КҮНДІКШІ

КҮНДІКШІ

(Жат ниет)

Мына қазақ ел болмақшы, ұлт болмақшы жаңғырып,

Дұрыс еді жүргендері мәңгіріп һәм қаңғырып.

«Тұрааанн!..» дейді...

Тұмар ғып, ескінің тағып есімін,

Ес жиса бермес бұлар күш, болмасын бұған кешірім.

Бір амалын табу керек, сен не дейсің, Шайтаным?!

Ұлттық мінез, Ана тілі, төрге шықпақ – байқадым.

Сүріндіріп, адастырып, аулақ ұстар жол жоқ па?!

Алдап күліп, арбап жүріп, салып кетер ор жоқ па?!

Ойлан, Шайтан, айлаң көп қой, бас көтеріп кетпесін,

Босағадан сүйреп шығып, құйрықтан бір теппесін.

Отқа май құй, ойран жаса, бірікпесін бастары,

Бір біріксе, біттік сосын, дес бермейді жастары.

Ас салуға, өз қолдары, өз аузына жетпесін,

Ғылым-білім, салттан бездір, теріс жолға беттесін.

Елін езіп, жерін кезіп, мен бір жүрген күндікші,

Уәс-уәс, Шайтан, сендім саған, әдіс керек бір күшті.

 

 

УӘС-УӘС ШАЙТАН:

(Азғырушы. Ірітуші)

 

Қазағыңды маған бер, сен қорықпа, Күндікші!..

Бұл қазағың әу бастан сөзге мойын бұрғыш-ты.

Қағидалы қарттарын қор ғып езсем болмай ма?

Боздап жүрген ботасын бор ғып езсем болмай ма?

Таңдап жүріп тектісін шертіп алсам болмай ма?

Қатын менен баласын ертіп алсам болмай ма?

Құрсақтарын құрғатып, байлап қойсам болмай ма?

«Әйел!..», « Еркек!..», «Теңдік!..» деп қайрап 

                                                      қойсам болмай ма?

Қызға қызық өмір сол: – «Етек...» десем болмай ма?

Ұл намысын соқыр ғып жетектесем болмай ма?

Шаптан түртіп наданын шаң шығартсам болмай ма?

Сүзістіріп серкесін қан шығартсам болмай ма?

Парық-пайым бітпеген билік құрсам болмай ма?

Өз халқының көз жасын сый ғып тұрсам болмай ма?

Топтан озған тұлпарын «Есек!..» десем болмай ма?

Өз қолымен қыранын кесектесем болмай ма?

Дүмше молда дін бұзып, сайран қылса болмай ма?

Тобыр топты іріген айран қылса болмай ма?

Салт-дәстүрін таптатып, жеріндірсем болмай ма?

Жас біткенді жалқау ғып, еріндірсем болмай ма?

Жемқор қылып өз елін тонаттырсам болмай ма?

Ақыл-есін жылан боп орап тұрсам болмай ма?

Бар жиғанын шаштырып, қарыз қылсам болмай ма?

Көз жастарын көл қылып ағыздырсам болмай ма?

Қазанының қақпағын алып қойсам болмай ма?

Жаттың қолын жағалай малып қойсам болмай ма?

Көк аттыны көбейтіп, көз қыздырсам болмай ма?

Бұрқыратып бұрышта сөз қыздырсам болмай ма?

Шындық айтса, шыңғыртып қамап қойсам 

                                                          болмай ма?

Бөлтірігін бөрінің талап қойсам болмай ма?

Мақтан құмар мансапқа мінбер берсем 

                                                        болмай ма?

Өз басына мың бәле тілден берсем болмай ма?

Ел бастамақ ерлерге  көп ермесе болмай ма?

Көк запыран көп құсып, көзден ғайып болмай ма?

Достан – дұшпан, жаудан – дос іздеттірсем 

                                                                  болмай ма?

Ши жүгіртіп артынан, із кестірсем болмай ма?

Әркім өзін дүр санап, аспандатсам болмай ма?

Адым сайын бір тұзақ тастап жатсам болмай ма?

Құлан түскен құдыққа бақа салсам болмай ма?

Талаптының жолына жата салсам болмай ма?

Үзіп барлық үмітін, түңілдірсем болмай ма?

Сосын аттап басынан жүріп жүрсем болмай ма?

Тамырына құрт түскен  тал ғып

                                         қойсам болмай ма?

Сойып жейтін соғым ғып, мал ғып 

                                қойсам болмай ма?

 

 

УЫЗ АНА:

(Уыз Ана – Ұлт тілі, Қазақ тілі)

 

Алтынды шуақ, арлы көшпіз. Біз келдік. Ұлттың жан –  дастарқанына жеке-жеке қонақ болып, қоғамның шынайы тынысын сезінгіміз келеді. Ұлт болмысына бүгінгі шындықтың көзімен қарап, түсінгіміз келеді. Жан дертіне шипа іздегіміз келеді. Кім қайда жүр, қазағым, біз сенің жаныңдамыз. Өз жүрегіңнің ішінен ұлтыңа деген бір тамшы сәуледей махаббат ізде, оны басқа қазақтың жолына шам қылып жақ. Қазақтың ар-намысын, мінезін, сенімін қорға, өзіне қайтар. Біз сол үшін жаңа дәуір мен жасампаз болашаққа үндес болайын деп келдік.

 

СЫРТҚЫ ДАУЫС:

(ділашар)

 

Біздің тағдыр – доп деді,

Өмір – от пен оқ деді.

Бір тал шыбық жылады,

Орман қайда – жоқ деді.

Жылап тұрды бал-қайың,

Жас пен шайып таңдайын.

Қалың орман – қазағым,

Сенің таныс хал-жайың.

Неткен жылау, алашым,

Неге естен танасың?!

Уыз Ана – Ұлт тілі,

Сүйіп жатты баласын.

 

 

САБЫР АДАЙ, «Уыз Ана» кітабынан
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 50
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 578
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 692
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 607
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 616

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8752
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8152
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11381
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9135
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10366