тұрғындарының қайсарлығы, ерлігі деп білуіміз керек. Қалған кемертоғандықтар оларға алғыс айтуы тиіс. Әрине, осының бәрін заңдық тұрғыдан біліктілігімен, сабырлылығымен реттеп, басшылық жасаған осы ауылдың қарапайым тұрғыны, заңгер Раушан Жұматаеваның еңбегін ерекше айтқан жөн. Үкіметтің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» девизі, бұл мәселе ұзаққа созылса да, орындалғанын айта кетпесек болмайды.
Тағы айта кететін мәселе – Іргелі ауылдық әкімшілігіне тексеріс жүріп жатыр. Осы тексеріс, кім білсін, талай былықты ашуы да мүмкін. Ең бастысы сең қозғалды. Біз Кемертоғанда бір-ақ мектеп барын, оқушылар үш ауысымда оқып жатқанын жазғанбыз. Екінші мектеп осы желтоқсан айының соңына таман пайдалануға беріледі екен. Жол мәселесі де аудан әкімшілігінің ерекше назарында екені жиналыста қадап айтылды. Айнадай жолдар салынады. Таза суды әкелетін алып труба салынбақшы. Иә, Кемертоғанның күрмеулері мен түйіндері осылай бірте-бірте шешілмек. Ауыл тұрғындарының қуанышы ұзағынан сүйіндіргей деп игі тілегімізді де айта отырып, әзірге мақаламызға көп нүкте қоялық...
Сонымен бұл басқосудың нәтижесінде әкімшілік және мамандар Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округіндегі Кемертоған ауылының түйткілді мәселелері бойынша тұрғындармен ақылдаса отырып хаттама (15 қазан, 2024 ж.) жасалған болатын. Ол хаттамаға Қарасай ауданы әкімінің орынбасарынан бастап, су, электр және басқа да мәселелерімен айналысатын жауапты мамандар қызметкерлері, яғни барлығы 7 адам қол қойыпты. Хаттамада 17 квартал тұрғындарының сәуір айынан бастап электр энергиясын тұтынған қарызы 1,2 млн теңгеге жеткендігі (қазір ол 1,6 млн теңге) жазылған. Енді оны кім төлейді? Бұл мәселе әлі де түбегейлі шешілмеген. Сондай-ақ электрмен қамтудың түйткілді мәселелері айтылған. Сондай-ақ Кемертоған ауылын электрмен жабдықтау құрылысына облыстық және республикалық тараптан бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі есептелуге тиіс екені айтылған.
Сондай-ақ су мәселесіндегі түйткілді мәселелер кеңінен айтылған. Мәселен «Тау самалы» қызметінің жұмысын қадағалап, Кемертоғанның белсенді өкілдерімен бірлесіп су көлемін есепке ала отырып құрылғыларды пломбы жасау қамтамасыз етілсін делінген. Әсіресе судың сапасына сараптама жасау міндеттелген. Су мәселесінде де облыстық, республикалық бюджеттен қаржы бөлінуі қадап айтылған. Сумен, электрмен қамтамасыз етілу 2025 жылдың 1 мамырына дейін түбегейлі шешілсін деген түйінді шешім жасалуы тиіс деген байлам. Кемертоған тұрғындарын үміттендіріп, қуанышқа бөлейтіні сөзсіз.
Қалай болғанда да осы хаттамада біраз көкейтесті мәселелер қамтылған. Мемлекеттің тиісті орындар жіберіліп отырған қос жобаның сызбаларында әлі де болса күмәнді тұстары бар. Мәселен ауылдың шығыс бөлігі жоба-сызбаға кірмей қалған. Сондай-ақ күнбатыс жақта жатқан 17 кварталға судың келуі де күмәнділік тудырып отыр…
Міне, осы күдіктер, күмәнді жағдайлар ауыл тұрғындарын алаңдатып, Қонаев қаласындағы облыс әкімшілігіне сапар шегуге мәжбүрледі. Хаттамада көрсетілген, тапсырмалар, жүктелген міндеттердің орындалу барысы да көңіл көншітпейді. Халықты, тиісті қызметкерлерді жинап, ақылдаса отырып жасалған көкейтесті мәселелерді хаттамаға кіргізуге облыстық жауапты қызметкері Айдын Бекімбеков мұрындық болды. Енді оның жүзеге асуы да, осы азаматқа жүктелініпті. Бірақ орындалуға тиісті көп нәрселердің уақыты өтіп кеткен.
Қысқасы, ауыл халқы аудан әкімшілігіне де, тиісті лауазымды орындарға да, тіпті облыс әкімшілігіне де сенімін жоғалтқан. Олардың тараптарынан қаншама уәделер берілді? Осы уәделер орындалады деп қаншама құжаттар жасалған. Естеріңізде болар, Мәжіліс депутаттарымен бірге облыс әкімі де келіп жиналыс жасап, уәделерін үйіп-төккен, құжаттар жасалынған. Одан кейін де қаншама басқосулар болды. Том-том уәделерге толы құжаттар жасалды. Ауыл адамдары қайта-қайта қашықта орналасқан Қонаев қаласына қаншама рет шапқылап барды. Еріккеннен бе, жоқ! Амал жоқтықтан, мәжбүрліктен барды. Бұл қозғалыстың болғанына жылдан асты. Рас, «түк істелінбей жатыр» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Біршама мәселелер жүзеге асты. Қалелова сияқты пәлен жыл ауылда қожайындық жасағандарға тосқауыл қойылды. Бірақ әлі де олар күшінде. Мысалға олар әлі де электр энергиясын тұрғындарға беруге құқылы екен. Олардың адамдары тыйым салынған уақыт ішінде де (1 сәуірден бастап) электр энергиясын пайдаланып отыр. Осы уақыт ішінде 4 бірдей тұрғынның кіріп кету дәлелі бар. Оны мемлекеттік орындар қабылдамапты. Сонда кім қабылдап отыр? Әрине, қожайындар. Олардың құзырындағы дүниелерін мемлекет сатып алып отыр. Ендеше неге олар «мұрын сұғуын» тоқтатпайды? Яғни тиісті орындардан бақылау жасалынбай отыр. Немесе олармен қожайындардың әлі де ымы-жымы бір.
Халықтың әу баста көксегені де, қойған талаптары да мемлекет қарамағына өту. Ол біртіндеп жүзеге асып жатыр. Бірақ толық әрі түбегейлі емес. Қожайындар әлі де жарықты сөндіріп, ауыл тұрғындарының зықысын шығаруда. Күндіз сөндіреді, түнде қосады. Қазір қыз мезгілі. Ауыл үйлері газбен жылытылады. Электр болмаса, газ істемейді. Күн аяз. Халық дірдектеп тоңып, ызаланады. Бұл халыққа көрсетіліп отырған қорлық, зорлық-зомбылықтың жалғасуы деп білеміз. Жарықтың жиі сөнуі бір жағынан қазір ілдалдалап істеп отырған трансформатордың ескі болуы. Бұл күйімен ол қыстан шыға ала ма? Өте күмәнді. Тиісті мемлекеттің органдардың енжарлығынан сол трансформаторлар қазір ашық-шашық күйінде жатыр. Бетін әрмен қылсын, бала-шағаның біреуі трансформатордың зардабын шексе не болады?
Міне, осы проблемаларға алаңдаған Кемертоған ауылының тұрғындары (17, 6, 7 квартал) дүйсенбі күні облыс әкімшілігіне тайлы-таяғымен тағы келді. Әрине, олар мұнда келер алдында бір апта бұрын облыс әкімшілігіне ескерту жасады. Облыс әкімдігінің үйіндегі тұрғындармен кездесуге облыс әкімінің немесе орынбасарларының, бірі және тиісті орындар мекемелерінің басшылары қатысу қажеттігі айтылды. Кездесуге біз де арнайы келіп қатыстық. Электр, су, газ және облыстық ішкі саясат бөлімі бастығының орынбасары, басшылары бұл жиналыста болды. Бірақ олардың жауаптары ауыл тұрғындарының көңілдерінен шықпады. Себебі тағы да қайталап айтамыз, уәде беріледі, бірақ ол орындалмайды. Тиісті мекемелер басшыларының жауапсыздықтары деуге болатын шығар немесе оларға ескертілмеген бе, соңғы жасалған хаттамадағы мәселелерден олар бейхабар. Олар тарапынан қойылған талаптарға деген бақылау атымен жоқ. Мысалға трансформатордың ашық-шашық жатқандығынан осы саланың басшысы тіптен хабары жоқ. Ауызсудың ластануы жөніндегі сараптама осы күнге дейін жасалмаған. Міне, осы келеңсіздіктердің бәрі жиналған көпшілікті ызаландырып, орындарынан тұрып кетіп, облыс әкімі немесе оның орынбасарларының бірі келуін талап етті.
Ақырында жоғарыда аты аталған, хаттаманың жасалуына мұрындық болған Айдын Бегімбеков келіп, халық қайта сабасына түсті. Хаттамада жазылған әрбір бапқа Айдын Бегимбетов талдау жасап, тиісті орындардың жауаптары тыңдалды. Тағы да уәде берілді. Әрине, халық ол уәделерге шүбәсіз сенген жоқ. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, хаттамадағы мәселелердің орындалу уақыты баяғыда өтіп кеткен. Көптеген мәселелер әлі де шешілмей жатыр. Жиналғандар егер де осы жазылғандар орындалмаса, Астанаға баруға тура келетінін ескертті. Көрелік. Уақыт – қатал төреші. Біздің айтарымыз мынау. Рас, қаржы тапшылығы бар. Бірақ берілген уәделер үнемі бақылауға алынып, оның орындалуы жайында жиі-жиі тиісті орындар тарапынан есеп беріліп отырса, халық та тыныш, өздері де тыныш өмір сүрер еді. Осы жағын, яғни бар жауапкершілікті мойнына алған Айдын Бегимбетов мырза ескерер деген ойдамыз. Айтпақшы, сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған сызба-кесте қайта сызылып, аталған кемшіліктер түзетіледі деп сендірілді.
Басты түйткіл
Бәріне бір ескертпе: облыс, аудан құжаттарының бәрі орысша. Облыс әкімшілігіндегі жиналыста бір орыс болмаса да орыс тілінде өтті. Біз осы қай жерде өмір сүріп жатырмыз?
Мақалада сөз болған хаттама осы: