КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІС РЕФЕРЕНДУМ АРҚЫЛЫ ШЕШІЛМЕК

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІС РЕФЕРЕНДУМ АРҚЫЛЫ ШЕШІЛМЕК

Бұл жаңашылдық па, жанашырлық па?

Құр айқай мен ұйқайдан енді еш пайда жоқ. Ата заңның тағдыры қолыңда тұр. Таңдау еркің бар. Президент жарлығына қарағанда, Қазақстан азаматтарына «БАҚ-та 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылады. «Иә» немесе «Жоқ» деп айтуға құқың бар. Сенің дауысың маңызды. Әлеуметтік желінің шаңын қағып, елді дүрліктіргенше, референдумға барып, ұстанымыңды көрсет! Белсенділігіңді дәлелде!

Иә, Ата Заңымыз туралы алып қашты әңгіме айтатындар жетерлік. Кейбір азаматтық қоғам өкілдері мен құқық қорғаушылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайрылып, Конституцияны өзгертуде асықпауға шақырды.

Ал қоғамдағы сынап жатқандардың уәжі: Конституция жылдам жазылды, қоғамда талқы болмады, жаңа Конституция Президент билігін күшейтеді дейді. Ал қолдап жатқандардың дені биліктің адамдары, депутаттар. Олардың да өз ұстанымдары бар. «Конституция алты ай халықпен талқыланды. Арандатушылар елді азығырып жатыр. Бұл Конституция халықтық болғалы тұр», – деп елді қолдауға шақыруда. Біз екі тарапқа да баға бере алмаймыз. Бәріне уақыт төреші. Келер ұрпақ бағасын бере жатар.

Алайда жаңа Конституциядағы тіл туралы бап қоғамда біраз пікір таластырғаны рас. Бұдан мемлекеттік тілді қолдаушылардың іштеріне «мұз қатып» жатқанын білуге болады. Алдағы референдумда биліктің жолын кесетін, жолына бөгесін болатын осы тіл мәселесі бола ма деген қауіп бар. Өйткені әлеуметтік желілерде көпшілік заңнан орыс тілін алып тастауды талап еткенін көзіміз көрді. Ол талап орындалмады...

Бір анық нәрсе бар. Ол әр түрлі жағдайларға қатысты заң баптары өзгеріске түскендігі. Халық сайлаған депутаттардың өзі көңілжықпастықтың кесірінен жоғарының қолайына жағатын баптарды енгізіп жіберіп, енді соның зардабын тартып отырғанымыз да өтірік емес. Енді ондай жымысқы әрекеттерді болдырмау үшін референдумға халық сақадай сай болуға тиіс.

Еске салай кетейік, Қазақстанда бұған дейін 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары Конституцияға өзгерістер енгізілген. Сол кезде ғой қоғам белсенділерінің Ата Заңымыз «черновик» болып кетті деп аттандағандары.

 

Референдумға барып, ұстанымыңды көрсет!

Ал бұл жолы мүлде жаңа Конституция қабылдайын деп отыр. Негізгі өзгерістер арасында – бірпалаталы Парламентке көшу, Вице-президент қызметін енгізу, Халық кеңесін бекіту, шетелден қаржыландыруға тыйым салу, азаматтарды ұстау тәртібі және мемлекеттік тілге қатысты т.б. өзгерістер бар. Саясаткерлер мен халық арасында жаңа заң жобасына түрлі пікірлер айтылғанын да ұмытпаған абзал.

Президентіміз Қазақстан Парламентін бірпалаталы етіп өзгерту туралы идеяны алғаш рет былтыр қыркүйектің бас кезінде жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялағанда айтқан болатын. Содан бері ол идея Конституцияны ауқымды түрде жаңарту бастамасына ұласқаны рас. Көпшілік арасында Ата Заңды бүгінгідей алмағайып заманда, экономикалық кризис алқымнан алып тұрғанда, ортаға шығару қаншалықты тиімді деп сынап жатқандар да баршылық. Демократиялық елде өмір сүргеннен кейін ешкімнің аузына қақпай қойылмайды.

Биліктің бұл істі тым қысқа уақыт ішінде жедел қолға алып жатқанына қарағанда, үлкен бір саяси өзгерістің болатынын жоққа шығару қиын.

  • «Болар іс болды, бояуы сіңді» дейді мұндай сәтте қазақ атамыз. Ендігі мәселе референдумға жұмсалатын қаржы. Ол қайдан алынады? Қанша қаржы бөлінеді? Бізге жеткен хабарға қарағанда, жаңа Конституция бойынша референдумға 20,8 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының мүшесі Михаил Бортник айтып отыр. Михаил Бортниктің сөзіне қарағанда, 20,8 млрд теңге Үкіметтің резервінен алынады.

Сонымен жаңа Конституция референдумға шығарылды. Өйтпеске шара да жоқ. Себебі халық екіге жарылып тұр. Билік пен халықтың арасына сызат түспеу үшін, ортақ байлам жасау үшін соңғы сөз референдум арқылы шешіледі. «Заңгерлер мен тіл мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесінде жаңа Ата Заң мәтіні оқуға жеңіл, түсінуге оңай, құқықтық тұрғыдан нақты құжатқа айналды», – деді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның XII отырысында.

– Жаңа Конституция жобасы жарияланғаннан кейін де келіп түскен ұсыныстар негізінде тағы қосымша нормалар, басқа да редакциялық-стилистикалық өзгерістер енгізілді. Қойылған сұрақтарға, айтылған сын-пікірлерге Комиссия мүшелері тарапынан бірден жауап, я түсініктеме беріліп отырды. Осылайша Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты негізінде қоғаммен кері байланыс орнатылып, азаматтардың ұсыныс-пікірі мүмкіндігінше ескерілді, – деді Ерлан Қарин.

 

«Конституция жұмысына күмәнмен емес, ақылмен қарайық!»

Жаңа конституциялық жоба жайлы Парламент Мәжілісіндегі азуы алты қарыс оппозициялық «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары Анас Ахатұлы былай дейді:

– 2022 жылдың күзі еді. Украинадағы бір танысыммен телефон арқылы қоштасқан сәт әлі есімнен кетпейді. Байғұс, балаларының қызығын көре алмай, өмірден ерте озды. Сол кезде «Берегите Родину» деп айтқан бір ауыз сөзі менің саясатқа, билікке, тіпті өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті.

Кеше ғана Қырғызстанда қызметінен кеткен Ташиевтің сөзі де ой салды. Ол мемлекеттің мүддесін жеке мансабынан жоғары қоятынын ашық айтып, патриотизмнің нақты үлгісін көрсетті.

Осы екі сәттен түйгенім бір – бізде бір ғана Отан бар. Сол Отан үшін жеке амбициямызды да, ішіміздегі ашу-ызаны да, қажет болса, шетке қоя білуіміз керек.

Соңғы апталарда қоғамда қызу талқыланған жаңа Конституция жобасы дайын құжатқа айналды. Әлеуметтік желіде айтылмаған пікір қалмады десе болады. Қарапайым азаматтан бастап, жағдайы жақсыларға дейін өз ұсынысын жазды. Осы аралықта менің Конституция тақырыбына белсенді араласпағанымды байқағандар да болды.

Оларға айтарым – мен Конституция комиссиясына сенемін! Дайындалған құжаттың сапасына еш күмәнім жоқ.

Қалай сенбеймін? Отан мүддесін өмірлік ұстанымына айналдырған мемлекет қайраткерлеріне ме? Конституциялық құқықты терең зерттеп, университет студенттеріне дәріс берген Марат Башимовқа ма? Халықтың арманын өлеңмен жеткізген Жанарбек Әшімжанға ма? Әлде қоғамның өзегіндегі мәселелерді күн сайын «Ашық алаңда» талқылап жүрген Ерқанат Көпжасарұлына ма?

Жоқ. Олай болмауы керек!»

Егер біз сенбесек, онда кімбіз? Кеше ғана қолдап, дауыс берген азаматтарымыздан бүгін күмәндансақ, өзімізге өзіміз қарсы шыққан болмаймыз ба?

Жаңа Конституция жобасының ұтымды тұстары аз емес. Кіріспесінің өзі қандай – Ұлы дала перзентінің әлемге айтқан монологы секілді. Оқисың, сүйсінесің, рухтанасың. Жобада жеке тұлғаның ар-ожданы ең биік құндылық ретінде бекітілгеніне қалай қуанбасқа? Жекеменшік институтының күшейгеніне, заң мен тәртіп қағидасының нақты орныққанына қалайша немқұрайлы қарауға болады? Әрине, «былай болу керек» деп айту оңай. Ал оның салдарын алдын ала көре білу – үлкен жауапкершілік.

Сену – көз жұмып қабылдау емес. Сену жауапкершілікпен бірге жүруі тиіс.

Сондықтан, құрметті оқырман, комиссия жұмысына күмәнмен емес, ақылмен қарайық. Кеше ғана өзіміз қолдаған депутаттарға бүгін тас атпайық. Олар да, мен де Отан үшін аянбаймыз. Егер ел мүддесі үшін қажет болса, мандатпен де, мансаппен де қоштасуға дайынбыз.

Конституцияға дауыс беретін – сіздер. Сондықтан референдумға дейін мәтінмен мұқият танысып, әр сөзіне ой жүгіртіңіздер. Ол күн де өтер. Алда 10, 20, 50 жылдан кейін жаңа өзгерістер болуы мүмкін. Бұл – дамып жатқан елдің белгісі.

Ең бастысы, Отанымыз аман болсын!» депті.

 

«Конституциялық процедура сақталмаса, қабылданбақ Конституцияда легитимділік болмайды!» 

Осылай деген Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев) депутат Анас Ахатұлына кереғар пікірде. Және ол Президентке дат айтады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Заң мен Тәртіпке» қатаң басымдық беріп отырған шақта жаңа Конституция жобасында конституциялық процедураның сақталмауы Назарбаев режимінің әлі де билікке ықпалы зор екендігін көрсетеді. Жобаны бұл қалпында референдумға жіберуге болмайды. 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ ССР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы мен 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңының 18-бабының талаптары сақталмағандықтан, бұл жоба заңсыз! Осы қалпында референдумда қабылданса да, конституциялық процедура сақталмағандықтан, ол легитимді болып табылмайды!

Құрметті Президент мырза! 

Конституциялық процедураның бұзылуына жол бермеуіңізді сұраймыз!» – дейді М.Тоқашбаев.

 

ТАРИХ ҚАЙТАЛАНАТЫНЫ РАС ПА?

Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи журналистердің «тілге қатысты кез келген мәселе саяси манипуляцияға айналып кетуі мүмкін бе сонда?» деген сұрағына Ресейдің идеологы Дугиннің тараған мәлімдемесін келтіріп, Украинадағы соғыстың 5-10 жылға созылатынын айтты. Әрі бұл мәлімдеме тікелей Ресей Президенті Путинмен болған әңгіме шеңберінде шыққанын, олардың басқа да фронтта әрекет етуі мүмкін екенін тілге тиек етті.

Жаңа Ата Заңдағы мемлекеттік тіл мәселесі өте өзекті болып тұр. Тіл жанашырлары қаншама талап еткенмен, айтулы баптың мұрты да бұзылған жоқ. Сәл-пәл желке шашы жұқарғандай болғанымен, оған елдің көңілі көншір емес. Конституциялық комиссия Ата Заңның жаңа нұсқасындағы тілге қатысты тұсқа өзгеріс енгізгендей қалып танытып еді, оған көпшілік өре түрегелді. 9-баптың 2-тармағындағы «тең» сөзі «қатар» сөзіне ауыстырылуы – халықтың пікірімен санасу ма, әлде шым-шытырық жолға салып адастыру ма?

Депутат Ринат Зайытов Ата Заңның тың нұсқасындағы мемлекеттік тілге қатысты өз пікірін жасырмай айтыпты. Айтуынша, Конституцияның 9-бабының екінші тармағын асты-үстіне түсіріп талқылап тастаған қоғам Мәжіліс пен Ақорданың арасында арпалыс жүріп жатқанын біле бермейді.

«Тісін көрсеткеннен ісін көрсетуді жөн санайтын азаматтар комиссияға бірнеше нұсқада өз өтінішін беріп, әлгі 9-баптың екінші тармағының өзгеруіне қол жеткізді! Енді жаңа нұсқадағы мәтінде орыс тілі тең емес, қатар қолданылады. Түсінген адамға аз жеңіс емес. Шүкір! Ең бастысы, осы жетістікті жеңіске айналдыру үшін бізге салқынқандылық өте қажет.

Жетістік желігуді жек көреді. Ал біз әлі көп жетістікке жетуге міндеттіміз!» деген ол тақырыпқа тұздық ретінде мына бір әңгімені мысалға келтіріпті:

«Наполеон Бонапарттың бойы бір қарысқа жетпей тұрғанда, бір офицер келіп:

– Генерал, киіміңізді мен ілейін, Сізге қарағанда биіктеумін ғой, – депті.

Сонда Наполеон: 

– Сен биік емессің, ұзынсың, – деген екен. «Ендеше мемлекеттік тілмен еш тіл тең емес, қатар ғана», – деп түйіндеді Зайытов тілге қатысты ойын.

«Тең» мен «қатардың» мағынасын ашып, ара жігін нақ көрсеткен депутаттың бірі – Аманжол Әлтай. «Бір қатарда хан да тұрады, қара да тұрады, әртүрлі дәрежедегі адамдар тұра береді. Бірақ бір қатарда тұрғаннан, олардың дәрежесі, мәртебелері тең боп кетпейді ғой. Әркім өз орнында қалады. Дәл сол сияқты қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Басқа тілдің ешқайсысында ондай мәртебе жоқ. Қатар тұрғанмен», – деді. Бұған дейін депутат Ерлан Сайыров дәл осы сарында сөйлеп, орыс тілінің мәртебесіне қатысты пікір білдірген еді.

Депутаттардың «тең» мен «қатар» жайлы көзқарастарына Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, педагог-шебер, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері Ақмарал Шатемірқызының мына ұсынысын «Тең теңімен, тезек қабымен» деп қатарластыра қоюды жөн көрдік.

«Конституция – тікелей қолданылатын нормативтік акт. Егер ондағы сөйлем құрылымы бұлыңғыр болса, бұл ертең заңды әртүрлі жорамалдауға (интерпретациялауға) жол ашады. Егер мәтіннің грамматикалық-лексикалық құрылымы дұрыс болмаса, оның мәні мен рухы жоғалады.

Мағыналас (синоним) сөздерді дәл қолданбау Конституция айқындығына күмән тудырады.

  • «Қатар»
  • Бұл сөз көбіне физикалық тұрғыда немесе бір уақытта орын алған әрекетті сипаттайды:
  • Тікелей мағынада: «Екі жүйрік ат мәре сызығына қатар келді». (Мұнда олардың бір уақытта жеткені айтылады).
  • «Ауылда ескі үйлермен қатар зәулім сарайлар бой көтерді». (Екеуінің де бір жерде тұрғанын білдіреді).
  • «Тең» (Сапа, құқық және дәреже бойынша бірдейлікті білдіреді)
  • Бұл сөз көбіне бағалау, өлшеу немесе құқықтық статусқа қатысты айтылады:
  • Математикалық/физикалық мағынада: «Екі палуанның күші тең түсті». (Мұнда олардың бірінен-бірінің асып түспегені, салмағы мен қуатының бірдейлігі айтылады).
  • Құқықтық мағынада: «Заң алдында барлық адамның құқығы тең». (Бұл жерде ешкімнің артықшылығы жоқ деген сөз).
  • Сонымен, Конституциядағы бұл мағыналас сөздер (синоним) – құқықтық терминология үшін қауіпті, себебі ол екі тілдің арасындағы шекараны бұлдыратып, бәсекелестікті жасанды түрде күшейтеді.
  • Конституцияда синонимдес немесе астарлы сөздер айқындықты әлсіретіп, ел ішінде түсінбеушілікті үдетеді.
  • 9-бапқа мынадай тармақты қосуды ұсынамын:
  • Мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшу (өтпелі кезең).
  • Осы Заңның нормаларын толық көлемде іске асыру мақсатында мемлекеттік басқару жүйесінде мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшу көзделеді.
  • Өтпелі кезеңнің мерзімі осы Заң күшіне енген күннен бастап 3 жыл деп белгіленеді.
  • Конституцияда ашықтық пен айқындық өте маңызды». 

Тілге қатысты бүгінгі тартыс бір кездегі «Тас пен жапалақ» тәмсілін еске салған Шерхан Мұртаза ескерткен мәселенің Конституцияға қайта оралуы деуге де келеді. Тарих қайталанады деген осы-ау.

Жаңа Конституция жобасындағы тілге қатысты талқыға түскен «қатар» сөзіне байланысты әйгілі жазушы Шерхан Мұртазаның осыдан 34 жыл бұрын айтқан пікірі әлемжеліде қайта тарады. Шер-аға «наравне» (тең) және «наряду» (қатар) сөздерін сынап, мұндай терминдердің алдамшы, көзбояушылық сипатқа ие екенін кесіп айтқан екен. Сол жайт айна-қатесіз қайта келіп тұрғанын қарасаңызшы.

«Орыс тілі мемлекеттік тілмен қатар тұрсын деп жатыр. Онда оның мемлекеттік тілден қандай айырмашылығы бар? «На равне, на ряду» дегеніңіз мемлекеттік тілдің синонимі. Басқа ешқандай айырмашылық жоқ. Түптеп келгенде, таспен жапалақты ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі», – депті жарықтық Шерхан Мұртаза атамыз. Бұл неткен көрегенділік еді?!

Қоғам қайраткері, саясаткер Дос Көшім: «Әр аймақта болған кездесулерде халық тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып жатады. Оларды сараптап министрлікке жолдап отырмыз. Барлық салада қазақ тілін дамыту тетіктерін реттеудің ең тиімді жолы – жаңа «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау.

Құқықтық мемлекетте барлық мәселе заң аясында шешілуі тиіс. Осы уақытқа дейін посткеңестік елдер бұл бағытта бір емес, бірнеше заң шығарды.

Мәселен, Латвия 1989 жылы шығарған «Мемлекеттік тіл» туралы заңын, қоғамдағы тілдік жағдайдың өзгергенін ескеріп, 2004 және 2015 жылдары қайта қабылдады.

Әр бес-он жылда тілдік және саяси ахуал, демография есебі өзгеріп отыратыны мәлім. Заң қоғамнан қалып қоймай, оны жетелеуші, дамытушы күшке айналуы тиіс.

Ал Қазақстан Кеңес өкімет кезінде қабылданған, қоғамдағы қос тілділікті дамытатын, сақтайтын 1989 жылғы «Тіл туралы» Заңымен әлі отыр. Онымен мемлекеттік тілдің жолын аша алмаймыз, дамыта алмаймыз, қазақ тіліне деген қажеттілікті орната алмаймыз, орыстілділердің қазақша сөйлеуге құлықсыз болып келе жатқанының ең бірінші себебі де сол.

Біздің қоғамдағы орыстілді азаматтардың көпшілігі орыс тілінің қолданыс аясы тарылған сайын, желкенінен айырылған кеме секілді күй кешетіндей сезінеді. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан елдерді қарасақ, Латвия, Литва, Эстония мемлекеттерінде ұлттық тіл – мемлекеттің тілі – орыс тілін қолданыстан ығыстырып шығарды. Прибалтика елдері мен Грузия мемлекеті 1991 жылы-ақ оқу жүйесінен орыс тілі мен әдебиетін шығарып тастады.

Тек қана қазақтар мен қырғыздарда ғана қос тілділік сақталған. Қырғыздардың жағдайы бізбен салыстырғанда әлдеқайда тәуір. Біз – ең көп орыстанып кеткен елміз. Біздің ұлттық мемлекет ретінде дамуымызға екі үлкен топ кедергі келтіріп отыр. Олардың бірі – билік басында отырған орыстілді шенеуніктер болса, екіншісі – орыс мәдениетімен сусындаған өзіміздің қазақтарымыз», – дейді.

Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбай: «Бұл Конституция жобасын қолдау – ешбір құқықтық жауапкершілігі жоқ супер президент жүйесін құруға атсалысу. Бір кісіге негізделген Назарбаевтың жүйесінің қай жерге жеткізгенін көрдік қой. Сондықтан мен мұндай суперпрезиденттік Конституцияға қарсымын.

46-бап, 5-тармақ:

«Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Жоғарғы Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды және оларды лауазымынан босатады;»

Яғни, Президенттің әрекеттеріне шектеу қойып, қадағалайтын басты органдар Президенттің өзі тағайындаған адамдар.

Бұл – билікті бөлісу емес, керісінше бір қолға шоғырландыру.

 48-бап, 1-тармақ:

«Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, Президент өкілеттігін атқару барысындағы әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Президенті қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды».

Президент тек «мемлекетке опасыздық» үшін ғана жауап береді.

Ал жемқорлық, құқық бұзу, өкілетті асыра пайдалану бойынша жауапкершілік жоқ. Сонда қалай, миллиардтарды жымқырсаң да т.б. басқа азаматтар үшін қылмыс болып саналатын әрекеттерді жасасаң да заң алдында жауап бермейсің?! Бұл қорғану амалы – конституциялық парадокс. Барлық адам заң алдында бірдей жауап беруі керек», – дейді.

 

Қазақстан Республикасы Конституциялық реформасы жөніндегі жұмыс тобына

 

АДАМ ҚҰҚЫҒЫНА ҚАЙШЫ БАП

Мен, Қожық Жәнібек Сүйеуұлы, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде, талқыланып жатқан жаңа Конституцияның нормаларын жетілдіру және азаматтардың тең құқықтылығын қамтамасыз ету мақсатында төмендегі ұсынысты жолдаймын.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабының 2-тармағында: (жобадағы)

«Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын азамат сайлана алады» деп көрсетілген.

Бұл «тумысынан» деген талап адам құқықтары мен бостандықтарының жалпыға бірдей қағидаттарына қайшы келуі мүмкін.

Мысалы, егер бала өзге мемлекетте туып, бірақ сәби кезінде (мысалы, 40 күндігінде) Қазақстанға көшіп келсе және бүкіл саналы ғұмырын, айталық, 60 жыл Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өткізсе, 40 жыл ел үшін абыройлы қызмет етсе, халық қолдаса да, ол Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер бола алмайды.

Басты себебі – оның шетелде туғаны.

Бұл норма азаматтың өз еркінен тыс мән-жайға (туған жеріне) байланысты оның саяси құқығын шектейді.

Азаматтық алған сәттен бастап емес, тек «тумысынан» болуды талап ету – халықтың қолдауына ие болуы мүмкін лайықты тұлғалардың жолын кеседі.

Көптеген дамыған демократиялық елдерде ел игілігі үшін ұзақ жылдар бойы еңбек еткен және азаматтығы бар кез келген тұлғаға тең мүмкіндіктер беріледі.

Ұсынысым:

Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабының 2-тармағынан «тумысынан» деген сөзді алып тастауды немесе оны Қазақстан Республикасының азаматтығын алған сәттен бастап белгілі бір ұзақ мерзімді (мысалы, 25-30 жыл) тұру талабымен алмастыруды ұсынамын.

Қазіргі редакциядағы 43-баптың 2-тармағы Конституцияның 1-бабындағы:

«Қазақстан Республикасы – демократиялық, … адам құқықтары мен бостандықтары» деген қағидаттарға қайшы емес пе?

Бұл талап арқылы азаматтың құқықтары мен бостандықтары шектеліп тұрған жоқ па?

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабының 2-тармағына өзгеріс енгізуіңізді сұраймын.

  • Профессор Досай Кенжетай: «Конституция халықтыкі! Биліктің Қытайға «қала» салуға жер беріп, оны барша халықтың атынан мақұлдату деген – өте үлкен тарихи қиянат! Менің «тарихи санам» әрдайым «тарихи танымым» мен «тарихи тәжірибемдегі» қасіретті сабақты еске салып тұрады… Мен бұл бапқа түбегейлі қарсымын! 5-баптағы 6-тармақ алынып тасталсын!» дейді.

Танымал заңгер, елдің қазіргі Ата Заңын жазуға атсалысқан Майдан Сүлейменов: «Соңғы кезде маған «Конституция талқыланып жатыр, неге үндемей отырсыз?» деген сұрақ жиі қойылады. Ашық айтайын, мен мәнсіз жұмыстан әбден шаршадым. Иә, қазіргі Конституция авторларының бірі менмін.

Оны талқылау кезінде Конституциялық сотты сақтау және Парламент өкілеттігін шектемеу үшін жанымды салдым. Бірақ ешқайсысы қабылданбады. Соған қарамастан, мен сол Конституциядан ұялмаймын.

Франция Конституциясының озық үлгілерін алдық, француздар осы Конституциямен-ақ демократиясын сақтап отыр. Мен Назарбаевтың жеке билігі мен отбасының ықпалын күшейтуге бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын», – деді академик.

 

Экс-елбасының тұсындағы ұятты өзгерістер

Ғалымның айтуынша, Назарбаев билікте отырған кезде-ақ Конституциядағы ұятты өзгерістерге қарсы шығып, көлемді мақала жариялаған. Тіпті бірпалаталы Парламент құруды ұсынған. Тоқаев тұсындағы кейбір өзгерістерге де қарсы шыққанымен, бірде-бір ұсынысы ескерілмеген.

«Жаңа Конституцияның мәтіні баяғыда дайындалып қойылған, ешкім оны өзгертейін деп отырған жоқ. Конституциялық комиссия фарс. Жүзден астам адам жинап, жалпақ жұртқа көрсету үшін комиссия құрғанымен, шын мәнінде заң мәтіндерін шағын ғана топ әзірлейді. Конституцияның бұған дейінгі мәтінін 12 адамнан тұратын Шайкенов командасы жазып шыққан еді. Аз ғана маман әзірлеген жобаны комиссия мүшелері жаппай қолдай салды. Қазір де солай болады», – деп ашынды ол.

Сүлейменовтың пайымынша, жаңа Конституция жобасының негізгі кемшілігі еркін сайлау жүйесін жою.

 Конституция – ұран емес…

«Конституция – ұран емес, заң. Ол болашаққа шақырмайды, қол жеткізгенді бекітеді. Сондықтан преамбуладағы ұрандар мен насихаттың керегі жоқ. Жобаның ең үлкен қатесі демократиядан бас тартуы. Сайлауды тек партиялық тізім бойынша өткізіп, оппозициялық партияны тіркеуге мүмкіндік бермеу демократияның тамырына балта шабу.

Қазақстандағы ең мықты Конституция 1993 жылы қабылданды. Одан кейінгі қабылданғандардың барлығы нашарлап барады.

Біздің бірде-бір ұсынысымыз қабылданбайды, ал мен бос әурешілікпен айналысқым келмейді. Сондықтан үнсіз отырған едім, осы жазбамнан кейін де енді жақ ашпаймын», – дейді.

PS: Қазақ қоғамында және әлеуметтік желіде дүмпу туғызған жаңа Конституция жобасы референдум арқылы шешілмек. Халық қалап жатса, өзгерістер енген Ата Заң өмір сүруіміздің картасына айналады. Ал халық қолдамай жатса Конституция кері қайтарылып, қайта жазылып, қайта толықтырылып ел мүддесімен санасары анық. Сондықтан да әр қазақстандық референдумға қатысып, өз өмірінің айнасы болатын, құқығын қорғайтын, тұтастығын сақтайтын Ата Заңға адалдық танытуы тиіс. Құдайға шүкір елімізде демократия орныққан. Конституциялық өзгеріске қатысты кім не айтамын десе де ерікті. Тек шектен шықпа! Ешкімді қорлама! Ар-ожданға тиіспе!

Референдум қарсаңында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының өңірлік филиалдары жұмысын бастады. Жалпыұлттық коалиция елдің қоғамдық-саяси күштерінің басын қосады. Жаңа Конституция жобасын ашық әрі жалпыхалықтық талқылау үшін бес жетекші саяси партия мен 300-ден астам қоғамдық ұйым күш біріктіруге дайын екенін мәлімдеді.

Күні кеше Астанада елдің қоғамдық-саяси күштерінің басын қосқан «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы құрылды. Осы бастаманың жалғасы ретінде өңірлік коалициялар еліміздің барлық аймағында ресми түрде жұмысын бастады. Олар Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндіріп, азаматтармен тікелей кездесулер өткізеді. Халықпен жұмыс істейді.

Өңірлік коалициялар құрамына енген қоғамдық-саяси күштердің өкілдері Мемлекет басшысының Конституцияны жаңарту бағыты қоғамның әділдікке, заң үстемдігіне және тиімді мемлекеттік басқаруға деген сұранысын көрсететінін атап өтті. Президент өз сөзінде Конституцияны жаңарту ашық әрі адал қоғамдық диалогтың нәтижесі болуы тиіс екенін бірнеше рет айтқанын естен шығармайық!

 

Нағашыбай Қабылбек
19.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Екі достың арасын не бүлдірді?
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 19.02.2026 57
Қариясын сыйлайтын ел едік
Қатимолла РИЗУАНОВ, Атырау облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет» ордендері мен ондаған медаль иегері, мемлекеттік қызмет ардагері - 19.02.2026 31

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23525
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23182
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 39548
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36670
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40824