– Алғаш рет Атырау қаласында кездесуімізге ықпал еткен марқұм Абат Әбділдаұлы еді. Алыстағы Алматыда тұратын қазақ жігіті Сүлеймен Шадкамды қонаққа шақырады. Шай үстінде руы мен тегін біліп, Жылыой ауданында да ағайындары бар екенін айтады. Біз бабамыз Манан Әулие Жиеналыұлының бесінші ұрпағы, арада ғасырға жуық уақыт өткенде осылай табыстық.
Ертесіне інім Мейрамбай Сембайұлының шақырымдарды шайнамай жұтатын көлігімен жолға шықтық. Толқып келеміз. Иә, оның есімін ертерек естігенмін, бірақ Маңғыстаулық ағайындардың таныстыруға, табыстыруға аса ықыласты болмағанын байқадым. Сәті бүгінге келіпті. Келін Динай екеуі емдеу-сауықтыру санаторийіне орналасыпты. Біз барғанда қара балшық қабылдап, ем алып жатыр екен.
Сәлден соң дәліздің бойымен асыға басып келе жатқан жігіт ағасы «Ассалаумағалейкум» деп дауысын көтере амандасты. Үнінің саңқылында сағыныш, демінің аңқылында аңсар, көзінің жарқылында сүйіспеншілік үндесіп тұр еді. Сол аралықта Динай келін де келіп үлгерді, келістіріп маған сәлем салды. Мен Сүлейменнен екі ай үлкен екенмін.
Мейрамбай інімнің ұсынысымен «Бавария» мейрамханасына бет алдық. Дегенмен сол сәтте көже қарнымыз да, көңіл қарнымыз да тоқ еді.
Түстік ас үстінде сөз тізгінін Сүлеймен қолға алды.
– Он жастағы ойын баласы болсам да, өзімнің ата тегім, атақұлдығым туралы жиі ойланатынмын. Үйде қазақша, мектепте парсыша, көшеде түрікпенше тілдесу мен үшін қиын болмаса да, ерсілеу көрінетін. Әкем Ақтау қой аузынан шөп алмайтын момын адам, Маңғыстау туралы толғанғанда көкірегі қарс айырылатын. Туған жерінен тоғыз жасында кетіпті, бұл 1928 жылға келеді. Қызыл большевиктердің тепкінімен, сорақы саясаттың екпінімен тезек теріп, тентіреп кеткен көп қазақтан бұлардың айырмашылығы – Иран мемлекетіне өтіп, өздерін һәм ұрпағын аман сақтап, жадау егін, жарау құрсақ болса да, жандары қалды.
Ат жалын тартып мініп, азамат атанған соң болашақ туралы ойлана бастадым. Әскери қызметкер болуға аңсарым ауды. Бірақ ол елде біз сияқты бұратаналарға жоғары оқу орнының есігі жабық екен. Міне, сол уақытта түрікпен жігіттері ту көтеріп, теңдік сұрап, қолдарына қару алып, Қызылбастарға қарсы шықты. Қаным қайнап жүрген мен де бір бөлімді басқарып, ұрысқа кірдім. Әрине, «көп – қорқытады, терең – батырады». Ойсырай жеңілдік. Көтеріліске шыққандарды қойдай көгендеп, дарға асу арқылы өлім жазасына кесуге үкім шығарыла бастады. Сол өлкенің прокуроры, қандасымыз Мұхамбет Ескелді маған құжат дайындатып беріп, ағам Сары өзі Түркияға апарып салды. Сөйтіп, бір ажалдан аман қалдым.
Түркияда да көндіге алмай, әуелі Аустрияға, содан кейін Германияға кеттім. Өндірісті Мьюнхен қаласына тұрақтадым. Осында жүріп достар таптым, сүйген қызыма – қазіргі келініңізге – үйлендім. Екі ұл сүйдім.
Мен ертегі естіп отырғандай елтіп қалыппын. Иә, адамның бесігінен бейітіне дейінгі жолы ғұмыр, өмір, тағдыр деп аталады. Сүлеймен талай тар жол тайғақ кешуден өткен тағылымды тағдыр иесі екен. Жат елде жүрсе де, өзінің ана тілінің барлық иірімдерін жете игерген, ата дәстүр, баба салтын басты құндылық ретінде бағалаған, өмірінің бағдаршамына айналдырған арыстан азаматқа өте риза болдым. Оның он үшке, бір мүшелге толмаған үлкен ұлын – Олжасты – Алматы қаласына әкеліп, қазақ тілін үйрен, қазақша оқы, қазақ қызына үйлен деп тастап кетуі қандай мадақ пен марапатқа лайық ерлік деп бағалаймын. Олжас әкесі алдына қойған міндеттерді толықтай орындады.
Мен Сүлейменді досым, қазақтың қабырғалы қаламгері Рақымжан Отарбаевпен таныстырдым. Екеуі аз ғана уақытта тонның ішкі бауындай болып кетті. Бірде Рақымжан кезекті шығармасының тәржімасымен танысу үшін Берлинге сапарлады. Арада он күн өткенде түн ортасында қоңыраулатып тұр.
– Досым, – дейді, ол мені осылай атайтын, – сен жақсы жігітсің, – мен мадиықтанып үлгермедім, – бірақ Сүлеймен ініңнің қолына су құя алмайсың. Мен мұндай жаны жайсаң, даладай дарқан, салдардай салқам қазақты өте сирек кездестірдім. Енді оған қандай жақсылық жасай аламын деп ойланып отырмын.
– Ол алда асқаралы 60 жасқа толады, – дедім. Рақымжан қуанып кетті.
– Онда Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрында кездесу өткіземіз. Өзің жүргізесің, – деді дауысы Атыраудың жарға соққан толқынындай күркіреп.
Елге орала сала осы шараны шалқар мазмұн сыйғыза өткізу үшін ұйымдастыру жұмыстарын ұтымды жүргізді. Өзі де ерекше шабыттанып шалқи сөйледі. Сүлеймен мен Динай өз өмірлерінің тағдыр таңба салған талайлы кезеңдерінен әңгіме өрбіткенде ел егіліп кетті. Бұл мәңгілік жадыңда жүретін көкіректен көктемнің керімсал самалы ескен ерекше кездесу еді. Осындай жүздесулер Қазақстанның әр қаласында, әр ауданында өтуі керек еді. Әттең, тонның келтесі-ай!
Мен Сүлеймен Шадкам сияқты Қазақ елін өзегін үзе сүйген, өңешін жырта мақтаған адамды өте сирек кездестірдім.
Динай айтады:
– Қазақстаннан оралған соң ол апта өтпей-ақ алаңдай бастайды. Мінезі тұйықталып, көзінде көлеңке пайда болды. Өзін қоярға жер таппай, аласұрып жүреді. Тағы да Қазақстанға кетуге аңсары ауып тұрады. Мен де адаммын, әйелмін, көңілімде күмән қалады. Мүмкін, Сүлеймен Атажұртынан қазақтың бір қызын тауып алған шығар деп ойлаймын ғой. Сөйтсем, ініңіз Қазақстанға ғашық екен, – деп жарқылдай күледі.
Иә, ол біздің еліміздің Германиядағы өкілі секілді өмір сүреді. Оқуға барған шәкірттер, өнер адамдары, алты алашқа аты жайылған қаламгерлер Мьюнхенге табан тіресе алдымен Сүлейменді іздейді. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Есенғали Раушанов, Ғарифолла Әнес марқұмдар, Нұрлан Абдуллин, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Айгүл Үлкенбаева оның қимасындай қымбат, жерлесіндей жақын жандарға айналғалы қашан.
Бұл орайда оның өмірінде режиссёр Болат Атабаевтың орны ерекше. 2018 жылы інім Мейрамбайдың алқауымен Сүлейменнің ұлы Абай отау тігетін болып, Стамбұл арқылы Мьюнхен қаласына ұшып келдік. Түстік асымызды бауырымыздың үйінен айырып, қонақүйге енді орналаса бергенде Сүлеймен хабарласты.
– Болат ағай Атабаев келді, бірге болсаңыз, көлік төменде күтіп тұр.
Әлгінде ғана өзіміз ауқаттанған бөлмеде Болат ағамыз бір білем сары ала қазыны кертіп жеп, Ақтөбенің ақтарысымен сүт қатқан қою шайды маңдайы тершіп тартып отыр екен. 2011 жылы Жаңаөзендегі қанды қасаптан соң билікке қарсы қатты сөйлеп, қапасқа қамалғанын, шыққан соң шетелге кеткенін білемін. Апта бұрын Кёльн қаласының театрында «Құлагерді» қойып, немістер сахнадан иықтарына салып, көтеріп алып кетіпті. Риза болғаны ғой.
– Бұлар жабырқап жүрген жанымды жадырататын жайсаңдарым ғой. Сүлеймен де, Динай да көктемнің ерте ескен ерке самалындай ерекше адамдар. Туған жерде алыста жүргенімді де ұмыттырып жібереді, – деді ол емірене толғанып, тебірене сөйледі.
– Сүлейменнің Қазақстаннан келетін қандастарына деген қалтқысыз көңілін айтсаңшы. Қанша адамды емдетіп, аяқтарына тұрғызып жіберді. Ел алғысын арқалау – азаматтың абзал мұраты. Сүлеймен халық марапатының иесі ғой, – деп Болат ағам маңғаздана маған қарады.
Сол кезде бір оқиға есіме түсе кеткені. Олжас жоғары оқу орнын ойдағыдай тамамдап, Алматы қаласында Сүлеймен мен Динай мейрамханада дастарқан жайған. Қонақтар ақ тілектерін ақтарып, бата беріп, отырыс орталай бергенде қолына таяқ ұстаған келбетті қыз жүргізушіден рұқсат алып орнынан тұрды.
– Меруерт, сен отырып сөйлей бер, қиын болады, – деген дауыстар естіліп қалды. Бірақ қайсар қыз оларға қарамады.
– Ағайындар, сан жылдар төсекте *сартанбек болып жатқан мені Сүлеймен ағам күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей туған бауырындай емдетіп, аяғыма тұрғызды. Мен қалай сол адамның қуанышында отырып сөйлеймін?
Шынымды айтсам, жүрегім шымырлап кетті. Бар ғұмырын айналасына жақсылық жасаумен, жүрегінің жылуына, жанының шұғыласына бөлеумен ғұмыр кешіп жүрген Сүлеймен неткен бақытты?!
Біз жиі хабарласып тұрамыз. Арада аз ғана уақыт өткенде Болат Атабаевтың қатты ауырып қалғанын естідім. Жан досы Өмірхан Алтынның көлігімен есін жоғалтып алған ағаларын Келен қаласынан Мьюнхенге алып келіп, ауруханаға жатқызды. Бұл салада Сүлейменді сыйлайтындар көп екен. Бөкеңнің өмірін сақтау үшін ота жасау қажет болды. Германиядағы емдеу бағасы өте қымбат, 100 мың еуроға жетіп жығылады. Өзінің мұрындарына су жетпей жүрген жігіттер қор ашып, халыққа сауын айтты. Осылайша Болат ағамыз аман қалды.
Ауруханадан шыққан соң Сүлеймен жарымен кеңесе келе қолындағы бала мен келінін бөлек пәтерге орналастырып, өз үйлеріне алды. Себебі оған ерекше күтім керек еді. Динай күнде оның іріңдеп кеткен кесілген аяғын тазалайды, жуады, киімін ауыстырады, баласындай баптайды. Тамағын беріп, күш алуына көмектеседі, денесіне инесін пісіріп, дертінен айығуын қадағалайды. Үш айдан соң Болат Атабаевтың беті бері қарайды. Егер Сүлеймен мен Динай, Өмірхан болмаса, Болат Атабаевтың сүйегі жат жерде қалатын еді.
Талайлы тағдырларды мың сындырып, күпті жүректерді күрсіндіріп, арыстарымызды алып кеткен кешегі індет кезінде, Батыс Қазақстан ұлысының халқына аса қажет дәрілерді жібереміз деп аласұрған Сүлеймен мен Өмірханның өз елі үшін өзегін суырып беруге дайын көңілін біз шын түсіне алдық па екен?! Әй, білмеймін.
Бірде екеуміз Жаңаөзен қаласының жастарымен кездесуге бардық. Олар өзара кеңесіп, шетелде өмір сүретін қазақ жастарын Наурыз мерекесіне шақырыпты. Ресейдің Курган, Иранның Горген, Түркияның Ыстамбұл қалаларынан, Ноғай, Башқұрт, Татар елдерінен келген ботатірсек бозбалалар, бойжеткен қылықты қыздар өзінің өмір жолы туралы әңгімелеп отырған Сүлейменді елти тыңдап, біресе жанарлары буланып, кірпік ұшына тамшы ілініп, біресе ақтарыла күліп, риясыз қуанып, көңілдерінің теңіздей толқығандарын көргенде, іштей мен де ерекше елгезек сезімді бастан кештім.
Иә, мен де талай рет кебу жерде тайғанап, тегіс жерде сүрініп жүрген жігітпін. Жолым оңай болған жоқ. Бірақ Сүлейменді тапқан соң бастан кешкен қиындықтарымның түкке тұрмайтынын аңғардым. Аңғардым да бойым жеңілдеп сала берді. Сол кездесу жалғасын табуы керек еді.
Оның ғасыр жасап Маңғыстау топырағына жамбасы тиген жайсаң анасы туралы айтпауға болмайды. Алғаш кездескенде маған алақанға сыйып кететін Құран кітабын сыйлады. Бес намазын қаза қылмаған, үнемі айдындағы аққулардың алғасындай аппақ киініп жүретін асыл жан, тақуа кейуана арада алты жыл өткенде:
– Бүркітжан, мен саған Құран беріп едім. Оқымасаң да сапарға шықсаң, үйге аман келсең, мұқабасынан сипап қой, – дегені.
Сасып қалдым. Мен мүлдем ұмытып кетіппін. Үйге келсем, сөреде тұр екен, қуанғаным-ай! Мен Сүлейменнің бойындағы Атымтайға ағайындық анасынан дарыған деп есептеймін. Жиынхан анамыздың алдында өзіңді сәбидей сезінесің. Осынау Қақыра жаулықты шүйкедей кемпірдің бойында бір тылсым қуат бар еді. Еріксіз аяғыңды тартып отырасың.
Оған оңай болды дейсіз бе? Үш мүшелге толғанда бір әулеттің ауызын аққа жарытып отырған тұңғыш ұлы Сары қаза тапты. Аңырап жары, шиеттей үш қыз, екі ұл қалды. Енді ес жиып, етек жапты дегенде Сүлеймен Үкіметке қарсы шығып, ауыр жазаға кесіле жаздады. Алланияға ат басын тіреп аман қалды.
– Құдайға шүкір, – дейді терең күрсініп. Оған Иранға кіруге болмайды, екеуінің – ана мен ұлдың жолығар айлағы Қазақстан ғана.
Сүлеймен айтады:
– Адамға жақсылық жасауға жаным құштар. Олардың қуанғанын көрсем, көңілім көтеріліп, иығымнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қаламын. Менің жүрегімнің дүрсілін ұққан, жанымның жұмбақтарын түсінген Динайға мың алғыс. Біздің үй қазақ елінің Мьюнхендегі елшілігі сияқты. Қонақ арылмайды. Бірі дәрігерге қаралуға, бірі оқуға, бірі кәсіпкерлігіне байланысты ат басын тіреп жатады. Дастарқанымыз жиналмайды. Мен аталастарыма осы Германияда қажет екенімді ұқтым. Мүмкін бір күні елге қарай өкше көтерерміз. Ата мен әже атандық, адамда басқа қандай арман болуы мүмкін?
Бұдан бір ғасырдай бұрын алмағайып заманда үдере көшкен аталарымыздың тұяғы Сүлеймен осылай толғанады.
– Қазақ деп соққан жүрегіңнің дүрсілінен айналайын, – дегің келеді. Бір кездегі суырпақ соқпақ даңғылға айналған. Ол келешекте Қазақ үшін кемел де керемет кезең келеріне сенеді. Сенім – ұлы күш!
Осынау бар ғұмыры сары алтынның буындай сағынышқа мелдектеген асыл жан енді екі жылдан соң 70 жасқа толады. Мүмкін, ойланармыз? Арамызда алшаң басып, аман жүр, Алашұлы!
Бүркіт БАЗАРБАЕВ,
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі













