Шиеттей бала-шағасымен осындай ауыр жағдайда өмір сүріп жатқан ананың тағдыры жайлы бейнекөріністі көргендер жан дүниесі толқып, көздеріне жас алатыны анық. Бұл бейнекөріністі түсірген азамат өзі де еңкілдеп жылап, халықтан «осы отбасыға көмектесейікші» деп жалынып, жалбарынып көмек сұрайды. Балалардың анасы алқаш та, «БОМЖ» да емес. Түр-келбеті тап-таза, үсті-басы жинақы қазақ әйелі. Мұндай жағдайы мүшкіл, темір вагондарда, құлайын деп тұрған лашықтарда тұрып жатқан қазақ отбасылары жетерлік.
Қазір баспана бағасы аспандап кетті. Тапқаны күнделікті нан, азық-түлікке жететін отбасылар зар жылап, биыл тығырыққа тірелді. Олар бұл ауыр жағдайдан кейін арзанқол лашықтарды, пәтерлерді сығалады. Қыста сұп-суық, қанша от жақсаң да жылынбайтын үйде тұрғандар ауырмағанда қайтеді? Билік мұндайды, әрине, көрмейді. Көрсе де көрмегенсиді.
Өткен сенбіде Президент Қ.Тоқаев ұлықтау рәсімін өткізді. Ант беріп, алдағы 7 жылда не істейтіні туралы халыққа есебін берді. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартудағы жоспарлары жаман емес. Әсіресе тоналып, сыртқа кеткен активтерді, ақшаны қайтаруға уәде берді. Тиісті жарлыққа қол қойды. Білгіштердің есебі бойынша тек Назарбаев және оның әулетінің тонағаны 500 млрд доллар екен! «Қайтқан малда қайыр бар» дегендей, халық Президенттің айтқанына қуанды. Әрине, осы қыруар байлық қайтып, ел игілігін көргенде ғана қуанышымыз ұзағынан болмақ. Шынында да халық өтірік уәдеден, жалған ақпардан шаршады. Ал Президенттік мерзімін 7 жылға ұзартқан Қ.Тоқаевтың енді шегінетін жері жоқ. Оның артында халық тұр! Қазір барлық нәрсе қымбаттады. Кедей түгілі орта шаруасы барлардың өзі әзер күнелтіп жатыр. «Аштық жақындап келеді!» деп дабыл қағылды. Оның бетін әрмен қылсын! Бірақ ақиқаттан қашып құтыла алмайсың. Жоғарыда келтірілген бейнекөріністі босқа айтып отырған жоқпыз. Сондықтан әрбір зиялы қауым өкілдері билікті мазалауы тиіс. «Жыламаған балаға емшек жоқ» дегендей, халқымыздың ащы тағдырын, тауқыметті жағдайын біз айтпағанда кім айтады?
Әлбетте, тыныштық ауадай қажет. Тыныштық керек екен деп, көнтерілікке барып, бәріне шыдай берудің де шегі бар. Халыққа жаны ашитын, жағдайын жасайтын билік керек. Сөз емес, іс қажет. 30 жыл қызыл сөзге иландық, алдандық, арбалдық. Енді оның уақыты өтті. Оян, халық! Ойлан, билік!