Киелі жүзік

Киелі жүзік

Ата-баба дәстүрін, мұра-ғибратын сақтап, өсіп-өнген ұрпақпыз.  Біздер ашаршылықтан ел еңсесін енді көтерген сәтінде яғни,  Ұлы Отан соғысының бейбіт өмірді быт-шыт еткен кездің ұрпақтарымыз. Өмір есігін 1941 жылдың    3 мамыр күні аштым. Әкем марқұм ел қатарлы соғысқа кетіп, анам қайынжұртының арасында, Алматы облысындағы, Жамбыл ауданының  Таран ауылында (қазіргі Балғабек Қыдырбекұлы атындағы ауыл) тұрып қарабайыр тіршілік етті. Соғыс аяқталып, әкем аман-сау елге оралды. Аллаға мың шүкір, ата-анам сіңілім екеумізді оқытты, ағамды үйлендірді. 

Таран ауылы ынтымақ-бірлігі жарасқан ауылдардардың бірі еді. Бірде ауылда тұратын, күйеуі Әжіке руының тумасы Қуанышбек ағаның үйіндегі Ділдәш жеңгеміз: «Сары қыз, менің еркетотай тентек бауырым бар. Жасы отызға таяп қалды. Сені таныстырғым келеді» деді.  Мен: «Танысайын!»  деп келісе кетіп, сөйтіп өмірлік жарым Саяқпен танысып, екеуміз көп ұзамай отау құрдық. 

Біздер  отбасын құрып, қарттар немере сүйіп, ата-әже бақытына ие болып, өмірден өткенше табан ақы маңдай терімен адал еңбек етті. Суықтөбе баурайындағы, көркем Аққайнар (Прудки) ауылына келін болып босаға аттағаныма, бүгінде 60 жылға таяп қалды. Қайын атамды көзім көрмеді, ал  енем марқұм жаны жайсаң, кеңпейіл, арқа-жарқа, тура  мінезді, өте ұқыпты, ісіне мықты жан еді. Көрші Амангелді ауылындағы Әуез елінің қызы болатын. Ылғи   бұрынғының күміс білезіктері мен сырға-сақиналарын тағып жүретін. Бірде түскі шәй үстінде: «Сенің күйеуіңді құдайдан тілеу тілеп жүріп, «құрсағыңа қыздан басқа бітпейді, қубас боп өмірден өткім келмейді» дегенді естіп жүріп көрген перзентім, артынан екі қайның туылды. Бірінен соң бірі 9 қыз туған менің қадірім жоқ еді марқұм қайынатаңа. Ақ боз ат мінсе, ақ шапан, көк ат мінсе көк шапан киіп, тазыларын ертіп, сауық-сайранмен серілік құрып кететін. Тоғыз қыздың алтауынан бірінен соң бірі «домалатпай»  ұстап бір жұрта айрылып қалдым. «Сенің ниетің түзу болмады, алтындай қыздарымнан айрылдым» деп етегім көл-көсір жасқа толып жылағанымда байқұс шалым түсінбестікпен айтқан зілді сөздеріне  қатты өкініп,  кемсеңдеп отырып жылайтын. Амал нешік?! Сөз сүйектен өтеді емес пе, қалқам?! Көзі жұмылғанша сол сөздері үшін кешірім сұрап кетті...

Ауқаттылардың қатарынан едік. Ашаршылықтың атжалман уағында,  1932 жылдың күзінің кара суығында ауылдағы  бай-манаптардың малдарын үкімет тартып алып жатқанда, қайынатаң ешкі малдарын қызы бар үйге, қойларын ұлы бар үйге таратып, ірі қара малдарын айдап Суықтөбенің баурайымен Қырғыздың Саяқ деген жеріне қоныс аудардық. 

Сол Қырғыз елі құт болып, шырайлы көктемде, жер әлем құлпырған сәтте өмір есігін ашқан ұлымның қуанышына қазақтың танымал ақыны Жамбыл атаның өзі  бір топ адамдарымен келіп, жырдан шашу шашып, қасында бірге  жүрген әдемі әйелдің бірі қолыма мына құс тұмсық сақинаны салып еді... 

Бұл қасиетті жүзік, халық ақынының ұрпағыма мейірімі түскенде қолыма тағылған» деп сұқ саусағынан тастамай тағып жүрген күміс сақинаны көрсетті. Бала кезімнен жылтыраққа әуестігім жоқ мен: «Керемет, Жамбыл атаның шапағаты тиген жүзік екен!» деп қуанғаным бар. Кейін 1970 жылдары денсаулығы сыр беріп, төсек тартып жатып қалғанда қызы Ділдәш әкпеге  сол  жүзікті аманаттап: «Аманатыма қиянат жасамассың, әзірге өзің тақ!  Бірақ, жасың келіп, мен ұқсап күш-қуатың кетер сәтте, ұлдардың, яки бауырларыңның қыздарының бірінің қолына тағарсың. Киелі жүзік бұл!»  деп өз қолымен кенже қызының қолына таққан. 

Анасының аманатын орындаған әкпеміз кейін сол киелі құс тұмсық жүзікті  қызым Гүлмирамның қолына тапсырып кетті. «Менен кейін, сен бауырыңның қыздарына тағасың. Отбасылық құнды, киелі зат. Қадірін біліңдер!» деп бар тарихын айтқан екен...

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жыр жампозы Жамбыл бабаның шапағаты біздің де әулетке тиіп, ғасырға жуық тарихы бар жүзікті бүгінде қызым қадірлеп тағып жүр. Гүлмира қызым Аллаға шүкір, қаламын жанына серік еткен журналист. «Әкем өмір есігін ашқан сәттегі қуанышта Жамбыл ата келгендегі сыйланған киелі жүзік»  деп құрметтеп, жүзікті ылғи тағып жүреді.  

  Ата-баба салт  дәстүрін, қазақи отбасы құндылығын асқақтатқан,  төбелеріне хан көтеріп ұлықтаған  саналы ұрпағымыз көбейе берсін!                                                       

Күләш ДҮЙСЕБАЙҚЫЗЫ, ардагер ұстаз, Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Аққайнар ауылы
03.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 141
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 58
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 178
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 54
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 175
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 47
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 141
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 285
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 287
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 503
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 461

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9159
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8557
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11784
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9552
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10765