КӨПТІҢ ҚОЛЫ КӨККЕ ЖЕТЕДІ

КӨПТІҢ ҚОЛЫ КӨККЕ ЖЕТЕДІ
Иә, ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің дәмін тату, тұңғыш жемісін көру бүгінгі буынға бұйырыпты. Басшы да, қосшы да өзге жақтан келген жоқ, ортамыздан шықты. Советтік құрсаудан босаған соң, салыстырмалы түрде көп дүние өзгерді. Соған қарамастан, “көрмес түйені де көрместің” кебін киіп, төңірегін таптап, жан-жағын жайпап жамандайтындар пайда болды. Кезінде замандастарының шолақ белсенділігін сынаған Алаш арысы Міржақып Дулатұлы “Қайда едің?” – деп, ащы сұрақ қойғаны мәлім. Егер кейінгі буын осы сауалдың мәнін түсінсе, ақылы асыл данышпандардың, қазыналы халықтың үніне құлақ асудан гөрі өз даусын қатты шығаратындардың саны азаяр ма еді, кім білсін?
Қалай дегенде де еліргендердің есіне Жақаңның аманат-өсиетін салып қоюдың қисыны бар:
“Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,
Бұл күнгі көп көсемдер,
Сұраймын, сонда қайда едің?
Ақыл таппай дағдарып,
Жан ашыр таппай сандалып,
Барарын қайда біле алмай,
Жүрген бір күнде сан ғарып,
Есепсіз көп шешендер,
Жөніңді айтшы, қайда едің?
Сарыарқа сайран жерлерім,
Көк орай шалғын көлдерім,
Бәрін жауға алдырып,
Асқар тау, биік белдерім.
Қысылып қазақ тұрғанда,
Данышпандар, қайда едің?
Атадан бала айрылып,
Қанаты сынып қайырылып,
Қасірет толып жүрекке,
Тұрған бір кезде қайғырып,
Толып жатқан қамқорлар,
Елде жоқ едің, қайда едің?
Құландай үркіп елдерің,
Қалдырып мекен жерлерін,
Жаяу-жалпы, жалаңаш,
Қатын, бала, ерлерің
Аштықтан қырғын тапқанда,
Сыпыра жомарт, қайда едің?
Кедейдің сорын қайнатып,
Майданға жасын айдатып,
Тіл жоқ, көз жоқ, басшы жоқ,
Өлімге басын байлатып –
Жіберерде, жаным-ау,
Жанашыр жақын, қайда едің?
Енді бүгін кім жаман?
Данышпан емес, кім надан?
Қамқор емес, кім жауыз?
Жомарт емес, кім сараң?
Көсем емес, кім жалтақ?
Шешен емес жоқ адам.
Бәрі білгіш, бәрі де ер,
Жеткіздің, Алла тағалам”.
Осы Алаш жыры астарында қаншама терең ой, елшіл мұрат-мүдде, адами тағылым жатыр.
Тәуелсіздік жылдарының бастапқы кезеңінде де халқымыз неше түрлі қиындықты бастан кешірді. Ерік-жігер мен төзімділікті жанына жалау еткен елімізде аңызға бергісіз іс-шаралар, қоғамдық өрлеулер, тарихи оқиғалар болды.
Жаппай берекетсіздіктен ең әуелі Жаратқан иеміз құтқарды. Сабырға, елдік қалыпқа түсірді. Ал күн-түн демей еңбек еткен аналар мен ұрпағын ойлаған ерлердің маңдай тері бірлікті, тыныштықты, татулықты сақтап қалды. Оны ұмытуға болмас.
Әдетте, заң жоқ жерде күш көрсету, зорлық-зомбылық алшаң басады. Экономикасы тұралаған елдің еңсесін түзеу оңайға түспеді. Тұрмыстық күйзеліс, азық-түліктің жетіспеушілігі, ақшаның құнсыздануы, әскердің азып-тозуы, бұрынғы одақ шеңберінде ортақ дүние-мүккамалдың талан-таражға түсуі, әлеуметтік төлемдердің үзілуі, ұры-қарының бопсасы, шаруашылық байланыстардың шиеленісі, шекара шатағы, еларалық қарым-қатынастың дағдарысы сияқты мың сан мәселе адамдардың өміріне, ел тағдырына байлаулы іс еді. Өзге де батпандап енген ауруды мысқалдап шығарған күндер, жылдар кешегі тарихымызда сайрап жатыр… Әлі де қаншама істер күтіп тұр. Жіберілген кемшіліктерді жойып, олқылықтардың орнын толтыру міндеті де өз мойнымызда. Мемлекет құрылысын жетілдіру – өмірдің тоқтаусыз ағымындай күрделі үдеріс.
Ал бүгінгі даналығы күмәнді “данышпандар”, мергендігі өзін мертіктірер “жатыпатарлар” жоғарыда айтылғандай сөз бен іс, еңбек пен нәтиже, адамдық пен айуандық сыналған күрмеуі қиын кезеңде қайда болды? Өзінің не істеп, не қойғанын қолға қойғандай іркілмей айтып беретін ерлер бар ма?..
Қазір көзі қарақты жұрт әлеуметтік желіні дүрліктіретін жазба иесін, жапырылып бас шұлғитын, бармақ басатын “тәуелді тобырды” жазбай таниды. Олар оқырман санын алға тартып, кеудесін қанша көтерсе де, саналы адам ақпараттың, бейнежазбаның бұрысы мен дұрысын, жалғаны мен шындығын ажырата біледі.
Ақиқатын айтсақ, еліміз әлі де жаңашыл, мемлекетшіл тұлғаларға зәру. Расы, бұл сапа артса екен деп армандайды. Ендеше сөзуар елірмені емес, сөзі мен ісі тең азаматты, елшіл тұлғаны құрметтеп, тыңдауға тиіспіз. Тәуелсіздік құндылығын маңдайына басқан, елдің дамуы жолында еңбегін, өмірін сарп еткен ерлерімізді өзіміз бағалай білсек, өткенге жала жабуға, барды тәрк етуге ешқашан жол бермес едік. Ата заңымызда көрсетілгендей, біз үшін ең қымбат нәрсе – адам өмірі, оның құқы мен бостандығы. Ел де, ер де, мемлекет те, мекеме де осыны қорғап, қолдауы қажет. Әділетті, өркениетті, демократиялы, құқықты мемлекеттің мақсат-мұраты – халықтың мүддесімен орайласуға тиіс.
Ата-бабамыздың ғасырлық арман-аңсары болған жерге, елге, дәстүрге, дінге, тілге қатысты елеулі мәселелер рет-ретімен шешіліп келе жатыр. Тұрғын үй, мектеп, аурухана, жол, көпір, мешіт, тіпті байтақ қала салуда, ескерткіш-кесене, музей тұрғызуда көш соңында қалып қоймадық, өркениетті елдердің бел ортасындамыз.
“Көп тілесе – алар,
Күн бұлттанса – жауар” деп тегін айтылмаған.
Көп тілегі, халықтың сұрауы ескеріліп, көптен бері айтылып келе жатқан Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының ашылуы, бұрынғы Қапшағайдың облыс орталығы мәртебесіндегі Қонаев қаласы атануы, елді мекендердің Кенесары хан, Әлихан Бөкейхан есімін иеленуі, алдағы кезде шекаралық аудандарды қалпына келтіру жоспары – осы бағыттағы жүйелі істердің айғағы. Бұл – мәселені жан-жақты зерделеудің жемісі. Ел болашағына бағытталған негіздеменің нәтижесі.
Әр істің жүзеге асатын сәті болады. “Көпке ұнаған Құдайға да ұнайды” деген дана халқымыз: “Көп қайда болса – шындық сонда”, “Көптің аузы дуалы” деп сабырлық танытқан, әліптің артын баға білген.
Ендеше қазір ел аузында жүрген бірқатар облыс пен ауданның бұрмаланған атауын әділетті қалпына келтіру туралы жұртшылық ұсынысы да орайлы кезде жүзеге асатыны сөзсіз. Соған бола қызылкеңірдек айтысу, жөнсіз ақылсыну артық деп санаймыз.
Осындайда елдің де, биліктің те даурығуын қаламаған Төле бидің мына өсиетіне құлақ асқан орынды:
“Аларды біліп, бермегеннен без,
Ел-жұрты қашып, ермегеннен без.
Үйіне қонақ қонбағаннан без,
Көптің айтқанына болмағаннан без!”.
Сондықтан, көптің айтқаны болатыны даусыз. Халық қалт айтпаған: “Көптің қолы көкке жетеді”.
Дархан МЫҢБАЙ
 
Дархан Мынбайдың фб парақшасынан
12.08.2023

Ұқсас жаңалықтар

ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУЛАР ЖАЛҒАСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 93
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 147
 ОТЫРАРЛЫҚ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРҒА ДУБАЙҒА ЖОЛДАМА ТАБЫСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 32
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 96
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 21.12.2024 94
ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 147
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 191
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 197
Жарқын жобаның жемісті жалғасы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 183
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 193
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 198
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 192

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11306
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10240
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 13486
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 12440
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 17448