Талас ауданы, Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығында белгілі әнші, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Көпжасар Арынұлының құрметіне «Көпжасардың «Алтын домбырасы» атты еске алу кеші өтті. Аталған іс-шараны Көпжасар Арынұлы атындағы қор мен аталған мәдениет орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Іс- шараны ашқан Талас ауданы әкімінің орынбасары Айсұлу Әбдібекова өз сөзінде Таластан шыққан таланттарға тоқталып, Көпжасар Арынұлының мәдениет пен өнердегі ерен еңбегін ерекше атап өтті.
Мұнан соң Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Есмаханов сөз алып, таланттардың мекені Сарысу жерінде де Көпжасар Арынұлының ерекше қолтаңбасы қалғанын айтып өтті.
Еске алу кеші барысында Талас, Сарысу, Байзақ аудандық мәдениет үйінің және «Алтын домбыра» халықтық ән-би ансамблінің әншілері әннен шашу шашты. Әншінің қызы Инабат Көпжасарқызы «Әке» атты әнді орындап, жүректерге жеткізді. Еске алу кешінде Көпжасар Арынұлы орындаған әндер де кеңінен насихатталды.
Іс-шарада ақын, Талас ауданының Құрметті азаматы Үміт Битенова, ауданға қадірлі ақсақал Байұзақ Көлбаев, өнерпаз Төрехан Жұмабеков сөз сөйлеп, Көпжасардың өнер жолын өркендетудегі биік қырларына, ізденімпаз қасиеттеріне кеңінен тоқталды. «Алтын домбыраның» негізін қалаушы Оңласын Мамырбаева, Кендия Пірман толғана сөз сөйледі. Өнерпаздың бауыры Гүлжамал Арынқызы да естелік айтты. Көпжасардың жұбайы Манзура Көбеева да көпшілікке алғысын білдіріп, уақыт өткен сайын асыл азамат Көпжасар Арынұлының абыройы биіктеп, елдің оған деген құрметі артып келе жатқанына шүкіршілік ететінін жеткізді.