Әкем соғыс туралы көп айтпайтын
Жуырда сыйлас, сырлас інім Тұрақ Әдисұлына кездесіп, әңгіме арасында әкесі туралы толық ақпарат алғым келетінімді білдіргенімде айтқаны:
Әкем 1934 жылы Қызылордадағы жұмысшы факультетінде (рабфак) оқып, 1940 жылы қараша айында әскерге алыныпты. 1941 жылы ақпан айында ВКП (б) мүшелігіне өтіп, наурыз айында Ленинградтағы Ф.Энгельс атындағы әскери саяси училищеге (ЛВПУ) курсант болып қабылданады. Осы училищеде оқып жүргенде соғыс басталып кетеді. 1941 жылдың желтоқсан айында училищенің жеделдетілген курсын бітіріп, лейтенант деген әскери шен алып, кіші командирлер құрамында Саратовта құрылып, жасақталған 9 – ерекше әуе-десанттық корпусында саяси жетекші болып тағайындалады.
1942 жылы саптық командирлер құрамына ауысып, Волхов, Беларусь майдандарында рота, батальон командирі болады. 1942 жылдың тамызында Самара қаласындағы бронетанк училищесіне оқуға жіберіліп, 1943 жылдың маусым айында училищенің қысқа мерзімді курсын бітіріп, 1-Беларусь майданындағы 719 гвардиялық артиллерия полкінде батарея командирі болып тағайындалады. Осы майдан құрамында «Багратион», «Висла-Одер» операциясы күндерінде Беларусияны, Поляк жерін жаудан босатқан шайқастарға қатысады. Минск, Бобруйск қалалары үшін болған ұрыстарда үш рет жараланып, қайтадан сапқа қосылады.
Әкеміз Ұлы Отан соғысы жылдарында қатардағы жауынгерден, батальон командирлігіне дейінгі жолдан өтеді. Әскери шені гвардия капитаны, «Жауынгерлік Қызыл Ту», «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің және ерлігі үшін медальдарының иегері.
Әркімнің әкесі өзіне асқар тау. Өзінің замандастары, тұстастары секілді менің әкем де өз заманының, дәуірінің перзенті болды. Соңғы демі біткенше өз ұстанымына адал болып, ел үшін еңбек етті. Біз де әкемізбен мақтануымызға болады.
Әкем марқұм соғыс туралы көп айтпайтын. Соғыста болғандағы әңгімесін сұрай қалсақ, «Ай, балам-ай, сол соғыстың несі қызық, сендер соғыс көрмей-ақ қойыңдар, енді соғыс болмасын» – деп қоя салатын. Тек 9 мамыр мерекесінде ауылдағы майдангер құрдас-тұстастарымен басы қосылғанда ғана там-тұмдап, кейбір әңгімелерін есітіп қалатынбыз.
Сондай бас қосудағы бір әңгімесі есімде. Әкем батарея командирі болып жүрген кезде бір қырғын ұрыста дұшпанды бірталай шығынға ұшыратқан. Немістермен болған екі-үш күндік кескілескен шайқаста әкемнің батареясы немістердің тас-талқанын шығарып, бірнеше танкін, пулеметтер мен зеңбіректерін, жүзден аса солдаты мен офицерін жойып, жаяу әскерге жол ашады.
«Осы ұрыста көрсеткен ерлігім үшін дивизион командирі мені Совет одағының батыры деген атаққа ұсынамын деген. Бірақ кейін орыстар маған сол атақты қимады-ау, «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденіне ұсынылыппын, капитан деген звание берді» деп күліп отыратын әкем.
Он шақты жауынгер 180 фашисті жойған
Жақында ғана Центральный архив Министерство обороны Российской Федерации. ЭЛЕКТРОННЫЙ БАНК ДОКУМЕНТОВ «ПОДВИГ НАРОДА В ВЕЛИКОЙ ОТЕЧЕСТВЕННОЙ ВОЙНЕ 1941-1945 ГГ.» деген сайттан әкемнің ерлігі туралы тарихи мәліметті тауып алдым. Бұл мен үшін үлкен жаңалық, аса құнды мәлімет болды. Бұл құжатта баяғы әкем өзі айтып отыратын ерлігі туралы анық жазылған екен. Дивизион командирінің менің әкемді мемлекеттік марапатқа ұсынған қағазы. «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденіне ұсынысы. Осы құжатта 1944 жылы 24-26 маусым күндері болған ұрыстарда әкемнің батареясының ерлігі баяндалған.
Осы екі күндік ұрыста әкемнің батареясы барлығы немістердің 13 зеңбірегін, 9 минаметін, 23 пулеметін, 3 танкін, 180 солдаты мен офицерін жойыпты! Өзінің жараланғанына қарамастан батареяны басқарусыз қалдырмаған, жауынгерлерін тастап кетпеген. Міне, менің әкемнің ерлігі! Бір батарея дегенді былай шамалауға болады. Мен өзім де әскерде артиллериялық дивизионда болғанмын. Артиллеристер деген кәдімгі зеңбірекшілер. Әскерде «Артиллерия – соғыс құдайы», «Байланыс – армияның жүйке жүйесі» деген қағида бар.
Артиллерияда бір батарея деген әскери бөлімде 3-4 расчет болады. Яғни, 3-4 зеңбірек расчеті. Бір расчетта 3-4 адам, расчет командирі, оқтаушы-заряжающий, көздеуші-наводчик. Сонда 3-4 расчетің бір батарея болғанда, бұл бөлімде 10-15 адам болады. Оның өзі егер толық құрамда болса. Соғыс кезінде әскери бөлімдердің көбісі белгіленген толық құрамда болмаған. Әкеміз өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы (САУ) батареясының командирі болған. Бұл танкке ұқсайтын, үстіне зеңбірек орнатылған шынжыр табанды, темір құрсаулы машина. Бірақ танк секілді, болат қалқанды емес және бұның төбесі ашық әскери машина. Бір батарея үш расчет дегеніміз, яғни, осындай үш машина. Осындай машиналарда жоғарыда айтқандай расчет үш-төрт адамнан болғанда он-он бес адам. Сонда жоғарыда айтқан екі күндік ұрыста немістерге күйрете соққы беріп, ойран салып, қаншама соғыс техникасын жойып, екі жүзге жуық фашистті жер жастандырып, жаяу әскерге жол ашып жүрген осы оншақты адам. Осы жағдайларды ескерсек менің әкемнің батареясының ерлігі расында Совет Одағының батыры деген атаққа лайық болғанға ұқсайды.
Осыдан 75 жыл бұрын жазылған мына сарғайған архив құжатындағы жазу менің әкемнің ерлігін паш ететін, мен үшін аса маңызды тарихи құжат. Егер бұл құжатсыз сөйлесем ол құрғақ әңгіме болар еді. Кейбір ағайындар, «Ой, мынау да әкесін әбден мақтады-ау» – дер еді.
Центральный архив Министерство обороны Российской Федерации
Подвиг:
24.06.1944 г. Во время прорыва сильно укрепленной полосы обороны противника в районе Колосы, Нова Колосы батарея стар. лейтенанта Ахетова умело маневрируя на поле боя решительно пошла на штурм 1-ой линии укрепленной противника увлекая за собой пехоту.
Будучи раненным стар. лейтенант Ахетов не покинул самоходную установку, продолжал руководить батареей. Расчищая путь пехоте огнём и колесами батарея ст. лейтенанта Ахетова первыми овладели 4-ой линией траншеи противника. Уничтожил 6 орудий, 5 минометов, 17 пулеметов, 3 танка-торпеды до 100 солдат и офицеров.
26.06.1944 г. Используя окладки местности с десантом пехоты батарея ворвался в укреплений узел сопративления противника М.Потолова отрезал пути отходы через переправу противнику.
В результате группировка противника было разбито и наши части овладели М. Потолова и переправой через реку Дабысна. В этом бою ст. лейтенант Ахетов был тяжело ранен и эвакуйрован в госпиталь. Батарея уничтожила 7 орудий, 6 пулеметов, 4 минамета и до 80 солдат.Достойн правительственой награды орден «Красное знамя»
26.06.1944 г. Используя окладки местности с десантом пехоты батарея ворвался в укреплений узел сопративления противника М.Потолова отрезал пути отходы через переправу противнику.
В результате группировка противника было разбито и наши части овладели М. Потолова и переправой через реку Дабысна. В этом бою ст. лейтенант Ахетов был тяжело ранен и эвакуйрован в госпиталь. Батарея уничтожила 7 орудий, 6 пулеметов, 4 минамета и до 80 солдат. Достойн правительственой награды орден «Красная знамя»
Ал мынау әбден сарғайып, шеті мүжілген майдан дәптерлеріндегі өлеңдерден сол дәуірдің лебі еседі.
Әкемнің майданнан жазған өлеңі:
Сел емес, аққан мынау адам қаны
Сел емес, аққан мынау адам қаны,
Сең емес, жатқан мынау адам тәні.
Күн емес күркіреген орудия,
Бу емес, бұрқыраған жер тозаңы.
Бұлт емес, көтерілген көкті басып,
Буалдыр улы газдың көк тұманы.
Армия қатарласқан керуен емес,
Жүк емес, қару-жарақ артқандары.
Құм емес, жердің беті жез қорғасын,
Кен емес, қорытылған оқ пен дәрі.
Тай емес, топырлаған соғысқан жан,
Күлкі емес, еңіреген елдің зары.
Ән емес, сыбызғымен шырқап салған,
Ысқырған снаряд-мин, пыстандары.
Қаз емес, қатар түзеп, қалықтаған,
Бомбавоз, истребитель аспандағы.
Көш емес, қоныс тастап, шұбырған ел,
Соғыстың түсіп ауыр, зор салмағы.
Тік тұрған терек емес, ажал кілті,
Ойнама, ойын емес өлім дары.
Гүл емес, желбіреген қыздың шашы,
Шар емес, домалаған ердің басы.
Жауған оқ бұршақ емес, көкжиектен,
Тамшы емес сорғалаған көздің жасы.
Үй емес, бомба бұзған үй қалдығы,
Төбе емес, өлгендердің ол моласы.
Жатыр ма әлде өліп осы жерде,
Кім білсін әлде тірі үй қожасы.
Мамасын ұстап жұмсақ анасының
Шырқырап отыр әне жас баласы.
1944 жыл. Мамыр
Бадаба аптабы, ана махаббаты және ажал
II
...Адис ағамыз көрген соғыс қасіреті өз алдында, оның анадан туған соң да тартқан азабы аз емес екен. Әке-шешеден жалғыз болған соң Ахет шаңырағының қуанышы да, жұбанышы да осы бала болыпты. Қызылқұм ішін жайлап-қыстаған қалың Шөмекейдің ішінде Ахет ақсақалдың өз орны, салмағы болыпты. Үбіс бидің немересі Ахет те ел ішіндегі тентек-теліні тиып, ағайын арасындағы дау-дамайды дер кезінде бейбіт жолмен шешіп отырыпты. Елдің береке-бірлігін сақтауда көп қызмет қылған деседі. Ал, Айжан анамыздың мінезі қаттылау болғанға ұқсайды. Қай ана баласының іске жарамсыз, нашар болғанын қалайды. Бірде бес жасар Адис ағамыздың басына қаптап жара шығады. Қабыршақтанған «шығу» күннен-күнге ұлғайып, асқынады. Сонда Айжан анамыз қолдан қи май жасап, беті ашылып қанап тұрған жараның бетін сылап жағып, баланың екі қолын киіз үйдің керегесіне байлап тастайды. Қанша дегенмен бала ғой, шыдамсыздық танытып қасыса қолданған емі қонбайды екен. Сонымен не керек, бала сол орнында үш сағат жатқан соң талықсып кетеді. Сонда Ахет баласын аяп әйеліне: «Жалғызыңнан айырылғың келмесе, босат», – дейді. Ал Айжан анамыз болса «Уақыты болмаса жасаған емнің шипасы болмайды. Егер осы бала өскен соң басы таз болып, ел-жұртқа күлкі болып жүрсе, онда мұндай жалғыздың барынан жоғы», – депті. Алайда, осы сөзді айтқанда Айжан анамыздың да ана жүрегі езіліп, жанарынан мөлтілдеп жас тамып тұрыпты. Айжан өте кірпияз кісі болған деседі. Қай кезде көрсең де мұнтаздай болып, үстін таза ұстап, киімді де сәнді киініп жүреді екен. Баласын да сол тазалық пен тәртіпке жасынан тәрбиелепті. Адис ағамыз өз естелігінде: «Әкем ел ісіне араласқанымен, отбасында болғанда маған онша қаттылық танытқан жоқ. Есесіне, шешем қатал кісі болды. Мен бала болып алаңсыз ойнай алмадым. Шешем маған үнемі үйден шығарда: «Мені анау балалардың шешелері сияқты айқайлатпа, үй жаққа қарап жүр. Мен үйден шығып қолымды бұлғағанда келетін бол», – деп ескертеді. Шешемнің сөзін екі етпейтін едім», – дейді.
Бірде шешесі тігіп берген қызыл барқыт күртеше киіп, топ баланың ішінде ойнап жүрген бала Адиске қызылсырап жүрген дала бүркіті түседі. Сол маңайда жүрген малшылар баланы бүркіттің шеңгелінен әрең ажыратып алады. Сөйтіп тағы бір ажалдан аман қалады. Бірақ, құлағының сырғалығынан маңдайына дейін бүркіттің қан шеңгелі жыртып жібереді. Құдай сақтап көз жанары зақымдалмайды. Тағы бірде Адис ағамыз бала күнінде Өзбекстанның шекарасында Қызылқұмның бадаба деген ыстығына ұрынады. Жергілікті халық ол ыстық көтерілгеннен-ақ үйлеріне кіреді немесе бұта көлеңкелерін паналап, жарты сағатқа созылатын аптап толқыны өтіп кеткенше орындарынан қозғалмайды екен. Не керек, аптап тиген бала өлуге келеді. Оған жасалатын ырым бар екен. Алайда, ол ырым орындалғаннан кейін ырымды жасаған адам не ауырып жатқан адам құрбан болады екен. Ырым жасалады, кешке қарай баланың іші тоқтап, дене қызуы түсіп, төсектен басын көтереді. Бірақ, екі күннен соң шешесі дүниеден өтеді...
Міне, жасында бірнеше мәрте ажалдан аман қалған Адис ағамызды екінші дүниежүзілік соғыстың сойқаны күтіп тұр еді. Қан майданға кіші сержант болып кірген Адис Ахетов соғыста да бірнеше мәрте ауыр жараланады. Денесіндегі жарақаттарды айтпағанда, Ленинградтың әскери госпиталында оқ жұлып кеткен жақ сүйегінің өзіне тоғыз мәрте ота жасалады. Денесінде сау-тамтық қалмаған Адис ағамыз елге аман-сау оралып, отбасын құрып, жары Бостанкүлден он бір бала сүйеді. «Қырық жыл қырғын болса, ажалды өледі». Мұндайда қазақ «Періштесі қақты» дейді...
Көз-көргендердің айтуынша, Адис ағамыз темір және ағаштан түйін түйген ұста болған деседі. Сонымен бірге бейнелеу өнерін де шебер меңгергенге ұқсайды. Майлы бояумен салған табиғат пейзаждары әулеттің архивінде сақталып тұрған көрінеді. Сабырлы, салмақты, салиқалы, қарапайым мінездің иесі болған ағамыз шежірені де түп тамырдан таратып, бабаларының ерлігін ұрпағына ұлағаттап кетіпті...
Батыр қарапайым, кішіпейіл, қамқор әке еді
III
Адис Ахетұлы майданнан оралған соң, «Жаңаталап» совхозында ферма меңгерушісі, бухгалтер болып жұмыс істеді. 1951-1954 жылдары Жалағаш аудандық «Күрішшілер» (Қазіргі «Жалағаш жаршысы») газетінің редакторы болады. 1954-1958 жылдары Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқиды.
Одан соң жылдары аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, ал 1964 жылы тыңнан бой көтерген жаңа «Аққыр» совхозында ауылшаруашылығында еңбек етеді.
Майдангер ақын, соғыс және еңбек ардагері Адис Ахетұлының есімі 2007 жылы «Дәуір» баспасынан ғұмырнамалық жинақтар сериясы бойынша шыққан «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» жинағының 14 томына енгізілген.
2008 жылы «Арыс» баспасынан жарық көрген «Жалағаш жері – жыр кені» кітабында өмірбаяндық деректері мен майданда жазған өлеңдері жарияланған.
2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналып шыққан «Майданнан хат» деп аталатын жинақ кітапқа майдангер ақын Адис Ахетұлының өмірбаяны мен майданда жазған бір топ өлеңдері енгізілген.
2007 жылы «Дешті қыпшақ» баспа үйінен жарық көрген Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтелеуұлының өлеңдер жинағының алғысөзі ақын Адис Ахетұлының «Тұрекеңе» деген арнау өлеңімен ашылған. Адис Ахетұлы 1991 жылы қараша тәуелсіздігіміздің арайлап тұрған шағын көрмей, бұл фәниден аттанып кетті.
IV
«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халқымыздың атпал сөзі бар. Мұны ешкімде айтпаған, тек атам қазақ қана айтқан. Роза – Аққыр ауылында тұрады. Жас кезінен Комсомол ұйымдарының жұмысына белсенді араласты. Одан соң ұзақ жыл мектепте зертхана кабинетінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Қазірде зейнет демалысында. Райхан (марқұм) – Мәскеудегі Тимирязов академиясын бітіріп, ғалым-агроном болған. Тұрақ – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген ұстаз, жазушы, бірнеше кітабы шыққан, қазір әкімшілік қызметкер. Райкүл – Ақтөбе қаласындағы Медициналық академияны бітірген. Қазірде Жалағаш аудандық ауруханасының физиатр дәрігері. Алтын – Аққыр ауылында тұрады. Мал шаруашылығымен айналысады. Қайрат – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің колледжінің мұнай-газ мамандығы бойынша бітірген. Қазірде «КазТрансГаз» мекемесінде қызмет атқарады. Мұрат – Аққыр ауылындағы әке-шешенің қарашаңырағында тұрады. Егін шаруашылығымен айналысады. Лаура – Қызылорда қаласында тұрады. Гауһар – Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің вокал бөлімін және Астана қаласындағы Қазақ ұлттық музыка академиясын тәмамдаған. Қазірде Оңтүстік Қазақстан облыстық опера және балет театрының әншісі. Қуат – ақын-журналист. «Көңіл керуені», «Қоңырбек пен Содырбек» және «Кемпірқосақ» атты кітаптардың авторы. Балауса – аудандық ауруханада аға мейірбике болып жұмыс жасайды.
Сөзбұйдалықты ұнатпайтын ақынның айбаты
КПСС Орталық комитеті мен СССР Министрлер Советі 1964 жылы «Шөл мен шөлейт аймақтарды игеру» жөнінде қаулы қабылдады. Соған сәйкес ауданның «Қызылқұм» аймағында «Аққыр» совхозы құрылды.
Ауылда туып, ауылда өскен, ауылдың бар қадір-қасиетін жастайынан бойына жинақтаған Адис Ахетұлы 1964 жылдан бастап өмірінің соңына дейін барымен базар қылып той тойлаған, адамдарының көңілі көлдей ағылған, туысқандық қасиеттерінің ағысын тоқтатпаған, сары қымыз сапырған, әнмен таңды атырған, қазақтың көне әдеті қалыптасқан, адамдарының көңілдерінен шуақ ұшқан, алдыңа қолда барын бір-ақ төгіп тастайтын қарапайым қазақтың ауылы «Аққыр» совхозында өткізеді.
Ақындарша айтқанда, кейіпкеріміздің ойынша:
Кіндік кесіп кір жуған,
Асыр салып аунаған.
Сонда да көңіл тынбаған,
Құба төбе ауылдан,
Асыл, сірә, бар ма екен?!
Қызметті үлкен-кіші деп таңдамады. Көп жыл совхоздың есепшілік жұмысын атқарды. Қандай жұмыс атқарса да жауапкершілікпен қарап, адал еңбек етті. Артынан сөз ермеді. Ауылдың өсіп-өркендеуіне, шаруашылықтың экономикасының нығаюына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына белсене араласты.
Елді ауызбірлікке шақырып, халықпен бірге болды. Үлкенді-кішілі бас-қосу мен, алқалы жиындарда келелі мәселелер жайлы ой тастап, шындықты ту етіп ұстап, өткір ойлы сөздерімен жұртшылықтың талабын тиісті орындарға дау-дамайсыз жеткізе білді.
Өзінің туған және еңбек еткен ауылында айтулы орны бар, қалдырған ізі бар, жасампаз салиқалы сөзі бар, өшпейтін өнегелі ісі бар оны замандастары ауылдың Айбаты дейтін. Мұны халықтың берген бағасы деуге де болады. Оны білетіндер адамгершілігі жоғары, жора-жолдастар мен ағайын-туыстарға қамқоршы-жанашыр болудан ешкімді алдына салмайтын адал жүректі абзал жан еді дейді. Адис Ахетұлы үлкенге де, кішіге де бірдей ілтипатпен қарайтын, ымрагершілікті қаламайтын, басшылардың алдында жалбақтауды жақтырмайтын, сөзбұйдалықты ұнатпайтын, орынсыз мадақтауды мойындамайтын ар-намыстан жаратылған өз заманының нағыз елі ардақтаған Азаматы болды.
Ол шындық бар жерде әділдік болады. Ал, әділдік болған жерде ауызбірлік болады. Ауызбірлік бар жерде алынбайтын қамал болмайды дейтін. Осы тұста заманының даңқты ақыны Жұбан Молдағалиевтың:
Мен - қазақпын!
Биікпін!
Байтақ елмін!
Қайта тудым,
Өмірге қайта келдім!
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім! – деген өлең жолдары еске оралады. Иә, шындықты айта бергеннен қоғамға келер зиян жоқ. Қайта теңіз толқынынша айдынын қоқыстан тазартып жиегіне шығарып тастағандай, айтылған шындық қоғамды да күл-қоқыстан тазартуға әсері болары анық. Шындық өмірдің бұлтартпас аксиомасы екенін білгеніміз жөн. Уақыт жылжып озған сайын, тарих беттері бүгінгіден қалыңдай түскен сайын, бұл жазбамның құны да, тәрбиелік мәні де, географиясының ауқымы да арта түсетіндігіне күмәнім жоқ.