Атырау облыстық офтальмологиялық ауруханасының балалар бөлімінде биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 2116 балаға медициналық көмек көрсетіліп, екі ота сәтті жасалған. Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, шала туған нәрестелерде қан тамырларының толық жетілмеуіне байланысты жиі кездесетін көз ретинопатиясын уақытылы анықтауға ерекше көңіл бөлініп, 36 сәбиге шұғыл ота жасалған.
Былтыр қауіп тобындағы 260 сәби толықтай офтальмологиялық тексеруден өткен. Нәтижесінде олардың 38-де көз ретинопатиясы диагнозы расталған. Ал биыл анықталған 38 баланың 36-сына шұғыл түрде ота жасалған. Барлық қажетті жағдайларда медициналық көмек диагноз қойылған сәттен бастап алғашқы 48 сағат ішінде көрсетілген.
Жалпы, дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары балалар арасында көзге байланысты шағымдар жиілеген. Осыған орай балалар офтальмологы Алия Есенгельдина кең таралған көз ауруларын атады. Олардың қатарында миопия, астигматизм, гиперметропия, конъюнктивит, халязион, көз жарақаттары мен күйіктері, туа біткен ақаулар, дакриоцистит, диабеттік ангиопатия, қылилық және қатерсіз ісіктер бар.
Маманның айтуынша, көз саулығына немқұрайлы қарауға болмайды. Тіпті шағым болмаған жағдайда да профилактикалық тексерулерден өтіп тұру қажет.
– Әсіресе, компьютермен ұзақ жұмыс істейтіндер әр сағат сайын үзіліс жасап, көзді демалдыруы тиіс. Ал балаларға ұялы телефон, планшет және теледидарды шамадан тыс пайдалануға шектеу қойған жөн, – деді ол.















