Көктемнің айы деп әспеттелетін наурыз біздің елде «Алғыс айту күнімен» басталады. Ал оған ілесе келетін тағы бір мереке – 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні. Кейде бұл мерекені «Аналар күні» деп те құрметпен атап жататынымыз бар. Жақында осы мереке қарсаңында елордамызда маңызды бір жиналыс болып өткен еді. Анығын айтар болсақ, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығына арналған Қазақстан әйелдерінің форумы болып өтті. Мерейтойлық жиналысқа Қазақстанның әр өңірінен 500-ден аса қатысушы жиналды. Олардың қатарында белгілі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, журналистер, кәсіпкерлік, білім және ғылым салаларының өкілдері, көпбалалы аналар бар.
EXPO қалашығы аумағындағы Hilton Astana қонақүйінің мәжіліс залында өткен форумға Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі А. Балаева, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, «Amanat» партиясының хатшысы, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ш. Каринова, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Н. Жақыпов және басқа да түрлі салалардың өкілдері қатысты.
Жиналыс басталмас бұрын маңызды ұйымның тарихы мен ширек ғасыр аралығында атқарылған жұмыстар жайлы дайындалған шағын сюжет көрсетілді. Бұдан ары қарай спикерлерге сөз берілді. Алғашқы болып сөз тізгінін алған Ұлттық комиссияның төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форумға қатысушыларды 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай келіп, Президентіміздің құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті форумға қатысушылар! Сіздерді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 25 жылдығымен құттықтаймын! Комиссия гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, отбасы институтын нығайту және ана мен баланы қорғау ісінде ерекше рөл атқарып келеді. Бұл құрылым уәкілетті органдардың, азаматтық сектордың және бизнестің күш-жігерін тоғыстыратын тиімді мінберге айналды. Ұлттық комиссияның сарапшылары заңдарды және мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге белсенді атсалысып, маңызды әлеуметтік жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруда. Кейінгі кезде елімізде әйелдер үшін тыйым салынған мамандықтар тізімі жойылды, сайлау квоталары енгізілді, ішкі істер органдары жүйесінде әйел құқықтарын қорғау жөніндегі арнаулы бөлімдер құрылды. Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында Қазақстан бірқатар халықаралық конвенцияны ратификациялап, гендерлік теңсіздікті жою жөніндегі барлық міндеттемелерін орындап келеді. Біз әйелдердің қоғамдағы мәртебесін көтеру жене отбасы құндылықтарын дәріптеу үшін жүйелі шараларды жалғастырып, баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекет – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы нақты қадамдар жасаймыз. Сіздерді халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!» – делінген Президенттің құттықтау сөзінде. Бұл өз кезегінде Мемлекет басшысының осы маңызды ұйымға деген саяси бағасы әрі күткен үмітіндей еді.
Аида Ғалымқызы өз сөзінде 25 жыл аралығында аталмыш ұйымға жетекшілік еткен басшыларды құттықтай келіп, ұйымның болашағына табыс тіледі. Бұдан ары сөз алған спикерлердің арасында «Amanat» партиясының хатшысы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Шолпан Каринова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатарлы азаматтар Ұлттық комиссияның атқарған жұмыстары, еліміздің түрлі саласында жемісті еңбек етіп жатқан әйелдер туралы маңызды баяндамалар жасады.
Біз ретін тауып форум қонағы, Қарағанды облысы бойынша Комиссия төрағасының орынбасары Айжан Қиясова ханыммен тілдесіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстары туралы сұраған едік.
– Біздің өңірде үлкен жұмыстар атқарылып жатыр деп айтуға болады. Қазіргі кезде мемлекет бойынша әлеуметтік салаға баса назар аударылып жатыр. Әлеуметтік сала дегенде әйел, бала, отбасы дегендер әлеуметтік саланың айырылмас бөлшегі екені белгілі. Қазір қоғамда зорлық-зомбылық көбейді. Екіншіден, әйелдердің денсаулығы маңызды орында тұр. Бұдан бөлек әйелдердің білімге деген құштарлығын қалай арттыруға болады деген сұрақ та кезек күттірмейтін тақырыптардың бірі. Міне, осы жағында біраз жұмыстар істеліп жатыр. Біз өз тарапымыздан республикалық деңгейдегі барлық іс-шараларды қолдап келеміз. «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» жобасы аясында Ұлттық комиссиямен бірлесіп, әр өңірдегі әйелдер мен балалардың, қарттардың денсаулығын нығайту үшін көптеген игі істерді жүзеге асырдық. Зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық күндер мен басқа да орайлы сәттерде қиын жағдайға түсіп қалған әйелдер, отбасы мүшелері және балалармен кездесіп, оларға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық көмектер көрсетеміз. Бұдан бөлек ауылдық жерде тұратын әйелдердің медициналық қызметтерге деген қажеттіліктерін шешуге атсалысып келеміз. Аудан, ауыл орталықтарына барып түрлі кездесулер өткізіп, нақты жұмыстарды қадағалап отырамыз, – дейді Айжан Қиясова.
Бұдан ары TEDX форматындағы спикерлердің баяндамаларымен жалғасты. Сөз орайы келгенде қазіргі күні қалың жұртқа «хит имам» деген атпен танымал болған Нұрлан Байжігіт сахна төріне көтеріліп, исламдағы әйел мәртебесі мен дәстүрлі қоғамдағы әйелдердің орны, қазіргі жағдайы туралы әзілмен астарлай отырып сөз маржанын төкті.
– Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөлін талқылау, сондай-ақ олардың өзін-өзі дамытуға және елдің саяси өміріне қатысуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ тәжірибе алмасуға бағытталған бастамалар болды, – дейді ұйымдастырушылар.