«Күміс жас» жобасы – көңілге демеу

«Күміс жас» жобасы – көңілге демеу

Еңбек нарығында жасы алпысты алқымдаған, бос жүрген азаматтардың «екі қолға бір күрек табуы» неғайбіл. Жалпы өз саласында біліктілігімен көзге түскен, еңбек өтілі, түйіндемесі қызықтырып тұрмаса, жасы 45-тен асып, 50-ге таяғандарды жұмыс берушілер ұната бермейтіні шындық. Ал жан бағу үшін олар зейнет жасына дейін еңбек етуі тиіс. Бұл қазақ қоғамында бұрын өте өзекті мәселе болатын.

Дегенмен егде жастағы жұмыс іздеген еңбеккерлерді мемлекет назардан тыс қалдырмай, олар үшін былтырдан бастап арнайы жұмыс орындарын ашу, еңбекақысының 50 пайызын, ал айлықақысы жоғары болса 30 пайызын субсидиялауды қолға алған еді. Бұл көрсетілген жалақының белгілі бір мөлшері мемлекет тарапынан төленеді деген сөз.
Нақты айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 Қаулысымен бекітілген «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жобасымен 2022 жылдан бастап зейнеталды жастағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы жүзеге асырыла бастады. Осы жоба шеңберінде оған қатысу 12 айды құрайды. Яғни бір жыл «Күміс жас» жобасы бойынша еңбек еткен адам ары қарай зейнетке шығады, ал зейнетке шығуына әлі 1-2 жыл қалған болса, тұрақты жұмысқа орналасады. Аталған жоба Шу ауданында да жүйелі жүзеге асуда. Жалпы бұл ауданда халық саны 106 297 адамды құраса, оның ішінде 47 758-і экономикалық белсенді халық санатына жатқызылған.
Жұмыссыздық деңгейі – 1,8 пайыз, яғни 882 адам жұмыссыз. Аудандық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Али Мұхамеджан жұмыссыздықты жою, оның ішінде «Күміс жас» жобасының жүзеге асырылу барысын бізге әңгімелеп берген еді.
– «Күміс жас» жобасына зейнет жасына 2-3 жыл қалған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Жұмысшы айлығының 50 пайызы жұмыс беруші, қалған жартысы жұмыспен қамту орталығы арқылы төленеді.
Биыл аудан бойынша осындай егде жастағы 69 азаматқа жолдама беру жоспарланып отыр. Жұмыс іздегендер әртүрлі жұмыспен қамтылуда. Олардың дені жеке кәсіпкерлік, шаруа қожалық, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге орналастырылып жатыр, – деді Али Кемелұлы.
Шу ауданында аталған жоба бойынша былтыр 25 азамат еңбекке тартылыпты. Оның ішінде 10-ы бір жылдан кейін тұрақты жұмысқа орналасса, қалғаны зейнетке шыққан. Былтыр «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналасқан тұрғынның бірі – Зәуре Абраимова. Ол Шу ауданының Далақайнар ауылында тұрады.
– Былтыр аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп бардым. Ондағы мамандар сол жылы жаңадан «Күміс жас» жобасын жүзеге асыру еліміз бойынша қолға алынғанын айтып, оның біз секілді зейнет жасына жақындаған адамдарға тигізер көмегі көп екенін жеткізді. Осылайша мені жұмыс күшін қажет еткен өз ауылымдағы «Абай» шаруа қожалығына жолдады. Содан бері осы шаруашылықта еңбек етіп келе жатырмын. Менің міндетім – шаруашылықтың сиыр базасындағы мүйізді ірі қараның астын тазалау, жемшөбін уақытылы беру. Жаздыгүні жүгері және басқа да егіншаруашылығына қолғабыс ету. Қазір жұмыс істеп жатқаныма бір жылдан асты. Бірақ зейнетке осы жылдың қазан айында шығатын болғандықтан аталған шаруашылық сол мерзімге дейін тұрақты жұмысқа қалдырды.
Отағасы зейнет жасында. Қолымызда 5-6 сиыр мен азын-аулақ уақ малымыз бар. Айран, сары май, сүт және етті қолда мал ұстау арқылы айырып отырмыз.
Негізі осы ауылдың тумасымын. 10-сыныпты бітіргеннен кейін қандай да бір оқу орнына құжат тапсырып, мамандық игерудің реті келмеді. Себебі тұлымым желбіреген мен жас түлек атанып, мемлекеттік емтихан тапсырып жатқанымда әкем өмірден озды. Үйде өзімнен 8 жас кіші інім мен анам қалғандықтан анама қолғабыс, бауырыма қамқор болар үйде өзімнен басқа бас көтерер адам болмады. Оларды екеуден-екеу тастап кете алмай, теміржолға жұмысқа тұрдым. Онда қара жұмыс істеу әсіресе қыз балаға ауыр болса да шыдадым. Бұл 1980 жыл болатын. Інім ержеткеннен кейін сол ауылда маған көңілі түскен азаматқа тұрмысқа шықтым. Кейін ата-енеме қарайласатын адам болмаған соң жұмыстан шығуыма тура келді. Теміржол саласында табан аудармай 25 жыл еңбек етіппін. 2005-2006 жылдардан бастап осы уақытқа дейін жұмыссыз жүрдім. Десе де зейнетке ел қатарлы еңбек ету арқылы шығуды ойлап, жұмыспен қамту орталығына барғанымда осы жұмысқа жолдады. Қазір төрт ұл-қызым өз алдына үй-жайлы болып кетті. Олардан сүйген немерелерімнің тілеуін тілеп отырған жайымыз бар. Қазақ «Еңбектің наны тәтті» дейді. «Күміс жас» жобасын жүзеге асыруды қолға алған мемлекетке, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа айтар алғысым шексіз. Осы істің басы-қасында жүрген облыс, аудандағы азаматтарға да рақмет айтамын. Өйткені қазір зейнетақы қорына менің тиісті жарнам аударылып жатыр. Еңбекақым – 100 мың теңге, – деп ағынан жарылды Зәуре Абдрейқызы.
Қоғам бүгінде еңбек адамын көтермелеуді қайта қолға алып жатқаны белгілі. Сондықтан Зәуре Абраимова секілді еңбекқор әйел-аналарды жұмыс тауып беріп қуантып қана қоймай, сондай-ақ ғұмыры бейнетпен өткен осындай адал еңбек иелеріне лайықты құрмет көрсетсек артықтық етпейді.
З.Абраимова бізге өз жұмысы жайлы кеңінен әңгімеледі. Біз де ол кісінің басылым бетіне шығатынын естігендегі алғаусыз көңіліне разы болдық. Ол кісі алдағы қазан айында 61 жасқа толып, одан кейін зейнетке шығады екен.
Бір айта кетер жайт, біз әлі «Әділетті Қазақстанды» құрып үлгерген жоқпыз. Осыны пайдаланған кейбір пысықайлар өмір бойы жұмыссыз жүріп, зейнет жасына шығуға бір-екі жыл қалғанда басшысы таныс шаруашылық не серіктестікке жұмысшы ретінде «Күміс жас» жобасы арқылы тіркеліп қойып, үйінде қарап жатып-ақ мемлекеттен тегін ақша алмаса екен дейміз. Өйткені кезінде көпбалалыларға арналған 21 мың теңгені нағыз мұқтаждармен жағаласып жағдайы бар отбасылар да алғанын жұрт біледі. Жалпы мұндай әлеуметтік жобалар мемлекет тарапынан жағдайы төмендерге, шын қиналғандарға арналып жүзеге асырылатыны белгілі. Осы істің сиқын қашырмасақ екен.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ, arainfo.kz
23.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 137
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 57
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 174
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 53
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 171
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 46
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 137
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 282
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 284
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 498
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 457

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9154
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8554
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11781
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9548
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10761