Күләш Ахметова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Өлеңнің сырты – көркем, іші – ізгілік, дәні даналық болғаны дұрыс

Күләш Ахметова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Өлеңнің сырты – көркем, іші – ізгілік, дәні даналық болғаны дұрыс

Шығармашылық ғұмыр деген күр­­делі нәрсе. Сондықтан ел та­­ны­ған қаламгерлердің жолы әр­түрлі қалыптасады. Кейбірі шығарма­лары­­ның жұртқа жетуін, әсерін қадағалап үне­мі ел ал­дында жүргенді ұнатса, енді бірі – өзі тағдырым бі­летін әде­биет­ке үн-түнсіз қызмет етіп, шы­ғарма­шы­лықпен алаңсыз айналысқанды қа­лайды. Ал қазіргідей қоғамды ақпараттар тас­қыны есеңгіретіп тастаған заманда халық – әде­биет мінберінен белсенді көріне бер­мей­тін қа­лам иелерінің не істеп, не қойып жүр­ге­ні­­нен хабарсыз қалып кетуі де қалыпты жағ­дай. Сол үшін де ұлт руханиятына еңбегі сің­ген он­дай жандарға «Сіз қайда жүрсіз?» деп сұрау са­лып, іздеп отыру – біздің міндет.
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лау­­реа­ты, талантты лирик, кейінгі кезде жұрт кө­зіне сирек түсіп жүрген Күләш Ахметовамен сұх­батымызда біз қазіргі кезде Тараз қала­сында тұрып жатқан ақынның шы­ғарма­шы­лығындағы соңғы кездегі жаңа­лықтар жайында, бүгінгі әдебиетке де­ген көзқарасы туралы әңгіме өрбіткен едік.

– Күләш Ділдәқызы, сізді хал­қы­мыз ерте танылған талантты ақын ретінде біледі. Жастар сіздің махаб­бат лирикаларыңызды сүйсіне оқып, жарыса жатқа айтып жүретін. Ал сіз­ден кейінгі дәуірде поэзияға кел­ген ақын қыздардың өлеңдерінен жан жадыратар самал желдей сүй­кімді де жұмсақ жырларды сирек кез­дестіреміз. Керісінше, тағдырдан таяқ жеген, махаббатта жолы болма­ған «лирикалық кейіпкерлер» қаптап кетті. Ендеше, аруларымыздың жаны қатқылданып, жырларының майдан көрген жауынгерлерше ширығып тұруына не себеп болды деп ойлай­сыз?
– Әр мезгілдің өзінің сипаты бола­ты­ны сияқты, әр кезеңдегі өлең-жырлардың да өз табиғаты болады. Біздің бойжеткен ке­зімізде жазылған жырлар мөлдір, таза болуының себебі сол ортаға, қазақи тәр­бие­ге байланысты болса керек. Ол кездегі адамдар да бір-біріне мейірімдірек болған сияқты.
Жігіттер де аруларды сыйлай біле­тін, сер­тінде тұра алатын сы­пайы­лық пен адал­дық қасиеттер айқын көрінетін.
Біздің алдымызда Мариям Хәкім­жа­нова, Тұрсынхан Абдрахманова, Қанипа Бұғыбаева секілді апаларымыз бол­ды. Әдебиетке айырықша таланты, өр мінезімен келген Фариза апамызға қарап өстік. Менің ізіммен ілесе шыққан Зайда Ел­ғондинова, Қатира Жәленова, Тұр­сы­най Оразбаева, Жадыра Дәрібаева жыр­лары да шынайылығымен, сыршылдығы­мен баурайтын.
Қазіргі ақын қыздардың кітап­тары­мен түгел таныс болмасам да, олардың өлеңдерін баспасөз беттерінен оқып тұрамын. Өзің айтқан ахуалдың шет-жағасын байқаймын. Бірақ олардың шеберлігіне, ізденістеріне сүйсінемін. Сенің айтып отырғаның – мазмұны ғой. Бұл – заманның да өзгергендігін, қыздар тағдырының да басқашалау болып бара жатқанын байқатса керек. Бойжеткенді мұңайтатын бозбалаға да сын боларлық жәйттардың көбейгені нәзікжанды­лар­дың шығармаларынан көрініс табуы – заңдылық. Бірақ ақын қыздар қазір де ой­лы, нұрлы шумақтарға кенде емес. Оларға қамқорлық жасалып, жазған дү­ниелері жарық көруі абзал. Және қа­ла­мақы мәселесі де үкімет тарапынан дұрыс жолға қойылса дейміз.
– Ұлттық поэзиямыздың бастауы болған жыраулар поэзиясындағы өр екпін қазақ жырының негізгі қасиеті десе де болады. Бұл Абайдан бас­тал­ған жазба әдебиетімізде тұғырынан түскен жоқ. Содан ба екен, халқы­мыз­дың әлі күнге шындықты ту ет­кен, ақиқатты тайсалмай тура айтқан отты өлеңдерге деген құрметі ерек­ше. Демек, ақындарымыздың аза­мат­тық ұстанымын білдіретін өлең­деріне қарап оның халықшылдығына баға беріледі десек, шындықтан алыстай қоймаспыз. Сізде елдің құ­ла­ғында қалған азаматтық лирика­лар көп. Бірақ бүгінгі әдеби үдеріске көз салсақ, қазіргі ақындарда «өнер – халық үшін» дегеннен гөрі, «өнер – өнер үшін» деген ұстаным басымырақ секілді. Бұл жайында не айтар едіңіз, әрдайым дәуіріне үн қосатын «халық­шыл» ақындардың шығарма­шылы­ғын популизмге жатқызып, тек өзі­нің түйсінгенін жазатындарды «терең, классик» санау әділетті ме?
– Қазақ ауыз әдебиетінде небір жау­һар жырлар болған. Абай хәкім жырдағы түр жаңашылдығымен де, ой маржанын төгуге келгенде де данышпан да дара ғой. Баяғы от ауызды, орақ тілді ақын-жырау­лардан бері қарай халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтамаған тұлға кем де кем. Ел тағдыры, жер тағдыры, ұлт пен ұрпақ тағдыры саналылардың бәрін тол­ғандырған. Мен өз басым «өнер – өнер үшін» дегенді түсінбеймін. «Өнер – халықтыкі» дейміз. Ал поэзия – адамның жанына сәуле құятын, үміті мен сенімін мо­лайтатын, ақиқат пен әділетті қорғай­тын, өмірді, табиғатты сүюге үйрететін шұғылалы жанр. Нағыз өлең қай уақытта да тереңдігін де, өткірлігін де жоғалтпақ емес.
– Бүгінде кеңестік кездегі жасал­ған әдебиетке біржақты баға беріп «ұраншыл», «саясаттың сойылын соққан әдебиет» деп қараушылар бар. Яғни, нағыз әдебиет енді жаса­лады дейтіндердің көбі жас буын. Сонымен бірге түрлі «измдер» бел алып жатыр. Бұның бәрі әдебиетті дағдарысқа жеткізе ме немесе дамуға жетелей ме?
– Тарихты тәрк етіп, тағдырлы ке­зеңдерге жалпылама баға беру оңай болғанмен күрделі жағдайдың күрмеуін таппай, күдікті ой тастайтын пікірлер бола береді. Мен қазақ поэзиясының аса қуатты толқыны болып есептелетін Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тоқаш Бердияров, Сағи Жиенбаев сияқты ағаларымның жарасып қатар жүрген, жарысып кітап шығарған керемет кездерін көріп өстім. Олар сая­сатқа да, ұранға да ұрынбады. Қазақ әде­бие­тінің тарихында ұлт барда жоғалмай­тын жасампаз шығармалар қалдыра білді.
– Қазіргі қазақ әдебиетін оқып оты­расыз ба? Сіздерден кейін әде­биет­ке келген ақын сіңлілеріңіздің қайсысының шығармашылығымен таныссыз? Олардың арасында бөле-жара көрсетіп, үміт артатыныңыз бар ма? Жас ақын қыздар сізбен ха­бар­ласып, өз туындыларын сыната­тын, кеңес алатын жағдайлар болып тұра ма?
– Ия, өзімнен кейінгі өрімтал сіңлі­лерім­нің қадамдарын қадағалап келе жа­тыр­мын деп айтуға болады. Гүлнар Салықбаева, Шәмшия Жұбатова, Танагөз Толқынқызы, Таразда тұратын Үміт Битенова, Жұлдыз Бейсек, Арайлы Жақ­сы­лық, Ұлжан Шораева сияқты сіңлі­лерім­нің сұлу да сезімтал жырларына дән ризамын.
Өлеңнің сырты – көркемдік, іші – із­гілік, дәні – даналық болғаны дұрыс. Өлең – біреудің ақыл-кеңесімен жа­салатын нәрсе емес, әр қаламгердің ішкі бұрқаныстары мен көзқарастарының ұштасуын және дарын деңгейін көр­сете­тін көркем құбылыс. Ол – Алладан бері­летін сый.
– Енді өз шығармашылығыңыз тура­­лы әңгімелескім келіп отыр. Жо­ғарыда айтып өткенімдей, сізде оқы­ғанда халық­тың құлағына сіңіп ке­тетін ұлтыңыз туралы ғажап өлеңдер көп. Мәселен, 
Қазақты жамандама, қазақ бала!
Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік Ай астында,
Жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана! – деген шумағыңыз күн сайын радио­дан оқы­лып тұрады. Мұндай өлеңдер жазуға ұлттық әлеуметтік күйзеліс се­беп бола ма, әлде ақын ұлтшыл болуы керек пе?
– Ақын ұлттың кемшілігін сынап, мі­­ней отырып, оның мызғымас бір­лігі мен тұтастығына сызат түспеуін мақ­сат тұтады. Ол өз заманының қор­даланып қалған жағымсыз әдет­терін қозғап, түзелу жолдарын да нұсқай біледі. Біздің халқымыз кең­пейіл де мейірбан, меймандос, өрелі де өнерпаз халық.
Нағыз ақын осы бір тақырыпты қоз­­­ғайыншы деп алдына тап­сыр­ма қоймайды. Ақын Отанын, орманы мен бақтарын, жазиралы даласын, таулары мен суларын жан-тәнімен сүйеді. Оны одан да әрі көркем етіп көрсеткісі келеді. Ұлт­тық салт пен сана, әдеп пен әдет, дәс­түр мен мәдениет үздіксіз жалғасып отыра­тыны сияқты сөз өнері де байып, да­мып, кемелдене береді. Мен де өзімнің туған елімді тұнық сезіммен бейнелеуді армандаймын. Елінің Ұлы Жаратушымыз­дың шексіз рахымымен қазаққа бере салған бүкіл құндылықтарын, ғажайып та­­биғатын кестелі жырмен келістіріп су­рет­тей білген өнер иесінде арман бар ма?
– Халқыңызға танылған, ел құр­мет­теген қалам иесісіз. Алайда ақын­дықта бағыңыз жанған, өзіңізді та­нытқан Алматыдан кетіп, Таразға қо­ныс аудардыңыз. Оған не себеп, әде­би ортада баяғыдай қызық жоқ па, әлде бірдеңеден көңіліңіз қалды ма?
– Шаһарым менің, шаттығым,
әнім, шәрбатым,
Шапағаттанып жатасың-ау
сен таңда тым.
Шілдеде гүлге, ақпанда қарға бөленіп,
Шәйі бұлттардан шәлі
байлаған Алматым!
Алатаудың аясындағы әсем қала Ал­ма­ты біздің бағымызды ашты. Көрнекті қа­ламгерлердің қайталанбас туындылары Қазақстанның рухани, мәдени орта­лы­ғына айналған осы шаһарда жазылды. Мен де осында әдебиеттегі өз орнымды тап­­тым деп есептеймін, әуелі универ­си­тетті бітірдім, ұлағатты оқытушылардың тәлім-тәрбиесін алдым, алғашқы кітапта­рым жарық көріп, ақын ретінде таныл­дым.
Тағы бір жұлдызды сәтімді айта ке­тейін. Менің 50 жылдық кешім­ді қоғам қайраткері Ғайникен Бибатырова апам өзі ұйымдастырып өткізіп берді. Ғалымдар үйінде өткен кешімді көрнекті жазушы Төлен Әбдік жүргізіп отырды. Аса қадірлі Әбіш Кекілбаев аға алғашқы сөзді алып, көрнекті ақындар Хамит Ер­ғалиев, Тұманбай Молдағалиев жырдан шашу шашып, Шөмішбай Сариев бастаған замандастарым сахнаны толтырып сөз сөй­леді. Зал лық толы еді. Ертеңіне рес­пуб­ликалық газеттердің біріне «сұлу кеш­ті қия алмай, көрермендер Ғалымдар үйі­нің маңайында әсерлерін бөлісіп біраз тұр­ды» деп жазды. Мұны айтып отырған се­бебім – мен Алматыға сыймай кеткен жоқ­пын, қимай кеттім. Өйткені сол қа­лада жар таптым, ұл-қызымды өсірдім, әде­би марапаттарға ие болдым. Ал Тараз­ға көшіп келуіме туған жеріме деген жыл­дар бойғы жиналып, шүпілдеген таза са­ғы­нышым себеп болды. Туған жерге де­ген сағыныш – кең далада көшіп жүр­ген бабалар жырларының сарқылмас бұ­лағы. Мен де ертеректе Тараз туралы көп жаздым. Бір шумағын келтіре кетейін.
Тақ Тараз. Жалқы Тараз жаһандағы,
Түп қазық туған үйім Отандағы.
Ықылым замандардың шаңы жұққан
Шаһарлы шежіремнің қаһарманы!
Тарихи Тараз бізді жақсы қабылдады. Сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексем­бин бірден төрт бөлмелі пәтердің кілтін бер­ді. Кейінірек Серік Үмбетовтің де қам­қорлығын көрдім. Белгілі қаламгер, қа­зіргі Парламент депутаты Мейрамбек Тө­лепберген де шын жанашырым бола біл­­ді. Білікті азаматтар менің жарым Қайыр­­бек Асановты қадірлеп, әртүрлі ша­ра­лардан қалдырмай қосып отырады. Облыс басшылары үйге келіп жағдай сұрап, жақсы лебіз қалдыруды әдетке ай­налдыр­ған.
Менің туған ауылым Үшарал да осы өңірде. Әкем мен шешемнің, ата-бабаларымның қасиетті мекені. Талас өзе­нінің бойын жайлаған елі бай, шөбі шүйгін, суы бал, аққу ұшып, қаз қонған өлкенің құмы да алтындай қымбат бізге. Ертеректе, елді сағынып жүр­генде «Үшарал» деген өлең жазғанмын.
Ұям сенсің, түсіме егер енсе ұям,
Ұшам саған, қалай мұнда мен сыям?!
Күтіп жатқан Қайта өрлеу дәуірін
Сенсің менің сұлу Флоренциям!
Туған жерімнің күн сайын көркейіп, гүл­деніп, дамып келе жатқанына қуанып отыра­мын.
– Соңғы кезде көп көрінбей кет­тіңіз. Қазір не жазып жатырсыз, за­ман­дас-қаламдастарыңыз туралы ес­телік-эсселер, әдебиет туралы ой­ларыңызды кітап қылып шығару ойыңыз­да бар ма?
– Сұрағың өте орынды. Соңғы жыл­дары әдеби ортадан жырақтау жүргенім­мен жазуды тоқтатқан емеспін, шығар­ма­ларымның таңдамалы 5 томдығы жарық көрді. Жазушы-аудармашы Мәлік Отарбайдың ықыласты ықпалымен Ан­карада Ашур Өздемир аударған «Жарат­қан­ға жалбарыну» атты кітабым түрік тілінде шықты. Өткен жылы, Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдығына орай, «Өнер» баспасынан «Отан» атты көркемсуретті поэзиялық кітап-албомым жарық көрді. Алда әлі жоспарлар бар. Жарық көрмеген дүниелерім де жетерлік. Алла қаласа, жаңа жырларыммен толықтырып, оны да оқырман назарына ұсынармын.
– Әңгімеңізге рахмет! Салмақты туын­дыларыңызбен халқымызды қуан­та беріңіз.

 

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ, TURKISTAN
28.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 45
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 149
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 41
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 49
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 58
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 46
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 144
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 149
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 335
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 328
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 952

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9027
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8423
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11651
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9407
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10633