Көкше мен Қызылжар өңірі қашан қазақыланады?

Көкше мен Қызылжар өңірі  қашан қазақыланады?

Бүгінде бәріміз жанталасып жаңа Қазақстан құруға кірісіп кеттік. Отыз жыл тәуелсіз ел болдық деп жүріп авторитарлы қоғамға, автократиялық дәуірге тап болғанымызды кештеу болса да түсіне бастадық. Алайда осы отыз жылда толыққанды тәуелсіздікке, ең бастысы рухани тәуелсіздікке қол жеткізе алдық па? Енді Әділетті Қазақстан құрмақпыз, себебі отыз жыл Қазақстанда әділдік орнаған жоқ. Шенеуніктердің заманы туып, байыған үстіне байи түсті, ауылдардың тоз-тозы шықты. Алдымызда енді не күтіп тұрғанын білген кім бар? Жыл аяғында саяси жүйені сәл де болса өзгертіп, тарихи маңызы бар реформа жасап, Президентімізді де алаңсыз жеті жылға бір-ақ сайлап алдық. Тәуекелге бел буып демократия жолына тағы бір батыл қадам жасадық.

 

Көкше қазақылықтан қалай айырылды?

Ата-бабаларымызға мыңдаған жылдар бойы құт-мекен болған қасиетті Көкше өңірі мен Батыс Сібір  аймағы ықылым заманнан тарихы тереңнен тартатын байтақ өлке. Қазақ даласының әрбір сай-саласы, тау-төбесі мен өзен-көлдеріне шейін тылсым тарихты бауырына басып жатыр. Әр тасы тарихтан сыр шертеді. Бес мың жылдық көне тарихы бар «мың өліп, мың тірілген» қазақ деген халықтың басынан талай-талай «тар жол, тайғақ кешулер» өткені  тарихқа аян. Бойында ұлы бабаларының рухы сақталған дүлдүл ақын Мұқағалидың (Мақатаев): 

«Пай, пай, пай! Киелі неткен жер! Батырлар дүрілдеп өткен жер, Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер, Ғашықтар бір-бірін өпкен жер. 

Сарылып сал-сері кеткен жер. 

Бас иіп, иіскеп топырағын, 

Тағзым жасамай өтпеңдер!» – деген отты өлең жолдары осы өңірге арналғандай, немесе тау тұлғалы жазушымыз Мұқтар Мағауиннің: «Біз атқа мінгенде бүкіл дүние жаяу жүр еді. Біз шалбар кигенде бүкіл дүние жалаңбұт жүр еді. Біз жазу шығарып, жыр толғаған кезде қазіргі Еуропа қараңғылық түнегінде жатқан. Біз айбынды мемлекет түзіп, жарты әлемді билеп отырған кезде бүгінгі заманның ең озық жұрттары тайпалық құрылым деңгейіне жеткен. Біртұтас ұлы түркі халқы мың жыл бойы салтанат құрды, ғылым мен өнердің озық үлгісін жасады, рухы биік, аруағы үстем, күш-қуаты артық болды. Кім білер, кім сенер, біз сондай да сондай едік», – деген арқаны шымырлатып адамның делебесін қоздыратын рухты ойларында қаншама терең сырлы тарих жатыр. Сонау ғұндар дәуірінен бастау алған көне тарихқа бір көз жүгіртіп өтсек,  белгілі ғалым, сыншы, аудармашы Сәйділ Талжановтың зерттеулері бойынша дүниеге мәлім ғұнның қолбасшысы Атилла жорығы төртінші ғасырда Тайға (Тоғай) арқылы терістік Қазақстан үстінен өткен екен. Бұл өлке кейінгі ғасырларда Қимақ хандығы,  Жошы хандығы, Ақ Орда хандығы, Қазақ хандығы алғаш мемлекет ретінде ту тіккен, Абылайды хан көтеріп, кешегі Кенесарының ізі қалған дегдар мекен, бітімі бөлек бекзат өлке. Ел басына күн туған қасіретті, жойқын соғыстар мен «ақтабан шұбырынды» жылдар да Көкше өңірін айналып өтпеген. Қазақ жерінің байлығына қызыққан Ресей мен Қытай империялары құпия келісімшарт жасасып, Қытай жоңғарларды, ал Ресей калмақтарды қарсы айдап салды. Мемлекет құрмақ түгілі жоңғарлар сияқты халық ретінде жойылып кетуге шақ қалған сол бір тарихи кезең, аласапыран заман қазақтың шоқ жұлдызы Шоқан Уәлихановтың да қаламынан тыс қалмапты: «Джунгары, волжские калмыки, яицкие казаки, башкиры с разных сторон громили улусы казахов, отгоняли скот и уводили в плен целыми семействами», – деп жазған бір ауыз деректі сөзінен қаншама мағлұматтар алуға болар еді. Бұқар жыраудың ұстазы, «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жырау да (1663-1762 жж.) жоңғарлармен соғыс кезіндегі ахуалды: 

Орыс-қытай қалмаққа қару сатты, Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты. Қырғызып қазақтарды қалмақтарға, Орыстар қамалдарын салып жатты. Жау болды ағайын ел Естек бізге, Жасады ол да жорық елімізге.

Қоқан да күнгей беттен қоқаңдады, Соқтықпақ ойғыр, қырғыз тағы бізге», – деп іштегі шерін уытты жырларымен шығарып отырған. Көкше өңіріндегі әрбір төбе-төмпешіктердің сонау бір жаугершілік замандардан қалған өз тарихы бар. Заңғар жазушымыз Мұқтар Әуезов жазғандай: «Жер – әңгімеші. Жер әңгімеші болған соң, ел – әңгімеші» демекші, бұл өлке ерекше табиғатымен, тау-тасы, шоғыр-шоғыр қайың- қарағайларымен, Доспамбет пен Шалкиіз жыраулар «Қоғалы көлдер, қом сулар» деп толғағандай, қазақ үшін киелі құс – аққулар мекені болған толқынды көлдерімен – бәрі-бәрі тұнып тұрған шежіре! Әр төбе басындағы еңселі кесенелер, қорымдар мен тас белгілерде  ғасырлар бойы қолынан найзасын тастамай, елім деп ат белінен түспей, еңіреп өткен батыр бабаларымыздың сүйегімен қоса рухы да жатқандығын көпшілік біле бермейді. Мұндай белгілі де белгісіз қорымдар Көкше өңірінде молынан кездеседі. Реті келгенде тоқтала  кетейік, Орловка атауын иеленген село мен Ағынтай-Қарасай, Шауыпкел-Бадырақ батырлар қорымы арасында, 5-6 шақырымдай ғана аралықта биыл жазда рухы өшпеген ұрпақтарының бастамасымен Арғын-Қарауыл Жанатай батырдың да кесенесі бой көтерді. Ошақтың үш бұтағындай болып, аралары көз жетер жерге жерленген батырлар тарихын зерттеу болашаққа аманат. Аумағы алақандай ғана болатын, бір-бірінен дауыс жетердей ғана жерге жерленген батырлар қорымы талай сырды ішіне бүккендей. Алайда, қазақтың қадау-қадау ұлт зиялыларының кіндік қаны тамып,  Арқаның ән мектебін қалыптастырған, сал-серілердің ізі қалған киелі мекен қазіргі уақытта сол қасиеттерінен ада болғандай. Қазіргі жастарға бір заманда көк майсаға бөленіп, құлпырған Көкше өңірін ән тербеп, ақ қайыңдары самал желмен ырғатыла би билеп жүздеп, мыңдап топтана сап түзеген аққулары «сексен» көлдің сәні болған еді десең, ертегідей көрінер еді. Осылайша базары тарқамаған Көкше өңірі Кенесары ханның басынан бақ тайған заманнан бері берекесі кете бастады. Осы кезеңді сәтті пайдаланған орыс империясы Ресейдің ішкі жағынан қара шекпен киген орыс мұжықтарын қазақ жеріне топ-тобымен қоныс аударуға мәжбүрлей бастады (қазіргі жағдаймен бір ұқсастығы олар да бір кездері қазақ жеріне мәжбүрлікпен, амалсыздан қоныс аударып келген болатын). Әскери казактарға арқа сүйеген келімсектер осылайша Көкшенің сансыз көлдерін (бір ескертеріміз бұл өлкеге қатысты «сексен көл» атауы да, «сексен қыз серуенге шықса-дағы» деген сияқты лирикалық сипаттағы шартты ұғым. Жалпы қазақ даласында ірілі-ұсақты 48 мыңнан астам көл бар болса, соның жартысына жуығы еліміздің солтүстік аймағына ғана шоғырланған екен) қалағанынша иемденіп, жер атауларын өз қалауларынша өзгертіп, уақыт өте келе өздерін осы жердің автохтонды тұрғыны, байырғы аборигендері ретінде сезіне бастады. Кейіннен патша өкіметі қазақ жерін әкімшілік жүйе бойынша бөліске салу нәтижесінде ежелгі қазақи топонимдік атаулар да адам танымастай өзгеріп, көпшілігі қоныс аударған келімсектер атымен аталып кетті. Міне, осылайша ғасырға жетпес уақыт аралығында Көкше өңірі жер атаулары жағынан Ресей империясының бір бөлшегіне айналғандай болған-ды. Кеңестік дәуірге жалғасқан империялық саясат салдарынан тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, күні бүгінге дейін олардан арыла алмай келеміз. 

 

Отаршылдық зардабынан қашан, қалай құтыламыз?

Жаңа Қазақстан құрамыз десек, қоғамдық санадағы отарсыздандыру (деколонизация) процесін де жеделдету керек. Осы тұрғыда әсіресе солтүстік өңірлер үшін жедел қолға алатын мәселелердің бірі мемлекеттік тілдің мәртебесі болса, екіншісі – жер атаулары. Әсіресе, бұл теріскей аймаққа қатысты екендігін тағы да еске салмақпын. Мәселен, күні бүгінге дейін өзгермеген жер атаулары Орловка, Кутузовка, Казанка, Аксеновка, Кирилловка, Антоновка,  Комаровка, Карасевка, Елецкое,  Кругловка, Лавровка, Константиновка, Цуриковка, Гусаковка, Рузаевка, Лобаново (жергілікті тұрғындар қазақша атауы «Қолтықкөл» деседі. Шынында да атына сай ауыл Байсары көлімен екі көлдің ортасына орналасқан), Целинное, Наследниковка, Матвеевка, Карловка, Новоукраинка, Новосветловка,  Никольское т.б. деген сияқты славян тілді этнотопонимдердің әлі күнге дейін іргесі сетінемей, көбесі сөгілмей тұр. Таяуда ғана Еленовка елді мекені «Самалтау» болып өзгеріп жатыр деген қуанышты бір хабар естіп едік, енді ауыл тұғындарының бұл ұсынысын облыстық ономастикалық комиссия бекітпей жатыр деген тағы бір сыбыстар шығып жатыр. Бұл хабар шындыққа айналса, мұндай қарқынмен Жаңа Қазақстанды тағы да отыз жыл құратын боламыз. Бұл бір жағынан облыстық әкімдік тарапынан белсенді қимылдардың жоқтығын көрсетеді. «Біздің жақта қыс ұзақ» дегендей, теріскей өңірлердің де сеңі қозғалып, «үнемі кешігіп» жүретін көктем лебінің жылымығы мен шуағын күтіп жүргендер аз емес. Біз ресми түрде тәуелсіздік алсақ та, психологиялық тұрғыдан әлі күнге дейін тәуелсіздікке қол жеткізе алмай келеміз. Кейінгі кездері аға ұрпақ өкілдерінен: «Қазір тәуелсіз елміз. Сондықтан ұлттық санаға сай психология керек. Ұлттық санаға сай мінез қалыптасуы керек. Ұлт болу үшін дүниетаным қалыптасу керек. Ұлт – мәдениеттің жемісі. Ұлт – этникалық ұғым емес, ұлт дегеніміз – мәдени орта»» деген немесе «Қазір рухани құндылықтардың өлшемі өзгерді. Қоғамдық сананы өзгертетін өзек – руханият.  Тәрбиенің күретамыры –ұлттық құндылықтар», – деген терең мағыналы, жігеріңді жанитын пікірлерді жиі естіп жүрміз. Демек, қоғамымызда, еліміздің бұдан былайғы дамуына бей-жай қарай алмайтын зиялы қауым ортасында үлкен қозғалыстар бар. Дегенмен де қазіргі уақытта бізге алдымен құлдық санадағы кадрлардан құтылу (люстрация) керек. Ұлттық танымы тұсаулы, өрісі шектеулі қоғам құрсауынан бірден босанып шығу да оңай емес. Отаршылдық тарихымыз, отарланған тарихымыз толық жазылып болған жоқ. Ендігі уақытта өз тарихымызды өзіміз түгендемесек, «отарланған елдің тарихын отаршылар жазатын» заман өтті. Отаршылдық зардабы қанымызға сіңіп кеткендігі сондай, біз осы уақытқа дейін жалтақпыз. Артымызға көп қараймыз, үреймен өмір сүріп жатқандаймыз. Бұдан бір ғасыр бұрын ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов кемеңгерлікпен айтқандай «ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден». Бұған бүгінгі күні көзіміз жетіп отыр, үнемі ротация жасап, себепсіз кадрлардың орнын ауыстырып отырған  тоталитарлық жүйе мен неопотизм дәуірін, узурпаторлық, коррупциялық кезеңді ғана көріп өскен ұрпақта қандай ұлттық тәрбие болмақ?  Кеңестік мәдениет ықпалынан ажырамаған, ұлттық сана дегеннің не екендігін білмейтін кадрлар басқарған қоғамда ұлттық дүниетаным, ұлттық мәдениетті қалайша қалыптастыруға болады? Ел, жер тарихын жете білмей, байыпты көзқарас танытпаудың ақыры жергілікті халықтың жапа шегуіне әкеліп соқтырады. Қалыптасқан тарихи пайымдауларды ескермей, әкімшілік-әміршілдік басқару жүйе салдарынан соңғы отыз жылда Қазақстан өңірі негізсіз әкімшілік бөліністерге ұшырады. Әсіресе, онсыз да ушығып тұрған солтүстік аймағымыз адам танымастай күйге түсті. Көптеген ауылдарымыз иесіз қалды. Маңызы бар мектеп, аурухана, пошта, мәдениет үйі секілді нысандар жабылды. Өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы қазақ ауылдарына байланысты жағдайлар қайталанып, көптеген елді мекендер «болашағы жоқ ауылдар» санатына жатқызылып, «жапандағы жалғыз үйге» (Сәкен Жүнісов) айналды. Ауылдарымыз назардан тыс қалғандықтан, ауылдағы тұрғындар ауа көшіп, ол аймақтар бос қалды. Осындай жағдайлардан ұлт зиялылары да сырт қалмай, өзіндік ішкі бұлқыныстарын білдіріп жатты. Қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев та сол тұста: «Статистика бойынша, бізде 6300 ауыл бар. Осыған орай, Назарбаев «Келешегі жоқ 1500 ауыл бар. Соның барлығын жауып тастау керек» деп айтады. Не деген сұмдық?! Бұл қазақтың балтырына балта шабу деген сөз»,  – деп жан айқайын білдіріп еді-ау. Бірақ оны тыңдайтын құлақ, оны түйсінер сана қайда? 

 

Қазақ ауылдары құрдымға кете бере ме?

Осы жағдайларға нақты көз жеткізу үшін біз биылғы жаз айында өз тарапымыздан арнайы мақсатпен жолға шығып, біраз  ауылдарды аралап шыққан едік. Оқырмандарға осы сапар барысында өзіміз куә болған, қолымызға тиген кейбір деректерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік (Негізі, бұл ел ішіндегі азаматтардың жұмыла атсалысып көтеретін, көпшілікпен бітетін шаруа ғой. Сондықтан бәлкім ел арасында елге жанашыр, ұлтжанды азаматтар бар болса, бұл мәліметтерді түзеп, толықтырып, хабарласып жатса, нұр үстіне нұр болар еді). Мәселен, Шүкірлік ауылында (СҚО) елу шақты ғана үй қалған, ал тоғыз жылдық шағын мектепте 27 бала ғана оқиды екен. Высокое (бұрынғы атауы «Шаңғал» болған дейді жергілікті тұрғындар) ауылында қалғаны 25 үй, мектебі 6-7 жыл бұрын жабылған екен. Сол ауылға таяу орналасқан Елтай ауылы да осындай күйде, мектеп жоқ. Сол сияқты Горное ауылында да елу шақты үй қалған, мектебі жоқ болғандықтан, балалар бұрын аудан орталығы болған Арықбалық кентіне қатынап оқиды. Верхний Бурлук ауылында 80 үй, бастауыш мектеп қана жұмыс істейді. Ақанбұрлық ауылында да мектеп жоқ, балалар интернатта жатып оқиды. Карсаковка ауылында да елу шақты үй, бұрын бастауыш мектебі болған екен, қазір ол да жабылған. Целинное ауылында елу шақты үй, бастауыш мектебінде 11 бала ғана оқиды. Мұқыр ауылында үй саны жиырмаға жетер-жетпес қана, мектебі жоқ. Әлжан ауылында да елу шақты үй бар. Тоғыз жылдық мектепте кейбір сыныптарда бала жоқ, ауыл тұрғындары бастауыш мектеп деңгейіне түсіп қала ма деп қауіптеніп отыр. Бір кездері «Таң нұры» деген атпен белгілі, қазіргі Заря ауылында негізінен орыс пен неміс ұлты мекен еткен. Ауылда 23 бала болса да мектеп жоқ, балалар Лобанова ауылына автобуспен барып-келіп оқып жүр. Орловка ауылында да елу шақты үй қалған. Бұрын тоғызжылдық, кейіннен бастауыш мектебі болған. Осылайша бұл тізімдерді жалғастыра берсек, бір кездері сексенге тарта отбасы тұрған Егіндіағаш ауылында қазіргі уақытта небары жиырма шақты, ал Междуозерное кентінде небары 15 шақты ғана үй қалған екен. Сондай-ақ, бір кездері совхоз орталығы болып берекесі мен мерекесі жарасып, қызу тірлігі толастамаған ауылдардың базары тарқап, жартысы көшіп кеткен. Соның ішінде Кеңес дәуірінде мектебінде үш жүзге тарта бала оқыған толықтай қазақтар тұратын Дәуқара ауылында қазіргі уақытта бар болғаны 70-ке тарта үй қалған. Светлыйда (ел аузындағы мәліметтерге сенсек, тыңға дейін Жарқын-Жаркент ауылы атанса керек) 80 үй бар болса, ауылдағы «Целина» негізгі мектебінде небары 19 бала ғана оқиды екен.  Бұрын жүзге тарта отбасы мекендеген Қарақамыс ауылында – 55 үй, аты  Үкілі Ыбырай ауылы болып өзгерген бұрынғы Өскен ауылында – 45 үй, ауылдағы тоғызжылдық негізгі мектепте 29  оқушы, көршілес Құмтөккен ауылында 63 үй болса, ондағы орта мектепте 51 бала оқиды. Қарлыкөл (бұрынғы «Пахар») ауылында небары 60 үй болса, ауылдағы тоғызжылдық негізгі мектепте небары  24 бала ғана оқиды екен (бір ескертеріміз бұл ауылдар негізінен бұрын Көкшетау облысы құрамында болған). Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге де болар еді, бірақ ол біздің  басты мақсатымыз болмағандықтан,  толықтай қамти алмадық. Негізінен үкімет тарапынан осы бағытта (демографиялық, этнографиялық, топонимикалық және т.б.) жұмыстар жүргізуге ниет болса, тек теріскей аймақтың өзіне арнайы кәсіби ғалым мамандар тарта отырып, экспедициялық жолмен толықтай зерттеп шығуға болар еді. Комаровка ауылындағы тоғызжылдық мектепте 60 бала оқиды екен, оның өзінде де іргелес Ақан (иісі қазаққа мәлім Ақан сері) ауылынан қатынап оқитын балалар санымен толығып отыр. Осы жерде Ақан ауылына қатысты трагедиялық уақиғаны айта кетпесек, сері әруағының алдында азаматтығымызға сын болар. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ақан ұрпақтары қоныс еткен Кеңащы ауылы айнала орналасқан Қоскөл көліне сол кездегі аудан орталығы Володаровка (қазіргі Саумалкөл) кентінің солтүстігінде 5-6 шақырымдай жерде ел аузында ГРП (геологиялық барлау партиясы, қазір түрмеге айналған) деген атпен танымал болған, уран өндірушілер жер таппағандай уран қалдығын 20-25 шақырым жердегі бір орысы жоқ осы Ақанның Қоскөліне әкеп төккен екен. Нәтижесінде ауыл малынан, қаз көлінен, көл сәнінен айырылып, «Сені көлден айырған, лашын құстың тепкіні, мені елден айырған хан Жәңгірдің екпіні» (Махамбет) дейтіндей күйге түскен. Бірақ бір кездері көлдің көркі  болған қаздарымен қоса лашын құс та, көлін қорғаған қызғыш құс та, қасқалдақ та қалмапты.

Ақансері ауылында ауыл түгілі аудан орталығынына көрік берер заманауи жобамен салынып кәдеге жарамай қалған  құрылыс нысандарының бүгінгі көрінісі осындай.  Ауылшаруашылығы кешегі Кеңес дәуірінде де, одан кейінгі жылдары да пайдасы аз, ал бейнеті көп кәсіп екендігі белгілі. Екеуі де жылына бір-ақ рет өнім береді. Айырмасы Назарбаев жүйесі дәуірінде шаруашылықтың бұл түрлері бір жағы монополизациялау жолымен, екінші жағынан субсидия арқылы әбден былыққа батқан коррупцияланған коммерциялық шаруашылық түріне айналды. Қолы жеткендер байыды, ал нағыз бейнетін көргендер төменгі деңгейде қала берді. Даму әлеуеті төмен елді мекендер ретінде танылған осындай жүздеген ауылдар біртіндеп болашағы жоқ елді мекендер санатына қосылып жатты. Бір кездері думаны басылмаған ауылдарды қолдан «болашағы жоқ» елсіз мекенге айналдыру үшін көп күш жұмсау қажет емес. Ол үшін мектебін жауып, жұмыс орындарын қықартса жетіп жатыр. Осындай сұрқай саясатқа жаны күйген бір ұлтжанды азамат айтқан екен «қазақты құртам десең – малын ал, ауылды құртам десең – мектептерін жап» деп. Одан кейін ол процесс өзі де тоқтамайды. «Көршің жаман болса, көшіп құтыласың» дегендей, ондай ауыл тұрғындарын жаппай қалаға көшіріп «құтылып», проблеманы жаба салу айтуға ғана оңай. Онда да дайын тұрған ештеңе жоқ, қаланың да өзіндік проблемалары жетерлік. Жастар жұмыссыз қалып, орта буын өкілдері қалаларға қарай бет алып, ауылдарда  тек ата қонысын қимаған қарт адамдар ғана қалды.  Мәселен, бұрынғы Қопа, кейінгі Политотдел ауылында қазір бар-жоғы үш-ақ үй қалған. Жасы тоқсанның жуан ортасына келсе де  көшкен елдің жұртында Аюлов Зікірияұлы Әділбай ақсақал жеке үй болып отырған екі баласымен көшпей қалған. Әдекеңнің айтуы бойынша, бұл ауыл 1921-1936 жылдар аралығында «Молотов» атындағы коммуна болып құрылған, ал жетпісінші жылдары ауылда үй саны жетпістен асып бастауыш мектебі, дүкені және конторы мен клубы да болған екен. Ескі жұртта қалған ақсақалдың сылтауы ауыл іргесінде жоңғар шапқыншылығы кезінде мерт болған батыр аталары «Шауыпкел» мен «Бадырақ» батырлардың зираттары жатыр. Әр бейсенбі-жұма сайын бастарына барып құран бағыштап қайтады. Ұрпақтары жиналып тас белгі қойып, басын көтеріп кеткен қорымның шырақшысы болып жерінің «иесі де, киесі де» болып отырған жайы бар. Бір жағынан қартайған шағында аудан орталығынан соғыс ардагері ретінде үкімет тарапынан уәде етілген баспана беріліп қала ма деген үміт те жоқ емес (жыл сайын 9 мамырды үмітпен күтіп отырады), бірақ «бір кем дүние» дегендей, Әділбай қария «Әділетті Қазақстанның» болашағын тілеп, шыдамдылықпен әділет күтіп отырса да, өкінішке қарай, билік басындағы әкімдердің бұл «ауылға» жолы түспей тұр. 

Ал осы жағдайға қарама-қарсы тағы бір мысал келтірейін. Осы Қопа ауылынан батыс бағытқа қарай төрт-бес шақырым жерде Кеңес дәуірі кезінде Мәдениет және Злотогорск деген ауылдар орналасып, екеуі де совхоз орталығы, қазағынан орысы көп заманда «табысы тасып төгіліп, дүркіреген» ауылдар санатында болса керек. Кейіннен осы екі ауыл арасындағы төбеден Арғын Ағынтай батыр мен Шапырашты Қарасай  батырлардың зираттары «табылып» (жергілікті тұрғындар бұл жерді күні бүгінге дейін Құлшынбай батыр төбесі дейді екен), ас беріліп оған сол кездегі Елбасымыз да қатысып, «мәңгілік» есте қалдыру үшін екі ауылға екі батырдың аты берілген екен. Арқада табысып, ақыретте бастары қосылған батырлардың аты берілген ауылдардың жағдайы «екі дүниенің есігіндей» болып қалған. Ағынтай батыр аты берілген Злотогорск ауылына бұдан жарты ғасыр бұрын салынған жолмен жету азабын былай қойғанда ауылдың өзі үркіншілік күйді бастан кешкен қалпында қалды. Ал Қарасай батыр атын иеленген, бұрынғы Мәдениет ауылында инфрақұрылымдық құрылымдардың бәрі де жаңартылған. Жаңадан мешіт, мектеп, асфальт жолдар салынып, электр желілері тартылған. Бұл да болса әкімдердің халыққа емес, билік үшін әрекет жасайтындығының бір көрінісі болса керек. Болашағы жоқ ауылдардан қандай демографиялық немесе әлеуметтік өсім күтуге болады. Бізге жетпейтіні –  ұлттық идеология. Қазіргі басты ұлттық идея, ол – ауылды қайта жаңғырту. Себебі қазақтың түп қазығы да, алтын тамыры да ауылмен біте қайнасқан. Заман ағымына байланысты урбанизация үрдісі қанша қарқын алса да, көптеген бауырларымыз ауылды біржолата тастап кете алмай отыр. Дамыған елдерде ауылдық жерлерде халықты орнықтыру үшін, біріншіден, әлеуметтік мәселелер дұрыс шешімін тауып, стратегиялық әлеуметтік инфрақұрылымдық қамсыздандыру мақсаты қойылады. Президентіміз Қ. Тоқаев қаншалықты бастамалар көтеріп, Жолдаулар жолдап, реформалар жасап жатса да, оны әлі түсінбей немесе заман лебінен қалыс қалып отырған әкімдер де жетерлік. Иесіз қалған өңірді жандандыру үшін жергілікті халыққа Үкімет тарапынан жоспарлы экономикалық қолдау қажет. Осы тұрғыда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына (бұл жобаға халыққа рухани жағынан қолдау білдіру де кіреді) сәйкес, биылғы жылы қызу қолға алынған республикалық маңызы бар жолдарды нормативтік жағдайға келтіру жоспары өміршең бастамалардың біріне жатады. Себебі су адамзаттың тіршілік көзі болса, күре жолдар – тіршілікке тыныс берер қан тамыры. Қазақстан жол сапасы бойынша әлемдік рейтингте көш соңында келе жатқан елдердің бірі екендігі белгілі. Бұған біз жоғарыда атап өткен елді мекендерді аралау кезінде анық көзіміз жетті. Бұрынғы елді мекендерді байланыстырып жатқан тас жолдар өмір жолынан гөрі «өлім жолына» айналған. Осы жолдармен бір жүріп өткеннен кейін билік басында отырған шенеуніктер отыз жылда осы жолдарды жөндеуге тиісті қаржыдан қанша миллиондарды «үнемдегені» өз алдына бөлек әңгіме. Жалпы еліміздің солтүстік өңірінде елді мекен аттарын заман талабына сай қалпына келтіру, өзгерту немесе ел  ардақтыларына, арыстарымызға ескерткіш орнату қаншалықты қиынның қиыны болса, мемлекеттік тілге деген құрмет те сондай күйде, әлі күнге дейін аяқ асты қалып келеді. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі бойынша қазіргі уақытта Қазақстандағы  халықтың жетпіс пайызын жергілікті халық құрайды (қалғандары орыс, өзбек, украин, ұйғыр, неміс, татар сияқты ұлт өкілдері және санатта болса да саны жоқ этностар. Тіпті «толерантты», бауырмалдылығымыз сондай – әлемде алты ұлттың театры бар жалғыз ғана мемлекет тек біз екенбіз. Тек біздің елде ғана қазақ, орыс, ұйғыр, корей, өзбек, неміс театрлары жұмыс істеп тұр) және де еліміздегі тұрғындардың басым көпшілігі, яғни сексен пайызы қазақ тілін меңгерген. Ал қазақ тілін Ата заңымызбен бекітіп, оған мемлекет басшысы кепіл болып отырса да, терістік өңірде оны мойындамайтындар әлі де болса жеткілікті. Тілдің тағдыры – ұлттың тағдыры. Жоғарыда атап өткеніміздей, қоғамдық сананы руханият арқылы өзгертеміз десек, ал руханиятымызды ана тілінсіз қалай өзгерте аламыз? «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлы бекер жанайқайын білдірмесе керек.

Президент ауылға бет бұрды, қалғандарымыз ше?

Жаңа Қазақстан құрамыз десек, Назарбаев дәуіріндегі екіжүзді, солқылдақ саяси ұстанымды ұмытуымыз керек. Билік басындағылар «көпшілікке түсінікті тілде» сөйлеуді мүлде доғаруы керек. Ұлтына қарамай Қазақстан азаматтығын алған әрбір тұлға шын ниеті, қарапайым қабілеті болса, күніне бір сөз жаттаса да үш жылда еркін сөйлеп кетері ақиқат. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей, тұғыры берік тәуелсіз мемлекекет құрамыз десек, алдымен тіліміздің дербестігін сақтауымыз керек. Кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдениеті мен тілі екендігін әр уақытта жадымыздан шығармауымыз керек. Қазақ ұлтының жаңа ғасыр басындағы даму жолының негізгі кілті руханиятта жатқандығын алдын ала көре  білген рухани көсеміміз Ахмет Байтұрсынов бұдан тура жүз жыл бұрын: «қазақ жем болудан (орыс империясының тарапынан келуі мүмкін жағдайды меңзеп отыр) түбінде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет (руханияттың бір саласы) қуатымен құтылады», – деп ой қозғауы, сол кездің өзінде қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдайды көрегендікпен шынайы болжай білгендігін көрсетеді. Қазіргі уақытта Қазақстан халқының сексен пайызы қазақша білетіні немесе түсінетіні күмәнсіз. Солай бола тұра кіріс-шығыс құжаттары, ісқағаздары толыққанды мемлекеттік тілде жүгізілмей келеді. Бұны қалай түсінеміз, Ата Заңды сыйламаушылық па, әлде немқұрайдылық па? Мемлекет басшысы: «Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс еш тоқтамайды, жалғаса береді. Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды»,  өте дұрыс нақты талап қойып отыр. Инаугурациядан кейін мемлекет басшысы іске шындап кіріскен сыңайлы. Ұлықтау салтанатынан кейін жаңадан сайланған Президентіміздің бірінші қолға алған жарлығы ауылға арналды: «Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы үкіметке ауылды дамытудың бес жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші Жарлығым болады», – деген мемлекет басшысының жаңа қадамынан күтер үмітіміз мол.

Дәуренбек Ескекбаев,тарихшы-этнограф
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 136
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 135
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 650
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 769
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 683
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 693

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8830
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8228
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11455
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9212
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10439